«Алтын Тобылғы» әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды
Астанада жас әдебиетшілерге арналған дәстүрлі «Алтын Тобылғы» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Жалпы жүлде қоры 5,5 миллион теңгені құрайтын бұл байқауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры биыл үшінші рет ұйымдастырып отыр.
«Алтын Тобылғы» байқауы Қазақстанның жас таланттарына қолдау білдіруге бағытталған және осындай шаралар арқылы жас ақындар мен прозаиктердің, жас драматургтердің есімі елге танылып, қазіргі заманғы әдебиеттен лайықты орын алуда.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жүнісов: «Бұған дейін 2015-2016 жылғы үздік шығармаларды іріктеп, жинақ етіп шығарған болатынбыз. Бүгін 2017 жылдың үздік әдебиетшілеріне жол ашып отырмыз», – деді. Ережеге сәйкес, байқауға бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған туындылар келіп түсті. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистер қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен «Үздік проза» номинациясы бойынша – «Алтын Тобылғы» сыйлығы мен
1 миллион теңге сыйақы жазушы, журналист Бейбіт Сарыбайға берілді.
«Үздік поэзия» номинациясы бойынша – Мерей Қарт пен Ұларбек Нұрғалым үздік деп танылды және әрқайсысына 750 мың теңгеден ақшалай жүлде табысталды.
«Балаларға арналған үздік шығарма» санатында Айсұлу Әлмаш пен Зәуре Төреханова «Алтын Тобылғы» сыйлығымен, сондай-ақ 750 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталды.
Өкінішке қарай, «Үздік драматургия» номинациясы бойынша биыл байқау талаптарына сай келетін жұмыс түспеген.
Сонымен қатар, биыл ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мақсаттарды жүзеге асыруға арналған «Туған жер» арнайы тақырыптық номинациясы жарияланған еді.
Аталған номинация мен 1,5 миллион теңге көлеміндегі қомақты жүлдені жас ақын Мақпал Мыса иеленді.