Соңғы бір-екі аптада еліміздің кейбір облыстарында күн райы қатты суып кетті. Бұрын-соңды болмаған суық ауаның қайдан келгенін, табиғаттың тосын мінезінің сырын білу мақсатында География институтының директоры Ахметқал Рахметоллаұлымен және Астана қаласының Бас имамы Асқар Мұқанов мырзамен тілдескен едік.
Ахметқал Рахметоллаұлы,
География институтының
директоры:
– Ауа-райының күрт өзгеруі бірнеше жылда, тіпті ғасырда бір рет қайталанатын көрінеді. Соңғы бір-екі аптада еліміздің бірқатар аймағында ауа-райы қатты суытып кетті. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Иә, қазір еліміздің бірқатар аймақтарында аяз болып, ауа температурасы көп жылдық қалыптан біршама төмендеп кетті. Аумаққа Сібір территориясында қалыптасқан ірі, суық әрі құрғақ ауа массаларын алып келетін, антициклон дендеп енді. Бұл Арктикадан келе жатқан суық ауа. Осындай аяз климатологтардың болжамы бойынша шамамен бір аптаға созылады.
Соңғы онжылдықтарда орын алған ғаламдағы климаттық өзгерістер аймақтық климатқа да өз әсерін тигізіп отыр. Күрт құбылатын ауа-райы әдеттегі жағдайға айналып барады. Нәтижесінде қыс мезгілінде қатты аяздармен қатар ара-тұра жылымықтар, жылы мезгілде аса аптап ыстықтармен жылы мезгілге тән емес суыну жиіленуде. Аралық кезеңдерде құбылмалылық тіптен жоғары, көктемде еліміздің жазық аймақтарында қардың аса қарқынды еруі немесе қыстың басындағы жылымықтардың әсерінен таулы аймақтардағы су тасулар осыған байланысты.
– Жалпы, мұндай тосыннан болатын климаттық өзгерістер ауылшаруашылығына, экономикаға қаншалықты зиян келтіруі мүмкін?
– Ауа-райының күрт өзгерістері адамзат тіршілігінің қай саласына болса да кері әсер етеді. Ауа-райы жылы аймақтар табиғаттың мұндай тосын құбылысын өзге аймақтардан ерекше сезінеді.
Күрт құбылмалы климат – құрғақшылық, апатты су тасқындары сияқты қауіпті табиғи құбылыстардың негізі. Жалпы, бұл құбылыстардан зардап көрмейтін ауыл шаруашылығы, экономиканың басқа да салалары кемде-кем, бірі ауа-райының құбылмалылығынан тікелей зардап көрсе, бірі сол ауа-райы алып келген құбылыстарға байланысты зиян шегеді. Су ресурстары жеткіліксіз, климаты қатаң аймақтарда бәрінен бұрын сумен қамтамасыз ету мәселесі өрши түседі.
Асқар Мұқанов,
Астана қаласының Бас имамы:
– Еліміздің көптеген аймақтарында ауа райы қатты суытып кетті. Осыған байланысты адамдардың тіршілігінде, өзара қарым-қатынасында біраз келеңсіздіктер жатыр. Жалпы, мұндай жағдайда адамдар не істеуі керек?
– Иә, қалада күн суытқаннан бері оқыс оқиғалар орын алды. Қоғамдық көліктердің кешігіп қалуы мәселелерінің және т.б. салдарынан халықтың бір-біріне деген наразылығы өршіді. Осы себептен, біз Астана мешіттерінің атынан «Астана – мейірімді қала» атты акция ұйымдастырдық. Сол кезде үш нәрсе қамтылды. Бірінші, тегін такси, еріктілер шығып өздері халыққа қызмет етеді. Екінші, көше тазалаушыларға, құрылысшыларға тегін ыстық ас үлестіру, үшінші, жағдайы төмен отбасыларға отын, көмір түсіру. Осындай қысылтаяң кезде кейбір адамдар пендешілікке бой алдыруда. Мәселен, такси жүргізушілері бес жүз теңгемен баратын жерге екі есе құнын сұрайды. Бұл діни және адами тұрғыдан алып қарасақ та дұрыс емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Сен қайырымдылық жасамасаң, мейірімділікке бөленбейсің», – деген. Демек, біз бір-бірімізге адамгершілік танытпасақ, еш уақытта Алланың шапағатына бөлене алмаймыз. Бұл – Алланың адам баласына жіберген сынақтарының бірі. Сондықтан жылылық жоқ жерде бірлік те, татулық та болмайтыны анық. Жақсылыққа жаны құмар кісі игі істер істеп, кешіре білуді үйренуге тиіс. Қымбатшылық қысқан уақытта адамдар дүниеге құнығып, түрлі амалдар жасаса, шариғатта күнә болып саналады. Керісінше, Ислам діні мұндай кезде арзандатуға, жеңілдетуге шақырады. Өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыздың иманы әлсіз, адамгершілігі төмен екендігі байқалады. Әсіресе осындай тосыннан болатын қиын жағдайларда азаматты жанашырлыққа, жомарттыққа, қамқор болуға шақырамыз. Бұл біздің дініміздің негізгі принциптерінің бірі.
Әзірлеген Гүлім Нұрланқызы