Теңіз сарыны
Тынымбай
НҰРМАҒАМБЕТОВ, жазушы
Біздің халқымыз үшін де жаңа бетбұрыс болған Қазан төңкерісі жайлы түгел айтып біттік пе? Егер айтып бітпесек, айта беруге тиіспіз бе? Төңкерістің өзі түгілі, содан басталған, тараған істерді түгел «бейопа жалған, адастырған» деген пікірдің бізге әсері қаншалық?
Жазушы Әнес Сараевтың «Еділ-Жайық» романын оқып шыққан сәтте оқушы алдынан осындай көп сұрақ қаумалап шыға келуі мүмкін.
Бірақ қалай болғанда да ол төңкеріс біздің тарихымыз. Бір бастауымыз. Оны жоққа шығара алмаймыз. Аталарымыздың жүрген жолы, істеген істері, тері, қаны, жеңісі, жеңілісі түгелімен біз үшін қаншалық қажет, қымбат болса, олар туралы жазылған шығарма да мәңгілік. Оның үстіне ол шығарманың қандай көркемдік қуатпен жазылуына да көп нәрсе байланысты шығар, әлбетте.
Көркемдік қуат демекші… ол жайын соңынан да айта жатармыз, әзірге жазушы шығармасына арқау болған жайттарды қамтып, түсініп алдық.
«Іңгәлап өмірге келген қызылшақа жап-жас Советтер республикасы, тоқсан жыл толғатып тапқан жұмысшылардың төл перзентінің өмірі әлі де қыл үстінде еді» дейді автор романның 39-шы бетінде.
Соғыс дегеніңіз әйтеуір біреуді біреудің жеңуінен ғана тұрмайды. Ол тұнған саясат. Соғыс әуелі мылтықтардың, қылыштардың шайқасуы емес, амал-айла, ақылдардың шайқасы. Жан-жақтан аңталаған жаулардың, өрттей қаулаған көп майданның арасында тұрып жас Совет үкіметін шаршатқан жайлар көп екен. Соның негізгілерінің бірі мұнай болыпты. Егер мұнай болмаса ешқандай майдан, азу тісі ақсиған еліңіздің өзі тырп ете алмай қалады екен.
Майданда әлсіреп тұрған 1919 жылдың ортасында революция көсемі В.И.Ленин Гурьевтегі Ракуша аралында үлкен мұнай көзінің бар екендігін білгеннен кейін (мұнай көзі жайлы көсемге хат жазып мәлімдегендер Ахтан Мұхаммедиев, Қажығали Жарқынбаев, Ізбасар Жанекенов, Митрофан Митрофановтар) шығыс майданда шұғыл өзгерістер болған. Майдан екіге бөлініп, Түркістан майданы бөлектенеді де оның қолбасшылығына Фрунзе тағайындалып оның армиясы алдына мынадай мақсат қойылды. Орал, Ақтөбені алып, Гурьевке дейінгі аймақты азат ету. Ал осының бәрі Ракуша мұнайына байланысты болғанын сол майданда қан кешіп, от оранып жүргендердің өзі де біле бермеген.
Алдымен көсем нұсқауымен Балтық теңізінен Астраханға төрт сүңгуір қайық жөнелтілген. Теңіз десантын әзірлеген. Жайық ақ казактардың ту тіккен жері Оралда Толстов әскерінің шеңгелінен құтылу үшін күрес өрши түскен. Ал теңіз маңының қаласында, даласында, толқындардың үстінде, адамдардың арасында жүріп жатқан майдан ше?
Бір қарағанда тарихи оқиға негізіне тартылған желіні жазушының деректі оқиға деңгейіне қалдырмай, көркемдік қуатқа, көркемдік қанға суара отырып оқиғаларды өрбіту, адамдардың болмыс-бітімін жасауы оқушыны сүйсіндіреді.
Оқиғалар шым-шытырық. Қажығали сол Ракуша мұнайы жайымен жүріп қолға түскен. Оны құтқару үшін Ахтан аласұрып жүр. Жанында – Жақауы. Соңдарында тілекшілері, сонымен бірге жаулар-тыңшылар. Айласын біреуден асырып, біреуден жасырып жүріп ақыры Қажығалиды босатып алады.
Өйткені, Ракуша мұнайын өзімізге хабарлап, өзгелерден сақтаушы осы төртеуі: Ахтан, Қажығали, Ізбасар, Митрофан. Романдағы қым-қуат оқиғалардың бәрі осы төртеуінің айналасында. Сол төртеуінің маңында жүрген адамдардың айналасында. Солардың кәсібі, махаббаты, күйініш-сүйініші. Халық өкілдері тобына жатар сол адамдар кімдер десеңіз… Олар Никифор… Қара Никита, Тасбақа, Төлеген, Шоқыр шал, Гүлбаршын, Теңізбай, Жармұхамед, Қалқаман, т.б.
Гурьев, Астрахан қалаларымен «Үйшік», «Насыбайшылар» тобы арқылы жүргізілген әрекет, байланыстар бірте-бірте Ракуша аралына қарай жылжи береді… Жылжи береді. Өйткені, түпкі мақсат – ақ казактардың ашына келе сол мұнай көздерін біржола жойып кетуінен сақтау еді.
Ақыры солай болды да. Орал азат етілген соң қызылдар мен жергілікті халықтардан теперіш көрген ақ казактар енді Ракушаны жойып, Совет үкіметінің аузын топайдай етіп кетуі үшін мылтықтарын кезеніп, зеңбіректерін сүйретіп Ракушаға беттеген.
Бұл кезде сан түрлі тағдыр кешіп, қиындықтарды көріп Ахтан, Қажығали, Ізбасарлар да Гурьев маңына жеткен-ді. Ракуша үшін күрес романның ең бір шиыршық атқан тұстары. Бұл арада автордың қолтығы айрқша сөгілген. Оқиға дамулары соншалық шынайы… Халық мінезін танытуы, оның ішінде әртүрлі халық мінезін, олардың достығын нанымды жеткізді.
Ақ казактармен болған әр арпалыс оқушыны жіпсіз байлап, матап отырады.
«Таң алдында жапалақтап қар жауды да, оның соңы алақаншықтанып барып, ақыры текебұрқақ жаман борасынға айналды. Жел аш бөрідей ұлыды. Қара жалдарда беттері бір ашылып, бір жабылған өліктер шашылып жатты. Атырау өңіріне тфу деген түкірігің жерге түспейтін, көз ашқызбас ала боран, жайсыз қыс келді». Бұл романның ең соңғы сөйлемдері. Сурет те, ой да соншалық айшықты емес пе?
Ракушадағы жеңіс – халық рухының жеңісі. Халық бірлігінің жеңісі. Болмаса ақ казактардың қаруы мен жұмысшылардың қаруын салыстыруға келмейді. Махамбетше айтқанда, «азды көпке теңгерген». Бұл оқиғадағы қарапайым адамдардың айла-әрекеті мен туған жерлеріне, туған жердің байлығына деген сүйіспеншілік сезімдерінде автор жеткізіп баққан.
«Алаш» мәселесі де романда үлкен орын алған. Оның өкілдері Жанша, Халел Досмұхамедовтер бірді-екілі көрініп те қалады. Қожанов бейнесі де оқушы көңілін аударарлық.
Бұл жай аталмыш оқиғаның деректі және тарихи екендігін оқушыға хабардар еткендей. Асылы деректі оқиғаларды көркем шығарма бойына сіңіріп, оның шын көркем қиялдан туғандай етіп жіберуде жазушының нағыз шеберлігіне саяр жай.
Халық арасында «Жабайы» аталынып кеткен Пірәлі, Қарабас тағдыры да оқушының ойынан жуық арада ұмытыла қояр ма екен.
Жазушы Әнес Сараевтың айрықша шабытпен жазар дүниесі – теңіз… Теңіз бейнесін жырлау. Оның әр кезеңдегі әртүрлі сурет бедерлерін беру – жазушының іңкәр арманы, мәңгілік махаббаты дерсің… Бұл теңіз жағасында өскен, теңіз табиғатын бойына ана сүтімен бірге дарытқан жанда ғана болатын құпия сиқыр шығар. Мына бір сурет-теңеулерге назар салыңыз.
«Сүйріктей қара кеме толқынын толқынға орғып ай астына қарай сүмеңдеп келе жатты» (117-бет). «Толқын кенереден сығалап келіп, сығалап кетіп отырды» (197-бет).
«Арылдап-дарылдап асты-үстіне шыққан теңіз ақ көбікке малшынады. Қайық, кемелер секек дертіне шалдыққандай апталар бойы толқын жалында әткеншек ойнайды» (353-бет).
Әнес Сараев романы осындай әсерлі теңеулермен бірге, ойлы суреттерге де бай.
Бір қуанатынымыз – «абайламай» оқып қалған шығармамыздың бәрі «Еділ-Жайықтай» болса біздің әдебиетіміз тым шырғап кеткен дер едік. Әрине бәріне бірдей мұндай биіктік қайда?! Ал «Еділ-Жайықты» тауып, оған тоқталып отырғанымыз да қуанарлық іс.
Сөз соңында «Еділ-Жайықтың» Республикамыздың Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуының әбден лайықтылығы жайында ғана айтар едік. Қазан төңкерісі тұсындағы алып Каспий өңірінің сұрапыл тіршілігін бейнелеген бұл роман біз үшін ғана емес, келер ұрпаққа да кейде алыстап, кейде жақындап естіліп тұратын теңіз сарынындай әсер ете берері сөзсіз. Адамзат тарихындағы ұлы оқиғалар да алып теңіздер секілді. Өшуі де, өлуі де қиын. Оны өшіреміз, жоямыз деп жүргендердің өзі сан рет жаңарып кетері даусыз.
Ал сол теңізді… теңіздей тіршіліктің бір үзігін суреттеген «Еділ-Жайықтың» өміршеңдігіне оның көркемдік қуаты, шынайылығы дәлел.