«ТАЗА ЖЫЛЫОЙ»: РЕКОРДТАН – ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ
03.11.2026
40
0

Туған жерге деген сүйіспеншілік тек оның тарихын мақтан тұтып, жетістігін дәріптеумен өлшенбейді. Ол өзің өмір сүретін ортаның тазалығына, ортақ мүлікке, айналаңдағы адамдарға деген жауапкершіліктен де көрінеді. Қоғамдық тәртіп пен азаматтық мәдениет те осындай қарапайым әрекеттерден қалыптасады.

Жылыой ауданында өткен «GREEN JYLYOI EXPO – 2026» экологиялық фестивалі осы мәселеге назар аудартты. Бір күнде 5700-ден астам тұрғын 180 тонна қоқыс жинап, халықаралық рекорд орнатты. Ауқымды акция халық­аралық рекорд ретінде тіркелді. Бірақ осы әсерлі көрсеткіштің астарында бір қарағанда байқала бермейтін маңызды сұрақ бар: мыңдаған адамның бір күндік еңбегі тұрғындардың күнделікті тазалық мәдениетін өзгерте ала ма?
Жылыой ауданы әкімдігінің ұйым­дастыруымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өткен «GREEN JYLYOI EXPO – 2026» фестиваліне дайындық барысында ауқымды жұмыс жүргізілді. Ұзындығы 6,5 шақырым болатын аумақ төрт секторға бөлініп, қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен ауызсу әзірленді. Қала тұрғындарын белгіленген орындарға жеткізу үшін арнайы көліктер қарастырылды. Осылайша мыңдаған адамды бір мезгілде ортақ іске жұмылдырған бастама Жылыой тұрғындарының ұйымшылдығы мен туған жерге деген жанашырлығын көрсетті.
Құлсары қаласынан Атырау бағытына қарай, Ұлы Жем өзені үстіндегі көпірден жол полициясы бекетіне дейінгі 6,5 шақырым аумақты тазартуға 5700-ден астам тұрғын жұмылды. Ұйымдастырушылар аумақты төрт секторға бөліп, қатысушыларды қажетті құрал-жабдықтармен және ауызсумен қамтамасыз етті. Нәтижесінде, 180 тонна қоқыс жиналды. Акция соңында «Global Best of Records» халықаралық рекордтар ұйымының Азия және Африка елдері бойынша өкілі Қуандық Құдайбергенов жетістіктің ресми тіркелгенін жариялап, ауданға арнайы сертификат табыстады.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов тұрғындардың ортақ іске жұмылғанын туған жерге деген жанашырлықтың және ел бірлігінің көрінісі ретінде бағалады. Әрине, мұндай ауқымды бастаманың қоғамдық маңызы зор. Әсіресе әртүрлі жастағы, әртүрлі кәсіп иелерінің бір мақсатқа бірігуі — көпшілікке үлгі болатын құбылыс. Бірақ осы тұста басқа бір мәселе ойландырады. Егер бір күнде 180 тонна қоқыс жиналса, сонша қалдық ол жерге қалай жиналып қалған? Бұл сұрақ акцияның құндылығын төмендетпейді. Керісінше, оның не үшін қажет болғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Бізде тазалық мәселесі көбіне сен­білікпен байланыстырылады. Көктемде немесе күзде мекеме қызметкерлері, студенттер, еріктілер көшеге шығып, саябақтарды, жол жиектерін, қоғамдық орындарды тазалайды. Мұндай жұмыстардың пайдасы даусыз. Алайда бірнеше күннен кейін сол аумаққа қайтадан қоқыс тасталса, мәселе түбегейлі шешілмегені. Өйткені қоқыс – тек коммуналдық шаруашылықтың мәселесі емес. Ол адамның қоғамдық кеңістікке деген көзқарасын да көрсетеді. Үйінің ішін таза ұстайтын адамның көшеге пластик бөтелке тастауы, көлігінен қалдық лақтыруы немесе табиғат аясында демалған соң қоқысын жинамауы нені білдіреді? Мұның бір себебі – қоғамдық кеңістікті өз жауапкершілігінен тыс дүние деп қабылдау.
Адам өз үйін жеке меншігі ретінде қорғайды. Ал көше, саябақ, өзен жағасы немесе қала сыртындағы жол бойы бәріне ортақ болғандықтан, кейде ешкімнің жауапкершілігіндегі орын емес сияқты көрінеді. Шын мәнінде, ортақ кеңістікке жауапкершілік жеке адамның мәдениетінен басталады. Жылыойдағы акцияның тәрбиелік мәнін де осы тұрғыдан бағалауға болады. Тұрғындар өз қолымен жинаған аумақтың қайта ластанбауына бейжай қарамауы мүмкін. Бірақ мұндай өзгерістің тұрақты болуы үшін бір реттік әсер жеткіліксіз.
«GREEN JYLYOI EXPO – 2026» фестивалінің халықаралық рекорд ретінде тіркелуі – аудан үшін елеулі оқиға. Дегенмен рекорд пен экологиялық нәтижені бір ұғым ретінде қабылдауға болмайды. Рекорд белгілі бір күнгі қатысушылар санын және орындалған жұмыстың ауқымын көрсетеді. Ал экологиялық мәдениеттің қалыптасқанын басқа көрсеткіштерден байқауға болады: қоғамдық орындардағы қоқыстың азаюынан, қалдықтарды дұрыс шығарудан, тұрғындардың тәртіпті сақтауынан, тазаланған аумақтың кейінгі жағдайынан.
Мәселен, акция өткен жол бойы бір айдан кейін қандай күйде болады? Алты айдан кейін ше? Егер сол аумақ қайтадан қоқысқа толса, жаңа сенбілік ұйымдастыруға тура келеді. Ал таза күйін­де сақталса, акцияның ұзақ мерзімді нәтижесі туралы айтуға негіз пайда болады. Сондықтан Жылыойдағы бастаманың келесі кезеңі тазаланған аумақты тұрақты бақылау, заңсыз қоқыс тасталатын орындарды анықтау және тұрғындарға қалдықты дұрыс өткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету болуы тиіс. Бұл жерде тұрғындардың жауапкершілігімен қатар, коммуналдық инфрақұрылымның да маңызы бар. Қоқыс контейнерлері жеткіліксіз, қалдық шығару жүйесі қолайсыз немесе ірі көлемді қалдықтарды тапсыратын орындар қолжетімсіз болса, мәселені тек тәрбиелік үндеумен шешу қиын. Демек, экологиялық мәдениет азаматтық жауапкершілік пен дұрыс ұйым­дастырылған қызметтің тоғысқан жерінде қалыптасады.
Баланың табиғатқа қарым-қатынасы көбіне үлкендердің іс-әрекетінен қалыптасады. Ата-анасы демалыстан кейін қоқысын жинап кететін отбасында өскен бала үшін бұл әдет қалыпты нәрсеге айналады. Ал үлкендер қоғамдық орынға қалдық тастауды елеусіз әрекет деп қабылдаса, мектептегі экологиялық тәрбие сағаттарының ықпалы шектеулі болуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Жылыойдағы акцияға отбасылардың қатысуы ерекше мәнге ие.
Фестиваль қорытындысында 33 белсенді түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Олардың арасында «Ең ұйымшыл отбасы», «Ең кішкентай қатысушы», «Үлгілі еңбек адамы», «Ең креативті қатысушы» секілді аталымдар болды. Бұл – тазалықты тек міндет ретінде емес, ортақ қоғамдық іске қатысу мәдениеті ретінде көрсетуге жасалған қадам. Әсіресе балалардың үлкендермен бірге еңбек етуі маңызды. Себебі табиғатқа жанашырлықты тек сөзбен үйрету қиын. Бала өз қолымен қоқыс жинап, оның қаншалықты көп жиналатынын көргенде, қоршаған ортаны ластаудың салдарын жақсырақ түсінуі мүмкін.
Дегенмен мұндай тәрбиені бір күндік акциямен шектеуге болмайды. Мектептерде қалдықтарды сұрыптау, қайта пайдалану, суды үнемдеу сияқты қарапайым тәжірибелер тұрақты жүргізілсе, экологиялық жауапкершілік күнделікті дағдыға айнала бастайды.
Фестиваль аясында экологиялық таза өнімдер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Оған 10 ауыл шаруашылығы өндірушісі мен 22 кәсіпкер қатысып, сүт және ет өнімдерін, нан-тоқаш, үйде дайындалған тәттілер мен басқа да жергілікті өнімдерді ұсынды. Бір қарағанда, тазалық акциясы мен кәсіпкерлер жәрмеңкесінің арасында тікелей байланыс жоқ сияқты. Алайда бұл бастама экологиялық жауапкершіліктің тек қоқыс жинаумен шектелмейтінін көрсетеді.
Жергілікті өнім өндірушілерді қолдау, ресурстарды ұқыпты пайдалану, өндіріс пен тұтынудың қоршаған ортаға әсерін ескеру – тұрақты даму мәдениетінің құрамдас бөліктері. Әрине, өнімнің жергілікті жерде шығарылуы оның міндетті түрде экологиялық таза екенін білдірмейді. Мұндай баға беру үшін өндіріс тәсілі, шикізат, қаптама және басқа да өлшемдер ескерілуі керек. Сондықтан болашақта осындай фестивальдер аясында қалдықтарды азайту, қайта өңдеу, экологиялық қаптама пайдалану жөніндегі нақты жобалар да таныстырылса, шараның тәжірибелік маңызы арта түсер еді.
Жылыойдағы акцияның тағы бір маңызды қыры – тұрғындардың ортақ мақсатқа жұмылуы. Қоғамдық бірлік туралы көбіне салтанатты жиындарда, ресми баяндамаларда айтылады. Ал оның нақты көрінісі кейде осындай қарапайым істерден байқалады. Бір адам қоқыс жинайды, екіншісі құрал-жабдық жеткізеді, үшіншісі ұйымдастыру жұмысына көмектеседі. Әркімнің атқарған міндеті әртүрлі болғанымен, нәтиже ортақ. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің іс жүзіндегі көрінісі. Дегенмен шынайы жауапкершілік көпшілікпен бірге акцияға қатысқанда ғана емес, ешкім бақыламайтын сәтте де байқалады.
Жол бойына қоқыс тастамау, демалған орнын таза қалдыру, заңсыз төгілген қалдық туралы хабарлау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау – көзге көп түсе бермейтін, бірақ қоғам үшін маңызды әрекеттер. Жылыойдағы 5700 адамның еңбегі осы түсінікті қалыптастыруға ықпал етсе, оның мәні халықаралық рекордтан да жоғары болмақ. Өйткені бір күнде 180 тонна қоқыс жинау – үлкен жетістік. Ал ертең дәл сол жерден 180 тонна қоқыс жинауға қажеттілік туындамаса, нағыз нәтиже сол болар еді.
Тазалық сенбіліктен басталуы мүмкін. Алайда бұл бастаманың шынайы құндылығы рекордтық көрсеткіште ғана емес, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен ортақ іске жауапкершілігін көрсете білуінде.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір