Заң саласының сардары
Тәуелсіздік алған тарихи кезеңде ұлттың өткені мен өтпегін саралап, дербес елдің ендігі ұстанар бағыты туралы толғанған азаматтардың бірі заң ғылымының докторы, профессор Өмірәлі Қопабаев болатын. Қиын-қыстау кезеңде жұртшылықтың құқықтық сауатын арттыру мақсатында жаңа оқу орнын ашуға тәуекел еткен ғалымның батылдығына ол тұста біреу сүйінсе, енді біреулер күдіктене қарағаны рас еді. Бүгінде ел ішіндегі беделді жоғары оқу орындарының қатарынан саналатын Ө.Қопабаев негізін қалаған Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясы заң саласының талай тарланын тәрбиелеп келеді. Ғалымның түрлі елдердің Конституциясымен таныса отырып жатық тілде жазып шыққан «Мемлекет және құқық теориясы» еңбегі әлі күнге маңызын жоймаған таптырмас оқу құрал. Егемен ел болудың маңызды алғышарттарын айтып, сол жолда саналы ғұмырын сарп етіп келе жатқан ғалым бүгінде мерейлі жетпіс бес жасқа толып отыр. Осы орайда тек заң ғылымына ғана емес, қазақ мәдениеті мен руханиятына ерен еңбегімен елеулі үлес қосып жүрген атпал азаматқа деген ақжарма ниетке кезек берген едік.
Сұлтан Сартаев,
қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, профессор, академик
Ұлтжанды азамат
Өмірәліні ҚазМУ-ге оқуға түскен кезінен білем. Ол кезде осы университеттегі заң факультетінде декан едім. Қабылдау емтихандарында ең жоғары балл жинағанына сүйсініп, өзін шақырып алып, оңаша сөйлестім. Өйткені, ұлт мүддесіне қызмет ете алар жас дарындарға қолдау, көмек көрсету, ағалық кеңес айту парызымыз ғой. Алғашқы әңгімелескенде-ақ оның жоғары саналы, терең ойлы, ғылымға үлкен бейімі, қабылеті бар ұлтжанды азамат екенін байқап, болашағына үлкен үміт арттым. Сол үмітім ақталды да.
Өмірәлінің таңдаған тақырыбы тың әрі өте күрделі еді. Басқалар айтпаған, бәлкім, айтуға қорыққан «Облыстық атқару Кеңестерінің жоғарыдағыларға бағынышты кәсіпорындармен қарым-қатынасы» деген кандидаттық диссертацияны тамаша қорғады. Бірінші ресми оппоненті КСРО ҒА Мемлекет және құқық институты директорының орынбасары, әкімшілік ісі саласындағы кеңестік ірі ғалым А.Е.Лунев болды. КСРО БАК тарапының 1980 жылғы шолуында Ө.Қ. Қопабаевтың диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмысы кеңестік заң ғылымдарын дамытуға маңызды үлес қосқан ең үздік ғылыми жұмыстардың бірі ретінде танылды. Бұл біздің республикамыз, университетіміз үшін де үлкен абырой болды. Себебі, әр жоғары оқу орнының беделін оны бітірген, онда ғылыми жұмыстармен айналысқан түлектері көтереді ғой. Ол мұнда Қазақстан аумағында орналасқан, бірақ, республикадағы билік орындарының ешқайсына қарамайтын, тек Мәскеуге бағынатын кәсіпорындардың тым еркінсуінен мемлекетіміз қаншалықты зиян шегетінін, олардың Мәскеудің аялы алақанынан шығып, республика басшыларының алдында есеп беруі, жергілікті орындарға салық төлеуі, т.б.жағдайлармен санасуы қажеттігін, мұның бәрін заңмен реттеу керектігін айтып қана қоймай, бұл мәселелерді шешу жолдарын еліміздің заңнамаларына сүйене отырып, нақты, дәлелді, ұтымды көрсете білді. Тоталитарлық билік тұсында жоғарыдағыларды, қалыптасқан тәртіпті, Мәскеуге тиімді жайттарды сынау отқа өзі барып түсумен бірдей ерлік еді. Осының бәрін жігін жатқыза әрі батыл баяндай білген осындай дарынды, алғыр, қабылетті шәкіртім болғанын мен де мақтаныш тұтамын.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылы Өмірәлі ініміз Д.А.Қонаев атындағы университеттің негізін қалағанда енді ғылыми жұмыстармен айналыса алмас па екен деп аздап күдіктендік. Өйткені, ердің ері ғана тәуекел етер мұндай істі ойдағыдай жүзеге асыру кез-келген ғалымның қолынан келмейді. Ал, бізге өзі ісін жетік білетін, орасан зор ғылыми, рухани, мәдени әлеуеті бар, саяси қырағы осындай ұлтжанды азаматтың заң ғылымдарын дамыту жолында еңбек еткені керек еді. Заңды мықтамай бір де бір елдің өркендемейтіні ақиқат. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп атақты Бауыржан Момышұлы айтқандай, әр нәрсенің өз ережесі, өз тәртібі болады. Ал, мемлекет үшін азаматтарды бір бағытта, бір қоғамдық ереже-тәртіпте ұстау мақсатында ортақ заңдылықтар болғаны, оны бәрі қатаң сақтағаны жөн. Осы тұрғыдан келгенде Ата Заңымызды дамытуға қолымыздан келгенше үлес қосуға тырыстық. Өмірәлі де заңгерлер алдында тұрған бұл аса маңызды істі түсініп, осы бағытта көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді, көптеген мақалалар жазды, радио-теледидардан сөйледі. Оның айтқан ұсыныстары көңілге қонымды, пайдалы, орынды еді. Сөйтіп, ол 2000 жылы, ҰҒА академигі М.Т.Баймахановтың төрағалық етуімен болған Қазақ гуманитарлық-заң университетіндегі докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық Кеңесте «Қазақстан Республикасы мемлекеттік билігін ұйымдастырудың және қызметінің конституциялық-құқықтық негіздері» (теория және тәжірибе мәселелері) тақырыбындағы докторлық диссертацияны өте жоғары деңгейде қорғап шықты. Мұнда биліктің үш салаға (заң шығарушы, атқарушы, сот билігі) бөліну қағидаттарының тиімді әлеуетін жүзеге асыру негіздерін дамыту, бұған ықпалын тигізетін тәжірибелік және ғылыми-құқықтық негіздер, Елбасының осындай күрделі кезеңде атқарып жүрген қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған тың ұсыныстар, құқықтық, атқару және сот салаларының болашақтағы дамуы мен өзара байланысы, олардың өркендеу қажеттілігі, артық кеткен тұстары мен ара салмақ тетіктерінің тиімділігін арттыру, тағы басқа мәселелер қамтылды. Осы еңбекті талқылап, құптаған ғалымдар Өмірәлінің егеменді және тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік биліктің құрылу әрі әрекет жасау мәселелеріне байланысты бұған дейін айтылмаған және концептуалдық бағытта тиімді ұйымдастырылу жолдарын іздестіруге қатысты жан-жақты негізделген 60-тан астам өзіндік тұжырымдар, болжамдар мен ұсыныстар жасағанын айтты. Диссертацияда көтерілген мәселелер өте өзекті болғандықтан Қазақстан Республикасындағы қазіргі қолданыстағы Конституцияға енді, кейбір мәселелер конституциялық нормаларға кірді. Өйткені, Ата Заңның жобасын талқыларда жан-жақты зерттеу жүргізетін Елбасымыз да, жаңа Конституция нұсқасын дайындаушылар да бірінші кезекте өз еліндегі білікті мамандардың пікіріне құлақ асады емес пе?.
Ғылым мен қоғамдық қызметті қатар алып жүретін қайраткерлер қай қоғамда да өте аз болады. Өмірәлі Қажыбайұлы осындай сирек кездесетін сегіз қырлы, бір сырлы айтулы азаматтардың бірі.
Өзімнің өмірлік тәжірибе-білімімді, көрген-түйгенімді ой елегінен өткізіп, қорытындылай айтатыным: Бүгінгі күндері қазақ ғалымдарының ішінен аты ерекше шығып жатқан азаматтар көп. Соған біз өте қуанамыз. Өмірәлі де қазіргі өзіміздің өсіп-дамып келе жатқан өміріміздің одан ары көркеюіне, алға қарай ілгерілеп, өркендеуіне бар күшін, еңбегін, жігерін салып, республика халқы үшін, республикамыздың қуанышы үшін қызмет істеп жатқан азаматтардың бірі.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымының докторы, профессор
Еңбегі еленген
Өмірәлі Қопабаев қажырлы еңбегінің нәтижесінде жетістікке жетіп, көпшіліктің құрметіне бөленген азамат. Ол – тәуелсіздік алған тарихи сәттердің куәгері ғана емес, сол кезеңде бел шеше іске кірісіп, егемендігіміз баянды болуы үшін қолынан келгенін аямаған біртуар тұлға.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітіріп, аспирантураға қалады. Сол тұста Өмірәлінің диссертациялық зерттеуі КСРО ЖАК сараптамасында кеңестік заң ғылымының дамуына маңызды үлес қосқан ғылыми жұмыс ретінде танылады. Бұл екінің біріне берілетін баға емес екені айтпаса да түсінікті. Ол кейін докторлығын да абыроймен қорғап шықты.
Ө.Қопабаев басшылық ететін Қонаев университеті бірнеше жылдан бері отандық заң, құқықтану ісіне еңбегін сіңіріп жүрген білікті мамандар даярлап келеді. Оның ғылыми еңбектері жас мамандарға таптырмас оқу құралы десек, жалған болмас. Бірнеше ғылым кандидаттары мен докторларын тәрбиелеп шығарған білікті ұстаздың заң саласындағы отандық басылымдардың редакциялық кеңес мүшесі екенін де айта кеткім келеді.
Мінезі жайдары, айналасына сыйлы, өз ісіне аса жауапты. Оның жақсы тәлім-тәрбие көрген, білімді, саналы ұрпағына қарап отырып сүйсінесің. Себебі бүгінгі күні сапалы да саналы адам тәрбиелеп шығарудың өзі оңай шаруа емес екені белгілі.
«Тәуелсіз ел қандай болуы керек? Жеке мемлекет дербес дамуы үшін не істеуі керек?» деген секілді өзекті сауалдарға жауап іздеген көкейкесті ойларын ақпарат құралдарына жиі ұсынып, қазақ қоғамын оятуға тырысқан Өмірәлінің еліне сіңірген еңбегі өте зор. Ол әлі де осы биігінен аласармай, халқына адал ұл бола береді деген сенімім мол. Елінің жарқын болашағы үшін бар қажыр-қайратын жұмсаудан таймай келе жатқан азаматты халқы да елеусіз қалдырған емес. Бүгінде Ө.Қопабаев «Қазақстан Республикасының оқу-ағарту озаты», «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы» мерейтойлық медалінің, «Құрмет» орденінің иегері.
Гүлбаһрам Жебесін, журналист
Ғалымдар күнде тумайды…
ҚазМУ-дың заң факультетін қызыл дипломмен бітірген, біртіндеп ғылыми дамудың барлық сатыларынан өткен Өмірәлі Қопабаев жекеменшік оқу орнын ашып, жаңадан тәуелсіздік алған еілімізге аса қажет білікті мамандарды даярлауға бел буған тұңғыш ұстаздардың бірі еді. Отарлық қамытынан жаңа құтылған, тәуелсіз мемлекеттің егемен туын енді желбіреткен осындай қиын-қыстау заманда мұндай тәуекелге жүрегінің түгі бар ердің ері ғана баратыны түсінікті. Дегенмен, түрлі қиыншылықтарға ұшырайтынын білсе де алға қойған мақсатынан бас тартпады.
Оның басты мақсаты өзі ашқан оқу орнын, оған қарасты Астана, Алматы, Талдықорған, Талғар қалаларындағы колледждерді кәсіби шеберлігі жоғары заңгерлер мен қаржыгерлер даярлайтын білім ордаларына айналдыру болатын. Расында да сол тұста заң саласының мамандары мен қайраткерлерін даярлайтын ескі сүрлеуден арылған, жаңа сипаттағы оқу орны елімізге керек-ақ еді.
Иә, тарау-тарау жолы да, қадау-қадау көлі де, құм көмкерген шөлі де алма-кезек көрініс беретін кең байтақ даланы мекендеген қазақ қабырғасы бүтін елге айналу үшін ата салтына айнымастай берік болуы керек екен. Бұл мақсатқа жету жолында ұлт намысын қорғай алар ер-азаматтар Қабан жырау өлеңдерінде өрнектегендей өздерін көтеретін белде желмаямен жортып, жампоз түйе жүгін артып, адырнадай ширығып, серпіле тартуы қажет. Өмірәлі Қажыбайұлы көтере алатын бел – заң әлемі. Серпіле тартатын садағы – ғылым жолындағы қаламы.
Қазақтың әр ұлы халқының дұшпанын қақырата шабар, қиядағыны алыстан шалар жүрегі түкті, ерекше білікті сарбаздар дайындауды жеңі тозғанға дейін – яғни көз жұмғанша жалғастырса, ілімге іңкәрліктен кенезесі кепкен жер сияқты сусаған халқына ғылым нөсерін сіркіретіп, нәр берсе, арман не? Осындай намысқа тұра алатын ер перзенттерінің себепкерлігімен ғана елдің қабырғасы бүтінделеді-мыс. Арқа сүйер, қорған болар азаматтары мұндай тәуекелге бармаса, салпылдап бос жүрсе, ондай ел қалпына келмейтін, салтынан түспейтін, төрт құбыласы түгенделмейтін көрінеді.
Айта берсек бұл кісінің ұстаздық жолынан өзге де еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Өмірәлі Қажыбайұлы ашқан қордың қолға алуымен түркі халықтарының шығу тегі, өткені, мәдениеті, рухани құндылықтары туралы, соның ішінде қазақ халқының тарихы, ерекшеліктері, өзіндік болмыс-келбеті, т.б. жайында тұңғыш тарихи еңбек әрі өте бағалы деректерге толы «Тарих-и-Оразмұхаммед» кітабының авторы, қазақ халқының ұлы да мәшһүр ғалымы Қадырғали би Қосымұлы Жалайырдың еңбектері өз халқымен қауышты.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.