Ел есіндегі есім
Жазушы Асан Жұмаділдин көбіне ауыл өмірін жазып, өз кейіпкерлерінің арасында тірлік кешкен қаламгер. Жаңаарқа жерінен, Атасу кентінен ұзап шықпай-ақ өндіріс, кеніш, алып құрылыс, ғылым туралы жазған шығармалары да бір төбе. Бертінде заман өзгеріп, заң жаңарған шақта, өтпелі уақытта, қоғам түлеген кезеңде қиюы қашқан сәйкессіздіктер көп кездесіп, сол қиындықтарды бұл кісі де бір адамдай бастан кешірді…
Болашақ жазушының «Жаңаарқа» деген тұңғыш өлеңі 1946 жылы «Советтік Қарағанды» газетіне басылады. Саналы ғұмырының көп бөлігін оқу-ағарту ісіне арнаған Аскең 1948 жылы Қарағандының мұғалімдер институтына түсіп, оның тіл-әдебиет факультетін 1950 жылы айырықша дипломмен бітіреді. Сол жылы Жаңаарқа аудандық оқу бөліміне мектеп инспекторы болып орналасады. 1951 жылы Атасу ұжымшарының Ақтүбек бөлімшесінен ашылған жеті жылдық мектептің тұңғыш директоры болады. Осы жылдары А.Жұмаділдиннің өлең, әңгіме, очерктері облыстық, аудандық газеттерде жиі жарияланып тұрады. 1953 жылы Жаңаарқа стансасында тұңғыш ашылған Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінің директоры болып тағайындалады. 1960-64 жылдар аралығында аудандық газетте бөлім меңгерушісі болған ол оқу бөліміне қайыра ауысып, мектеп инспекторы болып 1973 жылға дейін істеген. Одан кейін «Жаңаарқа» газетінің редакциясына ауысып, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Өмірінің соңына дейін әдеби-этнографиялық «Өмір» журналының бас редакторы болды.
«Өмір» журналы – Жаңаарқадан 1992 жылдан бастап шыққан әдеби-этнографиялық басылым. Журналдың негізгі мақсаты – Жаңаарқа топырағында бұрын-соңды өмір сүрген әйгілі адамдардың, ата-бабалардың өмір жолынан бұған дейін беймәлім болып келген мағлұматтар беру, осы өңірде өмір сүрген ақын-жазушылардың шығармаларын, ел аузында сақталып келе жатқан ескі аңыз-әңгімелерді, өлең-жырларды жариялау, елдің тарихы мен тұрмыс салтына, этнографиясына байланысты қызықты деректер ұсыну, сондай-ақ жаңаарқалық оқырмандарды Қазақстанның әр шалғайындағы әдеби, мәдени өмір жайындағы дүниелермен таныстыру, республикаға танымал ғалымдардың, қаламгерлердің түрлі сипаттағы ғылыми-танымдық зерттеулерін, мақалаларын жариялап отыру. Көлемі 7 баспа табақ журналдың бірінші нөмірінің таралымы 25 мың дана болды. Өйтетін жөні де бар. Құрылтайшылары мықты: халық депутаттары Жаңаарқа аудандық Кеңесі, Қарағанды металлургия комбинаты, Жәйрем кен байыту комбинаты. Басылымның алғашқы нөмірінде сол әлді құрылтайшылар, дилы демеушілер «Өткенімізді танып, келешектің кезеңінен асайық» деп (Секен Әбішұлы, Жаңаарқа аудандық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы), «Біліктілік биікке бастайды» деп (Нұрша Кәкенов, Жәйрем кен байыту комбинатының директоры), «Сапар сәтті болғай» деп (Қалқаман Бошаев, Қарағанды металлургия комбинатының бас бухгалтері) лебіз білдірген.
Аскеңнің туындылары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттеріне, «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Халық мұғалімі» журналдарына басылып тұрған. Кеңес милициясы туралы шығармалар бойынша тұңғыш жарияланған республикалық әдеби конкурста «Тергеу аяқталған жоқ» повесі екінші жүлделі орынды иеленді.
А.Жұмаділдиннің жүзге жуық әңгімесі, екі жүзге тарта очеркі, отыздан аса сын-рецензиясы газет-журналдарда жарық көрді. Оннан аса повесть-хикаясының әрқайсысы жеке-жеке кітап болып шықты, олардың қатарында «Келіншек», «Сең бұзылғанда», «Қайырлы сапар», «Құт құбыры», «Жұмысшы әулеті», «Байдалы би», «Битабар балуан», «Инемен қазған құдық» деген туындылары бар. «Жанжал», «Шаққан қажы» повестері, «Біз келгенше», «Белестер бедері» романдары баспалардан жарық көрген. Осы туындылары Аскеңнің ерен ізденімпаздығын көрсетеді, ел мұрасын көнекөз қариялардан жинастырып, Жаңаарқаның ауызша тарихын зерттеп, жаяулап, атпен, мәшинемен жүріп, іс-сапарлары мен демалысын пайдаланып, аталған еңбектерінде зерделеп, оқырман қауымға жеткізе білді.
Аскеңнің 2003 жылы «Кенже-Пресс-Медиа» баспасынан жарық көрген көлемді дерекнама кітабын белгілі ғалым-жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлы «Қалай болғанда, салынып жатқан тарих сарайының қабырғасына өз сәнімен, өз мәнімен қаланар сапалы бір кірпіштің өмірге келгені шындық» деп жоғары бағалады. Филология ғылымдарының докторы Балтабай Әбдіғазиұлы былай деп жазады: «Қолына қалам ұстаған кез келген жанның өмірлік нысанасына, қаламгерлік мұратына баларлық бұл еңбек елге деген махаббаттың, туған топыраққа деген перзенттік сүйіспеншіліктің символы деуге тұрарлық».
Бұдан кейін жаңа деректермен толықтырылып, 2009 жылы ұсынылған екінші басылым – «Жаңаарқа» энциклопедиясы марқұм Асан Жұмаділдиннің Жаңаарқа ауданының 80 жылдық мерейтойына қосқан зор үлесі деп санауға әбден болады. Бұл шығарма тек қана жаңаарқалықтардың ғана емес, барлық республика оқырмандарының сүйіп оқитын кітабына айналғаны анық. Алдағы уақытта осы кітаптың үшінші басылымы 3 том болып шыққалы отыр. Онда дерекнамамен қоса Кенесары хан бастаған Ұлт азаттық көтерілісі, соның ішінде Ақтау бекінісі туралы тың деректермен өрілген «Оралған» тарихи романы мен бұрын жарық көрмеген шығармалары жарияланбақ.
Аскең азамат ретінде көпшілікке сыйлы, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты елгезек жан еді. Әкеммен аудандық газет редакциясында бірге қызмет атқарды, немере ағам ақын Мақсұт Байсейітовпен досжар қарым-қатынаста болды.
Марқұм қазақ тарихының ақтаңдақтары мен айтақырларына рухани нәр жинақтала бастағанына балаша қуанатын. Жазушы Асан Жұмаділдиннің жарқын бейнесі оны білген адамдардың жүрегінде, мыңдаған оқырмандарының жадында ұзақ сақталатыны кәміл.
Сәбит БЕКСЕЙІТ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.