Қалтайдың толғауы
19.08.2015
1884
0

333Соғыс және еңбек ардагері, марқұм Еламан Жүнісбаевтың үйінде отырмыз. Ор­тада ағамыз – Орман Нұрхабаев, Әби Мұ­хамеджанов. – Сендерге бір сыр айтайын, – деді Елекең.
– 1965 жыл. Қыркүйек айы.
Ақын Асқардың – Асқар Тоқ­ма­ғам­бе­тов­тің 60 жылдығы Сыр өңірінде дүркіреп өт­ті. Мен мұндай тойды алғаш көруім. Той­ға Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қа­ратаев, Садықбек Адамбеков, Қалтай Мұ­­хамеджанов арнайы келді. Мен өзім­мен бірге оқыған Садықбек, Сырбаймен сыр­лас едім. Қуандым. Ақын Әбірәшті қа­дыр тұттым, өлең­дерін қайта-қайта оқы­дым.
– О кезде мен Шиелі аудандық атқару ко­митетінің төрағасы, ау­дандық партия ко­митетінің хатшысы Ғафур Мұ­хамед­жа­нов еді. Қы­зылордада Асқардың тойы төрт күн­ге созылды. Той біткен соң қо­нақ­тарды Шиеліге апару, қонақ үй­ге орна­ластыру, жолда шаршатпай, шөлдетпей апаруды облыс бас­шылары маған ай­рықша ны­ғыз­дап тапсырды.
Қонақтарды Шиелі қонақ үйіне ор­­налас­тырдым. Бөлмелеріне қы­мыз, қы­мыран, жеміс, тағы басқа сусын түрлерін мұздатқыштың ішін толтырдым.
Қонақтар ертеңіне Ғафурдың, Ыбырай Жа­қаевтың үйінде қонақ болды. Әңгіме шертілді. Айтқыр Қал­тайдың әңгімесіне ішек үзі­лер­дей күлкіге баттық. Сәбит, Қалтай бас­таған топ тағы да жолға шы­ға­тын болды. Бағытымыз – Түркістан. Қос «Волгамен» жүйткіп келеміз. Ма­шина ішін­де тағы да тағам атау­лының сан түрін тиеп шық­қан­быз. Жолда талай жерге түс­тендік. Түр­кістан шекарасынан ау­дан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұ.Бисембаев, Шымкент облыс­тық партия комитетінің бөлім мең­герушісі А.Ақ­шо­лақова, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ре­дакторы Ә.Ома­ров қарсы алды. Күн сен­бі еді. Қонақтарды қонақ үйге ор­на­лас­­тырдым. Сәбиттің зайыбы Мә­риям:
– Қалтайжан-ау, бұл Шиелі­де­гідей бол­мады ғой, графинде су да жоқ, – деп емеу­рін танытты. Қо­нақ­тарға қонақасы ау­дандық пар­тия комитетінің ғимаратында бе­рілді. Тамақ буфет тағамдары екені бел­гілі болды. Сәбитке жалаңаш бас тар­тылды, табақта басқа мүше болған жоқ. Содан Қалтай мені шет­ке шығарып: – Елеке, «Вол­га­да­ғы» Шиелінің тағамдарын Сә­бит­тің бөлмесіне қойыңызшы, – деген соң­ дереу бар тағамды бөлмесіне әкеліп, көңі­лін тыныштандырдық.
– Бұл тағам бөлек, бұл не, Ела­ман-ау? – де­ді Сәбең.
– Бұл Сіздердің жол сыба­ға­ларыңыз, – деді Еламан. Шиеліден әзірленген. Шымкенттіктер аң-таң болды. Дастархан бөлек, Түркістан­ның жұпыны дастарханы лезда Сыр мәзірімен жайнай түсті. Қа­ле­кең осы сапарда «Сәбеңнің (Сәбит Мұ­қа­новтың) толғауы» деген атпен өлең жаз­ған еді. Қазір мұны бас­па­сөзде жариялау қиын болар. Күні туған кезде жариялаудың сәті туар. Ал, тыңдаңдар мен оқып бе­ре­йін, – деп Еламан аға толғауды жор­ға­лат­ты. Мен қалам алып көші­ре бастадым. Ол толғау былай жа­зыл­ған еді.
Уа, Арқадан шыққан атақты,
Сәбит ағаң мен едім.
Мен қазақпын дегеннің,
Қайсысынан кем едім.
Сыр бойының Асқары,
Биыл алпыс жастағы
Тойына арнап әдейі
Астанадан кеп едім.
Уа, дариға, Қызылорда
Неткен дархан жер едің.
Тарығып жеткен тауықтың,
Таусылмайтын сөгі едің.
Пұлдары жоқ жарымай
Берекет-құт дарымай,
Жүргендердің елі едің.
Алшақтатпай арасын,
Қара менен төренің,
Бірлік басы осы! – деп,
Бірге жайдың көгенін.
Жақсы көрсең жайраңдап,
Төріне тартқан ел едің!
Жаманды көрсең жымысқы,
Адам бол! – деп жебедің.
Кедей көрсең кемсінбей,
Байға басын теңедің.
Сүрініп жүрген жігіттің
Қолтығынан демедің.
Ашыққан мен арықтың,
Жалғадың талай өзегін.
Досын егер жоғалтса,
Бірге іздедің тебенін.
Ескексіз келсе жел қайық,
Жиһазын арттың кеменің.
Жүдеп жүрген жандардың
Түгендедің керегін.
Тарқатып шер мен шеменін.
Ұлыңның шыққан қиясын,
Қызыңның жылы ұясын
Құрбан еттім дер едің.
Суының бердің тұнығын,
Жаныңның бердің жылуын
Жат еді мынау демедің,
Жомарттықтан ежелден
Таусылмайтын кен едің.
Төрт күнгі тойы Асқардың
Естен кетпес дер едім.
Сарымайға бөккен қырғауыл
Нан орнына жеп едім.
Құйқалы бағлан құйрығы
Аруананың шұбаты
Тел емген тайдың қартасы
Бар байлыққа бегедің.
Ірімшік, құрт есепсіз
Жайылмай жатқан өренің
Арақ пен коньяк дегенің
Ат жалдап өтті өзенін.
Уа, дариға, Сыр бойы
Таусылмас бұлақ көзі едің.
Айтып, айтпай немене,
Аруағы қонған қазақтың
Айналайын өзенім.
Тарқатып тойын Асқардың
Бәрін де өзім басқардым.
Жағалы киім, жүйрік ат,
Тарту тиіп өзіме,
Шиеліге аттандым.
Шығармақ күздің күні еді,
(Сапарымыз Шиелі)
Ыбырай ата мекені
Жер емес пе, киелі.
Әйгілі болған әлемге
Бұл елдің талай түлегі
Айналайын атыңнан
Еламан мен Ғафуржан,
Бұрыннан мені біледі
Қарсы ала шықты алдымнан
Болғандай қабыл тілегі.
Неткен абзал жан еді
Алақандай жүрегі
Қуанып жүрді баладай
Қасымнан қалмай бір елі.
Ыбекеңнің үйінде
Ашылды Сырдың тиегі
Алтындай тісі жарқырап,
Нұрланып алған реңі!
Ағаның тыңдап ақылын
Алпыс екі тамырым
Ағыл-тегіл иеді.
Әзіл-назы аралас
Кей сөзі келіп тиеді.
Қарсылық айту қиын-ау
Тауып жатса жүйелі.
Айтулы алып ағаның,
Болаттай берік сүйегі
Халықтан шыққан дананың
Ойлары қандай сүбелі.
– Уа, Сырдың суын шырағым,
Жас күніңнен ішіп ең.
Қырық жыл бұрын осыдан
Келін болып түсіп ең.
Бір оралып соғар деп
Көптен бері күтіп ем.
Деді дағы Ыбекең
Алтын сағат, ақ жаулық,
Шытырма көйлек, зер шапан
Мәриямға кигізді.
Қоштасарда өзіме,
Тон-шекпені жекеше
Бауырынан тараған
Кекілін қылдай тараған,
Шекесінен қараған
Бір арғымақ мінгізді.
Ғафуржанның үйінде
Ертеңіне шай болды,
Шай деген аты болмаса,
Торқалы тойға бергісіз
Тізеден кешкен май болды.
Тоқсан түрлі тағамның
Қай шетінен бастауға,
Білмей Сәбең дал болды.
Екі иықтан дем алған,
Бала бойлы самаурын.
Биіктігі бес аршын,
Сыр палауы және бар.
Түйетауық бастаған
Қырғауылдың қырманы
Күшің келсе санап ал.
Жас құйрық, жас бүйрек
Жейтініңді қалап ал.
Қазы, қарта, тотырма,
Төңкерілген жая бар.
Жент, пәрмәш, балқаймақ
Қайсысын көңілің дауалар.
Кәуәп пен бесбармақ
Оны жер кімде шара бар
Тайтегеш толы қымыран
Ішіп ал да ыңыран.
Күздің сары қымызы,
Мұның да жетер қызығы,
Кереге бойлы шара бар.
Жер бетіндегі жемістер
Тәңірім-ау, қайдан жиналған?
Қарасаң көздің жауын алар
Аққайнар, қызыл шараптар.
Арақ пен армян коньяктар
Ер бар ма, оны бағалар?
Қанша ашкөз болсаң да
Қарын шіркін біреу-ақ,
Бұған қандай шара бар?
Дастархан толы тағаммен,
Алысып едік азанмен,
Ғафур менен келінге
Көгер деп бала-шағаңмен.
Түс ауғанша тығындап,
Дем алып тұрдық танаумен.
Ризалық айтып қоштастық
Жинаған көп дос-жаранмен.
Бастаушымыз Еламан,
Бағытымыз – Түркістан.
Шалқыған көңіл шартарап,
Құтырып күзгі самалмен
Қарын тоқта ойда көп
Өзімізше келеміз
Сырласып бүкіл ғаламмен.
Аз өмірдің ішінде
Араластым талаймен.
Табаққа қонған шыбынның
Табанын ұстап жалаған,
Кездестім талай сараңмен.
Жөні бөлек Сыр бойы,
Көрмесе қонақ күн бойы,
Жегені бойға тарамай
Сағатын жүрер санаумен,
Сұхбатың естен кетер ме,
Бұлардай жайсаң адаммен
Арманы бар ма Асқардың
Еркесі болған осы елдің.
Шыққалы аты қаламмен
Құрметке мұндай жеткен ер,
Тартысып тағдыр талаймен.
Арқандай жұтып асфальтты,
Машина жүйткіп келеді.
Баладай тербеп кәдімгі,
Ақ Мәкеңді ағамен
Жырым да сырым таусылмас
Айта берсем, ағайын.
Ұзақ жол әбден шайқады,
Түстегі тоқтық тарқады.
Осы жайды Еламан,
Қас-қабақтан байқады.
Жаңақорғаннан өткенде
Жүгерілікке жеткенде,
Дастархан жайып далаға,
Басталды тамақ науқаны,
Баяғының бәрі бар.
Мұнымыз аз дегендей,
Пісіріп апты марқаны.
Қолды шайып арақпен,
Тиісіп кеттік сол сәтте,
Кеңге салып арқаны.
Таза ауада тамаша
Құлқын тәбет артады.
Жатырмыз салып өлімді
Асағандай арпаны.
Қара нандай сілтейміз
Қазы менен қартаны.
Қымыран, қымыз, коньяктың
Қызып алған сайтаны.
Еттерде қара кеспе жоқ,
Сатыр-сұтыр әр тұстан
Атылып жатыр шампаны.
Қос машина тиелген
Тағам екен сақтаулы,
Екі жеті жесе де
Қисаяр емес қалпағы.
Біз орыннан тұрғанда
Босаған шыны-қалбырдың
Сидиған сүйек-саяқтың
Төбе боп қалды шартағы.
Сенбесең әрмен жүре бер
Осылай Сәбең айтады
Қалқып-шұлғып жеттік-ау,
Намаздыгер шамасы.
Түркістаннан қарсы алды,
Бисембайдың баласы.
Аудандағы бірінші
Баршасының ағасы,
Қонақжайға кіргеннен
Сәбеңнің кетті мазасы.
Басқаны былай қойғанда
Графинде су да жоқ.
Деді Сәбең, сол сәтте,
«Менімен бүйтіп ойнауға,
«Емес ем, туған нағашы».
Бүгін шыққан жерімнен
Салыстырып қарасам
Аспан мен жердей арасы.
Қулығымды асырып,
Қайтемін жұрттан жасырып.
Келіп едім әдейі,
Қоймаған соң шақырып.
Ал кеттік! – деп сол кезде
Біреуі келді асығып.
Соңынан ердім салбырап
Отырар жай жоқ масығып.
«Қонақасы кеңседе
Дегеннен-ақ әліптің
Арты қалды шашылып.
Дастархан үсті тым жүдеу,
Таскөмірге қақталған
Шандырлы шала шашлық.
Тандыр нан мен көкжуа
Әр жерде жатыр шашылып.
Көзге ілінер осылар,
Етпесін тәңір асылық.
Ұлтарақтай котлет
Пісірген әбден қатырып.
Пышақ шіркін өтпейді,
Берекеңді қашырып.
– Ауданымыз бай аудан,
Бәйге алдық деп таяуда
Бастық отыр сапырып.
Байлығың түрі мынау ма,
«Енеңді» деп ішімнен
Мен отырмын ашынып.
Оң болса жігіт талабы,
Өмірдің аз ғой алаңы.
Айдап келген бұл жерге,
Қай құдайдың азабы.
Суға ағып кеткен бе,
Жалпақ елдің қазаны!
Буфеттен бүгін шығыпты
Дастархандағы тағамы.
Тарелкеден көз қысып,
Қарайды бізге құдай-ай,
Арыстың соқыр шабағы.
Бір кезде жетім бас келді
Әлпетінен белгілі
Құсқананың «сабазы»!
Тұмсығын алған тыржитып,
Менсінбей бізге қарады.
Шала піскен жарықтық,
Қос көзін маған қадады.
Жамбас, жілік дегеннен
Жоқ екен мүлде хабары.
Тістері түгел ақсиып,
Алынбапты-ау, сабазың.
Еламан күліп отырды,
Қол батырмай құйқаға
Құртты әбден шараны
Бұдан жұмсақ шығар-ау,
Түйенің төс табаны.
Сабыр ет, Сәбе, сабыр ет,
Бұл да өмірдің сабағы
Айналайын Еламан,
Сен аман болсаң, мен аман,
Байқадың ғой шаманы
Бұрын мұндай болмаған.
Сәбеңнің басқан қадамы.
Құтқарып ал, ағаңды,
Табыла қалса амалы?
Жөн танитын жігітсің,
Болмайық елдің мазағы.
Деуім менің мұң екен,
Зорға шыдап Еламан,
Ләппай күтіп тұр екен.
Бәрін тізіп көзімен
Қонақжайға әкелі.
Қимылы мүлдем ірі екен,
Машинадағы байлықты,
Ағыл-тегіл ақтарды.
Ұялғаннан кейбірі
Өз-өзінен жасқанды.
Еламан оған қойсын ба,
– Сыр бойында жүргенде
Сәбеңнен қалған сарқыт деп
Көтеріп жатты шашбауды
– Келін боп түскен жерімнен
Келген осы тағам деп!
Мәкең де біраз мақтанды.
Таң атқанша суарды
Күңірентіп жер мен аспанды.
Тәлтіректеп кейбірі
Жығылуға шақ қалды.
Толтырып орнын кемістің,
Туын ұстап жеңістің
Құшақтасып қоштасып
Еламан елге аттанды.
Осылайша әпсана
Хабар бердім әр тұстан.
Енді айналып келгенше
Қош болып тұр, Түркістан!
Киелі сені жер деуші ед
Діншілдер түгел пір тұтқан.
Бұдан былай сақтасын
Бүгінгідей қырсықтан
Ежелден Сәбең белгілі
Емес пе, ақын арқалы.
Жас күнінен жырымен
Дүрліктірген Арқаны.
Жаны құмар шындыққа,
Өмірде жоқ жалтаңы.
Ойындағы дүниесін
Осылай бетке айтады.
Түркістандағы толғауын
Жазып алған аузынан
Сыр бойының Қалтайы!
– Міне, Қайреке, – деді Елекең қар­­шы­ғ­адай қомданып, көз әйнегін сәлден соң жерге қойды. Сыр елі­нің қадір-қа­сие­тін Қалтай осылай жырлаған. Бұл менің ар­хивімде 35 жыл бойы жатыр. Бір кезде жа­рия­лауға мүмкіндік туар. Сол кезде бас­­­пасөзге ұсынарсың.
– Рахмет, Елеке! Бәрін көшіріп алдым.
– Жоғалтып алмасақ та, Қайре­ке, кейін керек болады.
– Сақтаймын Елеке! – деп қош­тас­­тым.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТОВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір