ПАРАСАТ ПАРАҚТАРЫ
06.02.2022
1774
0

Ақын Ахмет Өмірзақ пен жазушы әм сыншы Бегабат Ұзақовтың «Парасат парақтары» деп аталған  кітабы шағын таралыммен жарық көрді. Еңбек «Көрнекті жазушы М.Қаназдың творчествосы туралы әдеби эссе» деп аталған.

Кітап: «Соны соқпақ, жаңа жол», «Жан-дүниенің шуағы», «Дара дарын, озық ой, оқшау дүние», «Еркіндік рухы», «Оқыс байлам, тосын сыр», «Ақиқаттың аппақ туын көтерген», «Шығармашылық шырғалаңы», «Парасат парақтары» атты тараулардан тұрады.

Бұл эссе-зерттеу мақалалардың алғашқы бөлімдері әр кезде мерзімдік басылымдарда жарияланғанмен соңғы тараулары оқырманға жетпеген-тұғын. Осы ретте еңбек толық күйінде жарияланып отыр.

Авторлар жазушының шығармаларын егжей-тегжейлі зерттеп,  саралай келе: «…Жаратқан бойына дарын сыйлаған адамдардың  талайы пәни дүниеде абырой-беделсіз ғұмыр кешіп, бақиға сол қадірсіз күйінде аттанып жатады. Себебі, өз дарынын әділет, шындық жолындағы ымырасыз күреске арнаған кісінің таланына топастардың табанында тапталу жазылған. Ал, өзінің дүниеге ұлы істер атқаруға келгендігін түсінгендер  ештеңеден қаймықпай, ұрпаққа үлгі өз тұстасына өнеге боларлық талай шаруаны бір өзі-ақ тындырып, халқына қуаныш сыйлап ғұмыр кешпек.

Қазақтың көркем сөзінде өз ұлтының рухани болмысын  қара тастан қашалған асқақ мүсіндей сомдаған Молдахмет Қаназ – деректі көсемсөзде де сол шыншыл қалпынан танбай, ғұмырлы шығармалар жаратты.

…Бірнеше   ағымдардың синтезін жасап, синкретизм бағытын ұстанған жазушы Молдахмет Қаназ шығармашылығы – тез қабылдап, жылдам ұңғыдан пайда болатын адам түсінігіне емес, жүрекпен   сезіп, терең қорытатын  сананың тұңғиық қатпарларындағы түйсікке соққы беруге бағытталған. Бұл соққының нәтижесінде қалғып кеткен сезімдер оянады. Адам жаны тітіркенеді, қорқады, қайғырады, қуанады. Кейде шығармалардағы оқиғалардың баяу жүруі постмодернизм элементтері деуге болады» деген түйіндемеге келген.

 

КӨРКЕМ СӨЗДІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ

Батыс Қазақстан инновациялық – техникалық университеті ғылыми кеңесінің мақұлдауымен осы университеттің профессоры, филология ғылымының докторы Алпысбай Мусаевтың «Көркем сөздің көрнекті өкілі» атты монографиясы жарық көрді. Еңбекке филология ғылымының докторы С.М.Бөкенбайұлы мен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық унверситеті филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымының докторы А.В.Таңжароқовалар пікір жазған.

Екі бөлімнен тұратын монографияның алғашқы бөлімінде М.Қаназдың  балаларға  арналған шығармаларындағы соғыс кезеңінің бейнеленуі, ауыл балаларын еңбекке баулу, көркем ойлардың көрініс табуы, автордың өзіндік қолтаңбасы мен кішкентай кейіпкерлердің образдарын жасау шеберлігі жеке-жеке қарастырылған.

Еңбекте жазушының замандастарымыз жайлы әңгіме, повестеріндегі уақыт шындығының көрініс табуы бөлек зерттелген.

М.Қаназ жазушылықпен қатар 1856-1857 жылдардағы Сыр бойы қазақтарының патша өкіметінің   езгісіне қарсы көтерілісінің жай-жапсары, бүгінгі күнге дейін теріс бағаланып келген талай жайттар туралы бас-аяғы отыздан аса зерттеулер мен мақалалар жазған екен. Таласары жоқ, ол бұл реттегі ақтаңдақтар мен қияс саясат салдарынан теріс бағаланып келген шындықтардың бетін ашып жүрген қаламгер. Ғалым осы тақырыптағы «Кек» атты тарихи деректі кинохикаяттың бас кейіпкері, қайтпас қайсар тұлға Жанқожа Нұрмұхаммедұлының тұлғасын әр қырынан егжей-тегжейлі зерттеп пайымдайды.

Алпысбай Мусаев«Көркем сөздің көрнекті өкілі» атты монографиясын: «Зерттеудегі аттары аталған шығармалардағы шынайы баяндау шабытты құлаш ұруға – шымыр сюжет өрімдеріне, қарапайым да күрделі характерлер болмыс-бітіміне, қиюласқан композициялық үйлесімдерге тереңдеп ұласа береді. Бұл күндері сексеннің сеңгіріне ілінген   шығармашыл жүректе маза жоқ. Ол беймаза жүрек үнемі биіктерге бағыт ұстаған жол тілейді. Қазақ руханияты мен әдебиетінің бірегей сардарына айналған Молдекең – Молдахмет Қаназға бұдан әрі де биік абырой тілейміз» деген тілекпен қорытындылаған.

Қараша Қараман

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір