Кемесіз ерлер кешер өткелменен,
Үстіне ұшқын түспес өрт келгенмен.
Төбені құдай баста биік қылған,
Кемітпес ешкім шауып кетпенменен!
Нартай ақын
Біреумен сырласқың келгенде тезірек ол адаммен кездесіп, тілдесуге асығасың. Санаңда сайраған сұрақтарға тек сол жан ғана жауап бере алатындай көрінетін кездер болады. Ал ол жан жалғанды сен келмей тұрып тәрк еткен болса онымен тілдесемін дегенің ақымақтық болар еді. Ара-тұра сіздің де көңіліңізде осындай бір тосын күй төбе көтере бастаса ешкімге тіс жармастан, ішіңізге бүгіңіз. Сол бір күй шыдатпай бара жатса оған себеп болған жанның өзіне барып сыр ақтарарсыз. Егер «ақымақ» болғыңыз келмесе. Тірілерге қарағанда өлілер сырға берік болады деседі. Әйтсе де біз «өлі» деп айтып отырғанымыздың өзі заты өлілер қауымында болғанымен, асылында мәңгі тірі адамдар екен. Тірілермен қатар, бақилықтардың арасынан біз тек солармен ғана сырласамыз…
Тәкен Әлімқұлов өзінің «Жұмбақ жанында»: «Қыры қыруар, сыры қиын Абай өз тұсына ғана жұмбақ болмай, осы заманға да сыбаға қалдырып кеткен… Өз заманынан озған ойшыл жан болашақ қауымнан дәмеленгенде, тілдің таңбасынан жүректің тереңдігін артық көреді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінің оңай табылмайтынын сыршыл да шыншыл бейнемен жеткізеді. Абай осындай…», – депті. Ал Тәкен қандай еді?
Біз білетін, анығы шығармашылығы арқылы тануға тырысқан Тәкен Әлімқұлов көңілімізге өзі жақсы көретін тұмса табиғатының ауасындай таза, бұлағындай тұнық, сол табиғатта бұлқынып өскен тұлпардың көз жанарындай сыршыл да мұңлы кейіпте ұшырасты. Ол жазушылыққа өз ұлтының қасиетін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп кету үшін келгендей. Сондықтан да шығармаларында бірде ол бізге Махамбет болып мұң артса, бірде Тәттімбет болып күй төгеді, ал бірде Ақан боп ашынып, енді бірде Ықылас болып күңіренеді. Тағы бір жерде оның туған жердің табиғатына деген кіршіксіз махаббатының белгісін Қараорманның қақ төбесінде ұшып жүрген қаршығаның қанатынан байқап қаламыз. Қаратау етегінде жайылып жүрген жылқылар да көз алдымызға Тәкеннің арманын әкеледі. Қобыз бен домбырадан төгіліп жататын қоңыр саз да жазушының жанына маза таптырмаған көкірек күмбіріндей.
Тәкен Әлімқұловтың қазақ ұлттық өнеріндегі кесек тұлғалар жайлы жазған әңгімелері мен тарихи тақырыптағы шығармаларының орны өз алдына бір төбе. Осы туындыларында ол ұлттық музыка, халықтық күй өнерін, қыс – қыстау, жаз – жайлаудағы қазақтың қанына әбден сіңіп кеткен мінезі мен сол мінезі барынша көрініс табар көкпар ойынының жанды бейнесін мүсіндеп кетіпті. Бәйгеге түсер тұлпардың сынын Жансүгіровтен кейін жеріне жеткізе суреттеген де Тәкен болатын.
Ұлы суреткерді білетіндер оның өзі күй қасиетін терең сезінген күйші болғандығын айтады. «Сарыжайлау», «Көк қаршыға», «Қара қобыз», «Телқоңыр», «Жиендік» атты әңгімелері қаламгердің халықтық күй өнеріне қойған ескерткіші.
«Сарыжайлау», «Көк қаршыға», «Қара қобыз» әңгімелері бір-біріне ұқсас. Оларды ұқсастырып тұрған шығарманың желісі емес, Тәттімбет, Ақан мен Ықылас сынды тарихи тұлғалардың тағдыр-талайы. Жазушы осы үш әңгімесінде даңқты тұлғалардың көкірегінде булығып жатқан аңсары арқылы бүтін бір ұлттың тұншыққан арманын баян етеді.
Сарыжайлау – Қарқаралыны киелі домбырасымен тербеген Тәттімбет Қазанғапұлының жер ортасына келіп, қажыған сәтінде шығарған шоқтығы биік күй төресі. Мұндағы негізгі түйін – Сарықыз бен Сарыжайлау. Бұл екеуі де Тәттімбеттің көзінен ұшқан арманы. Өзі сүйген Сарықызға қосыла алмай кетсе, ал өмірінің ең ғажап сәттері өткен Сарыжайлауды дуанбасы Құсбек ақ патшаның әскеріне бекет керек деген желеумен тартып алады. «…Енді бақса, қосыла алмай, арманды қылған Сарықыз да, Сарықыздың күйігіне арналған қападар күй де сонау Сарыжайлаудай мәңгілік емес екен».
Шау тарта бастаған шағында белгісіз дертке шалдыққанын байқаған Тәттімбет Қарашоқы-Қособаның басына шығып алып, бірауық өткен өмірін көз алдына әкеледі. Бұл жерге ол серуен құру үшін ғана келмепті. Өзі туралы елдің айтқан ғайбат сөздерінен аулақтану үшін жанына сая іздегенде тапқан мекені балалығының куәсі болған осы төбе болатын. Ел-жұрттан аулақтанған Тәттімбет тіршілік қызығын армансыз кешкен жері Сарыжайлауды еске алғанда қиялына қанат бітіп, шалқар шабыты қайта оянғандай еді. Өмір-бақи арылмас қайғы-қасірет пен ішқұсталыққа душар еткен де сол Сарыжайлау болғанымен боз далаға деген сартап сағынышы күйші домбырасының қос шанағынан күмбірлей ағылып түсіпті. Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» дүниеге осылай келіпті.
Әңгіменің соңғы тұсына қарай Тәттімбет пен Тәкен көз алдымызға бір адам боп елестейді. Бейне бір толғана-толғана таусылып бара жатқан жазушы Тәттімбеттің саусақтарының арасынан сыңғырлай шыққан күй болып төгіліп кеткендей.
Жазушының Ақан сері өміріндегі жарқ етіп жанып-сөнген соңғы үмітін қаламына арқау еткен туындысы – «Көк қаршыға». Көк қаршыға – өмірінің соңғы жылдары елсізге лаққан Ақан серінің ең соңғы арманы. Ел-жұрттан аулақтанып жүрген серінің көзі шалған Көк қаршыға оның есіне баяғы Көкжендетті түсіреді. Қайыру бермей, қашып кеткен Көкжендетіне арнап Ақан ән де шығарған. Серілік құрып, тіршіліктің бар қызығын азаттыққа балаған Ақан үшін тағдырдың жіберген соңғы сыйы – Қараорманды паналаған жабайы қаршыға еді. Сарыарқаның сансыз көлінен Қамысақтыны таңдаған серінің жанындағы жалғыз серігі – мылқау баласы Ыбан ғана. Құлагер, Қараторғай, Көкжетдеттен айырылған Ақан Көк қаршығаны көргенде сөнген үміті қайта жанғандай күй кешеді. Енді оның есіл-дерті қайткенде де Көк қаршығаны қолға түсіру. Ақанның есіне Атығай-Қарауылға болыстық құрып, дәуірлеп тұрған төре Тінә қыста қонаққа шақырғанда оның он екі жасар шалдуар баласының қолынан көрген асыранды қазы түседі. Ақан сері елден аулақтанып, елсізді пана еткенімен одан ел-жұрты әсте аулақтанбапты. Бақса аты аңыз болып тараған серіні өнерді кие тұтқан халық әлі де пір санайды екен. Жолай жолыққан Шорақазы солардың бірі болатын. Ажары тайып, әбден қажыған Ақанды көргенде танымай қалған ол серінің кім екенін білгенде оған астындағы ақбозын беріп, өзі ағасы Шауқардың атына мінгеседі. Көк қаршығаны асықпай қолға түсірген Ақан оны қайыру бермей, қашып кеткен баяғы қаршығасының атымен «Көкжендет» деп атайды. Сайын дала төсінде Көкжендетін қолға үйретіп жүріп, үзеңгіжолдасы Тінә бастаған бір топ кісіге жолығады. Көк қаршығаның тырнақалдысының қызығын бірге көруге бейіл танытқан оларға Ақан сері қарсылық білдірмеген. Бірақ ол Көк қаршығаның ажалы қарсы алдында тұрған болыс Тінәдан боларын дәл осы кезде білген жоқ. Тінәға салса Атығай-Қарауылдың қаңғырып жүрген серісі Ақанды өз ауылына көшіріп алуға бар. Егер солай жасайтын болса күллі Орта жүзге атағы жайылар еді. Тінә мен аярлық ұғымы – егіз ұғым. Ол атағы аңыз боп тараған Ақанды жарылқағанымен, күні ертең оның ел-жұртын сүліктей сорарын сұңғыла сері іштей пайымдайды. Сол үшін де оның бұл ұсынысына көнбей қойған.
Ақан өткен өмірін ой елегінен өткізгенде жалпақ жұрты есіне түседі. Енді бірде кербез Ақтоқтыны ойлайды. Дүниенің құбылмалы екенін аңғарады. Сондай сәттерде оның жанына жалау болар жалғыз медет – саятшылық. «…Ақан айнаға қарайды. Көңіл хошына қарай өзгеріп тұратын көзінің жанары қоюланып, ажары енгенін аңғарады. Сүйір сақалы да сүйкімді сыңайда. Әнеугі күнгі жүрекке тікендей қадалатын қисық-қыңыр ақ шаш мүлдем жоқ. «Уа, тоба! – дейді Ақан. – Жалғанның қызығы құс салу екен ғой. Қалай түлеп кеткенмін?!». Серінің бұл бақытын да Тінә болыс көп көргендей інісін жіберіп, қаршығаны сұратады. Ауылына ояз келгелі жатқанын, сахараның қызығын оған көрсетпек ләзімдігін айтады. Ұлыққа жағынуды ар санаған Ақан қаршығаны бермей жібереді. Бірақ болыстың тілемсек інісі Қанафия қаршығаны тұғырда тұрған жерінен ұрлап әкетеді. Ал Ақан сері оның артынан барғанда Тінәнің үйінде түтінге тұншығып өлген Көк қаршығаның үстінен түсерін дәл осы сәтте ойлаған жоқ еді.
Тәкен қаламынан туған Ықыластың күйі Тәттімбет пен Ақан күйінен әсте алшақ емес. Бұл үшеуі де старшын, болыстың озбырлығынан ғазиз бастарының қадірі қашқан мұңлықтар. Бо-лыстың өктемдігі Тәттімбетті мекенінен айырса, Ақанның соң-ғы қызығын көп көрді, ал Ықы-ластың ұлын ешбір себепсіз түрмеге тоғытты. Болыс біреу емес, үш түрлі аймақты уысында ұстаған үшеу. Үшеу болғанымен олар да бір-бірінің аузынан түсіп қалғандай. Ақан ашынғанда: «Төре-қараға қор болған қайран елім-ай!», – деп көзінің жасы бірге шығып еді. Ал Ықыластың көкірегіндегі запыран Қара қобызынан төгіліп, күңіренген күйге ұласыпты.
Тәкеннің осы сарында жазылған шығармалары оқырманға соншалық табиғи әсер сыйлайды. Оның күйшілері де табиғи. Тәттімбет, Ықылас, Сүгірлердің ешқандай нотасыз-ақ күй шығарға-нын бәріміз білгенімізбен, оның қалай өмірге келгенін санамызға сыйдыра аламыз деп айту екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ал Тәкен киелі күйдің дүниеге келер тұсының әрбір сәтін, домбыра ішегінен төгіліп жатқан әр ырғақты қарапайым оқырманға соншалықты шынайы суреттейді. Күйшінің көңіл түкпіріндегі қуаныш-қайғысын өз басынан өткізгендей әсерлі жеткізеді. Оның халықтық күйді қаншалықты жақсы көргені, жақсы көріп қана қоймай, терең түсінгені шығармаларынан анық байқалады. Тәкен киелі күй өнері күйшінің көңіл-күйінен туатынын меңзейді. Күйдің нотасы күйшінің көкірегінде жазыларын осылай паш етеді.
Тәкен күйді қаншалық жақсы көрсе, жылқыны да соншалық жақсы көрген. «Көкпар», «Тұлпардың тағдыры», «Телқоңыр», тағы да басқа әңгімелері осыған дәлел. Бұл үш әңгімеге де ортақ тұс бар. Мұнда оқырман күйші тағдырынан бөлек, жылқы тағдырына куә болады.
Иесінің білместігінен мертігіп өлген Торалаяқтың жайы «Тұлпардың тағдырында» суреттелген. Қаратаудың теріскейіндегі кірме Мақының дүбірлі тойына келген Әжібек жүйрік тұлпарынан дәл осы жиында айырыламын деп ойлаған жоқ еді. Ал Торалаяқтың мерт болуына бәсекелесі Тілештің де септігі тиері үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Аттың жайын Әжібекке қарағанда жақсырақ білетін Тілешке Торалаяқтай жүйрік тұлпардың тағдыры оншалық маңызды емес. Ол үшін өз жүйрігі Көкқасқаның бірінші болып келгені тиімді. Сол үшін де ол той иесі Мақыға «аттарды шамасыз алысқа айдаймыз» дегізіп, қиянатқа барды. Жарыстың ұзаққа созыларына сеніп қалған Әжібек Торалаяқты өз қолымен жарға жықты. Өзі ұзақтан шауып оралған атты қапырық тамға қамап, мертіктіріп өлтірді. «…Әжібек Торалаяқтың басын кесіп әкеле жатты. Өзіне сағынышты сезім болмаса да, әлдекімдерден естігеніне еліктеген еді. Көкқасқа тіксіне қарап, артынша кісінеп қоя берді. Тілештің тұла бойы шымырлап кетті».
«Телқоңырдағы» құрбандыққа шалынған қызыл құлынның тағдыры да осыған ұқсас. Сайып келгенде, екеуінің мерт болуына себеп болған – білместік. Жылқының басқа жануарлардан айырмашылығы – бабында. Оған да сәбидің күтіміндей күтім керектігін аттың жайын білетіндер айтып жатады. Ал қызыл құлынның құрбан болуына Сүгір күйшінің білместігі себеп болған еді. Ол әкесі сапарлап кеткенде қонаққа екі құлынның бірі – қызыл құлынды қиды. Қоңыр құлынның сынын өзінше жоғары бағалаған ол қызыл құлынның қасиетін түсінбей, обал қылған болатын. Әкесі сапардан оралған соң ұлының қателігіне сан соғады.
Қызыл құлынның тағдырына шын күйінген – енесі көк бие мен егіздей қатар өскен қоңыр құлын. Серігінен айырылып, жүдей бастаған қоңыр құлынды көк биеге телігенде әуелде оны жатырқаған жануар Сүгірдің домбырасынан төгілген күй әуенінен кейін барып қана иеді. Бұл Тәкеннің күй құдіреті мен жылқы тағдырын ұштастырып жазған әңгімесі. Екі биені тел емген қоңыр құлынды аяған Сүгір күйші «Телқоңырын» өмірге осылай әкелген-ді.
«Көкпар» әңгімесінде де айқын көзге көрінбегенімен, көкпар соңында тұяғы тышқанның ініне кіріп мерт болған торы дөненнің тағдыры оқырманның көңіліне аяныш сезімін ұялатады. Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ қазақ еместей. Елге білдіртпегенімен, Тарбан да сол көп қазақтың бірі. Ол бірақ көкпардан қорқады. Қанша қорыққанымен, көкпарда өлген әкесіндей шабандоз болмағанына іштей өкінеді. Қызыл аңсап отырған балаларының тамағын тойдыру үшін көк серкені пышаққа іліп жатып, оның аңсары басқа жаққа ауа береді. Ғұмырында көкпар ұстап көрмеген Тарбан көк серкенің сирағын кесіп, торы дөненге өңгеріп, оңашада көкпар тартқысы келген. Дала халқының даладай мінезіне оқырман осы әңгімеде тағы да бір рет куә болады. Алдына өңгерілген көк серкені кез келген аттылының көзі шалса көкпар қылып кетерін Тарбан бұл кезде ойлаған жоқ. Оның өзі де көкпарға қызыққандығы сонша, алдындағы көк серкеге қарап, ат үстінде насаттанумен болды. Қарсы алдынан шыққан екі аттылыны да елемейтін еді егер әлгілер мұның тақымындағы көк серкеге жабыса жөнелмегенінде. Ауыл ішінде осылайша ойламаған жерден көкпар тартыс басталады. Тақымындағы көк серкеден айырылып қалуы Тарбанның көкпарға епсіздігінен еді. Әрі бір де бір рет көкпар тартып көрмеген ол үшін мына тосын жағдай бірте-бірте желікке айнала бастаған. Соңында көк серкені қайтсе де қайта қолға түсіріп, үйіне жеткізу үшін астындағы жүйрік атын Әмірбекке береді. Көкпарда оза шауып келе жатқан торы дөнен оқыстан мерт болғанда Әмірбек өзінің бурыл бестісін Тарбанға мінгізеді. Ал үйіне қайтар жолда «ер-тұрманын өңгеріп келе жатқан Тарбанның құлағына кешкі ауада әлдеқайдан жұлқысқан шабандоздардың дауысы естіліп жатты. Тарбанның көңіліне қызығу, жабығу сезімі қатар ұялады…».
Тәкен Әлімқұловтың сайын дала төсін мекен еткен қазақтың қасиеті мен қасіретін паш еткен шоқтығы биік әңгімелерінің қатарына «Қараой» мен «Қаралы қызықты» еркін жатқызар едік. Қараой – Исатайдан айырылған Махамбет батырдың пана тұтқан соңғы мекені. Оның жанына медет тұтар ендігі сенері – ел көзінен тасадағы құла түз. Осы жерді саялаған жалғыз үй – Махамбеттің қара шаңырағы. Халыққа бас болып үйренген ол халықтан бөлініп кеткісі келмейді. Сол үшін де бейілдес елмен астарластырушы боп жүрген Ықыласқа үміт артады. Жаңаберген би мен бір топ қараны Махамбет шаңырағына бастап келген Ықылас өзімен бірге сұм ажалды да әкеле жатқанын хас батыр білген жоқ. Ал әрбір еңісінде талай-талай аңызды бүркемелеп жатқан Қараой жазығы болса Ықыластың сатқындығын әсте жасырып қалмапты.
Жазушының «Қаралы қызығы» да аты айтып тұрғандай трагедиялық желіге құрылған әңгіме. Бірақ ол жердегі трагедияның өзі қазақтың намысқа қаншалық берік халық екенін дәлелдейді. Оқиға ферма меңгерушісі Мітісбектің баласының дүниеге келуіне орай берген көкпарда орын алады. Мітісбектің онша ұнатпайтын адамы – Керімберді. Әкесін арыз жазып ұстатып жіберген Керімберді бейнесі сол кездегі он жасар баланың санасында біржола сақталып қалған. Оның көңіліндегі осы бір кек көкпарда шығады. Сандалкөктей жүйрікпен көкпарды үйіне алып қашқан Керімбердінің он үш жасар ұлы Бортай болатын. Берген көкпарының қызығын қашырғанға ызаланған Мітісбек әкесіндей Керімбердіні қамшымен сабайды. Ел-жұртқа масқара болғанына шыдай алмаған Керімберді сол түні-ақ намыстан көз жұмады.
Тәкен Әлімқұлов шығармашылығына үңіле қараған оқырман қаламгер кейіпкерлерінің өмірдің өзінен алынғанын байқар еді. Сондықтан да оның туындылары өмірдің өзіндей шынайы, өнердің өзіндей таза иірімдерімен ден қойған оқушысын одан әрі баурай түседі.
***
«Кем талант – мүмкіндігінше, шын талант – қалағанынша жазады», – депті Асқар Сүлейменов. Жазушының «Ақбоз ат» романында әрбір жерден бой көрсетіп қалар публицистикасы кейінгі, әсіресе, өнер мен қазақы тақырыптарда жазылған шығармаларында байқалмайды. Бұл туындылар, бәлкім, қазақтың салт-санасы мен өнерін жетік білген, сүйген, сүйсінген суреткердің жүрегінен төгіліп жататындығынан болса керек. Құдай дарытқан туа бітті дарыны да оған қазақтың мінезі мен өнерін тереңнен толғауға мүмкіндік беріпті.
***
«Көркем әдебиет деген – ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдірет болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ», – депті Ғабит Мүсірепов. Тәкен сөзге сүйінгеннен гөрі сыйынып қараған жазушы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» жайында әдеби сын тұрғысынан әділ сөзін айтқан да осы Тәкен Әлімқұлов болатын. Бұл санамыздың төріне аңыз боп орнаған қос тұлғаны тұғырынан әсте аласартпапты. Тиісінше, сөзге соншалықты кірпияздықпен қараған заңғар жазушының да ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берер өз аңызы барын көрсетсе керек.
Нұрлыайым Батыр.