Көне қала – Отырар
«Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығында Қазақстан Республикасындағы туризм индустриясын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері ретінде бірнеше туристік кластерлерді атап өтеді. Соның ішінде «Оңтүстік Қазақстан туристік кластері аясында:
Қожа Ахмет Иассауи кесенесі бар Түркістан қаласы (ЮНЕСКО объектісі); Ортағасырлық Отырар қалашығының және ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген отырарлық алқаптың археологиялық объектілері; Сауран археологиялық кешені; ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген палеолиттік бөліктері мен геоморфологиясы және Арпаөзен петроглифтері бар «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығы; ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы; Сайрам-Өгем Мемлекеттік Ұлттық паркі; «Байқоңыр» ғарыш айлағы; Қызылорда қаласы; Сарыағаш қаласы; Тараз қаласы» аталған. Осы ретте Ортағасырлық Отырар қалашығы жайлы кең ауқымды мақала арқылы оқырман қауымның назарын ішкі туризм мәселесіне аудармақпыз.
Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтардың бірі, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең танымалы. Отырар ежелгі заманнан-ақ қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған әлемдік мәдениеттің ірі орталықтарының қатарынан аталған. Ортағасырлық араб, парсы тарихшылары мен географтары бұл қаланың Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси, сауда және мәдени орталығы болғанын, Орталық Азия тарихында маңызды рөл атқарғанын жазып қалдырған. Қаланың рөлі мен маңыздылығының артықшылығы – оның орын тепкен жерінің, географиялық жағдайының қолайлылығына байланысты болған. ХІХ ғасырдың аяғында Отырар қирандылары мен оның төңірегінде орналасқан басқа да ескерткіштер ғалымдардың назарынан тыс қалған жоқ. Ежелгі Отырар өлкесінің археологиялық зерттеу жұмыстары ғасырлар өтсе де тоқтап қалмай, жыл өткен сайын жалғасын тауып қарқын алып келеді.
Арыстанбаб кесене-мешітіндегі кітапхана 1930 жылдары «қызыл қырғын» кезінде аяусыз талқандалып, 1960 жылдары «Қызыл бұрыш» болып қайта ашылып, маркстік-лениндік әдебиеттермен толықтырылған. Кітапхана қорында араб, парсы, түркі тілдеріндегі жүздеген қолжазбалар, кітаптар болған. Кітаптардың көпшілігі «Арыстанбабқа» деп атап жазылып, «Мулла Фахриддин Сыддық» деген жазулы мөрмен куәландырылған. Көне қолжазба, кітаптардың бір парасын қаншама жанкештілікпен Бұхара медресесінің түлегі Әбусейіт Оңғарбайұлы пен Арыстанбаб кесене-мешітін 1907-1909 жылдары қайта қалаған ұста Қалмырза Мүсәпірұлы сақтап қалған. Әбусейіт Оңғарбайұлы сақтаған қолжазба, кітаптарды немере-інісі Қазыхан Серікбаев өлкетанушы,этнолог,әдебиеттанушы Абдулла Жұмашев арқылы Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайына тапсырса, Қалмырза Мүсәпірұлы сақтаған қолжазба, кітаптар оның өз өсиеті бойынша қабіріне өзімен бірге көмілген.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы 1979 жылы 11 мамырда Қазақ КСРО Министрлер Кеңесі шешімімен ұйымдастырылған. Отырар мұражайы 200 жылдан аса уақыт бойы аймақтың экономикалық және сауда орталығының маңызына айналған ежелгі Отырар қаласы тарихының бірегей ескерткіштерінің қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық құнды заттардың қоймасы.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының құрамына 4 Республикалық маңызды археологиялық ескерткіштер, 216 жергілікті маңызды археологиялық ескерткіштер кіреді. Бұған Отырар оазисінің ежелгі қалалары жатады: Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Арыстанбаб кесенесі мен басқа да тарихи ескерткіштер.
Мұражай экспозициясы екі бөлімнен тұрады: археологиялық және этнографиялық. Сонымен қатар мұражайда Әбу Насыр әл-Фараби кітапханасы да ұйымдастырылған. Оның қорында 3 мыңнан аса басылым, әл-Фараби мен оның шәкірттерінің еңбектері сақталған.
ПІКІРЛЕР1