«Ұлы Дала Елі»
Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жыршылардың халықаралық «Ұлы Дала Елі» фестивалі өтті. Іс-шара Астана қаласының жиырма жылдығына орай ұйымдастырылды.
Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі өнерді қолдау және жаңғырту барысында жүйелі жұмыстар жүруде, осыдан бір ай бұрын ғана Алматының мәдениет пен шығармашыл қала ретінде ЮНЕСКО-ның шығармашыл қалалар Желісіне енуі де сондықтан.
Кеште сөз алған Алматы әкімі: – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының және дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығының ашылуы мәдениетіміздің дамуына жаңа серпіліс берді және дәстүрлі орындаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Өткен жылы халықтардың ұлттық өнерін танытатын «Ұлы дала елі» халықаралық жыршы-термешілер фестивалі, «Әуенмен тербелген мың жыл» атты дәстүрлі музыка фестивалі, «Алтын домбыра» ақындар айтысы, Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейі негізінде «Інжу маржан» телебағдарламасы өтті. Алматының 1000 жылдығын мерекелеу аясында өткен жылы халықаралық «Ұлы Дала Елі» фестивалі ұйымдастырылып, оған Түркияның, Қырғызстанның, Түркіменстанның, Әзірбайжанның жыршылары қатысқан болатын. «Марко Поло ізімен» халықаралық фестивалінде Франциядан, Грециядан, Үндістаннан, Ираннан, Швейцариядан, Армения мен басақа да елдерден келген өнерпаздар өнер көрсетті», – деді.
Фестивальдің ашылу барысында Қазақстандағы Француз Республикасының Елшісі Филипп Мартинэ қазақша мүлтіксіз сөйлеп, жиналған көпшілікті өнер мерекесімен құттықтай келе, жыршы Ұлжан Байбосыноваға Франция Мәдениет министрлігінің «Өнер және Әдебиет Кавалері» орденін табыс етті.
«Бұл орден Франция Республикасының ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін беріледі. Кәсіби шеберлігіңіз арқылы Сізді ең үздік жыршы және күйші ретінде таниды», – деп атап өтті Филипп Мартинэ.
Этнофестивальға Сыр, Орал, Маңғыстау өңірінің жыраулық өнерінің хас шеберлері, бүгінгі қазақ жыршыларының ақсақалдары Қатимолла Бердіғалиев, Бидас Рүстембеков, Өсербай Сәрсенбаев бастаған жыршы-термешілерімізбен қатар, Өзбекстан, Түркіменстан, Қарақалпақ елдерінен келген жыршылар да қатысты. Сахнада Мұрат Мөңкенің «Үш қиян» дастаны, Сүгірдің толғауы, Нартайдың бастауы, Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса» термесі, Балтабасов Түменнің «Маңғыстау» дастаны орындалды.
Өзбекестаннан келген Шодмон Хужамбердиевтің орындауындағы «Көрұғлы» дастаны, Қарақалпақстандық Бақберген Сырымбетовтің орындауындағы «Халық» термесі көрермен көңілінен шықты.
Түркіменстандық жыраулардың орындауындағы «Көроғлы» жыры атадан балаға мұра боп, бүгінгі заманға жетті.
Өнер кешінде жас жыршылар да халық алдына шықты. Нақтырақ айтқанда, Уатхан Шаттық, Жұлдыз Ысқақова және Рауан Әбілбаев ұлт мұрасының тұнығынан нәр татырды.
Садық Алмасұлы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.