Талғам – қанға тартады
17.11.2017
3313
0

Молдасан ШӘПИҰЛЫ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
әнші-сазгер


– Өзіңізді Жетісу жұрты ақын, ән­ші-сазгер ретінде жақсы таниды. Ке­зінде Дәнеш Рақышев сынды дүл­дүл әншінің көзін көрдіңіз. Сіздердің қатарластарыңыз сол кісінің әнде­рі­мен сусындады. Дә­неш Рақышев­тың сізге айтқан әң­гі­месінің же­лісі­мен «Мақпал-ау, Мақпал» атты дас­тан жаздыңыз. Әңгімені осы ту­ралы бастасақ.
– Дәнеш Рақышевтың әнін ал­ғаш Алматыда жүргенде радиодан естідім. 1966-67 жылдары болса ке­рек, радиодан бір әнші қыр­ғыз­дың «Ой, бұлбұл» әнін, Естайдың «Жай­қоңырын» шырқап жатыр екен. Дауысы Ғарифолла Құрман­ға­лиевқа да, Жүсіпбек Елебековке де ұқсамайды, өзінше ерекше, бұл қан­дай әнші болды екен деп таң­ғалдым. Кейінірек оның Дәнеш Ра­қышев екенін білдім. Сол күн­нен бастап Дәнеш Рақышевтың грам­пластинкаларын сатып алып күн сайын тыңдап, үйрене бастадым. Оған дейін Ғарифолла Құр­ман­ғалиевтің әндерін айтып жүре­тін­мін, енді стилім Дәнешке ауып кет­ті. Бұл Ғарифолла әндерін жақ­тыр­мағаннан емес, ыңғайы солай бол­ды. Ел ішіндегі салтанатты жиын­дар мен той-томалақта Дә­неш әндерін айтып жүрдім. Қай жы­лы екені есімді жоқ, Ұйғыр ау­да­нына Дәнеш Рақышев келе жа­тыр дегенді құлағым шалды, енді бір ұзынқұлақтан, Ұйғыр ауда­ны­ның ауылдарын араламай Нарын­қол­ға барады екен деген сөз жетті. Мұ­ны ести сала аудан орталығы Шон­жыға концерт бригадасымен тұ­рақтаған қонақүйге іздеп бардым. Келбетті, көзі дөп-дөңгелек, қою қара шашын артына қайырып қой­ған, орта бойлы адам екен. Бөл­месіне кіріп амандасып, жөнімді айт­тым. Дәнекеңнің даусының ерек­шелігі сондай, жәй сөйлегеннің өзін­де аузынан шыққан дыбыстар ән сияқты әсер етіп, адамды өзіне иі­ріп әкетеді.
– Атым Молдасан, сіздің әнде­ріңіз­ді үйреніп жүр ем, Өзіңізді әдейі іздеп Кетпен деген ауылдан кел­дім.
– Жақсы, кел жоғары шық, – деп төрге шығарды. Жөн сұрасып бі­раз әңгімелескен соң, «Ал қане, әнің­ді шырқа», – деді. Өзім қанша жыл­дан бері әндерін тыңдап, құр­мет­теп жүрген дауылпаз әншінің ал­дында ән айтуға қанша жүрек­сін­сем де, Дәкеңнің өзінің «Жер сұлуы – Жетісу» әнін орындадым. Одан соң «Саясында алманың» әнін айтып жатқанда, арғы бөл­ме­ден Дәнекеңмен бірге жүрген қыз-жі­гіттер шықты. Солардың бірі:
– Мен Дәнеш аға ән салып жа­тыр екен деп ойладым, – деп еді. Дә­некең:
– Жоқ, мен емес. Бұл ауылда да Ағаңдай әнші бар екен, – деді де, ма­ған қарап:
– Әндерімді орындап жүргені­ңе рах­мет. Әншілігің жақсы екен, ха­лық ішінде жастарға ән айтудың қыр-қыр сырын үйретіп жүр екен­сің, осы қалпыңды жалғай бергенің жөн болар. Менімен бірге жүр десем, бара қоймассың… Келесі жы­лы осы аймаққа тағы келемін, сол кез­де ауылдарыңа барамын, – де­ді.
Келесі жылы Дәнеш Рақышев ке­ле жатыр екен дегенді ести сала мұ­қият дайындалып, концерт бри­гадасымен үйге шақырдым. Көп­те­ген жақсы әндер айтылды, ән жай­лы көшелі әңгіме айтылған жақ­сы кеш болды. Сонда Дәкең Мұх­тар Әуезовпен жолыққан кезін айтып берді. Бұл туралы баспасөзде жа­рияланды, кітаптарға енді, оқыр­ман таныс деп ойлаймын. Осы кеште айтқан екінші әңгіме Дәнекеңнің жас күнінде басынан өткен қызық оқиға менің «Мақпал-ау, Мақпал» атты дастан жазуыма түрткі болды. «Мақпал-ау, Мақпал» Әсеттің атақты әні. Дәнекең осы әнді орындап болған соң «Мұндай жағ­дай жас күнімде менің де ба­сым­­нан өткен», – осы әнді айтқан сайын сол есіме түседі. Ол қыздың аты да бәлкім Мақпал болар?..», – деп күліп алып әңгімесін баяндады.
Алғаш ән айтып, өнерін елге та­ныстыра бастаған Дәнекең «Сай­рамкөлдегі» тойға жора-жол­дас­тарының жұмысы шығып қалған соң, жалғыз барыпты.
«Жастық-ай десеңші!.. Тойға жал­ғыз барғызғанының өзі қызық. «Талқының асуынан» асып Сай­рам­көлге іліге бергенде алдымнан денелі бір жігіт шықты. (Кейін біл­дім, аты – Додай, палуан жігіт екен).
– Жапанда жалғыз жортқан қай баласың? Қайдан келесің, бетке ал­ғаның қай жақ?
– Атым – Дәнеш, әкемнің аты – Рақыш. Осы ауылда той болады деген соң келіп едім.
– Сері жігіт тойға жалғыз келу­ші ме еді, домбыраң бар екен, әнші­сің-ау, сірә?
– Солай болса, солай шығар.
– Алдымен біздің үйге жүр. Егер менің сынымнан өтсең, тойға апа­рамын. Өтпесең, осы жерден ауы­лыңа шығарып саламын.
Үйіне бардық, салған әнім ұна­ған болуы керек, Додай палуан күн­дізгі тойдың біткенін, енді кеш­­кі тойға баратынымызды айтып, бағлан алдырып сойдырды. Уа, Дәриға-ай… Шіркін… Дүние-ай…», – деп тамсанып әнімді тың­дады. Кеш­ке тойға бардық. Осы аймақ­тың бір байы өзге ауылдың егде жас­тағы бай адамына қызын то­қал­дыққа беріп отыр екен. Ешкім біз­ді елей қоймады. Жастар отыр­ған үйге кіріп, босағаға таман жай­ғастық. Олар өзара өлең айтып, күй тартып арқа-жарқа. Бір кезде кезек маған келді. «Ал!.. Сыналар жерім осы шығар», – деп, «Қарагөз», «Аң­шының әні», «Мақпал-ау, Мақпал» әндерін бірінен соң бірін шырқай бердім, әр ән сайын олар мені төрге оздыра берді. Бір уақытта сырттан бір кісі бас сұғып «жаңағы ән айт­қан жігітті бай шақырады», – де­ді.
Бардық. Мені көрген өңшең ы­ғай мен сығай: «Мына жұдырық­тай неменің қай жерінен ән шы­ғады», – деп кекетті. «Бағана ән айт­қан шы­нымен осы ма?», «Тал­қы­ның жо­лын жөндеп жүрген біреу шы­ғар?», «Осындай тойға жалғыз келе ме, жоқ іздеп жүрген малшы болар бәлкім», – деп түйрегендер де болды. Мұндай кекесінді жарат­паған До­дай палуан:
– Байқап сөйлеңдер. Ол – ме­нің жиенім, елі – суан, – деп гүр ете тү­сіп еді, әлгі байлардың бар­лығы үндемей қалды.
«Ал қане, әніңді айт», – деп палуан орнына жайғасты. Бірінен соң бірін жалғап, аянбай шырқай бердім. Үй ішіндегілер сілтідей ты­нып, тыңдап отыр. Біраздан соң әлгі үй жер қозғалғандай теңселіп кетті. «Өй, мыналар қайтеді-ей…», – деген дауыс естілген жаққа жалт қар­а­сам, сырттағылар бірі – атпен, бірі – түйемен, бірі – жаяу үйге ентелеп: «Әншіні далаға шығарың­дар», – деп талап етіп тұр екен. Содан амал жоқ, сыртқа шықтық. Ән айтып отыр­ғанмен тыңдаушы­ларды кө­зім­мен шолып отырмын. Бір қара­сам, үкілі тақия киген жас қыз қы­мыз ұсынды, әлгінің екі көзінен жас сорғалап тұр. Анадай жерде қы­зыл көйлекті сұлу қыз көзін ме­нен алмайды. Түннің бір уағы бол­ғанда кетуге ыңғай танытып ем, төр­де отырған той иесі: «Дәнеш бү­гін кетпейді. Оған арнап үй тік­кіз­дім, қонақ болсын…», – деді. Мұ­ны естіген Додай палуан: «Мен сенің қасыңда қалмаймын, ертең келемін. Бұл елдің тентектері көп, сондықтан сақ болғайсың, жастық­тың буымен бір нәрсеге ұрынып қалма», – деп ескертті. Ұйқы жоқ. Түннің бір уағында көзім ілініп кеткен екен, есік сықырлап ашылып, біреу аяңдай басып кірді. Ақырын көзімді ашсам әйел адам:
– Дәнеш, далаға шық, Еркем сені күтіп тұр, түсіндіруге уақыт аз, екі ат дайын, мініңдер де кетіңдер, – деді.
Ессіз жастық десеңші… «Ол кім? Неге менімен кетеді? Жолда ұс­талып қалсам, күнім не болады?» – деген ой жоқ, атып тұрып да­лаға шықтым. Қыздың беті бүр­кеулі екен, уақыт аз деген соң атқа қарғып мінгенімде, жеңгесі:
– Талқының асуына ілінсеңдер, құтылғандарың. Ал, жолдарың бол­сын, – деп шығарып салды. Шауып келеміз, ақ көйлегі жел­бі­реп, үкілі қыз алдымда озып барады, құдды аққу ұшып бара жат­қандай. Біраз уақыт өткенде ал­­ды­мыздан бес-алты аттылы шыға келді. Алдымызды орап тұра қалған оларға әлгі қыз:
– Маған не істесеңдер де ерік­терің. Әншіні қоя беріңдер, – деді. Жылқышылар: «Қашқан қыздың тілін алатын біз кімбіз», – деп қар­қыл­дап күлісті. Арада біреуі: «Мы­на қыздың бетін ашыңдар ел намы­сын таптап, қаңғып жүрген ән­­ші­мен қашқан кім екен?», – дей бер­генде: «Ашпа!..» – деген өктем дауыс шықты. Жалт қарасам, Додай палуан тұр. Мені сыртымнан ба­қылап жүрген екен. Додайдан имен­ген жылқышылар үндемей қал­ды. «Ана албастыларыңды ал­саң­дар алып қалыңдар, Дәнешті жі­беріңдер. Таң атып ел тұрғанша екі ат өз орнында тұратын болсын, бірде-біреуің қыздың қашқанын көрдім деп тіс жарсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер», – деді де жылқышыларды таратып, қызды отауына апар деп бір жігітке тапсырды. Маған ызбарлы өңімен қадалып қарап:
– Айттым ғой, сақ болмадың ба… Барған жеріңе де болған жайды айтпа, мынаны ал да бар, – деп же­тегіндегі бір атты берді.
Бұл әңгімені айтқан кезде Дәнеш аға 60 жаста екен. «Осы күні сол оқиға туралы көп ойлаймын, жас күнімде аса мән бермеппін. Менімен бірге кеткісі келген қыз кім болды екен? Қазір бар ма екен, әлде сол күйі тоқалдыққа кетті ме екен, тірі болса менің әндерімді естіп жүрген шығар, оның да аты мүмкін Мақпал болар?», – деп «Мақпал-ау, Мақпал» әнін тағы шырқап қоя берді.


«…Молдасан, мұнша көп әнді айтуыңның өзі өнер ғой. Бұл тек ән қастерлеген зерек жанға ғана тән қасиет. Сенің даусыңдағы халықтық мәнер бізді ерекше таңдандыра түсті, мұндай қасиетті тоздырмай мәпелей түскен абзал».
Мұқаметжан Қаратаев,
академик, филология ғылымының докторы.
(«Алғысқа бөленгендер».
Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1977 ж.).


Иса Байзақовтың рөліне шақырылған кез.

– Дәнеш ағаның концерт бригадасына неге қосылмадыңыз?
– Негізгі мамандығым қазақ ті­лі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұ­ға­лімі. С.М.Киров атындағы Қа­зақ Мемлекеттік университетінің фи­лология факультетін бітірдім. Жақ­сы педагог боламын деп жүріп кү­шімді сол мамандыққа жұм­са­дым. Табиғаттың берген сыйы – өнерді жас, албырт шақта бағалай ал­маппын. Бүгін қолым жетпегенге ертең жетем деп бір «ертеңді» кү­тіппін. Жас күніме көз жүгіртіп, ар­тыма қайырылсам педагог бол­ға­ныма өкінбеймін, бірақ өнерлі ортадан алыстап кеткеніме қын­жыламын. Ән айтуға жасымнан әуес болдым. Студент шағымда 1966 жылы осы оқу орнындағы
М.Ба­лақаев басқарған топ құра­мында тәжірибе алмасу экскурсиясымен София университетіне бардық. Онда мен халық әні «Он алты қыз», «Молдабай», Әсеттің «Қаракөз», Н.Тілендиевтің «Алатау» әндерін айттым. «Молдабай» әні өте арынды ән, жас күнімнен осы әнді айт­қа­ным елге қатты ұнап, ауыл мен ау­дан жұрты мен Молдабай деп атап кеткен еді.
Софиядан келген соң шетелге барған студенттердің қатысуымен теледидарға бағдарлама түсірді, онда да «Молдабай» әнін айттым. Арада біраз күн өткен соң, мені із­деп бір жас келіншек келді, Әзір­бай­жан Мәмбетов жіберіпті.
– Әзірбайжан Мәдиұлы сізді әнеу­күні теледидардан көріпті. Сіз­ді киноға түсуге шақырады.
– Мен төселген актер емеспін ғой…
– Мен тек сізді шақырып келіп тұр­мын, арғы жағын өзіңіз біле­сіз.
Бардым. Әзірбайжан Мәмбетов кел­бетті, қызыл шырайлы, орта бой­лы жігіт екен, кейін мықты ре­жис­сер болды. Өзін таныстырған соң «И.Ановтың сценарийінің не­гізінде Иса Байзақов туралы «Ән қа­натында» атты фильмнің басты рө­ліне адам іздеп жүрмін. Сен ма­ған ұнадың, алдымен суретке тү­сі­ре­­міз одан ары қарай көреміз», – де­­ді. Өмірде әдемі адамдар кейде су­ретке жақсы түспей қалады екен, ал қарапайым адамдар суретке түс­кенде әдемі болып шығатын кө­рі­неді. Бірнеше күннен соң «Кастинг­тен өттіңіз, Сізді Әзірбайжан Мәм­­­­­бетов шақырып жатыр», – деп әл­гі келіншек тағы келді. Әзекең орыс­ша сөйлейді, киноны да орысша түсіреді. Орыс тілін біл­мей­ті­нім­­ді айтып ем, тіл білмеу кедергі ем­ес, сен рөлді ойнайсың, сөзін бас­­қа бір адам айтады деді. Менің қа­сымдағы серігім – Раиса Мұха­медья­рова түсірілімге жас нәрес­тесі­мен келеді. Оның ойнағанын көр­генде аузым ашылып қалады. Өзім Әзекеңнің айтқанын істей­мін. Түсіріп біткен соң, Әзекең: «Сен енді бара тұр, өзім бір хабар бе­ре­мін», – деді. Бір апта өткен соң қайта шақырып:
– Сен осы рөлді ойнайсың, тек са­ған қоятын шартым – универси­тет­ті таста, ол жерде не үшін оқып жүрсің? – деп сұрады.
– Өлең жазамын, ақын болғым келеді.
– Университетте оқымай-ақ ақын-жазушы болуға болады. Қа­зір дәрігерлер де жазушы, ак­тер­лердің арасында да жазып жүр­ген­дер бар. Мына киноны түсіріп болған соң, сені өзім ГИТИС-ке апа­­рып түсіремін, – деді де, ой­лануға бір апта уақыт берді.
Бұл әңгіме ауылдағы әке-ше­ше­мнің құлағына жетіп, оларды біреулер: «Ұлың жынның оқуына түсіп кететін болды, оны оқыса отбасында тұрақ болмайды, қаң­ғып кетеді», – деп шошытыпты. «Се­­нен тілегеніміз осы ма еді? Адам бола ма деп оқытып отыр едік», – деп ренжіді. Дос-жаран, жора-жолдас­тарым да құптамады. Ешкімді жаз­ғырғым келмейді, ол кезде маған басқа емес, өнер керек екенін достарым түгіл, өзім де анық білмеген секілдімін. Әзірбай­жан ағаға барып «Кешіріңіз, мен уни­вер­ситетті тастай алмайды екем», – деп ем, үнсіз ойланып отырды да: «Қап! Жарайды… Бірақ айтып қоя­йын, осы үшін кейін өкінесің», – деді. Кеттім…
Бір ай өткен соң, автобуста отырсам бір кәріс жігіт маған қайта-қайта қарап, соңында қасыма келіп, менімен сөйлескісі келетінін айтты. Ол да режиссер екен, маған мон­тердің рөлін бермекші екен. Мен оған актер бола алмайтынымды, бұдан бұрын да актерлікке ша­қыр­ғанын айттым. Сөйтіп, өнер жолына түсетін екі мүмкіндіктен құр қалдым.


“Мотан – өнер дарыған талантты жігіт. Қарғадай кезінен бастап, домбырамен ән шырқап келеді. Біз оны өзіміздің Дәнеш Рақышев дейміз”.
Құрман Қожахметов,
аудандық партия комитетінің хатшысы,
жазушы. («Жетісу» газеті, 1978 жыл, 15 наурыз).


– Әйгілі Жүсіпбек Елебеков­тің алдын көрген екенсіз?
– Ол кісімен ойда-жоқта жо­лық­­тым. Бір ұятты жерге тойға бару керек болғасын домбыра іздеп Жүсекеңнің класында оқитын ініме барып ем, Жүсекең қаталдау, өңі суық адам екен.
– Не жұмыспен жүрсің айта бер, – деді.
– Домбыра алуға келіп ем…
– Домбыра дейді?.. Оны қай­т­есің?
– Тойға барайын деп ем.
– Домбыра сенің той-томалаққа сүйреп жүретін ойыншық ағашың ба?.. Ол қасиетті нәрсе. Ініңнен ал­мақшы ма едің, бермейді. – де­ді.
Даусым күмілжіп шығып тұр, десе де домбыраны алуым керек. Бір кезде не айтарымды білмей:
– Аға, мен де ән салушы едім, – дедім. Жүзіндегі ашу сәл тарқа­ған­дай «Бер» деп ініме мойын бұр­ды да маған қарап: «Ал, айт!», – деді. Жүсекеңнің грам­пластин­касынан үйренген Естайдың «Жәйқоңырын» орындадым. Үлкен әншінің алдын­да ән айтқан оңай ма?.. Қара тер ба­сып кетті. Ән біткен соң, сәл жы­миып күлді де: «Жарайды, мына бала­ға домбыра беруге болады екен, бергін… Сен бала, мектепке кел­сеңші, келесің бе? – деді. Бұл жо­лы «жоқ» деп айтуға қорықтым. Ойланайын дедім. Бірақ қайтып бармадым. Сөйтіп, әншілік жолмен де қош­тастым. Актерлік кетті, ғы­лыми жұмыс қалды, әншіліктен де бас тарттым. Соңында Алматымен қош айтысып, ауылға мұғалімдікке кеттім.


«Шырағым Мотан, күміс көмей, бал таңдай әнші екенсің өнер жолындағы сапарың сәтті болсын».
Сырбай Мәуленов,ақын.
(«Жетісу» газеті.
1972 жыл, қараша).


– Ауылда мұғалім бола жүріп, ауыл мәдениетінің көркеюіне үлес қос­тыңыз… Кетпеннің ұл-қыздары дом­бырамен ән айтуды сізден үй­рен­ді десек қате болмас. Жетісу ән мек­те­бінің ерекшелігіне тоқталып өтсе­ңіз?
– Жетісудағы Кенен Әзірбаев­тан кейінгі ең үлкен мектеп – Дәнеш Рақышевтың мектебі десем, қате бо­ла қоймас. Ән мектептерінің ере­к­­шелігін сақтауда көңілім толмайтын бір дүние: Ғарифолланың класын бітірген бала, арада Дәнеш­тің де әндерін орындайды немесе Жетісу мектебінің өкілі Батыстың әндерін орындайды. Меніңше, бұл – үлкен қате. Әншілік стиль деген бар. Арқаның аңыраған керемет әндерін немесе қоңыр салқын жел­дей есіп тұрған Жетісу әндерін қан­­­ша әншімін десе де, Батыстың термешілері орындай алмайды, тек қаңқасын ғана айтады. Былайғы жұрт аса айыра қоймас, алайда әнді жақсы түсінетін адам ажырата ала­ды. Дәнеш Рақышев Батыстың ән­дерін орындамады. Өйткені, ол Батыстың әндерін дәл нақышына келтіріп орындай алмауы мүмкін. Дәнекең соны сезген шығар, әнді сыйлай білген адам үш стильді – үш мектепті (Сыр өңірінің жырау­лық мектебін қоспағанда) бір-бірімен араластымауы керек. Сонда ол нағыз әнші болады. Арқа әнде­рінің ерек­ше­лігі әннің соңғы жа­ғын баяулатып, құбылтып, көмей­менен қайы­­­рып, үйіріп айтатын жерлері бар. Соған көп әншінің шамасы келмей көмейменен қайырмай, ашық дауыспен айтып шығады. Ал Дәнештің ерекшелігі, оның диапазоны өте кең. Белгілі әнші Жақ­сы­лық Мыр­қаев есте­лігінде Дә­кең­­нің «Ғалия» әніне арнап жоғары бұралған домбырамен «Аңшының әнін» құлағын босатпа­ған күйі ай­тып шыққаны айтылады. «Қалай болар екен» деп уайымдаған Жақ­сы­лық Дәкеңнен: «Әннің соңын қа­лай шығардыңыз», – деп сұраған көрінеді. Сонда әнші ағамыз: «Дауыс­ты көмекейден әрі қарай кеңір­декке түсіріп жібердім», – деп айтыпты.


«Молдасанның ақындығы өзінше қыры, жыр жинақтарын шығарды. Әуесқой композитор».

Батық Мәжитұлы,
ақын, «Мұқағали» журналының Бас редакторы.
(«Мұқағали» журналы. 2010 жыл).


– Сәдіқожа Мошанұлының «Сары бидайын» ел ішіне танытқан өзіңіз. Оның алғаш халық әні ре­тінде танылуына не себеп?
– Сәдіқожа Мошанұлы ертеректе өмір сүрген кісі. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы профессор Құныпия Алпысбайұлы жақсы біледі. «Қазақ әндері» жина­ғына Сәдіқожаның бірнеше әні енген, оның ішінде «Сары бидай» да бар. Сәдіқожаның Қуанияз есімді туыс інісі болған. Ауылдағы бір жиын-тойда ән айтып, арқа-жарқа боп отырған жігіттерге, мы­на­дай бір ән бар деп «Сары бидай­дың» әуенін ыңылдап айтып берді. Әлгі иірім ұзақ уақыт құлағымда жүрді. Арада біраз уақыт өткенде әлгі иірімді толық айтып көрсем әдемі ән. Әнді айтып отырып, әнге қайырма қостым. «Есіктің алды қарағай, қалқаның мөлдір жанары-ай, Қалқатай еске түскенде жүрегім от боп, жүрегім шоқ боп жанады-ай»… Әнді осылай толықтырған соң Құныпия Алпыс­байұлы екеуміз Рымғали Нұрға­лиев­­тың үйіне бардық. «Сары бидайды» тыңдаған соң «Па, шіркін! Мына ән Жетісудің майда самалындай есіп тұр екен. Бірақ Молдасан, мына «от боп, шоқ боп» де­ге­нің­ді қой», – деді. Қайырманы «Есік­тің алды тал-қайың, басыңда тұрмас жаз дайым. Қалқатай еске түскенде, сағынып сонда «Сары би­дай» әні салғаным», – деп өңде­дім. Жетісуға танымал әнші, біздің ауыл­дың баласы – Жақсылық Мыр­­қаев Дәнештің концерт бригадасына қосылып жүр екен дегенді естіп Жақсылыққа үйреттім. Оған «Са­ры бидайды» халық әні деп айт де­дім. Ондағы ойым халықтың ықы­ла­сын байқап көрмек едім. «Са­ры бидай» осылайша ел ішін бір ара­­лап келді. Халыққа ұнады, жыл­­дам тарала бастады. Мұны ха­лық әні дегеніміз болмас, өйткені бұл әннің түп-тамыры Сәдіқожанікі ғой. Сөйтіп, екінші айналымда «Са­ры бидай» Сәдіқожаның әні боп тарады.


«…Шынында да тыңдаушысын әсем әнмен таңдандырған Молдасан – өзіндік тал бойына тән ерекше мәнері бар әнші. Әсіресе, ән ырғағын нақыштап, оны сұлу үнмен мың құбылта айтуы жас әнші бойындағы өзгеше қасиеттің бірі».
Ғалым Тыныбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы.
(«Алғысқа бөленгендер». Алматы: «Қазақстан баспасы», 1977 ж.).


– Бұл әнді әр аймақтың тұр­ғын­дары өз ауылының етегінде жазыл­ған деп топшылайды…
– Атын атамай- ақ қояйын бел­гілі бір әнші қыз біраз уақыт «Қазығұрттың етегінде» деп айтып жүрді. Бір күні бір адам хабарласып, «Сәдіқожа деген Оңтүстікте, Қызылорда өңірінде қойылатын есім, «қожа»-лардың барлығы сол жақта. Сен бұл әнге қалай ие бола­сың?», – дейді. Сонда мен оған «Үл­кен болсаң аға, кіші болсаң іні егер сізге «қожа» керек болса, Кетпен ауылының бір көшесінен бес-алты «қожа» тауып берейін. Сәлім­қожа, Иманқожа, Әлімқожа, керек десеңіз, Қожа деген ат бар», – дедім. Сөйтіп, бұл әнге таласушылар табылды, сол себепті де ашығын ай­­тып, нүкте қоймасақ болмады. Ән­ші Ақан Әбдуәлі жүргізген «Қа­зақ­тың 100 әні» хабарында Ақан менен «Бұл ән сіздікі ме?» деп сұ­ра­ған еді. « Әр нәрсенің түбі, тамыры бар. Түбі мықты болғанда ғана кез келген дүние мығым болады. Мен ол әнді өңдеп, құлпыртып ел­ге таныттым. Менің еңбегім сол», – деп едім, барлығы қол соқ­ты.
Қазақтың бұрынғы сал-серілері бірінің әнін екіншісі ауысып та айта берген. Кем кетігін түзеп айтқан, алайда «мен түзеп едім» демеген. Алғашқы автор әннің иесі болып қалған. Бұл әншілік өнердегі ежелден келе жатқан дәстүр, ұрпақ сабақтастығы.
– «Сары бидай» әнін сөз еткенде сіздің сазгерлік қабілетіңіздің бар екені байқалады.
– Дұрыс болжам. Оншақты әнім бар. Өткен жылы қазақ радиосынан үш-төрт әнімді орындадым. Қазіргі заманда асыл кездікті қозғамаса қап түбінде жата береді. (Күліп алды).
– Бір сөзіңізде әннің кей сөздері дұрыс айтылмай жүр деп едіңіз…
– Ол рас. Мұны қашан айтсам екен деп жүр ем, бүгін орайы келген екен. «Бұлт арылмай қойды ғой бастан бір күн, сенсіз жалған секіл­ді өмір шіркін» дейді. Бұл қате, дұрысы – «Өмір сылқым». Одан ке­йін «Сағындым, қалқам, дау­сыңды-ай» дейді, дұрысы «Сағын­дым, сәулем, ауылыңды-ай». Қайырмасындағы: «Жүрегім от боп, шүрегім шоқ боп жанады-ай», – деген нұсқасын айтпаған жөн.
– Әншілік, ақындық өнер жа­рат­қанның адамзатқа берген ерекше дарыны. Бауырларыңыздың барлы­ғы да өнерлі деп естідік.
– Иә, солай екені солай. Үлкен ағам – Молдеке жасынан өлең шығарып ауыл арасында ақын боп танылды. 17 жасында дүние салған әпкем – Дәкен 14 жасынан бастап айтысқа түскен екен. Айтыс тың­дау­ға ел жиналғанда әпкемнің кі­шілігі білінбесін деп екі жастық қойып соның үстіне отырғызатын көрінеді, ел ол кісіні «Албанның Ақ тұйғыны» деп атап кеткен. Ақ тұй­­ғын әпкемнің өлеңінен алын­ған. Қызайдың атақты ақындары, Жұмағұл, Жұмағазы (Жұмаш) дегендермен айтысып оларды жеңіп шыққан. Тоқтияр деген ақынмен айтысы да ел есінде қалыпты. Бір жылы әпкем екеумізге қызыл қатар шығып ауырыппыз. Сол кезде әп­кем шошып оянып шешемізге: «Ұйықтап кетсем, Ақ тұйғын құс ке­ліп: «Ұйықтап жатырсың ба? Інің басын көтерген күні сен мәңгі ұйықтайсың. Осы кеткеннен әке-шешеңнің туған жеріне барамын, қайтып бұл жаққа келмеймін. Тү­бегейлі жоғалып кетпеймін аға-інілеріңнің арасында жүремін. Бір кездері сен қайта тірілесің, халық сенің жырларың­ның барлығын қайта оқитын болады деп дүр сілкініп түндіктен шы­­ғып ұшып кетті», – деп көрген түсін айтыпты. Ақ тұйғын – өнер ғой. Оның арамызда жүргені аға­ла­рым да мен де өлең жазудан еш айныған емеспіз. Шәкен Шәпиев ағам кезінде Еркін Ібітановпен, Надежда Лушниковамен айтысқан. Оның лирикалық өлеңдері де бар. Үлкен ағам да өз замандастарымен көп айтысқан еді, бірақ оларды таба алмадық, дегенмен үшеуінің өлеңдері мен толғауларын жинап «Жыр қойна­уы» атты жинағын шығар­дым. Әп­кем жайлы «Жалын ғұмыр» ат­ты көркем-драмалық дастан жаздым.
– Сіздің жас күніңізде әннің бар­лығы домбырамен айтылатын еді. Қазір домбырамен айтылатын әнді дәстүрлі ән деп жеке атап жүрміз. Жастардың дәстүрлі әнге де­ген көзқарасына көңіліңіз тола ма?
– Кейінгі уақытта халық әнде­рін жаңаша өңдеумен жақсы орындап жүрген қыз-жігіттер бар. Бұлар тыңдаушысын тек әнмен ғана емес, киім, түр-келбет, сән-салтанаты­мен үйіріп әкетуге тырысады. Дәу­ір талабы – сондай. Баяғы әншілер сахнаға шығып ақ тер, қара тер болып ән айтқан. Бір әнді айтып болса, халық екіншісін сұрап сахнадан терлеп-тепшіп түсетін. Қа­зір­гілер олай қиналмайды, өйткені өздері айтпайды. Әннің түрі кө­бейген сайын тыңдаушының да түрі көп. Барлық салада болатын құбылыс секілді өнердің де еліктеу дәуірі болады. Өнердегі еліктеу дәуірі өтіп бара жатқан тәрізді. Кейін­гі жылдары дәстүрлі әнді тың­­даушылар көбейді. Қанша дегенмен, өте қасиетті нәрсе, адам қанша тың­дамайын десе де, халық әні әр қа­зақты өзіне тартады. Әри­не, үл­кен адамдардың көзіне оғаш кө­ріне­тін еліктеу кезеңінің әдеттері бар. Бірақ, қалай дегенмен де халық бірте-бірте ұлттық тамыр соғысына оралады. Талғам қанша өз­гер­гені­мен, қанға тартпай қой­май­ды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір