Нық қадам
Сағат ӘШІМБАЕВ,
сыншы, Мемлекет және қоғам қайраткері
Әнес Сараевтың «Соғыстан кейінгі жаз», «Қобызшы» сияқты әңгімелері де шыбын жанын шүберекке түйіп қан кешкен, майдан даласына он екі мүшесінің бірін қалдырып оралған абзал ағалардың өмір жолдарын табиғи елестетеді. Олардың қуанышы мен қайғысын, махаббаты мен мұңын, арманы мен мұрасын көз алдымызға жайып салады.
«Қобызшыдағы», Таңат, «Соғыстан кейінгі жаздағы» Дәулет ешқандай қоспасыз өмірдің өзінен алынған үскілеп, жонылмаған таныс бейтаныс тұлғалар. Бұл екі кейіпкердің басындағы мінездер мен әрекеттер тым аз да, өте көп те болмаған, бірақ өмір шындығы екендігі талассыз дер едік.
«Соғыстан кейінгі жаз» – бас-аяғы жұп-жұмыр, әп сәтте оқып тастайтын шағын әңгіме. Жылдам оқығаныңызбен жылдар бойы ұмытылмайтын әсері бар, татымды дүние. Шап-шағын әңгімеде шалқар мұң бар, табиғат берген шаттық пен қызықтан, адамдық іс-әрекеттен қағылған жанның көкірекке кептелген келсаптай мұңы, ащы зары бар. Жас емес жасамысқа да бұл зар оңай тимесі анық. Сіз өзіңізді Дәулеттің орнына елестетіп көріңізші… Меңдіқыздың бәрін ертең-ақ ұмытары сөзсіз. Ал Дәулеттің сол бір түндерді ұмытуы мүмкін емес қой. Өйткені өзін қанша алдағанмен де қайғының қара суын ұрттаған адамның, бал ішкенмен енді қайтып оңалмасына Дәулет тағдыры куә. Соғыстың трагедиясын қарапайым адамның өмірі арқылы көрсету осындай-ақ болар! Мұнда ешқандай соғысқа қарсы өңеш жырта жар салған айғай да аттан да ештеңе жоқ. Алайда жұмыр басты пенденің қасіретін жазу арқылы соғыс деген
апттан түңілту, жан ұшыра шырылдап лағнет айту, айыптау, безілдеп бебеу қаққан гуманизмнің үні, қасірет шеккендердің атынан қарғыс айту бар. Әңгіменің көркемдік құндылығы – осындай әлеуметтік мәнінде деп білеміз.
Өмірде бәрі де болуы мүмкін ғой. Дәулетті табалаушы мимырттардың, намыс отына май құйып қоздырушы желбуаздардың да табылуында сөз жоқ. Ал Дәулет болса, қоздап жатқан көңнің күлін көкке шашып күйіп қалған жоқ. Азаматтық парыз жолында сол халге душар болған жоқ па?! Сондықтан да Дәулетті ұмыту мүмкін емес.
«Қобызшыдағы» Таңат шыдамы шегіне жетіп, қолының кемдігіне байланысты ешбір ыңғайға келмесе де жастай бауыр басып өскен сүйікті қобызына бірнеше жылдардан соң, қайта ұмтылуы еріккендік те, көңіліне бу еніп желіккендік те емес еді. Кеудесінде сәуле бар талантты жанға тән, иланымды қылық.
Адам ой-сезімнің шалқып, тасуымен ғана адам. Жүрекке қордаланып, лықсыған сезім күйін – Таңат үшін сыртқа шығаратын бірден-бір күш – қасиетті қобыз ғана.
Әңгіме бойында тасыған өнері бар адамның басындағы сезімдер арпалысы жайлы сыр шертеді. Мұнда да соғыстың кесірі, кесапаты өнер адамының бұралаң тағдыры арқылы бейнеленген.
Осы әңгімелерге тән басты қасиет жалаң пәлсапа айтуға ұмтылып, болмаса да ұқсап бағу емес, өмірдің өзін көрсету арқылы ой тастау ойлантып-толғанту деп қараған жөн.
Алайда Әнестің «Тырналар жоғары ұшқан жыл» атты повесі туралы бұл пікірді айта алмас едік. Бұл повесінде әлі де пісуі, шайқауы жетпеген тұстар біршама баршылық. Әр тұстан жасандылық қол бұлғайды. Есепсіз екшеусіз еніп кеткен суреттер, бойында жылт еткен жаңалығы жоқ, күйсіз күйірсіз іс-әрекеті бар кейіпкерлермен ұшырасып қаласыз. Автор бозбалалықтың соңы, жігіттік дәуреннің басына тән кейбір қызықтарды көрсетпек ниетте болғанымен, соны өзгеше өрнектермен бере алмаған. Бұрыннан таныс соқпақтың шаңы көрінеді.
Әнестің «Қараша өткен соң» повесі бірсыдырғы ізденіс бағдарын аңғартатындай. Мұнда ең бастысы болмыс-бітімі дараланған, характері нақты, жандүниесі айқын адам образы бар. Ол – Нұқы қарт. Оның бойындағы көктемгі шуақтай, жанға жайлы мейірбандылық сезім мен ар-ұждан тазалығы, тұнып тұрған ізгі ниет мөлдірлігі барынша шынайы берілген.
Өмірде таудай еңбегін тарыдай ғана көретін сыпайы да адал, атақ іздеп, даңқ қумайтын, жұрт көзіне менмұндалап түскісі де келмейтін қарапайым жандар болады. Бұл олардың әлжуаздығы да нашарлығы да емес, бәлкім ұлылығы шығар. Кішіктіктің өзі ұлылықтың бір қыры емес пе? Олардың жан сыры саф алтын сияқты өте тереңде жатады.
Міне, Әнес аталмыш повесінде осындай қарапайым жандардың күрделі ішкі дүниесін, сезім сұлулығын паш ететіндей Нұқы қарттың типтік тұлғасын мүсіндеген. Нұқы қарттың бойынан көп нәрселер табасың, оның мұқалмаған жігеріне, қайтпаған қайсар қажырына, титтей де дақ түспеген адалдығына, елге, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігіне ден қойып, көңіл аударасың, еліктегің келеді. Қатарында жүрген сондай адамдардың бойындағы асыл қасиеттерді кей жағдайларда байқамай, көрмей қалатындығыңа өзіңді іштей айыптап кінәлі сезінгендей боласың. Сонымен, қорыта айтсақ жас жазушы Әнес Сараевтың «Қара өткен соң» атты кітабы үлкен прозаға жасаған сапарындағы нық қадамы, творчестволық дебюті деп білеміз. Әдебиетімізге салауатты ойы, салмақты пікірі, өмір туралы өзіндік көзқарасы бар жас жазушы келгендігінің нақты дәлелі.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.