Ұлт алдында ары таза…
Заңғар КӘРІМХАН,
«Қазақстан тарихы» интернет
порталының шығарушы редакторы
– Өткен ғасыр басындағы түрлі тарихи толқулар «алашшылдардың» халық тағдыры жолында шешуші роль иесі атануына әсер етті ме? Әлде олар Алаш Орда автономиясын құру – өздерінің ұлт алдындағы тағдыр берген миссиясы деп қабылдады ма?
– Бүгінгі бейбіт күннің көзімен қарағанда, өткен ғасыр басындағы Алаш кезеңі телегей-теңіз ортасында қалт-құлт еткен қайықтай болғаны шындық. Оған жалпы қазақ даласының геосаяси жағдайының тікелей қатысы бар. Дүниежүзіндегі державалар арасында кісінің көзін қыздыратын байтақ жерге ие қазақ ұлтының бұл артықшылығын әлгі империялар бірнеше ғасырлар бойы көре алмай келді. Ұлы дарияның төсінде қалтыраған жалғыз да жалқы қайық ескексіз бағыт алмасы тағы да айқын нәрсе. Осы тұста қазақ оқығандарының бір мақсат пен мүдде жолына бас қосып, ұлттық оянудың дүбірлі кезеңін бастады. Тарих сағаты осылай соқты.
Бұған көрнекті тарихшы
М.Қойгелдиев: «Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытындылап, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы – сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. …Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстіндегі өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харекеті», – деген тұжырым береді.
Тілден, ділден, психологиядан ажырата бастаған отаршылдық процестің ендігі мақсаты – ұлттық тіректің соңғы тұяқ серпуі – діннен айыру, шоқындыру саясатының ашықтан-ашық жүргізіле бастауы Алашшыл азаматтардың бірігуіне сеп болды. Яғни алаш ұлт-азаттық күресі Қарқаралыда жазылған петицияның жазылуынан басталды десек, оған әсер еткен оқиға – орталық және солтүстік, шығыс өлкені жаппай шоқындыру саясатына қарсылық танытқан дін қайраткерлерінің наразылығы, жазықсыз қуғындалуы. Азаттық күресінің шарықтау шегі 1917–20 жылдар аласапыранында халық өз тағдырының аумалы-төкпелі уақытқа тап келгенін сезді. Екі үлкен жалпықазақ құрылтайын өткізуге дейінгі болыстық, уездік, облыстық сьездерді ұйымдастыру, партия құрып, бағдарламасын жариялау, үгіт-насихат, баспасөз ісінде «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерін ашып, пайдалану, сол арқылы халық арасынан әділ сайлау өткізіп, нақты тұлғаларды, лидерлерді шығару ісінде Алаш қайраткерлері белсенді роль атқарды. Және мақсатқа жету үшін жандарын құрбан қылды, шәйіт кетті.
Алаш Орда – автономия емес, Алаш – автономия. Оның зоры: демократиялық ұлттық негіздегі автономия. Біз қазіргі күнде «зайырлы, құқықтық мемлекетпіз» деп жүргеніміздің сол кезеңнен басталғанын мойындауымыз шарт. Алаш Орда – ұлттық кеңес, қазіргіше айтқанда үкімет. Терминдер, нақты атаулар орнын тауып тұрмаса, ғылым жолынан жаңылады. Алаш автономиясын жариялау туралы қаулы қабылданып, оның іске асыруды, яғни шынайы мемлекеттің ірге көтеруін бір айға шегерді. Мұның ең үлкен себебі – халықты қорғау мақсатында әскер құру екені белгілі. Сөйтіп Алаш Орда үкіметі соңғы қасық қаны қалғанша жауларымен айқаса жүріп, көздеген мұратына жету үшін ештеңеден де тартынбады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», – деген сөзінен олардың тарихи миссиясы аңғарылады. Әлемдік ақыл-ойдың жиыны бір басында жетерлік қазақ оқығандарының есімдері ұлт алдында да, уақыт алдында да ары таза, ойы биік қалпында тарихта қалады.