Аспан асты алағай да бұлағай…
02.02.2018
2072
0

Қарагөз СІМӘДІЛ


Режиссер Бекарыс Елубайдың алғашқы жеке жұмысы көрерменге жол тартты. Оның алдында Ерлан Нұрмұхамбетовпен бірігіп балаларға арналған «Аңшы бала» фильмін (2012 жылы жарыққа шыққан) түсірген болатын. Бүгінде режиссер «Бала ғашық» атты келесі фильмнің түсіру жұмыстарын қолға алған…
«Оазис» фи­льм­інің көтерген жүгі ауыр, та­қырыбы – жалпыадамзаттық ауқымдағы мәселе. Кинодағы басты қос кейіпкер бір-біріне кереғар, бір-біріне қайшылықты қос тұлға, бәлкім, біздің мейі­рім­ді һәм қатыгез, имани һәм имансыз бір ғана қоғам. Руслан – әке-шеше мейірімінен жұрдай, тастанды бала. Өзін ғана емес, тұтас әлемді жойып жіберуден тайынбайды. Кие мен қасиет – Руслан үшін түк емес. Сол кие мен қасиетті бала кезден бойына сіңіріп өскен Мәмбетті де тастанды деуге болар. Жоқ, ол ата-ана мейірінен құралақан өскен бала емес. Тек, заманында оның бабасынан зұлмат саясат теріс айналған еді. Аумалы-төк­пелі уақытта қуғын-сүргіннің долы құйыны оның әке-шешесін туған жерден алысқа үйіріп әкеткен болатын. Міне, өзінен және күллі әлем­нен жеріген Руслан мен ата аманаты және түп тамырын іздеп келген Мәмбет шөл даладағы жалғыз көкорай шал­ғын – Әулиеағаш маңында тоқайласады. Ақ пен қара (мұны қос кейіпкердің тіпті киім киісінен де аңғарасыз), өлім мен өмір, иман мен құдайсыздық кезіккен сәтте, алағай да бұлағай өмірдің бары мен жоғын ағаш басына қонақтаған қарғаның көзімен бағамдап көргің келеді.
Қабыл Абылды өлтірген сәтте, жер бетінде ең алғаш адам қаны төгілген заманда да куәгер осы қарға емес пе еді? Заманалар ауысса да, бауыр бауырды оққа байлап бере салған, дәуірлер алмасса да адам адамға қол жұмсауын тоқтатпаған. Оның барлығына куә – аспан асты мен жер үсті, ғасыр жасаған қара қарға.
Ұшы-қиыры белгісіз шөлде, арып-ашып жеткен адамның, адам­ның ғана емес, сол маңдағы аң-құстың жанына сая, өзіне пана болатын – Әулиеағаш еді. Ол киені тастанды Руслан (бәл­кім қоғам) мізбақпай отқа орай салады. Ал, тереңірек үңілсең, жан-жағын аңызақпен жалмап келе жатқан шөл – Руслан еді де, айналасына жайлы самалымен, көкорай шалғынымен сая бол­ған «Оазис» – Мәмбет еді ғой…
«Asau Art Films» қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ түсірген бұл фильм 1 ақпаннан кинотетарларда прокатқа шықты.


Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы, фильмнің сценарий авторы:

– Қазақ қоғамы тіл, дін тұрғысынан екіге бөлініп барады. Қазақ қазақты түсінбесе, ол ұлттың трагедиясы емес пе? Бұл трагедияны біз «Оазис» фильміндегі кейіпкерлер – жапан далада кездескен екі қазақтың қақтығысы арқылы көрсетуге тырыстық. Бірі – діні де, тілі де, тарихи танымы мен өткенге құрметі саф қалпында сақталған оралман жігіт болса, екіншісі – Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленген, діні де жоқ, тілі де жоқ, тарихи жадысы да сақталмаған Руслан есімді шала қазақ. Жалпы, «Оазис» – дін тақырыбын қозғап, иманы бұзылған қазақ қоғамы үшін иманның қаншалықты маңызды екенін кино тілімен айтуға ұмтылған фильм.


Дана ӘМІРБЕКОВА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
Театр және кино бөлімінің ғылыми қызметкері, кинотанушы:

– Көрнекті жазушы Смағұл Елубай мен режиссер Бекарыс Елубайдың тандемінен туған «Оазис» фильмнің мазмұны – терең, тақырыбының ау­қымы – кең. Атап айтар болсақ, қоғам­дық дертке айналған жетімдер тағ­дыры мен суицидтің артуы, бірімізді – «мәң­гүрт­ке», екіншімізді – «мәм­бет­ке» бөліп-жарған қоғамда тіл мәселе­сінің көтерілуі, жас буын үшін маңыз­дылы­ғын жоғалтып бара жатқан салт-дәс­түр мен ұлттық құндылықтарға деген көзқарастың өзгеруі сияқты көптеген түйткілді мәселелерінің қоз­ғалуы ки­ноның салмағын арттыра түседі. Осы­ның бәрі фильмде шебер сурет­теледі.
Кино – өнер ұғымынан алшақтап, қалың көрермен үшін көңіл көтеруге бағышталған ойын-сауық құралына, ал кәсіпкерлер үшін табыс көзіне ай­нал­ған уақытта, жеңіл сюжетке құ­ры­лып, бір көргеннен артылмайтын фи­льмдердің дәурені жүріп тұрған заманда достық пен бірлікті жырлап, гуманизм мен альтруизмге шақыратын кинотуындының тапшы екені хақ.
1920–30 жылдары қолдан ұйым­дас­тырылған ашаршылық пен репрессия ызғарынан өзге елге ауып кеткен отбасының жалғыз тұяғы, атажұртына оралады. Мәмбет – ата аманатына
ад­ал, құмды даладағы киелі ағашты іздеп кел­ген, ниеті түзу, иманы берік, жүрегі жо­март, туған жеріне деген махаббаты шексіз жан. Өмір бойы балалар үйінде өсіп, мейірімнің не екенін білмейтін, жақсылық пен достыққа сенбейтін Руслан мүлде кереғар бейне. Әбіл мен Қабылды еске түсіретін Мәмбет пен Руслан бейнелері арқылы ақ пен қара, өмір мен өлім, жақсылық пен жаман­дық, достық пен қастық, жомарттық пен сараңдық, адалдық пен арамдық, махаббат пен зұлымдық іспеттес шексіз жалғастыруға болатын бір-біріне кереғар ұғымдарды айқас­тыра, өзара шайқастыра отырып, адам атаулының әрқилы мі­нез­дерін жан-жақты ашу­ға тырысқан фильм авторлары бүгінгі қазақ хал­қы­ның ішкі қай­шы­лық­та­рын аяусыз әшке­релеп, қоғамы­мыздың кейбір өзекті мәселе­ле­ріне камера көзі арқылы терең үңі­ліп, шынайы таспалай білген.
Кино өнеріне енді ға­на қадам басқандарына қарамастан, Айдар Асарбай мен Әділет Топаев өз рөл­деріне толыққанды еніп, кейіпкерлерінің мінезін терең ашып, іс-қимылдарын нанымды жеткізе білді. Сонымен қатар, олардың баяндау машығы, тіл орамдары, қазіргі жастардың сленгке құрылған сөз саптауына сай, шынайы шыққан.
Фильмнің қоюшы операторы Алек­сандр Рубанов пен қоюшы сурет­ш­і­сі Джалалитдин Ибрагимовтың жұмысы да жақсы пікірге лайық. Се­бебі, түсірілім жұмыстарын Қызылорда өңірі мен Ұйғыр ауданында қатар алып жүрген мамандар қазақ даласының сұ­лу­лығын әсерлі әрі дәл таспалап қана қоймай, түсіру әдістері мен құ­рал­дарды ұтымды пайдалану арқылы фильмнің мазмұнын, идеясын аша түскен. Мысал ретінде Русланның көл­де жүзіп жүрген балықтың басын кесіп, су бетін қанға бояған сәтін ай­ту­ға болады. Оператор камераны су­дың ішінде тұрып, төменгі ракурсты қолдануының нәтижесінде аспан қанға боялғандай әсер пайда болады. Бұл – режиссердің ұтқыр шешімі болса, екіншіден, оператор жұмысының жетістігі екені хақ.
Кино – синтезді өнер болғандық­тан, фильмдегі музыканың атқаратын қызметі де айрықша. Осы ретте фильм­нің атмосферасын ашуда Әділхан Байысбаев атқарған жұмысының маңы­зы ерекше. Сазгер қолданған әуен­дер оқиға барысын тереңдетіп, кө­рер­менді мистикалық әсерге бөлеуге септігін тигізгені анық.
Метафора мен символдарға толы фильмнің режиссері Бегарыс Елубаев көркем фильмнің қалыптасқан заң­ды­лықтарына сай оқиға желісін бір ізге салып, көрермен бір деммен көре­тіндей авторлық туынды жасай біл­ген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір