Қай заманның әдебиеті болсын жастармен толыққанда, онда күш-қуат, тың ой, жаңа серпін пайда болары белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, түрлі жанрда еңбек етіп жүрген қазақтың жас қаламгерлері әдебиетімізге қандай жаңалық алып келуге қауқарлы? Л.Толстойдың күнделіктерін бір сүзіп шыққанда, онда Ұлы жазушы ішкі дайындық, жүйелілік пен алға қойған нақтылы жоспар турасында айтатыны бар. Соған сай, әдебиет есігінен енген әр жас қаламгердің оқырманға өз айтары барына иланғың келеді. Қазіргі қазақ жастарында осынау жүйеленген әдеби жоспар бар ма екен? Шынтуайтында, бүгінгі әдебиетіміз – ашық әдебиет. Яғни, сырттан келген ақпарат емін-еркін тарай береді, тосқауыл жоқ. Соған сай, сюрреализм, модернизм, постмодернизм, авангардизм секілді әдеби ағымдар да аз емес. Жас толқынға тақырыптық және идеялық тұрғыдан қойылған ешбір шектеуді де байқамайсыз. Осындай бір еркінсу мен өзге әдебиетке еліктеушілік көзге айқын түскен сәтте, қазақ «сөз өнері» ары қарай қай бағытта дамуы мүмкін? Үлкен ағалардың аузынан: «Әдебиетке адал болу керек!» – деген сөзді жиі естиміз. Сол көркем әдебиетке адалдық – немен өлшенеді?..
Қанат ТІЛЕУХАН, жазушы
Әдебиетте түрлі бағыттың болғаны жақсы
Жазу еңбегі ұжымдық жұмыс емес қой. Барлық қаламгерлердің атынан сөйлеу қиын. Жалпы, өз басым жаңалық деген сөзді түсінбеймін. Қазір жұрт Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктің «Менің атым – Қырмызы» романын жаңалығы бар шығармаға балап жүргенін байқадым. Формасына қатысты таңданыстар бар. Түрік қаламгерінің әр кейіпкері бірінші жақтан баяндайды. Бұл жаңалық болған форманы Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романының басында пайдаланған. Сондықтан да, жаңалық табу қиын. Оған бас қатырудың да қажеті жоқ. Тәуелсіздік жылдары әдебиетке келген жазармандар бақытты деп ойлаймын. Совет заманындағыдай цензура жоқ. Әдебиетпен кәсіби түрде айналысам деген адам үшін ең бастысы – еркіндік. Ал, қазір қаламыңа жармасып жатқан ешкім жоқ. КСРО кезінде жазылған қаншама дүние қазір макулатураға айналды. Қазақ прозасының басында тұрған Әуезовтің өзіне жаның ашиды. «Абай жолы» эпопеясын соцреализмге ұрынып жазды. Неге орыс қаламгерлеріндей Еуропа асып армансыз жазбады деп те ойлайсың. Азаттық алғалы ширек ғасырдан асты. Қоғам өзгерді. С.Мұратбеков, Т.Нұрмағанбетовтер жазған аңқылдаған ауыл адамдары да басқа. Қазақ өз бетінше қала өміріне кірігіп жатыр. Өте дәулетті адамдар мен кедей-кепшіктерден ғана тұратын заман орнады. Діннің атын жамылғандар ел ішіне іріткі салып жатыр. Қазақ қазаққа оқ атқан Жаңаөзен трагедиясы болды. Арыстай азамат өзін-өзі үш рет атып тастады. Оған бәріміз сендік. Зауыт-фабрикалардың орнына қаптатып тойханалар салып тастап, аш жүрсек те дарақыланып той жасаудан жарысқа түстік. Жас қаламгерлер осыны жазуға қауқарлы деп ойлаймын. Бүгінгі қазақ өмірі таңбаланса, мен үшін жаңалық – осы.
Өзімен жарысқа түскен қаламгерде сіз айтып отырған жоспар, концепция болуы тиіс. Әдебиет керек емес қоғамда ондай адам бар ма деген сұраққа бас қатырсаңыз, миыңыз аузыңызға түсер. Көркем шығарма жазу арқылы бала-шаға асырай алмайсыз. Инвестиция жоқ жерде жоспар мен концепция болуы мүмкін бе? Толстой заманы бөлек. Граф тек дәулетінің арқасында ғана алаңсыз әдебиетпен айналысты деп айтуға болмас. Федор Достоевскийдің жары Анна Григорьевна сол заманда Толстойдың ең жоғарғы қаламақы алғанын жазады. Әрине, ауызды құрғақ шөппен сүртуге болмас. Бізде еңбектеніп жүрген жігіттер бар. Былтыр «Сүлікқара» деген кітабы шыққан Есболат Айдабосын биыл тағы бір прозалық жинағын оқырманға ұсынды. Ырысбек Дәбей де өнімді жазып жүр. Жуырда «Жылқы атылған жаз» атты романын жазып шықты.
Айтысты, би-шешендердің ділмәрсуін Әдебиет деп білетін біздер үшін сюрреализм, модернизм, постмодернизм, импрессионизмнің зияны жоқ. Керісінше, әдебиетте түрлі бағыттың болғаны жақсы. Тұрсынжан Шапай ағамыздың: «Қандай шығарма болса да, бастысы жақсы жазылса болғаны» деген мағынада айтқан сөзі бар. Бұл сөзге алып-қосарым жоқ.
Әдебиетке деген адалдық – әдебиетпен кәсіби түрде айналысу. Өзіңнің ішкі тазалығыңды сақтау. Әрине, айтуға оңай…
Айнұр АХМЕТОВА, М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері
Таным-білігі толысқан жас қаламгерлер жетерлік
Қазір «жаңалық» деген ұғымды Әдебиетке, жалпы көркем өнерге қатысты қолданғанда абай болғанымыз жөн. Жаңалық деп құрақ ұшқан дүниелеріміз бірнеше ғасыр бұрын айтылып қойған немесе өзге континенттегі үрдістердің көркем дискурсымызда қайталанып жатқан болып шығады. Әдебиеттануда өздерін постмодернистерміз деп есептейтін өкілдер «интертекстуалдылық» ұғымын жиі айтады. Бұл ұғымның мәні әдебиетте бұрыннан бар ақпаратты қайталау, қайта құрастыру дегенге келеді. Р.Барт, Ю.Кристева, У.Эко сынды зерттеушілер «автор өлімі» деген тіркесті жиі қолданады. Яғни, әр дәуірде авторлар ұлы шығармаларды дүниеге келтірді де өздері дүниемен қош айтысқанымен, мәтіндері өмір сүруде деген пікірді алға тартады. Ал, кейінгі авторлар сол мәтіндерді қайталаушы немесе құрастырушы ғана дегенге саяды. Әрине, осылай айтудың өзі қиын болғанымен де, бұл – шындық. Өзім аталған зерттеушілердің осы пікірімен ғана келісемін. Сондықтан, «Қаламға және оның жазуына серт» еткен жас қаламгерлеріміз халыққа қажетті дүниелерді ұсына білсе, қуанамыз. Әдебиет оқитын санаулы әлеуметтік топ болмаса, сөз өнерінің қадірін ұғып, эстетикалық ләззат алатындар саны азайып кетті. Рухани құндылықтар тапталып, жаншылуда. Мойындауымыз керек. Бұл жағдай сізге де, маған да, оқырманға да таныс жайт. Адамзат күннен-күнге азғындауда. Оқығанымыз, көргеніміз жаман пиғылдағы әрекеттер. Қоғам қорқынышты болып барады. Адамдар арасында сенім азайды. Бұрын түнде қорқатын едік, қазір күндіз де үрейленіп жүреміз. Базар, автобустағы ұрлық-қарлықты айтпағанның өзінде, болмашы тиынға бола адамды өлтіру еш қиынға соқпай қалды. Өзін-өзі мекеме алдында өртеген, суицидке барғандардың жағдайы жанымды ауыртады. Өзімше мұның әлеуметтік себебін ашуға тырысамын, жауабын әлі де таба алмай келемін. Адам өз құнын жоғалтуда. Бүгінгі қоғамның кескін-келбеті – осы. Мемлекеттегі әрбір қолға алған әрекет халық игілігі үшін жасалатын болса, әдебиет те осы жолдан таймауы тиіс. Құлдыраған рухани құндылықтарымызды қайта жандандыруымыз керек. Ғылым, білімнің, өнердің мақсаты осы болуы тиіс қой. Жазушылар да осы жолда қызмет етсе деген тілегім бар. Халыққа қандай жолмен кітап оқыта аламыз, қоғам болып осыны ойлануымыз, қолға алуымыз қажет.
Әрине, шығармашылыққа жауапкершілікпен қарайтын, көзқарасы қалыптасқан, таным-білігі толысқан жас қаламгерлер жетерлік. Бір топ ғасырлар бойы қыспаққа алынған тарихты, этнографияны, этнологияны сөз өнері арқылы әспеттегісі келсе, келесі бір топ жалпы адамзатқа тән жоғары һәм қалыпты құндылықтарды, ғаламдық мәселелерді, қоғамдық, әлеуметтік проблемаларды, саяси үрдістерді әдебиет әлеміне ендіруде. Мемлекеттің тіл, дін, жер факторлары аға буын өкілдері М.Мағауин, Ш.Мұртаза, Қ.Жұмаділовтердің прозасынан бастап, жас буынды да бей-жай қалдырмауда. Тәуелсіздікті бағалай білген және қаламымен қорғай жас қаламгерлердің иесінің болуы – көңілге медет сыйлайды.
Қазіргі әдеби ортада сіз атап өткен шартты ұғымдар туралы жиі сөз қозғалады. Бұған қоса, неомифологизм, экзистенциализм, дадаизм, футуризм, имажинизм деп түрлі ағым-бағыттарға жіктеп жүреміз. Көркем туындыларды белгілі бағытқа телудің өзі әдебиеттің еркіндігіне тұсау салады деп ойлаймын. Көркем туындыгердің шабытын, сезімін, қиялын, жазу стилін бір шеңберге сыйғызуға талпынудың өзі шарттылыққа ұрындырады. Әдебиет – деген өнер. Өнер – деген еркіндік. Әдебиеттану мамандығы бойынша зерттеулермен шұғылданып жүргеннен соң теориядан алшақ кете алмаймыз. Сіз айтқан ағым-бағыттардың арасында кейде ешбір меже жоқтай көрінеді, маған. Бүгіндері әдебиетімізде оқуға, ұғынуға дүниетанымы, сөйлем құрылыстары күрделі болып келетін қалам иелерін постмодернистік бағытқа теліп қоятын «үрдіс» жүруде. Бұл – өкінішті жайт. А.Сүлейменовті, А.Алтайды постмодернист қылып шығарып жүрген студенттер мені таңғалдырады. Олар түсінуге қиын соғатындықтан олар «постмодернист жазушылар» екен. Бұдан кейінгі уақытта әдебиет белгілі бір бағыт аясында ғана дамиды деп болжағаннан гөрі, кейбір жанрлардың алға озатынына сенімім бар деп айтқым келеді. Мысалы, қазірдің өзінде оқырманның көбі, әсіресе, жастар деректі-биографиялық, саяси, іскерлік, тарихи, когнитивті бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатады. Әрине, көркем әдебиетті оқитындар жоқ емес, тек саны азая бастады. Қазақ тобындағы студенттер аудиториясына кіріп, қазір қандай кітап оқып жүргенін сұрай қалсаң Б.Бұқарбайдың «Күміс кітап», М.Юсуфзайдың «Я Малала», т.б. кітаптарды тізбелей жөнеледі. Осы үрдіс келешекте де жалғасады деп ойлаймын. Мұның бір себебі қазіргі көркем әдебиеттегі эстетикалық танымның, көзқарастың әлсірей бастағандығынан. Оның үстіне қызықсыз сюжеттер желісі оқырманды жалықтырып алатыны бар.
Көркем әдебиетке адалдық үздіксіз ізденіспен, біліммен, өнімді еңбекпен, шеберлікпен, жауапкершілікпен қана өлшенеді. Қолға алған кез келген мақсат, жоба, салаға осы өлшемдер қойылса оң нәтиже шығары анық. Бұған қоса, өмірдің кез келген үзігі, құбылысы, оқиғасы көркем әдебиетке айнала алатындықтан, қаламгерлеріміз «Әдебиет – ардың ісі» екенін тереңірек түйсінсе, сезінсе жетіп жатыр.
Елдос ТОҚТАРБАЙ, жас әдебиеттанушы
Әр қаламгердің жеке зертханасы болады
Әдебиет – тірі организм. Жыл сайын келіп қосылған жастар легімен қаламгерлер саны артып, рухани сабақтастық күшейе түседі. Сол қосылған толқынның арасынан ертеңгі күні әдебиетіміздің мақтанышы, мерейі болатындар да бар. Қашанда бәріне әділ уақыт төреші. Қазіргі уақытта қазақ өлеңіне құбылыс болып келіп, идеялық-мазмұндық төңкеріс жасаған талантты ақын Ерлан Жүністің өзіндік қолтаңбасы – көпке үлгі. Мәселен, Ерланның ізін басқан кейінгі толқын интеллектуалды поэзияға ден қойып, іздене түсті. Еділбек Дүйсенов деген жас өрен бар. Өлеңдері – шынайы, мөлдір. Орта буынның сапындағы Тоқтарәлі Таңжарық, кейінгі буыннан Мирас Асан, Хамит Есаман, Айжан Тәбаракқызы, Динара Мәліктердің поэзиясында жылт еткен сәуле бар, олар осы қасиеттерімен оқырманға жақын. Меніңше, болашақта фольклорлық мұраларымыз әдеби шығармаларға сюжет болып, жаңаша жазылатын сияқты. Ал, прозаның жолы поэзия сықылды емес. Проза төзімділікті талап еткендіктен, өлең сияқты бірден «резонанс» тудырмайды. Статистикалық дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта оқырман жеңіл стильдегі дүниені оқуға құмар екен. Махаббат тақырыбындағы арзан бестселлер мен заманауи фэнтезилер көп оқылатынға ұқсайды. Осы тұрғыдан келгенде, нағыз еңбеккерлікпен, қайсар табандылықпен жазуға берілген прозашының аты көпке таныла бастайды. Қарасөзге адалдығы, ізденісі жағынан Мұрат Алмасбекұлы, Қанат Тілеухан, Нұрлан Қабдайларды ерекше атар едім. Ал, жас толқын арасынан Қуат Қиықбайдың әңгімелеріне, алғашқы қадамына сүйсіне қараймыз. Осы азаматтарға ниеттеспіз!
Әр қаламгердің творчестволық жеке зертханасы болады, ол – дәптері. Біз жас қаламгерлердің ой қазанында пісіп, жетілген дүниелерін ғана оқып жүргендіктен, жоспарларымен таныс емеспіз. Бұрынғы жылдардағыдай «Әдебиет және қаламгер» айдарымен шығатын сыр-сұхбат, сын жинақтары да жоқ. Өзінің алдына биік мұрат қойған кез келген қаламгердің жеке жұмыс жоспары болатына сенімдімін.
Расымен, қазіргі қоғам кез келген нәрсені дүниенің қай түкпірінде болсын, емін-еркін қолдануға, қарауға мүмкіндік тудырды. Десек те, әдебиет өзіңнің ұлттық тамырынан үзілмейді. Көркем шығарма – жеке адамның творчестволық өнімі. Оның өз тақырыбын қалай игеріп, қалай меңгергені – автордың шеберлігіне байланысты. Ұлттық топырақтан нәр алған шығарманың ғұмыры ұзақ болмақ. Ал, ағымдар арасындағы «қақтығыс» қай уақытта болды емес пе?! Мәселе ағымда емес, шығарманың сапасында. Ең алдымен, көркем шығармаға идея, тіл және сезім керек. Ал ағым мен форма оның сыртқы пішіні ғана.
«Әдебиет – ардың ісі» дегенді қағида ретінде қабылдаймын. Көркем әдебиеттің өлшемі – ар-ожданға негізделеді. Адамның сұлулығы – шынайылығы мен адамгершілігінде. Тәтті өмірдің сұрауы қатты боларын ескерген әр қаламгер өз шығармасына асқан адалдықпен қарайды. Тірісінде мақталған, өлгенінде шығармасы да, даңқы да табытымен бірге қара жерге енгендер қаншама?! Біз неге Мағжан мен Бейімбетті, Мұқағали мен Тобықты, Кеңшілік пен Сайынды, немесе Жұмекен мен Оралханды сүйіп оқимыз? Өйткені, олардың шығармасында шынайылық бар. «Әдебиеттегі адалдық өлшемі» деген ешқандай ережесі жоқ, қарапайым «ұят» қана дер едім.
Темірлан ЖОРАБАЙ,
жас әдебиеттанушы
Қазіргі шығармаларда субъективтілік басым
Антикалық дәуірден жеткен сөз өнеріне қатысты еңбектерде поэтика деген кең мағыналы ұғым бар. Ол бірде Аристотельдің тілінде сөз өнерін зерттейтін ғылым ретінде аталса, ал бірде әдебиеттің ірілі-ұсақты жанрларының бәрін бірақ қамтитын «сөз өнері» мағынасында да қолданылған. Асылында әрбір қаламгер (тіпті айтыскер, термешілер де) Ахмет Байтұрсынұлы «өнердің ең алды» деп таныстырған – «сөз өнеріне» қызмет етеді. Негізгі міндет – сол. Ақын болса да, жазушы болса да, жырау болса да – ол алдымен «поэт», яғни сөзгер. Тағы да Ахаңша айтсақ – «ақын тілінің» иесі. Ал, енді бір сөзгер: қара сөз де, қара өлең де, тартыс сөз де (драма) тудырып жатса, мұны табиғи әрі заңды құбылыс деп қабылдау қажет. Оның үстіне, сөзгер енді-енді ғана қамшы ұстап, ат жалын тартып мінген жас толқын болса, бұл міндетті түрде орын алуы тиіс құбылыс болмақ. Қазақ әдебиеті тарихындағы елеулі жаңалық – «Көкшетау» поэмасын тудырған Сәкен, «Аққудың айрылғанын» ақын тілімен толғап берген Сәкен, «Тар жол, тайғақ кешу» романын жазды. Сол секілді, «Түркістанды», «Батыр Баянды» тудырған Мағжан, «Шолпанның күнәсі» атты қазақ әдебиетіндегі эврикалық дүниені жаза алды. Сондай-ақ, Мағжанның «Алқа» ұйымына жазған «Табалдырық» еңбегінің өзі үлкен жаңалық болды. Бірақ, дәл қазіргі ақпараттар ағынының, жаңалықтар тасқыны заманында өмір сүріп жүрген сөз иесінің екі-үш жанрда жаңалық жасауы – «екі-үш аттың тізгінін бір-ақ ұстап бәйге аламын» деумен тең. Қазіргі қоғамдық сана, құбылыстардың құбылмалығы, құндылықтардың қарқынды өзгерісі, әлемнің медиа бейнесі адамзаттың ақыл қуатын әлсіретіп, қиял кеңістігін тарылтып және ең бастысы – руханиятты былғауда. Сондықтан қазіргі таңда ғылымда да, кәсіпте де бір тізгінді қолға ұстап, нақты бір мәселеде тереңдегендер жетістікке жетуде. Мұндай аумалы-төкпелі жағдайда поэтикалық қуаттың да әлсірейтіні анық. Сол себепті, «ақын тілінің» иелері де зейіні мен ынта-ықыласты бір арнаға бұрып, тереңдей түссе, елеулі нәтижелер туатын шығар деген үміттеміз. Дегенмен, әр автордың шығармашылық жолы әртүрлі болады. Әрбір қаламгер таудан домалаған тас секілді әр жарға бір соғылып, мүжіле-мүжіле өз пішінін, өз қалыбын табары анық. Барлығының өлшемі – уақыт. Кім біледі, ХХ ғасыр басындағы бірнеше саланың басын ұстаған Алаш зиялылары әкелген жаңа серпіліс ХХІ ғасыр басында да қайталанып, тың туындылармен қауышып қалармыз.
Дәл біздің қоғамымыздың құндылықтар жүйесінде ақаулар бар. Құндылықтар нақты болмаған соң, нақты мақсаттың, нақты мүдденің тууы да өте қиын. Сол себепті, қазіргі шығармаларда субъективтілік басым. «Аққу, шортан һәм шаянның» көкесін бүгін көріп жүрміз. Ал ақиқат біреу ғана. Осыдан келіп: «Біз үшін басты құндылық не?» деген сауал туады. Мәселен, көне шығыс шайырлары тікелей Жаратушы иені жырлады. Абсолютті ақиқат. Шіркін-ай! Күллі әлем оларға құлақ түрді. Қазақ хандығы тұсында ерлік-елдік мәселесі, ал ХІХ-ХХ ғасырларда тарихи уақиғалардың ықпалымен саяси тақырыптар бірінші орынға шыққаны белгілі. Еліміз егемендік алған алғашқы 15-20 жылда Тәуелсіздік идеясы негізгі ұранға ұласты. Әрине, бұл әдеби құбылыстардың қақ ортасында адам тұрды. Қай дәуірде де сөз иесі адам жанының емшісі, зерттеушісі болып қала бермек. Ендеше, дәл қазір, дәл бүгін жаңа ғасырдың осы ширегінде бәрімізге ортақ құндылық қандай?.. Осы сұрақтың жауабы табылса, онда концепция да түзіледі. Мүмкін, оны тауып қойғандар да бар шығар.
Жалпы, қазақ әдебиетінде дәл бүгінгідей әралуандық болмаған секілді. Тақырыптық, мазмұндық және жанрлық тұрғыдан сан түрлі кейіпке еніп, пішіні мен ұсыну тәсілдері де құбыла түсуде. Әрине, әр автордың дара қолтаңбасы қалыптасып, оқырмандарды өмірге жаңа қырынан қарауға үйретіп, адам болмысының құпия-сырын айшықтап жатса, мұндай түрленулерге құба-құп дер едік. Өнер мен ғылым қай бағытта дамыса, әдебиет те солай қарай өріс алады. Мысалы, музыкада тыңдарманды «Ninety one»-ның» әндері баурай ала ма, әлде «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің шығармалары баурай ала ма?.. Әдебиет те сол секілді.
Алдымен «адалдық» ұғымының құндылық ретінде қоғам санасына орнығуына қарау керек. Әдебиетті қойып, күнделікті тіршіліктің өзінде жас-кәріміз тегіс бір-бірімізге адал боп жүрміз бе?.. «Шыр» етіп дүниеге келгендегі саф күйімізге адалмыз ба?.. Оған адал бола алмаған соң, әдебиетке де, басқаға да адал бола аламыз ба?.. Әлемге әйгілі әдебиеттанушы М.Бахтин былай дейді: «…жауапкершілікке қатысты «кінә» дейтін де ұғым бар. Өмір мен өнер бір-бірінің жауапкершілігін, міндеттерін арқалап қана қоймай, бір-біріне артылған кінә-айыпты да өзара бөлісе білуі тиіс. Ақын тұрпайы тіршілігіне өзінің поэзиясы, ал қарапайым адамның өнерде өнімсіз де жеміссіз болуына, оның талапсыздығы мен талғамсыздығы, өмірлік сұрақтарының байыпсыздығы кінәлі екенін білсін. …Ешкімнің де Өз жауапсыздығына «шабытты» сылтауратудың қажеті жоқ. Өмірді елемейтін (өмірлік шарттарды мойындамайтын) және өмірмен еленбейтін шабыт – шабыт емес, сандырақ (жын соғу, еліру десек те болады). …Өнер мен өмір бір-бірінің алдындағы жауапкершіліктен арылып, өз міндеттерін жеңілдеткісі келеді, яғни өмірлік жауапкершіліксіз шығарманы оңай тудыра салуды және керісінше – өнермен есептеспей оңай өмір сүре беруді қалайды».
Тілек ЫРЫСБЕК, жас ақын, аудармашы
Жаңалық әкелуіміз үшін әуелі әдебиетмізді сұрыптаған жөн
Американдық атақты ақын Томас Элиоттың Миннесота университетінде оқыған баяндамасында әдебиеттегі жастарға қатысты айтқан мынандай бір сөзі бар: «Әдебиетке келген әрбір жаңа буын өзінің әдеби сынын қалыптастыруы керек. Әрбір ұрпақ өнерге өз тұрғысынан келіп, оған өз талаптарын қояды және жаңа міндеттер жүктейді». Мен осы бір пікірге толықтай қосыламын. Және алып қосарым жоқ! Біз, бүгінде өткеннің «классиктеріне» және оның «шедевр» шығармаларына жаңаша көзқараспен қарап, жаңаша ойлауға толықтай хақымыз бар. Және замандастарымның әлемдік әдеби, мәдени мұралардан хабардар болып, әлемнің тынысын бағамдай алатын интеллектуалдық күш-қуаты болғаны шарт. Өйткені, біздің жас қаламгерлердің бәсекеге қабілетті бола білуі, тілдерді меңгеруі – әлемдік деңгейге көтерілудің бір мүмкіндігі. Сондықтан, меніңше ұлттық негізінен ажырамай ескі мен жаңаны тоғыстыра білетін, ойы мен қоғамдық шындықты батыл айта алатын, өзіндік көзқарасы қалыптасқан және одан айнымайтын қазақы қаламгерлердің көбейуі – біз үшін де, болашағымыз үшін де маңызды. Ал, негізінен әдебиетке жастардың жаңалық әкелуі үшін, әуелі әдебиетмізді сұрыптап алу дұрыс па деген ойдамын. Себебі, посткеңестік елдер үшін, кеңестік идеологияның жаңа форматта жалғасып кетуі, әдебиеттің өліміне душар ететіне еш күмән келтірмеймін.
Толстойдың күнделігіне, алғаш алдымен өзін толықтай танып білгісі келетіні туралы жазғанын бәрі жақсы біледі. Сол секілді, жазушы да өзін және өзінің өмір сүрген әлемін, сосын барып Құдайын іздеуге, оны тануға міндетті. Қазақтың дегдар жазушысы
М.Мағауиннің: «Жақсы адам нашар жазушы болуы мүмкін, бірақ, жаман адам ешқашан жақсы жазушы бола алмайды», – деген қағидасын ұстанғанымыз дұрыс.
Жақында бір үлкен жазушы ағамыздың сұхбатын оқи отырып, білімінің соншалықты таяздығына таңғалдым. Бізге, әдеби ағымдардан фобия жасағанды қою керек. Әрине, ақпараттың басым көпшілігі орыс жұртшылығынан жететінін ескерсек, онда отарлаушы елдің кейбір пиғылы айтпаса да түсінікті болар. Бірақ бізде постмодернизм туралы тұжырым әлі қалыптаспаған, ол ұғымның тиянақталған анықтамасы жоқ. Тіптен, постмодернизмнің негізін қалаған деп саналатын бірнеше авторлардың өзінде бір-біріне деген пікір қайшылықтары кездесіп тұрады. Және олардың өздерін постмодернист деп атағандары кемде-кем. Сонда, кімді не үшін кінәламақпыз? Бұл – ақымақтық. Ал енді постмодернистердің көңілге қонымды жалпы идеяларының біріне тоқталайық, ол әрине, өзін бәрінен биікпін деп санайтын барлық Абсолютқа қарсы тұруында (Бұл, әрине кейбір шовинистердің шымбайына батары анық)! Постмодернистер ешкімді түріне, нәсіліне, ұлтына бөлмейді, тіптен керек десеңіз, Делез бен Бодрийярдың көшпенділер туралы жазған еңбегі де бар. Ол жерден мен ешқандай ұлтты кемсітетіндей, азғыратындай жаман еш нәрсе оқыған емеспін! Ал постмодернистердің өнер туындыларын, құрылыс нысандарын қоқсыққа теңейтіндерге келсем, алдымен Астана қаласының архитектурасына бір рет болсын дұрыстап көз салу керектігін еске салғым келеді. Жалпы, жанр, форма, немесе структуралистік, деконструкциялық, модернистік, постмодернистік тұрғыдан бұрын мен үшін шығарма идеясы маңызды. Қалай жазса да шығармада айтар ойды белгілі бір деңгейде жеткізе алу қабілеті болуы керек. Бұған дәлел – Джеймс Джойс, Франц Кафка секілді модернист жазушылар.
Әдебиетке адалдық тек армен өлшенеді. Әрине, мұны айтуға оңай, бірақ, әдебиетте келу емес, онда қалу маңызды болғандықтан да бәрі уақыттың еншісінде!..
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.