Әулиеатадағы әсерлі кеш
Тараздағы Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатында ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың «Адалдық – асыл мұратым!» атты шығармашылық кездесуі өтті. Мектеп ұстаздары мен оқушылары ақынды «Нұр-Ата» фольклорлық –этнографиялық оқушылар оркестрінің (осы мектептің оркестрі) сүйемелдеуіндегі Н.Тілендиевтың «Ата толғауы», Құрманғазының «Балбырауын» күйлерімен қарсы алды. Мұндай да ақын көңілі асқақтап кетеді ғой. Қ.Асановтың сол толғанысы «Күннің нұры қуатым» атты кітап көрмесін аралаған сәтте де басылған жоқ. Мектеп-интернат директоры Эльмира Жақсылықова кешті ашып, қаламгерге шексіз құрметін білдірді.
Мұнан соң оқушылар Қ.Асановтың асқақ рухты, өршіл өлеңдерін жатқа оқыды. Ақынның «Туған елім», «Туған жерім», «Сары-Арқа» (К.Ахметованікі), «Ауылыма», «Алатау», «Нысап», «Күз», «Айша бибі» атты өлеңдері жас буынды қатты толқытты. Қайырбек ақынның сөзіне жазылған Әуесхан Салабековтың бірнеше әндері орындалды. Әсіресе, халықаралық байқаулардың жүлдегері, мектеп түлегі Ермахан Байсейіттің орындауындағы әндер жүрекке жетті.
Кеш барысында Қайырбек Асанов оқырмандарының сауалдарына жан-жақты жауап берді. Кішкентай кезінде сурет салуға, өлең жазуға бейім болғанын, алғашқы өлеңі «Тұңғыш қар» деп аталғанын, өзін беріректе ақындар «Ақ Қайрош» деп еркелеткенін, асыл жары Күләш Ахметовамен алғаш қалай танысқанынан, шетел топырағын басқан алғашқы сапарының әсерлері болғанын оқушыларды хабардар етті. Әсіресе, Қайырбек ақынның Нұрғиса Тілендиевпен достығы, ұлы компазитормен сыйлас, сырлас болғаны, дәм-тұздас болғаны ұстаздар мен оқушыларға керемет әсер етті. Мұнан соң ақын бірнеше жаңа өлеңдерін шабыттана оқып, көпшіліктің көңілін баурап алды. Мектеп-интернат ұжымына алғысын білдірді. Жиын соңында ҚР Мәдениет саласының үздігі Құдайберген Нұрманов, композитор Әуесхан Салабеков ақын туралы ыстық ықыластарын жеткізді.
Жүздесуді мектеп-интернат директоры Эльмира Жақсылықова қорытындылап, ұстаздар мен оқушыларға үлкен әсер сыйлаған ақынға шығармашылық табыстар тілеп, сый-құрмет көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ.
Тараз қаласы.