Болмысымды қайтар, Құдай, өзіме!!!
17.11.2017
2809
0

Бауыржан Халиолла


Басы-аяғы
жоқ күзгі өлең
(Күзді қойшы, суығына шыдармын,
Сені қайтем? Сенсіз мұңлы, сыңармын.
Мүмкін әлі жазылмаған жырымсың,
Мүлде тіпті жаза алмайтын шығармын…).

Өзеуресем өршіл едім бірбеткей,
Өрге сүйрер алапат күш жүр жетпей.
Өмір болса өтіп жатыр сүреңсіз,
Өңі қашқан сапасы жоқ суреттей.

Қаңғып-қаңғып қалған жандай далада,
Сандырақ-ой сабылады санада.
Ақыл айтар аға бола алмадық,
Іні болып жарытпадық ағаға.

Қайда сонау балалық кез, тәтті шақ?
Ерте есейдік, елсіз жерге ат тұсап.
Пеш түбінде жата бергім келеді,
Көп жасаған көнбіс мінез қарт құсап.

Шын секілді көрген бейне түсімде,
Айналдым ба қыштан салған мүсінге.
…Тұманды күз, дымқыл ауа, жынды жел,
Алай-дүлей жын соғады ішімде…

Алматыға оралу
Жолдады дала бір күй,
О, Таулар, бағың үстем.
Алматым, саған ылғи,
Келемін сағынышпен.

Тал-қайың қалқам болып,
Тарқатар басқа мұңды.
Аңсаппын аңқам кеуіп,
Көңілшек аспаныңды.

«Көктемнің» жан-жағында,
Самал жел суды қуып.
Казгудің бау-бағында,
Қиялым жүр қыдырып.

Бас алаң толғанардай,
Батпан ой көп дегендей.
Ештеңе болмағандай,
Ешкім қан төкпегендей…

Шыңысың тілегімнің,
Жанымды жасқамашы.
Сен менің жүрегімнің,
Боп қалдың Астанасы.

Шерленсе жүрек қатаяр
Жындандым ба тылсым күш тыстан арбап.
Зіркілдеймін, бақсыдай қысқан аруақ.
Зығырданды қайнатты-ау құрымағырлар,
Қасқыр алар шағында тышқан аулап.

Ей дүние, қылығы тамсандырған,
Әділдігің осы ма жар салдырған.
Біреу үшін далақтап жүгіргенім,
Иттік болып шығады қарсы алдымнан.

Таба алмадым осының бір амалын,
Қашан қамсыз қасқайып жүре аламын.
Ор қояндай жолымды орағытқан,
Болар бәлкім бұл менің күнәларым.

Ойлап тұрсам ой мұздақ, көңіл суық,
Сабап біреу кеткендей өлімші қып.
Өзгелерге жалбақтап жүргенімде,
Өзім үшін көрмеппін өмір сүріп.

Әдетім бар таң ата талмаусырар,
Адам кейпім, ал бірақ алдамшы хәл.
Қой, жүрегім, сабыр ет… түкпіріңде,
Шүкірліктің бір табы қалған шығар…

Лағыл-мұң
Асық атқан екі иығы салбырап,
Бала едім ғой жағадағы бал құрақ.
Өмір, мені ерте неге есейттің,
Келіп еді сол қалпымда қалғым-ақ.
Жел соқса да селк етпеймін міне енді,
Жемге тойған көгершіндей маужырап.
Көөөп оқылған көне кітап секілді,
Әрбір жерден жыртылатын саудырап.
Пеш түбінде жата бергім келеді,
Жаным бағып, жаман тоным жалбырап.

Көше кезсем қайта келем бүрсеңдеп,
Қорғансызбын, бұл сөзіме кім сенбек.
Тас төбемнен шүйлігердей біреулер,
«Осыны бір осал тұстан ілсем» деп.
Өзіме өзім серт беретін кезім бар,
Құрысын бәрі, тынышырақ жүрсем деп,
Тыныш жүрсең талап жейді жан-жақтан,
Ойын десем, сойылдарын шын сермеп.
Өстіп-өстіп өлеңдетіп жүргенде,
Сынасың-ау тағдыр деген қу шөлмек.

Баяғы пәк, мөлдір шақты сағындым,
Достарымды, сырын ұққан жанымның.
Алматыға тартып кеткім келеді,
Арасымен астаң-кестең жауынның.
Жібермеді бір құдірет әйтеуір,
Жіпсіз неге Жайығыма таңылдым.
Делқұлыдай дел-сал бола беремін,
Жанарымнан ыршып құлап лағыл-мұң.
…Қой …Қой …жайлап сілкінейін оянып,
Ұйқым шығар бұл – алдында дауылдың!

Мейірбек Сұлтанханға лебіз
Өкінсең де кей кезегің кейін кеп,
Оны ұғатын оспадарда зейін жоқ.
Ағалайсың, жағалайсың аңқылдап,
Мейірімге тұнып тұрған Мейірбек.

Буырқансаң бұта шайнар бурасың,
Жасандылық саған торын құрмасын.
Сатқын жандар жайлап кеткен заманда,
Сата алмайсың ұятты боп туғасын.

Күн кешерміз әлдекіммен арбасып,
Біздерге, дос, таңғажайып таң ғашық.
Тамырымыз бүлкілдейді бір жерден,
Жүрегіміз жатырғандай жалғасып.

Сен көңілге өле өлгенше бол жақын,
Кездеспейді өмір деген жолда кім?
Сені іздеймін түңілгенде өмірден,
Сен секілді соңғы қазақ, соңғы ақын…

Таңғы толғаныс
Алақанына уыстап салар у тұнған,
Сүрініп кетсең тебе салуға ұмтылған.
Сақташы Құдай ниеті арам сатқыннан,
Көзіңе күліп, күл шашып кетер сыртыңнан.

Аңқылдап жүріп жығылып жанның жалауы,
Қалғанда «достар» қанжарын оқыс қадады.
Сосын да жалғыз ешкімге сенбей келемін,
Соғыстан қайтқан майдангер
құсап жаралы.

Кездерім де бар дүнияны мынау «шайқаған»
Теңіздей тулап, басылып кейін жай табам.
Оңаша қалып өзімді өзім қайраймын,
Еркектігімді есіме салып қайтадан.

Өзеурей берсең өмір сүргің кеп құлшынып,
Қаласың жұпар ауасы жетпей тұншығып.
Таусылмайтұғын айқасы менен шайқасы,
Осыныңмен де қызықсың қайран Тіршілік!

Елге тағзым
Сәл жындылық көре қалсаң дәл менен,
Бала деме хабары жоқ әрнеден.
Шабыт буы шыдатпады кейуақыт,
Сиқырлады өлең деген сәулемен.

Қия бассам анда-санда оң-солға,
Қияли ой алды талай қоршауға.
Туған елім, мінезімді көтердің,
Тулап жүрген қанша тентек болсам да.

Алда мүмкін асуларға жетпегім,
Алдарқатар жасыл желек-көктемім.
Елім мені еркелеттің құшаққа ап,
Содан кейде шектен шығып кеткенім.

Шың басында секілденіп қыран құс,
Әлі бойда асып-тасып жүр-ау күш.
Әрпіл-тәрпіл жүрісіме үйренген,
Әрқайсыңа, ағайын-жұрт, мың алғыс!

Өзімді өзім іздеймін
Ию-қию тіршілікте қас-қағым,
Бұлт торлайды мінезімнің аспанын.
Өзгеріппін өзімді өзім алдаумен,
Көңіліне жағу үшін басқаның.

Қамсыз ғана қайда лағып барамын,
Жалынынан ажыраған жанарым.
Жылы-жылы сөйлегенге мәз болып,
Жылан сынды жылмаң ете қаламын.

Досым қайсы, қасым қайсы?
Білмедім,
Өзіме жат өп-өтірік күлгенім.
Бұдан гөрі шынайы еді, жақсы еді,
Алқам-салқам «ақын» болып жүргенім.

Үйреніппін жұртты өтірік мақтауға,
Ілесіппін әлдекімді даттауға.
Оңашада алақ-жұлақ етемін,
Қасқыр құсап қан қақсаған қақпанда.

Кіммін, немін, қайда, неге құмармын?
Арасынан қашан шығам тұманның.
Қарағанда танымай қап өзімді,
Айнаны да сындыратын шығармын.

Алыстан от шалынады көзіме,
Қайсың барсың құлақ түрер сөзіме.
Қажып біттім жасандылық елінен,
Болмысымды қайтар, Құдай, өзіме!

Меншіктеу
Сен менің жүрегімсің кеудемдегі,
Өзіңе өзге бір жан тең келмеді.
Дертімнен үнің ғана айықтырар,
Басқалай мүмкін емес емдеу мені.

Сен менің жанарымсың жарқылдаған,
Сен үшін еш майданнан тартынбағам.
Арнаймын ғұмырымды жолыңызға,
Байлыққа бас ауыртпай алтындаған.

Сен менің тарпаң мінез тағдырымсың,
Сан қилы зарықтырған зар, мұңымсың.
Тынысым тарылғанда ауа қармап,
Қыста да жұпар шашқан жан гүлімсің.

Сен мені кінәлама,
өтінемін,
Қолымды кеш сермедім, өкінемін.
Көз жасын көл қылады сая таппай,
Көңілшек сезім деген жетімегім…

Бәрі де Сен үшін…
Күйік шалып өртенген көкірегім,
Күңіреніп, таба алмай отыр емін.
Сен нәзіксің, жараспас жасандылық,
Тым қатігез болмашы, өтінемін.

Күндіз ойдан, кетпедің түнде түстен,
Махаббаттың дертінен кім жетіскен?
Жынды адамша ішімнен күбірлеймін,
Ұзаааақ қарап, суретке бірге түскен.

Сені көріп қауыштым бал шағыммен,
Жолыққандай сағынған аңсарыммен.
Жанарыңнан жас болып үзілейн,
Сүртші, ботам, сүйріктей саусағыңмен.

Бәлкім сенсіз бүр жарып, гүлденбеймін,
Гүлденбеймін көктемде, түрленбеймін.
Сен Мен үшін өмірге келгендейсің,
Мен Сен үшін жер басып жүргендеймін!

Жүректегі жарақат
Бұрынғыдай ашылмайды сырымыз,
Шашылмайды жаймашуақ жырымыз.
Күннен күнге салқын тартты арамыз,
Бүгін міне көөөөп пенденің біріміз.

Зіл батпан ой басса дағы еңсені,
Жоқ деуші едім шын достықтың өлшемі.
Сендей адам болмағандай өмірде,
Енді бүгін танымаймын мен сені.

Қазанаттай қазығына байланған,
Талай түнге ұйқы беріп, қайғы алғам.
Екі аяқты адамдардың иттігі,
Асар кейде төрт аяқты хайуаннан.

Е-е, жарайды…өкпелесін кім кімге,
Періште боп ғұмыр кешу мүмкін бе?
Өзім ғана шипа тауып емдермін,
Жүректегі жарақат пен дүмпуге.

Өрмекшідей, жүрер жолға тор құрған,
Сен көрінсең жүрісімнен болдырғам.
Барлығын да кешірермін өмірде,
Сенің ғана сорлылығың – қор қылған!

Түскі толғаныс…
Күз келгенде шуақ шашып Күн шықты,
Сен шығарсың.
Көңілімде жайнап қайта гүл шықты,
Сен шығарсың.

Сиқырлы әуен әлдилейді сезімді,
Сен шығарсың.
Бір ақ шуақ аймалайды көзімді,
Сен шығарсың.

Сұлу күлкі сыңғырлайды керемет,
Сен шығарсың.
Таңғы шұғыла шашырады себелеп,
Сен шығарсың.

Болашақтан қолын созды бір бақыт,
Сен шығарсың.
Сол бақытқа Өзін жүрген ұрлатып,
Сен шығарсың.

Осылардың барлығына құмартқан,
Жүрекке жүк, жанарына мұң артқан,
Мен шығармын!

Беймаза бұлттар төнгенде
Тағдыр кейде төбемнен бұлт аунатып,
Жарысады желменен тұлпар-уақыт.
Аңқылдаппын, әркімге жалпылдаппын,
Алаңғасар көңілді сылтауратып.

Ішім жылап тұрса да сыртым күліп,
Кімнен күттім бейуақта біртүрлі үміт.
Ұзаааақ түнге ұйқысыз есеп берем,
Сабан басқан санамды сілкіндіріп.

Жақынымды не жаздым жау қыларға,
Аз болды ма жүргенім мәңгі дауда.
Оянуым керек қой бақытты боп,
Қабағымды мұң басып қалғығанда.

Басқан қадам алдағы дұрыстық па,
Кім суықта қалады, кім ыстықта?
Ей, дүние, бір мезет мүмкіндік бер,
Түбі аларсың тұңғиық тыныштыққа…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір