Латынға көшу – сананы жаңғырту
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын ел зиялылары, өнер және мәдениет ошақтарының ұжымы бірауыздан қолдауда.
Осы жылдың басында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңыздағы руханияттың санасы мен мінезін өзгерту керек деген сөздеріңіз қалың бұқараны жігерлендірді. Біз Сіздің бұл қадамыңызды еліңізге, халқыңызға деген сүйіспеншілігіңізден туындаған күрескерлік, жанашырлық, намысшылдығыңыз деп білеміз. Заманына қарай жылдам қарқынмен қарыштап бара жатқан жаһандық заманға өзіміздің төл тарихымыз бен этномәдениетімізбен, дінімізді, тілімізді сақтай отырып, ерекшеленіп ену біздің халқымызға зор қуат пен жігерлі күш береді.
«2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Сондықтан 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек» деген сөзіңіз бүкіл зиялы қауымның көптен күткен қуанышы еді.
Себебі, біздің сананы жаңғыртудағы рухани даму, өркендеу жолымыз осы қазақ тілінің жаңа әліпбиінен бастау алғалы тұр. Осы орайда, зиялы қауым өкілдері де тілге қатысты өз ойларымызды білдіреміз. Латын қарпі өзіңіз айтқандай, бізге таңсық емес, бұрындары да Қазақ елі осы қаріп түрін қолданған болатын. Алғашқы төте жазуынан кейінгі қарпіміз. Мұрағаттардағы небір аудармаларымыз осы тілде десек те болады. Сонымен бірге, нәубет жылдары дүниеге тарыдай шашылып кеткен қазақ жұртының тілі мен әдебиетінің табысар жолы – осы әліпби алаңы болмақ.
Осы 25 жылдан астам уақытта тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктерінің барлығы Елбасын үнемі қолдайтын халқының жеңісі.
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Несіпбек Айтұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Ұлықбек Есдәулет, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Әлібек Асқаров, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.