Жолсейіт бағы
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бірлік деген оймақтай ғана қазақи ауыл – сайдың қуысында, томаға-тұйық, елеусіз жатқан елді мекен. Сол ауылдың кіреберіс көшелеріне жас көшет отырғызып, оны күтіп, баптап, мәуелі баққа айналдырған Жолсейіт Есбаев жайлы сөз қозғай қалса, ауыл тұрғындары оның алақандай ауылды үлкен мәдениет ошағына айналдырған тұлғалық келбетін, үлкен-кішіге үлгі болған ұстаздық тәлімін, тылсым табиғатпен тілдескен бағбандығын ілтипатпен ауызға алар еді. Ол табан ет, маңдай терін сіңіріп, «Жолсейіт бағы» атандырып кеткен аядай бақ та, Ж.Есбаевтың өзі де бұл өңірге ерекше қадірлі, құрметті.
Әңгімені арыдан тарқатар болсақ, Жолсейттің әкесі Есбай ақсақал өз заманында Жамбыл ауданы өңірінде беделді адамдардың бірі болған екен. Баянай еліндегі Төңірекқұршын (қазіргі Саурық батыр) ауылының кез келген мәселесі Есбайдың төрелігінсіз шешілмейтін көрінеді. 1920-30 жылдардағы «асыра сілтеушіліктің» бұл өңірді айналып өтуі, 1931-32 жылдардағы ашаршылық нәубетінен тұрғандарды мүмкіндігінше аз шығынмен алып қалуы Есбай секілді ел қамын ойлайтын азаматтардың арқасы дейді білетіндер. Қырғыздың беделді, бай әулетіне күйеу болған Есбай қуғын-сүргін жылдары біраз адамды қырғыздар еліне асырып жіберіп, НКВД құрығынан құтқарып қалғанын, ол жақтан бидай, тары тұқымдарын әкеліп, ауыл жұртына егін ектіргенін ел ризашылықпен еске алады. Есбай ақсақалдың 2 әйелінен 5 ұл, 3 қыз тарайды. Сол 5 ұлдың үлкені Нұрсейіт соғыстан қайтпай қалады, Әпсейіт соғыстан мүгедек болып оралды. Үшінші ұл Жолсейіт 1952 жылы С.М.Киров атындағы ҚазГУ-дің филология факультетін бітіріп, ауылға келіп ұстаздық етеді. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін (1979 жыл) Бірлік сегізжылдық мектебінің директоры қызметін атқарады. Ол күллі саналы ғұмырын бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнай жүріп, басшылық еткен жылдары мектеп облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Білім беру ісіндегі озық тәжірибесін басқа мектептерге үлгі ретінде таратады. 1967 жылы күзінен Жолсейіт Бірлік жетіжылдық мектебі басшылығына ауыстырылып, сол мектепті жаңару, оқыту, тәрбие саласы бойынша ілгерлету әрекетін атқарады. Алақандай ауылды мәдени орталыққа айналдыруды мақсат еткен Ж.Есбаев мектеп басшылығы қызметіне тағайындалмай-ақ, 1959 жылы көрнекті жазушы Сәбит Мұқановты шақырып, оқырмандарымен жүздестіреді. 1961 жылы академик жазушы Мұхтар Әуезов мектепте арнайы қонақ етіп, бүкіл ұстаздар мен оқушылар қауымына тағылым тұтады. Атақты әдебиет сыншысы Есмағанбет Ысмайыловтың ауылға келгендегі әсері жайлы «Біздің Мұхтар» кітабында ол өзі кеңінен әңгімелейді. 1967 жылы «Қарағанды» романы бойынша Ғабиден Мұстафинмен оқымандар конференциясы өтеді. Әдебиет зерттеушілері Р.Бердібаев, З.Қабдолов, жазушы С.Шаймерденовтермен болған әңгіме-дүкеннің жұртшылыққа ықпалы қандай болғаны күні бүгін үлкен әңгіменің арқауына айналған. 1971 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жыл толу мерейтойына орай Мұхтар Әуезов атындағы Еңбек қызыл Ту орденді академиялық драма театрының халық артистері К.Қармысов, З.Шәріпова, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңірген артисі М.Өтебаевтармен кездесу ұйымдастырылады.
1972 жылы Әбілхан Қастеев дәл осы мектепте сурет өнерінің сиқыры, құпиясы жайлы әсерлі әңгіме өткізеді.
Ж.Есбаев өткен ғасырдың жетпісінші жылдары-ақ ана тіліміздің өркен жайып, ұлттық дәстүріміздің заманға лайық арнасын табуына бар болмысымен еңбек сіңіріп, өз кезеңінің патриоты болды. Сол жылдары мектеп басқарған әріптестерінің «Мұғалімнің классигі» деген құрметіне бөленген Жолсейіт алға қойған мақсаттарын біртіндеп жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Екі қабатты мектеп үйін салдыртады. Тынымсыз талапшылдығы мен ізденгіштік, бастамашылдығы жоғарғы билік иелері тарапынан ескеріліп, бірнеше жыл қатарынан облыстық оқу бөлімінің штаттан тыс нұсқаушысы қызметін қоса атқарады.
Ол сол кездің өзінде-ақ сабақ беру әдісін бастауыш сыныпта да эксперименттік, ал жалпы мектеп бойынша кабинеттік жүйеге көшірді. 1973 жылы ауыл мектебіндегі Зайковтың әдісі пайдалы екенін ісімен дәлелдеген мектеп директоры Ж.Есбаев Минскіде өткен педагогикалық оқуға қатысып, озық іс-тәжірибесі туралы баяндама жасайды. Республика атынан барған Жолсейіт Есбаевқа Бүкілодақтық педагогикалық оқудың лауреаты, «Қазақ КСР-інің оқу ісінің үздігі» атақтары беріледі.
Ауданның оқу, оқыту, тәрбие ісіне ұзақ жылдар еңбек сіңіріп, жаңа жетістіктерге бастамашыл болған іс-тәжірибелері үлгі болып, қазақтың көрнекті жазушылары С.Шаймерденов, Ш.Сарыбаев, З.Қабдолов, және ақын А.Шамкеновтардың Жамбыл ауданы әкіміне өтініш хатын жолдап, онда есімін мәңгі есте қалдыру үшін өзі қызмет еткен, басқарған мектепке Жолсейіт Есбаевтың атын беруін сұраған болатын. Осы хатқа жауап жазған аудан әкімшілігінің жауапты қызметкерінің «Саурық батыр ауылында ауыл тұрғындарымен жалпы жиналыс өткізіліп, осы ауылдағы орта мектепке Жолсейіт Есбаевтың атын беру туралы ұсыныс қабылданды», – деген шешімге әлі күнге мектеп тарапынан жүзеге асырылмай отырғаны көңілге мұң ұялатады. Мектептің жөні енді келмес, сол ауылдың бір көшесіне Жолсейіт Есбаевтың аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау!
Жолсейіт Есбаев алғашқы жары, қырғыз қызы Жұмабүбіден 2 ұл 2 қыз сүйеді, олардан 8 немере, 6 шөбере бар. Екінші әйелі Ақылхан Сәрсенбайқызымен 1961 жылы отасып, 3 ұл, 3 қыз көрді. Барлық ұл-қыздары жоғары білімді білікті мамандар, үйлі-баранды. Бүгінде үлкен шаңырақтың ақылман анасына айналған «Күміс алқа» иесі Ақылхан Аршабаева 17 немере, 10 шөбере сүйген әже.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс-түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі…
Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?
Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын. Туған жерге еңбегі сіңген көзі тірі тұлғаларымызбен қатар, өмірден өтсе де, еңбегі ел есіндегі осындай тұлғаларды да ұдайы еске алып отырған жөн-ау деген ойға келесің.
Жолсейіт
Тұрғызуға тұратын мұражайын,
Осы ауылда бар еді бір ағайым.
Содан білдік қазақта Жамбыл барын,
Содан білдік қазақтың ұлы Абайын.
Өлеңді де жүрген кез бағаламай,
Өнерді де жүрген кез шамаламай.
Әдебиет сабағы бола қалса,
Домбырасын көтеріп келеді ағай.
Нұрлы әлемге жетелеп сәбилерді,
Жәкең сол әдебиет пәнін берді.
Тар мектепте той жасап шақыратын,
Мұхтар, Сәбит,Ғабитті,Ғабиденді.
Жүздерінен төгіліп шуақ нұры,
Жазушылар кіретін класқа ірі.
Классиктің барлығын мойындатқан,
Мұғалімнің Жолсейіт классигі.
Аласа адам болса да, толмас өзі,
Алыптардың барлығы жолдасы еді.
«Шақырыпты Жолсейіт» деген кезде,
Біреуі де олардың қалмас еді.
Әлде бәлкім, солардың кішілігі,
Әлде бәлкім, Жәкеңнің кісілігі.
Тар мектепке таудай боп келе берген,
Өңкей зордың зор екен түсінігі.
Сол Жәкеңнің өнеге, ақылы ұнап,
Бүгін біз де боп жүрміз ақынырақ.
Баласы енді мектепте той жасайды,
Майда-шүйде біздерді шақырып ап.
Құр қалмайтын қулармыз оңай сыйдан,
Көзір қылып өлеңді сан айтылған.
Тар мектепте сия алмай біз отырмыз,
Кемеңгерлер кешегі қалай сыйған?!
Біздікі бір әшейін еркелік те,
Әр адамды өзімен өлшелік те.
Құдіреттің барлығын мойындатқан,
Құдіреттің барлығы Жолсейітте.
Есенқұл ЖАҚЫПБЕК.
ПІКІРЛЕР1