Қазақ қаламгерінің жемісі
Швецияның астанасы Стокгольм қаласынан қуанышты хабар жетті. «Open Eurasia – 2017» VI Халықаралық ашық әдеби байқауда, тұңғыш рет қазақ қаламгерлерінің де есімдері аталды. 1600-ге жуық әдеби шығарма сарапқа түсіп, бес аталым бойынша белгіленген 15 бәйгенің екеуін қазақстандықтардың еншілеуі қазақ әдебиеті үшін үлкен мерей.
Әлемнің 36 мемлекетінен үміткерлер қатысқан әлемдік байқауда ақын Ғалым Жайлыбайдың Қарағанды лагерінің қасіреті жайлы жазған «Қара орамал» поэмасы «Поэзия» аталымы бойынша үшінші орынды иеленді.
Ал Сәуле Досжанның «Өгей жүрек» романы «Проза» аталымы бойынша үшінші орынды ресейлік Верди Йоссимен бөлісті.
Жеңімпаздар қатарында америкалық Жакмин де Ге, украин ақыны Надежда Кузьменко, германиялық Папа Шульц, ресейлік Елена Корнеева секілді әйгілі қаламгерлер бар.
Конкурста үздік аталған шығармалар әлем тілдеріне аударылатын болады.
Қара үзген «Қара орамал» мен өрнегі бөлек «Өгей жүрек» авторлары ақын Ғалым Жайлыбай мен жазушы Сәуле Досжанды мәртебелі сыйлықпен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.