Асқар биікке аяқ басқан…
29.12.2017
8434
0

Бақыт Сарбалаұлы, сыншы


Адам бала кезінен-ақ, асау арман жалына қол артып, асқар биіктерге аяқ басуды мұрат тұтады. Әсіресе Алаштың баласы – ұл-қызы. Ол – Орталық Азияның ортасындағы ұлан-байтақ ұлы далада өмір сүргендіктен ғана емес, мына сені жарық дүниеге келтірген әке-шешенің әлди тілегі де шығар. Әдетте шетсіз-шексіз жусанды, шалғынды жазықтардың, құмды-қолатты жүзгенді жоталардың, сарыарқалы селеулі адыр-белестердің перзенті көкірегіне жастай ән-жыр ұялататыны өз алдына, кіндік кескен туған жерің, алақанына салып аялап өсірген елің де осыны қалайды: «Құлыным, қадамың құтты болсын!» (алғаш тұсауың кесілгендегі тілеуі); «Алдыңнан ақ жол ашылсын, бақытты бол! Шыққан тауың биік болсын!» (ержетіп-бойжетіп, азаматтық өмір соқпақтарына түскеніңде айтары). Бұлар – босқа айтыла салған бекер сөздер ме, жоқ, жұртың ұсынған жарым ырыс, Алла Тағала алқаған ашылған тыныс. Енді осыған өз дарқан көңіл-тілегің, тауды тасты деп айтпас, жаудан да қайтпас дүрсілдеп соққан жүрегің, қазақ деген халықтан тамыр тартқан тегің – ұрқың, ұлттық рухың – балуан білегің қосылса, әрине, бірден емес, біртіндеп, мезеті келгенде, яғни бойың өсіп-жетіліп, қабырғаң қатқанда, ойың өрбіп-өркендеп, сойың сексеуілдей жаралып, Ақ сұңқардай таралғанда зау зеңгір көкке самғап, Асқар Биікке алшаңдап аяқ басарың анық-ау!

Шіркін, көңіл! Қадірлі оқырман, менің көңі­лім асқақтап, өте қиын да қызық, бақ пен соры егіз, бал мен уы сегіз, тар жол, тайғақ ке­шулі, тек өзің ғана жүріп-салар соқпағыңда: бір­де ардың гүлі құлпырып өсулі, бірде дардың ар­қаны ширатылып есулі өмір жолыңда сүрін­бей, құздан құлап кетпей – үнемі алға басып, тек ерен еңбекпен, керек десеңіз кейде тер тө­гіл­­мей, қан да төгілер жасампаздық ерлікпен кө­терілер шың – Асқар Биікке жетіп, аяқ басуды оңайлатып жіберген жоқ па? Әрине, жоқ. Өйт­кені, адам өмірі расында да шын ниет, шы­найы мақсат, ізгі де ілгерішіл көңілден бас­та­лып-жалғасады. Ал оның тірегі – бірінші ке­зек­те Жылы Жүрек. Ал бұдан кейінгі кезекте ке­регі – ақын-абыз Абай айтқандай, Нұрлы Ақыл, Ыстық Қайрат. Айтпақшы, бұл асыл қасиет-қа­білеттердің өзі бала кезінен адамның бойына ұрық-дәндей бітетін болса, осындай болмыс тек-дән: таланттарға ие қазақ баласы жұмыр жер бетінде Адам болу жауапкершілігін ерте се­зі­ніп, дер кезінде жігерлілік танытса, қа­бі­ле­тін біліммен байытып, тынбай қайрат көр­сет­се, тер төксе, мол жеміс те, зор жеңіс те оған бір­тіндеп өзі келмекші.
Туған дала, тынысымды кең алып,
Көңілімнен көп іздедім даналық.
Мүмкін емес – менің тексіз болуым,
Ұлы Абайды туған болсаң сен анық.

Қиынға сал, қалтқысыз сене гөр,
Намыс үшін найзаласып өледі ер.
Мүмкін емес – менің отсыз болуым,
Махамбетті туған болсаң сен егер!..

Алға апарар жолдар барда, жүк барда,
Борышымнан бір сәтке де құтқарма.
Мүмкін емес – менің төмен болуым,
Биік Шоқан мына сенен шыққанда!..
Біздің буынның өрен өкілі, ақиық ақын Жа­расқан Әбдірашев бұдан 42 жыл бұрын, 1975 жы­лы нақ осылай деп жазып еді. Бұл жарқын жыр жолдары бүгін неге менің жадыма оралып отыр?! Тағы да біздің басымызда өмірге келгенде, қастерлі әдебиет есігінен енгенде осындай ақ, асау арман жалына қол артып, сөз өнерінің бір биігін бағындырамыз деген көңіл күйде бол­ғанымызды әйгілеу үшін бе? Бұл да – ақи­қат. Бірақ бұл жолғы екінші бір себеп: нақ осын­дай асқақ арман-ниеттің, нұрлы мақсат, ақ қанатты көңіл күйді менің кейіпкерім – бү­гінгі таңдағы қазақ әдебиетінің белгілі, тарлан аш­қан талантты тұлғасы, парасатты прозашы, қай­сар Ана, асыл Азамат, кезінде жер жүзінің ал­тыдан бірінде атақ-даңқы дүрілдеген Николай Островский – Павел Корчагинге қарасақ та, өзіміздің құрыш қазақ, ақын Зейнолла Шү­кі­ровке баласақ та жарасар жазушы Бибігүл Иман­ғазинаға да бала кезінен тән, жастық шағынан етене болғандығы. Рас, ол алғаш ақын-жазушы боламын деп бел бумаған да шы­ғар. Бірақ туабітті өнерлілік, өнерге құштарлық бойынан бес жасынан бастап-ақ білінгені, бойжеткен кезінде-ақ өнерпаз, актриса боламын деп көзінің ілінгені шындық. Ол осы жол­да әке ақылын да тыңдамай, орта мектепті бі­тірісімен, он жеті жасында Құрманғазы атын­дағы Мемлекеттік Өнер консерваториясына құжаттар тапсырғаны, емтиханды үздік тапсырып, студент атанғаны да шындық. Алайда оны тағдыр осы үлкен өмір жолының басында талшыбықтай сәтінде-ақ сұмдық ауыр сынға тап қылды… Бұл – өмір мен өлім бетпе-бет келген, адам мен ажал айлар бойы тірескен, күрескен жайт. Біз бұл жайды бұдан әрі қаузап, жалғастыра баяндап жатпай-ақ қоялық. Ол кезіндегі танитын-танымайтын қатар құрбы-құрдас, замандастарына түгел дерлік белгілі, тіпті күллі республика жұртшылығы жақсы білген, қабырғасын қайыстырған оқиға. Ақыр соңында өлімді өмір, ажалды адам – қазақ аруы Бибігүл жеңіп шықты. Жеңді деу айтуға ғана оңай, ол айлар бойғы айқастың жемісі, жылдар бойғы жан арпалысының жеңісі. Сондықтан дәл сол сәтте жас бойжеткен Бибігүл ерекше еді, тауқыметті тізерлетіп, ерлік жасады деу де – асығыс айтыла салған сөз. Өйткені, ешкім де ерлікті жасау үшін, мықтылығын көрсету үшін жасамайды. Тіпті, қаһармандық эпостағы алып Алпамыс та, кешегі Ұлы Отан соғысындағы баһадүр Бауыржан да қасақана батырлық көрсеткен жоқ, туған жерді-елді азат ету үшін амал­сыздан және ер ретіндегі ар-намысы ажалдан да артық, биік, күшті болғандықтан жасады. Яғни бұл жердегі негізгі мәселе – рухта, гәп – ар-намыста, ажалдан, аурудан тайсалмай, қаймықпай айқасуда…
Тіпті, әңгіменің ашығына көшсек, сұрапыл со­ғыстағы ерлікті жасаудан гөрі бейбіт кездегі ер­лікті жасау қиын десек те жаңылмаспыз. Се­бебі, соғыстағы жау – белгілі, қашан не іс­тей­тінің де анық, қорқақ, опасыз болмасаң – жет­кі­лікті. Ал мынандай төтеннен тап келген тау­қыметте жанға батқан дертті, күндер мен түндерге үздіксіз ұласқан азапты қашан және қалай жеңерің – мәлімсіз; тек айқаса беруің қажет. Айлар бойы, мүмкін жылдар бойы… Бәл­кім өмір бойы… Ендеше автордың өмір­баяндық-өнербаяндық «Тауқымет» атты тұң­ғыш романында бедерлі баяндалғандай, Би­бігүл – Бибісана, бәлкім, өзін жанынан да бетер жақсы көретін әзіз әкесін жылатпау үшін, аяулы отбасын одан әрі де тақсыретке ұшыратпау үшін алапат ауруды ауыздықтап айқасып, аман қалған шығар. Қалай дегенде де бұл – жеке тұлға Бибігүл Иманғазинаның батырлығы, нәзік қазақ қызының нар қаһармандығы.
Дау жоқ, Ақтөбе облысының Шалқар кен­тінде желкілдеп, ерке де еркін өскен жап-жас он жетідегі қазақтың сұлу қызының зорлыққа көнбей, қорлыққа көнгеннен гөрі арымды сақтағаным, ажал тапқаным артық деп өзін-өзі жатақхананың екінші қабатынан төменге тас­тап, тасқа түсіп, ауруды – өлімді жеңсе де, мү­ге­дек болып қалғаны, бірақ мүгедектікке де бой бермей, оны да жеңіп, өмірден өз орнын тапқаны – қандай кітапқа арқау етсең де, қалай жазып жырласаң да, сұлу суретке салып, тамылжытып шырқасаң да өзгеше өнеге, өнер өзегі екені дәлел тілемесе керек. Және Бибігүл Иманғазина кейін және бүгінгі күні қандай орын иеленді десеңізші?! Өмірге Бибігүл болып келіп еді, өнерге (сөз өнеріне) Бибісана болып еніп, әдебиетте бөлекше берен тұлға – Бибі Ана болып бедер тапты. Оны жазып-жасаған да – және Өзі. Өмірде ажалды жеңу, тауқыметті тізерлету – бір ерлік болса, туған қазақ әдебиеті табалдырығын жас прозашы болып аттап, талантты суреткерлік танытып, шеберлік биігіне көтеріліп, өзіне дейінгілердің ешқайсысын қайталамаған, көлеңкесінде қалмаған, өзіндік үні айқын, көркемдік келбеті келісті, оқырман халық көңілінен шыққан, сара да дара повестер мен «Тауқымет» романын жазып, сөз өнері төріне шығу – екінші ерлік, әдебиетіміздегі қаһар­мандық десек те асыра айтармыз ба? Мі­не, осы кезде-ақ ол – жазушы Бибігүл Иман­ға­зи­на бір Асқар Биікке аяқ басқан. Бәлкім, нақ бүгінгісінен бірер саты аласа да шығар. Бірақ ас­қардың аты – бәрібір асқар…
Біз жазушының нақ осы тұңғыш романы, дә­лірек айтқанда, болашақ шоң шығарманың бірін­ші кітабы туралы кезінде «Тауқыметті ті­зер­леткен…» деген сын мақала жазып, ол «Қа­зақ әдебиеті» газетінің 2013 жылғы 26 шілдедегі са­нында жарияланған да еді. Сондықтан біз бұл жо­лы қайталай қарастырсақ та қазынасы таусылмас, жаңа ойлар, әсер-пікірлер тудырар сол ро­манды (бірінші бөлімін) және таразылап жат­­пастан кейіпкеріміздің жаңа шығарма­ла­рына: романның екінші, үшінші бөлімдері мен повестеріне газеттік мақала көлемі көп мүм­кін­дік бермесе де, біраз байыптап тоқ­талуды жөн көрдік.
***
Шығармалардың жаңа-ескілігі жазылған жылымен өлшенбейді. Авторы ортақол талант болып, оның үстіне нысана-тақырыбын – өзі өзек еткен өмір шындығын терең тексеріп, ба­сы­нан өткеріп, шабыттан туындатпаса, ол шы­ғарма биылғы жылдың қарашасында кіндік кес­се де, өлі, жаңа емес, ескі. Ал талантты қа­лам­гер ең алдымен өзін-өзі қадірлеп, тақы­ры­бын меңгеріп, меңгеріп қана қоймай, әлемдік әде­биеттің үздік үлгілеріне «теңгеріп» жазса, ол ХІХ ғасырда туса да, 2016 жылы дүниеге келсе де, ескі емес, жаңа. Осы тұрғыдан байып­та­ғанда өткен 2016 жыл біздің авторымыз үшін өте жемісті, өзгеше жеңісті уақыт болды десек орынды. Мұның себебі – Шымкенттегі арнайы орта өнер оқу орнын бітірген, одан әрі осындағы жоғары оқу орны педагогикалық институттың филология факультетін де тәмамдаған Бибігүл жазушылық жолға түсіп, алғаш бұл салада да қатарынан шырқап озып кетпесе, қалмай, кейі­нірек «Тауқымет» романын жарыққа шыға­рып, ол әсіресе халыққа жеткен кезде көп әріп­тес­терінен озып, қалың көпке тез таныла бастаған. Ал өмірде қалам қайраткерлігінің көбіне-көп қоғам қайраткерлігіне ұласары бар. Міне, осы танымалдығы басты себеп болып, оның үстіне өз басында бар жағдай: қызды, ұлды екені қо­сылып, елімізде 1990 жылдардың басында «Асы­рауында балалары бар мүгедек аналардың қо­ғамдық ұйымы» құрылғанда еріксіз басшы болуға тура келіп, сол қоғамдық ұйым жұмы­сы­ның қайнаған ортасында жүруі, қалам ұстау­ға мұршасын тигізбей, «Тауқымет» романын көп жылдар бойы жалғастыра алмаған-ды. Алай­да олар баяғыдан көңілінде піскен-ді, ер­те­ден-ақ ойда жүрген-ді. Міне, енді осы «Тау­қы­мет» толық бітім тауып, оның екінші, үшін­ші бөлімдері өмірге келіпті.
Айтпақшы, бізге бұрыннан таныс бірінші бөлім-кітап бұл жолы «Прокурордың сүйікті қы­зы» деген ат иеленіпті. Жөн, жарасымды. Ал, оқыр­манмен жаңадан жүздесіп отырған екінші бөлім «Тіршіліктің түрі көп» деп аталса, үшінші бөлім «Сен әйел емессің, құбылыссың!» деген ныс­пы иемденіпті. Бұлар – көлеміне ғана қара­май, көркемдік келе-кенеуінен келсек те, бө­лім­дер аталып қалмай, жеке кітаптар болып бой түзуге де хұқылы десек асыра айтпаймыз. Сон­да бұл шоң кітап «Тауқымет» атты роман-три­логия болып халықпен жүздессе де бек жа­ра­сары онша дәлел-дәйек тілемейді.
Сонымен, мәселе – көлемді шығарманың бәрі­бір атында емес, затында. Көлемінде емес, кенеуінде, көркемдік кемелділігінде. Бәріміз бастан кешкен, кешіп жатқан ғұмырымыз бен маң­дайымызға бұйырған қоғамымыздың оябын тауып, құнын таразылар, қасіреті мен құдіретін танытып, қоясын ашар мән-мағына­сын­да. Міне, барлық және әрбір әдеби шығар­маға әрқашан қойылар осы негізгі өлшем, басты көркемдік өре тұрғысынан байыптасақ, жаңа қос бөлімнен жаңа нелерді байқап, қандай со­ны, тың рухани қазыналармен – өмір-өнер шын­дықтарымен жүздесер едік? Бірден ашы­ғын айтсақ, бұлар көп және түгелге жуық әдеби алуан игіліктер ғана емес, әртүрлі әсем, әрлі-нәр­лі әлеуметтік қазыналар. «Тауқымет» ро­манының, әрине, бірінші бөлімін есептемегенде, тұтаса созылып жатқан байтақ сұлу әлем. Бұлармен оқырманды нақты және толығырақ таныстырамыз десек, осы беттердің денін елемей, талдап-ескермей өте алмас едік. Сондық­тан да бізге қомақты қос бөлімнің қадау-қадау түйінді, оқырман назарын еріксіз баурап, қатты қызықтырар, елеңдетер иінді тұстарына, бет­бұрыстық оқиға, оқшау детальдарына ғана бі­раз тоқталуға тура келеді.
Қаперіңізде болса, қадірлі оқырман, біз бұ­­рын­нан білетін романның бірінші кітабы былай аяқталған: «Түн ортасы болса да Сана көзін ілмей жатыр. Көз алдында тістеніп тұрған Қанаты, қабағы түйіліп тұрған Қанаты, жалынып тұрған Қанаты, кекірейе қалатын Қана­ты…». Өткен мақаламызда Бибі Анамен Қанат­тың алғашқы, алайда мөлдір де маздақ ма­­­­хаб­­батына қанағаттанарлық тоқталғандық­тан да, нақ қазір қайта талдап-түсіндіріп жату­дың қажеті жоқ. Десек те бұл жайт – оның мына өмір­ді өмір етіп, ұстап тұрған, дамытып алға бас­тырып жатқан, саналы адамға ғана тән ға­жайып та шынайы махаббат екенін айғақтайды. Және жазушы Б.Иманғазина романының жаңа екі бөлімін де бойында аққан ыстық қаны бар, кейде мұңайып, «суыққа тоңдырғанмен», базбір сәттерде дел-сал күйге түсіріп, ширыққан сәтінде қуантып оттай жандырар жаны бар шы­ғарма етіп тұрған құдірет те – осы Махаббат екенін байыптады. Ендеше Сананың: «Махаббатсыз қаны да жоқ, сөлі де жоқ өмірді де сүруге болады екен; құр кеудемді сүйретіп жүріп күнбе-күнгі міндетімді орындауға да әдеттеніп алдым» (222-бет, «Тауқымет». Алматы, «Ан-Арыс» баспасы, 2016 жыл) дегені нақ осы сәттегі өмір­дің шындығы болғанмен, өткелдік аралық сәт қана. Әрине, тіршілік өтіп жатыр. Десек те Сананың өмірі – бәрібір бейтарап, сүлесоқ өмір емес, өртеніп тұрған өзгеше өмір: «Әкемнің бір ауыз сөзі мені өлімнен бас тарттырса, сүйгенім­нің анасының көз жасы махаббатымнан бас тарттырды» (222-бет). Алла тағала, әзіз әке Сарбаз бен асыл ана Балдай тәрбиесі Сананы осындай морт емес, мәрт мінезді, өзіне қатал болса да өзгелерге болсын дейтін мейлінше мейі­рімді ару, өте принципті, арамызда жүрген мыңдардың бойынан да табыла бермес бөлекше болмысты ана етіп жаратқан шығар.
«Тауқымет» романының «Тіршіліктің түрі көп», «Сен әйел емессің, құбылыссың!» атты жаңа қос бөліміндегі Сананың өмірі – міне, осын­дай күреске, махаббатқа, арпалысқа толы өмір. Оның «махаббатсыз өмірді сүруге де болады екен» дегені – жай сөз: көңілдің бір күйі ғана; өйткені ол Қанатын ешбір ұмыта алмайды, бәрібір соған деген махаббатпен ғұмыр кешеді. Ақиқатына көшсек, екеуінің махаббаты – мәңгілік махаббат. Мен құласам да ол құламасын, мен жыласам да ол жыламасын деп ғұмыр кешу, сүйгені үшін құрбандыққа бару – жадау өмір ме екен? Керек десеңіз, бұл да – ерекше, жалынды тіршілік кешу, ерлік өмір. Мықты екеніңізді білейін, сіз осы құрбандық­тың мыңнан бірін жасай аласыз ба? Нақ осы себептен де оның әуелі өзін сүйген, соңынан қалмай қойған Дауылмен бас қосып, Сая атты қыз табуы, содан кейін одан «ақсақ қызға қосылдың» деп жылап жүрген анасының көз жа­сын құрғатайын деп ажырасып, бұдан соң арада уақыт өтіп, өзін алғаш емдеген, аяққа тұрғызған, мықты дәрігер, өзіне сол он жеті жасынан бері ғашық Дастан Қыпшақовичке тұрмысқа шығып, бұл басы – бақытты, ортасы – тозаққа айналған ғұмыр кезеңі Дастан Қып­шақовичінің машина апатынан қайтыс болуымен аяқталса да, Сана Қанатын бір сәт ұмытқан емес.
Біз қысқаша қайырып, сюжет бағдарын нұсқа танытып жатқанмен, бұл аралықтағы оқи­ғалар – өз алдарына тіршілік кезеңдері, бақыт пен қайғы толқыны тасып, кейде тауқы­мет асып жатқан өмір мектебі. Оның іргелі, ірі тұстарына тоқталсақ та, мақала ұзап кетеді. Десек те өмір қандай күрделі, қилы болса, адам­дар да сондай неше түрлі, тіпті кейде адам сенгісіз қам-қарекеттерге баратынын аңғарту үшін бірер түйінді детальдарға тоқталумен шектелейік:
«Күйеуіне көзінің қиығын да салмастан ша­баданды Айдай апасының қолына, қызын Жал­ғастың қолына ұстатып, есікке беттей бер­ген еді, Дауыл жолын кес-кестеді.
– Дауыл, саған о баста күйеуге шығуымның өзі қате болғанын енді жақсы түсіндім, сенің арманың – басыңа баспана салып алу болса, ме­нің арманым – балалы болу еді. Екеуміз де ар­ма­нымызға жеттік; сен жанымдай жақсы кө­ре­тін қызымның әкесісің, қызыңды көріп тұр­ғың келсе, саған ешкім бөгет болмайды…» (272-бет).
Сананың айтқанының да жаны бар, адам алғашқыда жасаған қадамының жаңсақтық боларын біле алмайды. Жеке бастық, отбасылық жө­нінен келгенде – Дауылға күйеуге тиюі қате­лік те шығар. Бірақ қоғамдық келеден келсек, бұл қадам – болмай қоймайтын өмір заңды­лығы.
«…Сен маған бақыт сыйладың, сол үшін са­ған тек қана бақыт тілеймін. Мен өзімнің ту­ған жеріме көшемін. Есім барда елімді табайын. Ал сенен менің бір-ақ өтінішім бар. Пананы маған берші, айналайын, сен әлі талай ұл тауып аласың. Менің Панадан басқа қуанышым жоқ. Пананы берсең, бүгін-ақ басыңа бостандық беремін.
– Сіз не деп отырсыз? Перизатты анасынан айы­рып, жетімкөкірек еткеніңіз аздай… Баланы тудырып алып, анасынан айыру сіздің ал­дыңызға қойған мақсатыңыз ба?!» (315-бет).
Мәссаған! Жұрттың бәрі жақсы жан, дар­қан дәрігер деп білетін, өзіне жалынып-жал­пайып қол жеткізген Дастан Қыпшақович, міне, қандай? Сұмдық қызғаншақ. Оның үстіне сырты бүтін болғанмен, іші түтін болып шықты ма? Ол жоғарыдағыдай сөзді айтып қана қой­май, Сана ауруханада жатқанда Пананы алып қашып кетеді. «Анасы баласынан бас тартты» деп жала жауып. Ол аздай, үйі-күйі жоқ ана сот­­тасса да, айлығы бар, байлығы бар өзінен жеңі­­­­летінін біліп зорлық көрсетіп.
Иә, өмірде осындай да адамдар бар. Осындай оқиғалар да болады.
…Үшінші бөлім-кітап бұлардың Алматыға қоныс аударуынан басталады. Мұның мәнісі Сая қыз бойжетіп, ұл Пана ержетіп, жаңа буын өкілдеріне жаңа мәдени-әлеуметтік орта, жағдай керектігімен, ал ананың ұл-қызы қа­сында болуы керектігімен түсіндірілсе де, осы Алматыдағы кезеңде Сана өмірінде үлкен бетбұрыс орын алып, «Тауқымет» романы өзін оқыған халық ортасында үлкен серпіліс, қызығушылық пен қанаттану сезімін туғызып, кейіпкер қаламгерлігі қайраткерлікке жол ашады. Бәрібір бұл тұста да, яғни үшінші кітап-бөлімде де алтын арқау, шығарманың тұла­бойын тұтас қамтып, көктей өткен алпыс екі тамырдай асыл ағын – басты кейіпкер жүре­гіндегі маздақ махаббат; сүйгені Қанатқа деген, қос перзентіне және тәуелсіз Отанға, ел бола­шағына – балаларға деген махаббат.
Бұл тұрғыда Қанаттың: «Елдің бәріне ба­қыт сыйлап, мені ғана бақытсыз еткен екен ғой» (438-бет) деген сөзінде үлкен шындық бар. Бірақ оның өзі де Сананың жастық албырт­ты­ғынан, басқалардың бақыты үшін бас тіге ала­тын мәрттік мінезінен, уәдеге, сенімге берік­тігі­н­ен туған қарекет еді. Сүйгенімді бақытты етейін деген махаббатынан туған құрбандық еді. Олай болса біз эпизодтық кейіпкер, аты өзгертілмей берілген кейіпкер – сазгер Әсеттің Қанатқа айтқан: «Өміріңде Санадай қызға деген сезімнің, Сананың өзіңе деген сезімінің құ­діретін бастан кештің: бұл дегенің – кім болса соған берілмейтін бақыт» деген сөзінің ақиқаттығына қосылсақ қателес­пейміз.
Ал, жазушылық дегеннің – өмірді көркем сөз арқылы өнерге ұластырудың сезімнің төре­сі, сүйіспеншіліктің көкесі екеніне ешқан­дай дәлелдің қажеті жоқ шығар. Өмірді сүйіп, қызығы мен шыжығын айтпағанда, ауыр тау­қыметін бастан өткеріп және оны жеңіп, ба­қыт­ты болу үшін күрескен адамның – оған Алла тағала және қаламгерлік талант сыйласа – жақсы туынды жаза алып, әдебиет төріне аттауы аса қиын да емес. Нақ осы тұрғыда ав­тор­дың – Бибігүл Иманғазинаның әріптестері­нен басты бір артықшылығы: ол – туған әдебиетімізге қуатты Таланты арқылы келіп қана қоймай, ауыр да айрықша Тағдыры арқы­лы да бірден биік белесіне көтерілген жазушы. Жоғарыда ретіне қарай айта кеткеніміздей, оның бастан кешкен өмірі – дайын да дарқан шығарма. Тек қарабайыр көшірмей, талғаммен екшеп-ерекшелеп, талантты жаза біл. Міне, нақ осы талаптардан табылғандықтан да Мүгедектер қоғамы мен Қайырымдылық қорлары өздеріне депутаттыққа кандидаттыққа бір орын бөлін­генде өздерінің мұң-мұқтажын жетік білетін, қатардағы мүгедектің бірі емес, қалам қайрат­кері Бибісананы бірден өз қалаулылары ретінде ұсынған еді.
Бұл талап, қам-қарекет, өмірдегі өз орындарын алу, иелену жөніндегі күрес мүгедектер өміріне серпіліс әкеліп қана қоймай, танымал жазушы Бибісана өмірінде де күрт бетбұрыс туғызып, жаңа қоғамдық қайраткерлік биігіне көтерген еді. Ол сайлауда жеңілгенмен, бұдан дұрыс қорытынды шығарып, сабақ алып, өзінің жеке өміріндегі тауқыметті қалай тізерлетсе, асырауында балалары бар мүгедек аналардың өміріндегі талай жылдар бойы сіресіп жатқан тауқыметтің сеңін солай бұзып, түбегейлі тас-талқан ете алмаса да, тізерлетуге кірісіп еді. Табандылық, көп болып жұмылу, ең бастысы – орта жолдан қайтпай сөзін тауып, көзін тауып, күресу арқылы ілгері басу өз жемісін бере бастады. Мұндай жеңіске жетудің басты бір себебі: мүгедек аналардың мәселесі, олардың балаларының болашағы – тек бұлардың мә­селесі ғана емес, мемлекеттің де мәселесі екен­дігінде. Сол істі бір қоғамдық ұйым қозғап, ше­шуге кіріссе, оған жекелеген қайырымды аза­маттар қол ұшын созып, оның өзі қоғамдағы өлі тыныштықты, немқұрайдылық тоңын селк ет­кізіп бұзып, халық арасында қозғалыс-ояну туғызып жатса, бұған өз міндетін біреу атқара бас­тағанын көріп-білген билік тарапынан да көмек көрсетілуі заңды ғой. Иә, елімізде бұ­рын-соңды болмаған мұндай қоғамның құ­рылуы, оның игілікті қам-қарекеті көп ұзамай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев құлағына жетіп, Президенттің қолдау көрсетуі жаңа тамаша бастамаға, аса игілікті іске кең жол аш­ты.
Атақты «Бибі-Ана» қоғамы осылай кіндік кесіп, көп ұзамай-ақ қалың халық, қайырымды ел азаматтары қызу да нақты қолдағандықтан еліміздегі берекелі де беделді қоғамдардың бірі болып қана қоймай, көшбасшысына айналды. Жиырма бес жыл бойы жемісті жұмыс істеп, мыңдаған мүгедек аналардың тұрмысын түзеп, тіршілігінің түтінін тік ұшырып, 500-ден аса мү­гедек аналардың ұл-қыздарының жоғары бі­лім алып, көбісі отбасыларының тірегіне, айналасының азаматтарына айналса, алды орта­сынан озып, биікке қол созып, тәуелсіз елі­міздің жұлдыздары болып жанды десек жаңы­лыспаймыз.
Мықты екеніңізді білейін, өзіңнің кемтар емес жалғыз отбасыңды керегесін шайқалтпай, екі-үш перзентіңді оқытып, мәртебелі маман ете алып, қияға қанат қақтыршы, оларды жеке басынан артылдырып, жұртқа сәулесі түсер шырақ жақтыршы. Олай болса жазушы-ана Бибігүл Иманғазинаның кешелі-бүгінгі жақсы, жалынды шығармаларымен қалың оқырман қауым жүрегіне жарық түсірумен шектелмей, қоғамдық қайраткерлігімен мыңдаған отбасыларды жарылқап, әкесіз жетім балаларымызды аш-жалаңаштықтан қапылудан, шетелдерге тауар болып сатылудан аман сақтап, жүздеген ұл-қыздарды жұлдыз етіп жандыра білуі – бү­гі­німізді бекемдеу ғана емес, болашағымызды бү­тіндеуге қосылған үлкен үлес, сөнбейтін от, өш­пейтін өнеге емес пе? Ендеше оны қазақтың Те­реза Анасы деп қадірлеуіміз өте орынды ғана емес, баршамыздың Бибі-Ана деп бағалауымыз – шынайы халықтық құрмет, әділ және әлеу­мет­тік марапат деп білеміз.
«Тауқымет» романының үшінші кітабының та­рихи-деректік құндылығы, халыққа аса ке­рек­тік көркемдік қасиет-құндылығы да қа­тар­дағы Бибігүл ананың, белгілі қаламгердің бірі­нің қалайша және неліктен асыл да алып Ана, мыңдаған жетімдерге Пана Бибі-Анаға ай­налуын нанымды да шынайы, көркем де көсегелі көрсете алуында жатыр. Біздің тамырын қадым ғасырлар қойнауларынан тартқан бай да байтақ әдебиетімізде шынайы, шың шы­ғармалар баршылық. Әрине, әрқайсысы өзгеше өз сипатымен, сұлу да сындарлы төл сымбатымен. Ақиқат осыған сайса, бізде қазақ әде­бие­тінде «Тауқымет» біреу-ақ. Дара Дүние. Бәлкім, бүгін қайталанбас, ертең де болашаққа еркін аяқ басар Шынайы Шығарма.

***
Біздің халқымызда: Шын «балуанға оң-со­лы бірдей, алып та жығады, шалып та жығады» деген қанатты сөз бар. Мұның айдай анық ақи­қаты сөз өнеріне де ортақ екені жас прозашы Бибігүл Иманғазина шығармашылығынан да жақсы аңғарылады екен. Оның біз талдап отырған шоң кітабына «Тауқымет» трилогиясы­мен бірге «Ащы өрік», «Үйге барғым келмейді» деген қос повесі еніпті. Сол екеуін қайталай оқы­ғанда да біз Бибігүлдің алғашқы қадам­да­рын­да-ақ парасатты прозашылық арын-алым, лайықты суреткерлік шалым-қарым байқат­қа­нын көреміз. Жазуды жаңа бастаған кісінің тә­жірибесі, кәсіби шеберлігі әлі де кем түсіп жата­тындықтан бұларда орын алар балаңдық се­зіл­се де, балалық сезілмейді, тіпті осы екі хи­­­каят­та-ақ оның айқын даралыққа, қалам­гер­лік даналыққа қол арта алғаны таңдандыра­ды. Рас, кей сөздерді дәл орнында қолданбау, жай аңғармаудан кеткен екі-үш сюжеттік кіл­тік-кібіртіктерді жеп-жеңіл түзелетіндіктен айт­паса да болғандай. Ал, мұндай сәл-пәл мін-мүл­тіктерді сыншылық көз сезіп қалмаса, қы­зығып оқыған қарапайым оқырмандардың бай­қамайтыны да анық.
Атақты классик Флобердің «Мадам Бовари – менмін» дегенін қолға қалам ұстаған көбіміз білеміз. Нақ сол айтқандай, Бибігүл де өзі өте жақ­сы білетін, «басынан кешірген» жайларды жазыпты. Көлемді повестің аты да сәтті, ал за­ты тіпті тәтті. Бұлай дегендегі айтарымыз – шы­ғарманың төрт құбыласы тең көркемдікке, ке­мелдікке жеткендігі. Сюжеті қою, бәлкім шы­тырман, суреткерлігі де сұйық емес, сон­дық­тан да ол бірден баурап, тарта жөнеледі. Дұры­сы – бұл повесть қана емес, шағын шымыр ро­ман десек те асыра бағаламаймыз. Ал, мұн­дай шығарма тек талант қаламынан туады. Енді бұ­ған қоса шығармаға шытырман, шын, оқыр­ман ретінде жүрегіңді ауыртып, тебірентер, көз жа­сын да тамшылатар, ал тәлім-тағылым алар адам ретінде қуантып-разы етер адам тағдыры өзек етілсе, бұл авторды жазушы еткен – Тағ­дыр дегенді тағы да мойындата түседі.
Назым – анасы тастап кетіп, жетім қалып қа­на қоймай, жалғыз тірегі – әжесі де ерте өліп қа­лып, тас жетім болып жетілген ақылды қыз. Сұлу бойжеткен. Қазақ аруы. Өмірді тал бесік пен тас табыт аралығында махаббат (ғашықтық, ана­лық, балалық, адамдық) қана сақ­тап, жалғап тұратын болса, жетімдіктің – тәр­бие, тәжірибе, таным жетіспеуі кесірінен На­з­ым жаңылады, жаңсақ басады; енді ол осы қа­телігін түзеп, адамдыққа оралайын десе, Кү­м­іскүлдей дос арамдығы, Төкендей зор­лық­шыл­дар тор-құрсауы шырмап жібермейтін­дік­тен, құтылу үшін амалсыздан адам өлтіруге мә­ж­бүр болады.
Өмірге келгенде, өмір төріне енгенде де На­зым – керемет тәтті өрік-тін; әділі – оны ор­тасы, нәпсі, қоғамы жолдан тайдырып, ол жол­дан тайып, ащы өрікке айналды. Тағдыр ма? Иә. Бірақ тағдырды өзгерту де адамның өз қолында. Назым бойындағы ең асылы – адам­дық тамыры, діңі, болмысы сау болғандықтан тү­зеліп, қайтадан тәтті өрік бола бастады. Ал жұ­лым-жұлым жан жарасы жазылар ма, ақтауға болса да, адам өлтіру, сүйікті перзентін көре алмау – шер тарқар ма? Шыңыраудан алып шы­ғар, қаптаған жамандықтан құтқарар күш – адам рухы. Міне, Назымның бойындағы осы жа­сампаздық рух оны бақытқа жеткізіп қана қой­май, шығарманы да биікке көтеріп, оқыр­ман халықты да жақсылыққа бастап жеткізе ал­ған.
Жазушының екінші «Үйге барғым келмейді» деген повесі де «Ащы өрікпен» идеясы сабақтас, айтары ортақ шығарма болғанмен, танытар өмір шындығы мен сұмдығы жөнінен бөлек, көркемдігі ерек шығарма.
Жар, азамат еркек неге үйге барғысы кел­мей­ді?
Жар, күйеуін өле сүйетін әйел үйіне неге бар­­­ғысы келмейді?
Ересектерді қойшы, жас балалар – есі кір­ген, ержете бастаған ер балалар үйіне неге бар­ғы­сы келмейді?!
Мұның жауабын, себебін табу – әрине, қиын емес. Ердің әйелге, әйтпесе әйелдің ерге де­ген махаббаты жетіспейді. Әкенің, шешенің балаға деген махаббаты жетіспейді. Бұлар айтуға оңай болғанмен, өмір деген – күрделі, ол соттың хаттамасы емес. Бар нәрседегі әділ­дік, тіпті махаббаттағы адамгершілік, түсі­ніс­тік, жауапкершілік кем түсіп, екі жақтан да адам­ның бір-біріне деген мөлдір сезімі табылмай жатады. Міне, осы жайлардың – өте күр­делі өмірдің ерекше бір сырын, жүректің бір жұм­бақ жырын ұғамын десеңіз, Бибі-ананың осы «Үйге барғым келмейді» деген хикаятын оқыңыз. Мұндағы жайлардың талайымыздың басымызда бар екеніне күмән кем. Бота, Азат, Раушан, Марат, Асандардың тағдырларымен танысқан соң, тағылым алып, әсері тиіп, өз өмі­рімізді бір таразылап, көбіміздің үйге бар­ғымыз келіп жатса, таңданатын түк жоқ деп ой­­­лаймын.
***
Дау жоқ, менің «Тауқымет» трилогиясынан, «Ащы өрік», «Үйге барғым келмейді» повес­терінен алған әдемі әсер, жасаған түйін, ашқан ақиқат-байыптауларым – соңғы сын-сарап, даралап-саралау еместігі анық. Газет мақаласы көлемі мүмкіндік бермей, тартынып жазғаным да айғақты қажетсінбейді. Бәрібір қорытын­дылай келгенде бұл жолы да менің мұндай биік баға, сындарлы сөздерді бекер айтпағаным, осы жолғы байқау-байламдарым да ортақ оқырман­дық пікір, әдеби шындық, көркемдік биік өре-өрістің өлшемі болар, оқыған қауымның көңі­ліне қонар тобықтай ой, тұщымды пікірлердің төңірегінен табыларына сенемін. Тоқсан ауыз сөздің түйініне көшкенде халықтың қаламгері Бибігүл Иманғазина, қоғам қайраткері Бибі-Ана нақ бүгінгі таңда жазушылық жемісі жөні­нен де, жан байлығы жеңісі жөнінен де жүз мың­дарды, он жүздерді жарылқаған, жарығын түсірген Өмір өріне көтеріліп, Асқар Биікте аяқ басып, нық тұр десек әділдікке саяды.
Нақ осы себептен де мен осы мақалама нүк­те қоярда суреткерлік көзі мерген, елдің сөзін айтып, ақиқаттың аулынан маржан терген ақын­дарымыздың бірі Ертай Ашықбаевтың біздің кейіпкерімізге қатысты мына бір жыр жолдарына жүгіне кетсек артықтық етпейді:
Тірілсін өлген Намыс, қираған Ар,
Оянсын мейірімділік Миға барар.
Тауқымет, Ана жақта сіз барсыз ба,
Бұл жақта Бибі-Ана бар.

Әркімнің әр қадамын барлап, түстеп,
Жүрсең де тор да құрып, қармақ та істеп,
Жеңуге әлің келмей Бибі-Ананы
Тауқымет, отырмысың бармақ тістеп?!

Адассақ Айды іздедік, Күнді таптық,
Бүрістік жапырақ боп бір бұтақтық.
Тауқымет, сен жүк болдың бір кітапқа,
Бибі-Ана іс бітірді мың кітаптық.
Қандай бір өлең де әуелі өмірге сәйкес­тігі­мен, әдемі немесе ащы шындықты «тәтті» көр­кем­дікке айналдырумен өміршең. Ертайдың мына жыры да сондай бітім-болмысымен бас идіріп, келешекке есік ашып тұр. Нақ осы жерде менің мерейтойлық мақаламның жалғасы болып сезілгенмен, бұл жыр жолдары қаламгер Бибігүл Иманғазина, қазақтың Бибі-Анасы туралы жаңа бір сөздің арнасындай…
Асқар Биікке аяқ басқан, сол шыңнан шуақ шашқан Бибі-Ана, аман болыңыз! Алла тағала жаңа жарық күндер сыйлап, таусылмас тауқы­метті тізерлетіп, табанға салған қалпыңызда оқырмандарыңызбен, еліңізбен мың бірінші Өмір-Кітаптың жаңа бет-белестерінде жүздесе беруге жазсын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір