Шындық пен көркемдіктің келісімі
01.12.2017
14207
13

Қ.Мұханбетқалиұлының «Тар кезең»
романы туралы

Қазақтың Ұлы Даласының солтүстік-батыс шалғайы, оның да кейінгі ортағасырлық тарихы, соңғы еркін-серпін-тарих уағының өзінде дәуірлер көрпесін көп ашыңқырамай, қымтана бүркеніп жатқандай бір әсер беретін. Сол «олқылықтың» түндігін айқара серпіп тастағандай, еркін үн, ерек бояулы «Тар кезең» эпопеялық тарих-баян өмірге келген еді. Оған да 5 жылдың бедері ауыпты. Осы шығарма 2014 жылы Мемлекеттік сыйлық алғанын да көзіқарақты оқырман біледі.

Тәуелсіздік жылдарында жа­рық көрген, оның ішінде тари­хи ізденіс-тақырыпты шығармалар аз емес. Олар, ең алдымен, талай ағым-саясаттан теперіш көріп, көңіл мен сана шетіне шеттетілген елдік қасиет-шындығымызды тірілту, жалғаны жоқ бар-байлығы­мыздың шырайын ашу және осы күнгі көкейтесті мәселелерге сол өткендерді зерделеу арқылы жа­насу талабын мұрат еткені аян. Осы лекке серпінді бір соны ағын құйылғандай еді… Алғашында танымал қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлының бұл дүниесі туралы аз айтылса да, қазып айт­қан біраз ой-пайым болды. Сол тұстағы Мәдениет министрі
М.Құл-Мұхаммедтің Ашық хаты, белгілі жазушы Г.Бельгердің жазба пікірлері, романды талқылау барысында айтылған әріптес-қаламгерлер Ә.Сарай, Т.Әбдіков лебіздері осыған жақсы мысал. Өкінішке қарай, осы тезистік пайым­дар, басқа да ой-бастаулар, неге екені белгісіз, осынау туынды төңірегінде, осы өткен 5 жыл ішін­де ары қарай заңды дерлік жалғасын таппай, я өзіндік өзге де бір реттерде туындамай қала бергені қызық!
Иә, роман біз білетін біраз дүниеліктерден бітім-болмысы­мен бірегей. Эпикалық табиғаты бар. Деректер мен мәліметтер молдығы бастан-аяқ тәнті етеді. Кей стандарттар ноқтасын үзген біршама еректігі тағы бар. (Жалпы, «стандарт» деген басноқтаны үзе-бұза жүретін ізденіс, әсіресе, әдебиет пен өнерде, қызық қана емес, дүниеауи тіршілік-тірлікте жан мен рух «шырқын» алатын, өз сүрдегіне қызықтыра шақыратын атойлы жол ғой. Тәуекелі де көп; түсіне қоймаған ортада кінә-күстана ізге түсіп немесе көңіл­дердің елемеу, немқұрай­дылық сияқты шетіне итеріп тастайтын қаупі де бар, қиын талап).
Романның өз композициялық рет-жүлгесін қуалай әңгіме өрбіт­сек, а дегенде Ресей империясы мүд­де-ниеттері мен жан-сарайы­ның қайнаған қазанына түскендей әсерде боласыз. Және бұл сырт көздің кіділеу бақылаушылығы емес, сол ақиқатпен біте-қайна­сып жүрген адамның (сұңғыланың) алғаусыз өмір-пайымы ретінде қабылданады. Қай мәселеге де тәуекел еткен шығармашыдан «аяушылықсыз» күтілетін бірінші шеберлік шарты бұл… Сарай фавориті, генерал-фельдмаршал Г.Потемкин (Таврический), Сырт­қы істер коллегиясы­ның ІІ бастығы, граф А. Безбородко, Ресей әде­биетінің ХҮІІ ғасыр серкесі Д.Фонвизин, сонау алыстан ара-тұра шаң беретін қазақ қанды Я.Булгаков детальдері, тіпті, патшайым Ека­те­ринаның бір көрінген сәттері сонша шынайы. Салқындау бейнелеуші баян емес, кәдімгі, орыс империясы өмірінің «ішінен ашылған» шындықтар. Фавори­тизм, сарай-лауазым интригалары, шен-шекпен төңірегіндегі арғы-бергі шындықтар… Көз майын тауысқан көп зерттеу, зерделеу еңбектің нәтижесі… Орыс автор­ла­рының да кей дүниелікте­рін­де бұл іспетті деректілік пен дәйек­тілік толымдылығы кездесе бер­мей­тінін ескерсек, қазақ жазу­шы­сының сонау өрістегі қарымды құлаш сермесіне шын тәнті бо­ла­сың… Романдағы басты тұл­ғалардың бірі, болашақ губерния наместнигі, швед қанды орыс бароны О.Игельстромның сезім-пайымымен қабылданады бұлар. Және де, өз ретіндегі мұң-қайғысы болса да, төңірегіне ашқарақ аран ашқан ұлы империяның астам көкірек-көзі сезіледі… Мұның бәрі өзінше қызық-ау, әйтсе де, осы дүлей ормандай қалың арасы­нан шым-шымдап, адам жанының нәзік пернесі үн қата бастайды. Ол – әзірге ұлық стандарттарынан тыстау (биіктеу!) болашақ генерал-губернатор Игельстромның өзі ертең барғалы тұрған қазақ дала­сына, «киргиз-кайсак» айдарлы жұмбақтау халыққа (ұлық көзінде: тентектеу, ойсыздау тобырға) деген көзқарасы.
Иә, Игельстром бұл ретте жау­ын­герлік, ұлықтық әдеттен бұрын, ең алдымен, адам. Және «көлденең жатқан Жайықтың» шығыс жағын шаң етуге мәжбүр сонау беймаза елдің, қанша жабайы делінсе де, шын болмысын түсінуге тырысады ол. Осы орайда оның тұлғасы кешегі наместник И.Неплюевтен, бүгінгі экспедиция бастығы, генерал Я.Зенбулатовтан, түрлі ағаман-жүзбасы пиғылдарынан бөлектеу, биіктеу. Міне, орыс ұлығының басты ерекшелігі де, және оның сол тарихи кезеңдегі қасірет бастауы да бәлкім осында. Бірақ әл-әзір қолда қуат, жоғарыда патшаның ықылас-көңілі барда ниеттер сонша жарқын… Анығы, ілгерірек озып айтсақ, Сырым батырдың өзі де роман финалында болашақ қиырына күпті көңілмен ұзақ үңіліп қарағанындай, көп қасіретті тарих парақтары ертеңнің «көгілжім көкжиегінің» арғы жа­ғында жатыр-ау… Ал себептер тамыры бүгінде. Олар – бодан жұртты қан қақсата беруден бас­қаны білмейтін наместник А.Апухтин, генерал Я.Зенбулатов, атаман Д.Донсков, надворный советник П.Чучалов және азғындау шегіне жеткен хан Әбілқайырұлы Нұралының іс-әрекеттері. Бұла­­р­дың да үстінде – сырт әлпеті ал­дампаз, астары терең империя­ның салқын назары, сабақты саясаты тұрғанын сезінбеу мүмкін емес…
Осы ахуалда «аш ішектей шұбатылған» Жайық-шепке бет алған жаңа ұлық алдында ыза мен кектен мұнар тұтқан қазақ даласы жатты. Онда Алаштың Алшын арысының солтүстік-батыс іргеге табан тіреген ұрпақтары өмір кешуде еді. Қайғы мен зардың, оқ пен оттың өтінде – Байұлы Бай­бақ­ты Сырым Датұлы жүрген еді.
Көңілге сонша қонған орыс ақиқатынан соң, «қашаннан «Қанды қиян» атанған» (225 б.) Жайықтың Бұхар бетіне жүз ауғанда, бар қасірет-қуаныш, қиын-қызығымен қазақтың кең сахарасының аңқыма самалы жан дүниеңді кеулеп жүре бер­гендей болады. Киелі Ақ Жайық­тың оң жақ, сол жақ беті сол өлкені ен жайлаған ел үшін көзден бұл-бұл ұшып, арманға айнала бастаған кез… Әр таңы үрейде атқан үркіншілік бұрқағы астын­дағы елдің, әйтсе де, әлпеті шы­райлы, бояуы жарқын, ой-санасы орнықты. Ел амандығы, жердің бүтіндігін ойлаған халық тұлғала­рының кесім-пайымы сонау им­перия сарайы есептерінен байып­тырақ, адамгершілік сипатты ма, қалай?..
Роман шынайылығының қос қанаты осылайша тең, қуатты серпіледі.
Жаңа ұлықтың келуі желеуімен орыс-казак Жайықтың шығыс бетін тағы бір шауып қалмақ ниетті. Орынбордағы шекті Шүкірәлі бай, мәзін Шәпи, ти­туляр­ный советник Әбдіжалил­ұлы Нұрмұхаммед көзінде бұл қатер тым айқын… Құтты қоныс құйқалы Қарақамыс, Жібек, Сұлукөлді тастап көшер «ызғын ел» шұбырындыда, Жем мен Ордың басы, Мұғалжар жықпыл­дарын паналамақ. Адыра қалар жерді зерлеген батыр көңілінде – «Айрауықтың ащы күйі». Ноғайкөшкен зар тұсын тебірен­бей оқу мүмкін емес (135-б.) Тари­хи параллель – тым айқын. Пайым – тым ащы. Осы тұс роман сөзінің шырай шарты ғана емес, Сырым батырдың жан азабы ғана емес, автор баянының көркемдік қуаты мен ширықтыра өрбіткен сюжет жауапкершілігі, ең бастысы, соның бәріне деген қуатты жүрек сезімі тоғыса жымдасып, ғажап симфония құрайды.
Роман сюжетінің шоқтықты бір тұсы – батырдың қияндағы Таналық қамалын шабу жоспары да осыдан туындаған. Бұл реттегі батыр толғанысы (150-154 б.б.) жеке адамның ширығуынан гөрі, сол тұстағы жан алып, жан бе­ріс­кен қазақтың бар кесімді-кетіскен болмысын ашып тұр. Ел билері Малайсары, Өтеулі толғамдары, батырлар Дәуқара-Бармақ өлімі осы идеяның бояуын қанықтыра түскен детальдер. «Орыс мылтық, бұхары мылтық, хиуа шамқал, бағзы қару қозыкөш, күлдірмамай» іспетті сол кез, сол ортаның өзінде экзотикалық дүниелер осы тұста көзге ұрады. Осыншама мәлімет молдығының сыртында хас батыр­дың сұңғыла тактикасын да автор өзіне тән байырқа баянмен аша береді. Жау кешегі жоңғар секілді өре-өлшемі шамалас дұшпан емес…
Доңыздың «өз майымен өзін ұрғандай», Жем басынан 400 шақырымдай Таналық қамалын «карколе» тактикасымен шабу – айыз қандырардай бір сәт. Бұл рухани тұщым біз білетін эпика­лық дүниелердегі «батальді сцена­лардай» қуатты, бедерлі баян­даудан. Сырым батырдың маңдай соққан «таптаурын» батырлықтан гөрі, қиыннан қиыстырған стра­тегтік амалы ұтымды-ұтырлы детальдарымен тәнті етеді. Табын Ба­рақ, Тіленші, шекті Көтібар ба­тырлар қимылы осынау ерлік палитрасын айшықтай түскен дета­льдер… Қамал майоры, ата­ман, казак жасағы «жәсір болып», орыс қорғаны шабылып, есе қайтқандай. Бірақ қайғысы қалың батырға бұл жеңістен де қанағат шамалы. Себебі, тарих беталысы жақсы емес. Халқының тағдыры қолына сеніп тапсырылған хан Нұралының кесір-қысастығы – жанды жегідей жеген тағы бір қайғы.
Әлі де салқын салтанатынан айырыла қоймаған, бірақ рухани тұрғыдан жадау тартқан хан төңі­регі осы композициялық ретте сюжетке өріле бастайды. Пенделік іштарлық пен көкірек бұл ханды өз жұртынан бағзыда айырған. Айырған ғана емес, халқына деген­де отаршыл пиғылға ел-ділін сатып, озбыр саясатқа ғана арқа сүйеген жайы бар. Бұл хан осыдан 54 жыл шамасы бұрын орыс пат­ша­сына қол бергенде, «отандасың болмасам да, одақтасың болам, бірге туғаныңдай болмасам да, туыстарыңдай болам» (326-б.) деп, терезесі тең дәрежеде анттас­қан Кіші Жүз ханы Әбілқайырдың бел баласы Нұралы еді… Хан орда­сын­дағы осындай ахуалға тереңдеу – көзің көріп, ділің сезіп жүрген күнделікті өмірдей шынайы. Қа­ламгер бұл орайда өзінің шығар­машылық шарты мен авторлық сертіне және берік – селкеусіз, сенімді, шымыр баяндауда шындық өрісіне бекем табан тіреп тұр. Осы жайтты, кезінде бұл тақы­рыпты «Қазақстан тарихы» атты 5 томдық іргелі еңбектің 3-кітабында ғылыми зерделеп жазған М.Құл-Мұхаммед те жо­ғары­да аталған хатта нұсқалы айтып еді.
Романның осы тұсында үлкен үш толғаныс үзеңгі қағыстыра бастайды. Олар: «киргиз-кайсак» аталған тағы жұртқа деген Игельс­т­ром көқарасындағы күрделі метаморфозалар, шау тартқан Нұралы ханның көңіл-сарайын­дағы интригалар және Сырым-саясатшы көңілінде туып, беки бастаған аса тәуекелді бір идеялар. Губернатордың бодан жұртқа қайырымдылық көңілі қабатында, «тас-талқан шабылған» Таналық оқиғасынан кейін, «аяқ тарта» сыйлау сезімі пайда болған. Сый­ласу, көршілік қарым-қатынас, тұтқын айырбастау сияқты мә­мілелі ойларымен Шүкірәлі бай, мәзін Шәпи, советник Нұрмұ­хаммедті келеге шақырға­нында, шекті Шүкірәлінің терезесі тең уәждері мен көзге ұрған қазақы болмыс-мінезі генералды аса тәнті етеді. Үлкен ұлық алдында ой-пайымы терең, ел-халық ре­тінде сыйлы қатынас ұстануды талап ететін текті жұрттың орнықты дипломатиясы ашылады (327-330-б.б.)… Ал бұл кезде Нұ­ралы хан наместникке хат төпелеп, өз иелігінен кеткен басноқтасыз елді аш бөрідей ләшкерге қалай талаттырудың жолдарын іздеумен әлек еді. Билік басын тойым­сыздық пен көкірек меңдесе – ол елдің қасіреті. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деп түйетін халық бұл сұқсыр саясаттың беті ашылған күні қанынан қарайған жайы бар. Тама Қадыр, Садыр, табын Тіленші, жағалбайлы Сағыр, Тотайлар «ат жалына жар­масатыны» осы тұс. Аузы дуалы билердің басалқасы да осы бір сәт­терде кереметімен діл баурай­ды… Қатепті қара нардай бәрінен де терең, ауыр ой-қайғы кешуші Сырым батыр. Қарға бойлы Қазтуған сөзі көкейде: «Еділді алса, елді алар; енді алмаған не қалар?! Жайықты алса, жанды алар; жанды алған соң нең қа­лар?!… Бұл қоныстан кетпесең, мұны талақ етпесең, қынама бешпет киерсің; арбаға мәштек жегерсің. Жасауылды – жасақ деп, одаманды – одақ деп, қасына соның ерерсің! Ақылы кетіп, сас­қан жұрт… Күндердің күні бол­ғанда, қайғыға шіріп өлерсің… Менің бүйтіп жүргенім – аузы түк­ті кәуірдің күшті болған сал­дары-ай! Кәпірден теңдік алуға, қайта келер деймісің, мұсылман­ның баяғы – Шыңғыстан туған хандары-ай!!!» (443-б.). Ойшыл батыр кетеуі кеткен «Хан кеңесі­нің» орнына «Халық кеңесін» құруды ойға алғалы қашан! Жағадан алған жағдай, сарытап қайғы, ұйқысыз ой, ақыры оқшау шешімге әкелді. Ежелден үлгісі бар Дала демократиясы бір жаңа нұсқада, ерек шоқтықты үлгіде батыр көңілінде түбегейлі қалып­тасады. Алшынның үш аталығына сауын айтылды… Романның бай палитрада жарқырап ашылатын, кең диапазонда көсіле құлаш ұратын, шарықтау тұсы да осы, үш аталықтың жақсылары мен жайсаңдары Ақтөбенің Елек бас­тауында бас қосқан ұлы Мәжіліс. Биік мүдде мен мақсат, ой мен пайым тоғысқан, бұрқаған вулкандай халық даналығы мен қуатының қайнар бастауы – бүкілхалықтық басқосуда текті жұрт тұлғасы биік бой көтереді. Ежелден батырмен үзеңгілес ысық Қаратау, кете Көккөз, шеркеш Тұрманбет, адай Атағозы би-батырлар (бұл – теңізден алынған тамшыдай ғана мәліметтер) бас­тауындағы жақсылар мен жайсаң­дардың кесім-пайымдары сарабдал-сындарлы халық фило­софиясын ғажап кестелейді (519-573-беттер). Қазақы қатар галерея­сы, олардың ой-пайым, өзіндік философиясы көп зерделі еңбектің толымды жемісі ретінде көзге ұрып тұр.
Әрине, сол тұстағы дәстүрі берік қазақ қоғамының өкілі ретінде, Сырым хандық билікті түбегейлі жоққа шығара қоймай­ды. Бірақ елге тұтқа болар қайсысы бар? Есім сұлтанның кескіні анау… Оңтүстік көлеңкесінде манаураған жігерсіз Қайып ханның шарқы ол да мәлім…
Солай Алшын жұртында «Ха­лық Кеңесі» өмірге келді. Сырым батырдың көп күндік ой-азабы осыған әкелді. 1785 жыл, қыр­күйек. Тәуекелді шешім. Тұрмысы мен техникасы, «солар билейтін» ой-санасы мәлім деңгейлі қазақ даласында бір айтулы оқиға жүзеге асты. Үш арыс бас біріктірген Кеңестің төбе биі, 32 жасар бай­бақты Сырым «алдағы алмағайып күндерге ой жіберіп, бұлыңғыр заманының… қандай боларын болжағысы келгендей, көгілжім… көкжиектен көз алмай қарай берді…» Роман осылай аяқталады. Алда – көгілжім-тұманды жылдар, ал батырдың өз өмірінде 17 жыл ары, төртінші мүшелі тұр еді… Демократия жолында ұрынған Еуропада Француз Кеңесіне дейін әлі 94 жыл (Париж коммунасы. 1871 ж.), әлем әлпетін түбегейлі өзгерткен ұлы төңкеріске дейін (ұлы Қазан төңкерісі) 132 жыл!.. Терең талдауды тілеп тұрған тари­хи феномен.
Романның біз аңдаған эпика­лық табиғатына тоқталсақ… «Эпикалық» деу кей көңілге көл­денең көрінер де… Эпопеяның классикалық түсінігінде уақыт пен кеңістік, оқиғалар мен тұл­ғалар қарамы шығарма ауқымын анықтайтын үлкен факторлар. Романда уақыт-кезең-оқиға ау­қым­дылығы мен тұлғалар кесектігі бар. Нақты тарихи кезеңнің бір жылын ғана нысанаға алған бұл шығармада «Ноғай көшкен» (135-б.), Шахмамай туралы аңыз­дар, Еуропадағы алдыңғы кезең оқи­ғалары, Орыс-түрік соғысы (Ре­сей-Порта арасындағы саясат), Таврида (Қырым) орыс саясаты, («Қойдың қолаңсасы мен жылқы тері мүңкіген Таврида!» (34-б).
Бұл – кезінде орыс солай мұрын шүйірген Қырым. Бізге мәлімсіз­деу дерек…), Қап тауының арғы жағы Грузиядағы патша Ираклий ІІ әрекеті, бергі Кавказдағы мұсыл­мандар көтерілісі, Верхнеу­ральскіден – Хажытарханға шейін «аш ішектей шұбатылған» орыс-қазақ шебіндегі оқиғалар және Сырым батырдың өмірі мәнін ертеден айқындағандай «Емелька Пугаш» жорықтарында шыңдалу жолдары ұтырлы, нұсқалы айты­лады. Сәттік эпизодтық оқиғалар түрінде көрінгенмен, роман ауқы­мын ашқан сюжет өріміне өріліп жатыр бәрі. Заманалар мен жағрафия, оқиғалар мен тұлғалар панорамасы осылай кеңге түседі. Мұның бәрін әдіп ете баяндалған нақты 1785 жылғы Сырым қозға­лысы, Алшын-арыстағы сол тұстағы толқыныстар да эпикалық ауқымда кестеленген ақиқаттар. Роман жүгі Қазақтың болу-болмауы, халық тағдыры таразыға түскен сондай тар кезең мәселесі. Мұның бәрі кең эпикалық шығар­ма нышандары деуге толық негіз бар.
Л.Толстой роман жазуда шарт етіп ұстанған «Нені жазу? Кілтін Қалай табу? Қалай жазу?» мәселесі ойға оралады. Сол шарттар түгел тұр.
Этнографиялқ-энциклопе­диялық болмыс та осыдан шығады. (Асылы, тарихи дүниеге «этно­графия­лық» деген кепілдеумен үңілу – әбестік. Егер ол бір автор фантазиясына малшынған «өзге­ше тарих» болмаса…). Әрине, өткеннің тарихи антуражы біз үшін этнография… Тарихи кітаптан этнонамалық болмыс шартсыз күтіледі. Этнографиялық шынайылық дегенде, толағай еңбектің шындықтан тепсінген қуатты қос қанаты серпілісін жоғарыда айтып едік. Бір оқырман санап шыққан 130-ға жуық жә­дігер сөз бен сөз тіркесі соның бір куәсі… Ал энциклопедиялық та­би­ғатына кел­сек, қазақ даласы­ның жарты­сындай аумақ пен қазақ ұлысының үштен бірі шама­сын қамтыған романда ересен көп мәлімет бар. Кітаптың шежірелік әлеуетімен бірге деректілік, тарихи шындық­тар әдеби көркемдікпен жіксіз жымдасқан. (Нақты бір де­та­ль: кеше өткен заңғар жазушы Та­хауи Ахтановтың арғы атасы Дос­тан би бейнесі де сол қатар­дан…).
Стиль қуаты, бейнелілік боя­уы, тіл шырайы – романның басқа да қырлары сияқты, кең толғап, терең талдауды қажет ететін құбы­лыстар. «…Кең тыныспен, аса байыпты да байсалды көрсете білген, шын мәніндегі көркем туынды» деген бағамдау оқып едік. (Қ.Мұханбетқалиев сайты). Баянға шымырлық, жеңілдік, тіпті, етенелік сезімін беретін – автор стилі. Жеңіл, тартымды қабылданады. Байырғы қазақы сөздердің молдығы ғана емес, оның айшықтана әрленіп, бүгінгі заманауи контексте етене қабысуы – қаламгер еңбегі мен шеберлігінің ісі… Орыс ортасынан бастап, қазақ даласының кең тынысы, немесе ноғай-табиға діндар ортаның өзінде сюжет кілтипан-кібіртіксіз жалғасады. Айшықты, мағыналы детальдер романның әр сәтінде тұр. Мысалы, мәзін Шәпи көзінде таң бозында байқалатын қамал қақпасынан «иретіліп, бүк­те­тіліп шығып жатқан» түсі суық әскер легі, Жайықтың арғы жары басына жарбия қонған «күтірлер­дің» даланы аңдыған ашкөз бөрі көздеріндей түнгі сарғыш оттары, немсе Айшуақ батырдың пенде болуы мен оның Апақ ұлының қаза табу сәтін алайықшы. Роман­тикалық сарынды батырлық хикаятының өзгеше бір шешімі. Сонау тұлға мен сурет оқырман жадында ұзақ таңбаланып қалар­дай…
Иә, романда тұрмыстық дета­ль­дер (мәз де болса) аз. Жекелеген тағдыр иірімдері, бізге жақсы мәлім (таптаурын деуге де келеді) сезім лирикалары жоқтың қасы. Көп дүниені өрге сүйрейтін жанды өзектер солар деседі… Дегенмен, кітаптың стандарттан бөлектеу, бірегей табиғатын жоғарыда айттық. Анығында, роман болмы­сын «тарихи елдік баян» деп анықтаса болар еді. Селкеусіз, біртұтас, мақсатты тарихи баян. Формалық аналог қарастырғанда… модернист Марсель Прусттың «Рәсуа уақытты іздеу» эпопеясы ойға оралды. Ол да селкеусіз, біртұтас, мақсатты баяндау. Тек ол бастан аяқ сезімге, жеке адамның жан-дүниесін қазбалауға құрыл­ған. Тұрмыстық детальдарға, өмір­­дің басқа қырларына, лири­калық шегіністерге «мойын бұр­ма­ған». Немесе сол… А.Солжени­цыннің «ГУЛаг архипелагы». 970 беттік ол эпопея да сонау қасіретті кезеңнің бірыңғай, біртұтас баянынан тұрады… Әйтсе де, жоғарыда біз аздап тоқталған дүниенің табиға­ты бұлардан бай, бояуы қанық, лебізі шырынды екенін айту керек. Л.Толстой айтқан кемелдіктің бір шарты «шыншыл­дық және ма­хаббат» бар. Нұрлы сезім де, ақиқат та сонда. Тарихқа обал, ауа жайылған «авторлық фантазия» немесе сірі схематизмнің таптау­рын жолы емес, орнықты шындық пен байыпты көркемдіктің кел­бетті келісімі.
Романдағы тұлғалар, жағдай­лар, тарихи-кезеңдік оқиғалар, стиль жеке-жеке талдауларға арқау болар қатпарлы тақырыптар. Шолғыншы сөзден әрігерек, байыпты зердені қажет етіп тұр. Жо­ғарыда келтірген М.Құл-
Мұ­хем­медтің 9 тарау бағыт сілтеген Хатындағы кесек ойлар, Г.Бельгер мақаласындағы ағеден пікірлер осыны меңзейді.
Ең ғажабы: табиғаты терең Махаббаттан туған дүние бұл.
Рухани кеңістігімізде кең тынысты, бір кезең шындығын сілкінте көтерген, әдебиетімізге соны тың тақырыптар қосқан, айшықты портреттер мен терең философия кенішін ашқан, қа­жыр-қуат тепсінген, байыпты-байсалды баяндауда өрілген бірегей туынды – Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» эпопеясы өмір сүріп жатыр.

Сайлаубай Жұбатырұлы.

ПІКІРЛЕР13
Аноним 30.04.2020 | 12:12

Лох

Аноним 30.04.2020 | 16:17

Керек

Аноним 30.04.2020 | 18:03

НЕ КЕРЕК

Аноним 08.05.2020 | 10:57

Рахмет

Аноним 11.05.2020 | 12:20

Шешімі

Аноним 12.05.2020 | 19:05

Пугаш батыр деген кім?
Шүкірәлі бай деген кім?

Аноним 14.05.2020 | 11:01

Шүкірәлі бай кім

Аноним 22.05.2020 | 17:56

Шүкірәлі кім😐

Аноним 21.04.2021 | 20:30

😑

Аноним 22.04.2021 | 10:54

ҚОТАҚ БАТЫР

Аноним 22.04.2021 | 15:45

Пугаш батыр кім?

Аноним 22.04.2021 | 16:10

Чокалү

Аноним 22.04.2021 | 17:17

Пугаш батыр кім???

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір