Парасат биігінде
Біздің Бәкеңмен жақын таныстығымыз Парламент Сенаты аппаратының қабырғасында басталды. 1998 жылдың қыс айлары. Тәуелсіз Қазақстанның Арқа төсіндегі жаңа астанасына қоныс аударғанымызға көп бола қоймағандықтан, әрі Алматыдай ару қаладағы жайлы тұрмыстан сол кезеңде қиюы қашып тұрған заманның бір белгісіндей аңғал-саңғал Ақмолаға қайдан тап болдым деп, бей-жай көңіл күйде жүрген бір кезең еді. Ол кезде бүгінгі әсем Астананың жұрнағы да жоқ. Жауын жауса көшесінде балшық кешесің, қар жауса аяз бен жел қатар қысып, әбігеріңді шығарады. Қалаға жарық пен жылудың берілуі де мәз емес. Жұмыстан кейін уақытша орналасқан жатақханамызға келіп, тамақ дайындап, теледидар көріп дегендей тіршілігімізге кірісе бастасақ, жарықтың бір өшіп, бір жануы жиілеп ығырыңды шығарады.
Күндер осылай өтіп жатты. Қыстың беті қайтып, көктемге іліктік. Көктем деген аты болмаса, Алматыдағыдай жеңіл киініп, желеңдей алмайсың. Қар қалың. Аяз саябырсығанымен, ызғар бар.
Аппараттағы біз жұмыс істейтін бөлме сол кездегі Парламент үйінің ең жоғарғы 16-шы қабатында орналасқан. Міне, осы арада Бәкең біздің қатарымызға қосылды.
Манадан бері Бәкең деп отырғаным атақты күміс көмей әнші, сазгер, жыршы-жырау, аты аталса бүкіл қазақ баласы елең ете түсетін әйгілі Кенен атамыздың баласы – Бақытжан Әзірбаев. Сыртынан жақсы танимын. Жұрттың бәрі Кенен атаның баласы деп, ізетпен, ілтипатпен атайтынын талай естігем. Алматыда жүргенде кейбір бас қосуларда ұшырасып қалып жүретінмін. Бірақ бетпе-бет келіп әңгімелескен адамым емес.
Алғашқыда маған мінезі тұйықтау болып көрінгенімен, келе-келе жақын танысып, әңгімеміз жарасқаннан кейін Бәкеңнің бойынан шығармашылық адамына тән әңгімені жұртты еліктіріп, майын тамызып айтатын, адамның бәріне жайдары көңіл-күймен қарап, реті келген жерде жылы сөз айтып қалуға тырысатын, басқа да көп жақсы қасиеттерді аңғардым. Соның ішінде әсіресе мәмілегерлігі, адамды бір-бірімен қастастыруға емес, достастыруға бейім тұратын әдетін көп байқадым.
Біздің аппараттағы бөліміміз Редакциялық-баспа бөлімі деп аталады. Негізгі қызметіміз –аппараттың іс қағаздарының қазақ тілінде сөйлеуіне қолқабыс жасау, Парламент Сенатына келіп түскен заңдардың қазақшасын қадағалап, орыс тіліндегі мәтінмен салыстырып, редакциялау, ілеспе аударма жасау. Бөлім қызметкерлерінің басым көпшілігі журналист-жазушылар. Арамызда Болат Бодаубай, Қайрат Жұмағалиев, Мәди Айымбетов сияқты белгілі ақын-жазушылар да бар.
Жұмыс барысында, кейде еңбек тәртібіне байланысты, тағы да басқа түрлі себептермен ұжымда кикілжіңдер туындап жатады. Мінезі әртүрлі адамдар тоғысқан жерде әркім өзінікін дұрыс көріп, бір-біріне дес бермей, бірінің сөзінен бірі ілік іздеп, айтысып-тартысып кететін кездер болады. Міне, сондайда екі жақты бітімге шақырып сөйлеген Бәкеңнің уәлі уәжінен кейін араздық сап тиылып, әркім өз жөнімен кетеді.
Арада бірсыпыра уақыт өткеннен кейін Бәкеңмен бір бөлмеде қарама-қарсы отырып жұмыс істеудің сәті түсті. Жұмысымыз сол баяғы аударма жасау, заңдардың үстінен қарап, редакциялау.
Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Бәкеңнің ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң өз мамандығы бойынша көптеген ұжымдарда абыройлы еңбек еткені бір төбе де, шығармашылық, жазушылық, сазгерлік қырлары өз алдына бір төбе. Олай дейтініміз – бойында жылт еткен жазушылық, басқа да өнерге бейімділігі, қабілеті жоқ адам қанша тырысқанмен, күнделікті тіршіліктің күйбеңімен алысқа ұзап кете алмауы мүмкін.
Ал біздің Бәкең «Қазақстан», «Қайнар», «Жалын» баспаларында, Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Сахна» басылымында редактор, аға редактор, Әділет министрлігінде аударма бөлімінің меңгерушісі, Парламент Сенаты аппаратының редакциялық-баспа бөлімінде сектор меңгерушісі болып ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек ете жүріп, орысша-қазақша, қазақша-орысша бірнеше сөздіктер құрастыруға атсалысқан, неше жүздеген заңдарды редакциялап, олардың қазақша жатық оқылуына үлесін қосқан кәнігі аудармашы, жүздеген кітаптарды ой сарабынан өткізген, қоғам өміріне белсене араласып, ондаған ойлы мақалалар жазған қаламы ұшқыр журналист. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен және басқа да еңбегіне лайық сый-құрметке ие болып жүрген азамат. Ол сонымен бірге бойындағы шығармашылық, жазушылық, сазгерлік өнерді ұштауды ешуақытта да ұмытқан емес.
Ара-тұра Бәкеңнің әзіл-шынын араластырып: «Атақты адамның баласы болғаныңның кейде пайдасы мен зияны бірдей. Пайдалы жағы – көпшілік саған пәленшенің көзі деп ілтипатпен қарайды, сыйластық танытады. Оған өзің де марқаясың. Ал зияны – кейде істеп жүрген жұмысыңды заяға шығаратыны бар. Қызметіңде бір жетістікке ие болсаң, не болмаса жәй әншейін бір қызметтен екінші бір қызметке ауысып жатсаң да «Әне, әке беделінің арқасында шалқақтап жүр деп, жазықсыздан-жазықсыз әңгіме қылады. Қайтерсің. Көпке топырақ шашпайсың ғой», – дейтіні бар.
Ал шынтуайтына келгенде, Бәкеңді әкенің атын жамылып, жұрт көрмеген рахаттың бәрін көріп жүр дей алмайсың. Бәкеңнің орнында басқа біреу болса, әкенің атын малданып, үлкен қызметтің құлағынан ұстауына да талай мүмкіндіктер туды. Бірақ Бәкең табиғатындағы сол баяғы қарапайым күйінде қалды. Қарапайым деген ұғымды біреулер қарабайырлықпен шатастырады. Ойланған адам бұл екеуінің өзіндік айырмашылықтары бар екенін ұғар еді. Қарапайым дегеніміз – ұлық болса да кішік бола білетін, жолдастарымен, жалпы жұртпен тіл табысып өмір сүруге бейім, кішіпейіл, көпшіл адам болса керек. Яғни ол – көпшіліктің, халықтың адамы. Бұл ретте белгілі әнші-сазгер Бүркіттің «Қарапайым қазағым» деген тамаша әні бар екенін айта кеткеніміз де орынды. Ал қарабайыр дегеніміз – қарапайым болып көрінемін деп, дарақы, көзге оғаш тірліктерге барғанын білмей қалатын бейбақ болса керек.
Міне, мәселеге осы тұрғыдан келер болсақ, Бәкең өмір бойы қарапайым журналист ретінде еңбек етіп келеді. Оның есесіне әкенің шығармашылық мұрасын зерттеуге шығармашылық тұрғыдан келіп, «Әке рухымен сырласу», «Кенен» атты роман-естеліктерді жарыққа шығарды.
Аталған романдармен танысу барысында Кенен атаның да, оның отбасының да, соның ішінде баласы Бақытжанның да өмірін басқа қырынан көргендей әсерге бөленесің. Әдетте жұртшылық Әзірбаевтар отбасын үкімет алақанына салып аялады, әке өнерінің арқасында отбасы үлде мен бүлдеге оранды деп ойлайды. Ал шын мәнінде олай болмағанын Бәкеңнің романымен танысқан адам бірден байқайды.
Тегінде Кенен атамыз өмірден теперішті көп көрген адам. Шешеден жастай айырылып, бір үйде әкесі екеуі ғана қалып, аш-жалаңаш күй кешіп, күндіз-түні қой соңында жүріп ерік-жігерінің мықтылығының, қай-сарлығының арқасында сағы сынбаған, қатал тағдыр шыңдаған адам.
Осы жағдай романда әкенің өз аузынан айтқан әңгімемен әсерлі баяндалады. Жапан далада қозы бағып жүріп, қаға берістегі қалтарыс тас түбінде талықсып ұйықтаған бала Кененнің түсіне арғы аталары кіріп, шырағым шөлдеп қапсың ғой деп, торсықты ашып, ағарғанды аузына тосады. Ағарғанды түк қалдырмай қанып ішкен бала Кенен ояна келсе, түсі екен. Бұл жәйтті әкесі Әзірбайға жеткізгенде, ол кісі қатты толқып, мал сойып, құдайы өткізеді. Осы оқиғаның соңы Кенекеңнің ақындығына, әншілігіне ұласып, атағы бүкіл елге жайылады. Атақпен бірге есік алдына қара-құра мал бітіп, тұрмыс түзеле бастайды.
Әрине, біз романның желісін баяндауды мақсат етіп отырған жоқпыз. Айтпағымыз – өткен ғасырдың 20, 30, 40-шы жылдары заманның небір дүрбелең оқиғаларының куәсі болған, сол заманның заңынан туындайтын небір қиындықтарды, шырғалаңдарды бастан кешкен Кенен атамыз Құдай берген өнерінің арқасында халықтың арасында беделі асқақтап, елінің еркесі атанып жүрді.
Алайда, 1950 жылдардың бас кезінде жағдай күрт өзгерді. Қазақ ақын-жазушылары, оның ішінде халық ақындары да қуғынға түсіп, алды 25 жылға сотталып, қазақтың М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сияқты даналары Мәскеуді паналап, 1937 жылдың зобалаңы қайта айналып соққандай заман орнады.
– Шынын айтқанда, әкемнің атағы жер жарып тұрғанымен, тұрмысымыз ел қатарлы болды, – деп еске алады Бәкең сол бір жылдарды, – Отар станциясындағы сол кездегі қоржын тамдардың бірін біз де мекендейміз. Басқалардан айырмашылығымыз шамалы. Жұрт қатарлы мал ұстаймыз. Ал 1950 жылдары әкем бірнеше жыл төсек тартып жатып қалғаннан кейін жағдайымыз күрт төмендеп кетті. Біраз уақыт қолдағы малды талшық еткенімізбен, күндердің күнінде ол да таусылды. Шиеттей бала-шаға, бәріміз жаспыз. Мен сонда 7-8 жасар баламын.
Өстіп қиналып жүргенде бір күні есіктің алдына сүліктей қара жеңіл машина келіп тоқтады. Машинаның артқы есігінен мол денелі бір кісі асықпай түсіп жатты. Сонан соң бұл көріністі қызық көріп әр жерде жарбиып-жарбиып тұрған бізге – ауыл балаларына қарап, қарлығыңқы дауыспен: «Кененнің үйі осы ма?» – деп сұрады. «Осы, осы» деп шу ете түстік. «Онда үйге бастаңдар», – деді әлгі кісі. Кейін білдік, бұл атақты Сәбит Мұқановтың тап өзі екен.
Сол күннен бастап біздің үйде ерекше бір серпіліс пайда болды. Үстіне ешкімді кіргізбей, ұзақ жылдар төсек тартып жатқан әкемнің беті бері қарады. Орнынан тұрып, далаға шығатын халге жетті. Біраз уақыттан кейін ауруынан құлан-таза айығып, азып-тозып кеткен отбасының шаруасын түзеуге кірісті.
Кейін ұққаным – Сәбит Мұқанов жоғары жаққа халық ақындарының шығармашылығына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты мәселе қойып, оң шешімнің қабылдануына қол жеткізген. Сол сол-ақ екен біздің шаруамыз оңала бастады. Үкімет қаржысымен салынған зәулім шатырлы үйге кірдік. Әкемнің 75, 80, 85, 90 жылдық мерейтойлары республика көлемінде дүрілдеп атап өтілді.
Мұны айтып отырған себебім – әкем 75 жасқа келгенше өмірдің қиыншылығын көп көрді. Ел арасындағы өнерпаздарға кемеңгер жазушы Сәбит Мұқанов сияқты қамқорлықпен қарайтын игі жақсылардың жігерлі әрекеті болмаса, әкемнің де, біздің де тағдырымыздың қандай күйге ұшырайтынын кім білсін.
Бәкең осылай деп ағынан жарылады.Соңғы жылдардағы эссе тақырыбында қалам тербеген шығармаларында Бәкең Кенен атамызбен етене араласқан қазақтың біртуар ұлдары – Ораз Жандосов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және басқалары туралы мөлдіретіп жазды. Кенже баласының атын ырымдап, Мұхтар деп қойды. Сол бала Астанадағы Өнер университетін скрипка сыныбы бойынша ойдағыдай тәмамдап шықты. Атасы импровизатор – суырыпсалма ақын болса, немересі заман талабына сай классикалық өнерге бой ұрған сияқты.
– Бауырым, жас кезіңде көп нәрсеге мән бермейді екенсің, – деді Бәкең кезекті бір әңгімелесу сәтінде, – Жас ұлғайған сайын өмірдің мәніне, қарыз бен парызға ой жүгіртесің бе деп қалдым. Халқымыз «Әке – асқар тау» деп бекер айтпаса керек. Жасым келген сайын әке жөнінде көп ойланатын боп жүрмін. Жастықтың әсерімен салдым сайран демекші, сенен несін жасырамын, жігіт шағымда, тіпті қырықтың қырқасына шыққанға дейін баяғының сал-серілері құсап өмір сүріппін. Теңіздің суы тобықтан келмей алқып-шалқып жүретін кезіміз көп болыпты. Сондай кезде кейде әкем түсіме кіреді. Бір күні түсімде Алматының көшесі екен-ау деймін, трамвайдан түсіп келе жатып, сүрініп кетіп, шалқалай құламасым бар ма. Оң иығым жер иіскеді. Аяқ астынан ақ сақалы желбіреп, үстіне түйе жүн шекпен киген әкем пайда бола кетті. «Балам, иығың ауырып қалған жоқ па», – деп, сүйемелдей тұрғызып жатыр екен. Ояна келе «Қайран әкем, аруағымен желеп-жебеп жүр-ау!» деп ойладым. Тірі кезде демегені аздай, о дүниеде де жебеп жүргені жанымды тебірентіп жіберді. Содан бері әке алдындағы парызды көп ойлайтын болдым.
Ал меніңше Бәкең әке алдындағы парызды ойлап қана жүрген жоқ, орындап та жүр. Әке туралы екі роман жазғанын жоғарыда айттым. Бәкеңнің өз жанынан шығарған отызға тарта әні бар. 2004 жылы «Көңіл кептері» деген әндер жинағын оқырманға тарту етті. Одан бөлек, 2011 жылы Кенен атамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильмді жарыққа шығарды Алматы, Астана, Павлодар, Көкшетау, Қызылжар қалаларында, ақынның туған жері Қордайда фильмнің тұсаукесерін өткізді. Екі томдық шығармалар жинағының басылып шығуына мұрындық болды. Соңғы жылдары бітірген және бір үлкен шаруасы – Алматыда Кенен Әзірбаевтың зәулім ескерткішінің бой көтеруіне қол жеткізді.
Қазақта «Тегіне тартпай ұл тумас» деп жатады. Сол айтпақшы, біздің Бәкең тегіне тартып туған азамат. Әке атағының аспандауына, шығармаларының халқымен бірге жасай беруіне шама-шарқы келгенше үлес қоса жүріп, өзінің адал еңбегімен, адам-гершілігімен ағайын-туыс, жора-жолдастарының арасында абыройға бөленген Бәкең де жетпіс деген үлкен бір белеске көтеріліпті. Жәй көтерілген жоқ. Өсіп-өнген, жапырақ жайып, жан-жағынан қаумалаған ұл-қыздарымен, немере-шөберелерімен, мәуелі үлкен отбасымен көтеріліп отыр. Кенен атамыздай асылдың тұяғы, өзі де парасат биігінде жүр.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының
кандидаты.