Күзгі әуен
Алашапқын музыкадан шаршаған Алматылық жұрт күздің ортасына қарай қазақтың ән өнеріндегі қоңыр үнді қоңыр ұлы, дүлдүл әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев пен өзіне тән сыршыл дауыс иесі, эстрада әншісі Ұлту Қабаеваның «Күзгі әуен» атты концертін тамашалады.
Тыңдарман қауым Рамазан Стамғазиевті кешегі Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, бертінгі Жәнібек Кәрменовтің, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың жолын жалғап, үнін жеткізуші ретінде жақсы таниды. Аспантау етегінде өсіп Жетісу жеріне аты мәлім Темірболат Қасымов, Оразбай Мұхамедиев сынды әнші ағаларының әнін тыңдап қанатын қомдап, бүгінде Алаш аспанында ән болып қалықтаған Рамазан бұл жолы да домбыра шанағынан саз тамызып, жұмсақ үнімен есті әнге шөлдеген халықты тағы бір сусындатты. Арқаның даласындай тынысы кең Арқа әндері мен жанға жайлы Жетісу әндерін әуелеткенде тыңдарман әнші даусының ырғағымен Алтай мен Атырау арасында қалықтады. Сахнадағы үлкен экраннан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сыншы Тұрсынжан Шапайдың «Дариға дәурен», «Арман», «Сәуле ғұмыр» атты әндердің жазылу барысы туралы айтқанда Рамазан Стамғазиев үшеуінің арасындағы шығармашылық байланысты кешегі Мұқағали Мақатаев, Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтардың шығармашылық қарым-қатынасы еріксіз ойға оралды.
«Ән – өлшеуіш,
Өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс
Аралас.
Артық алу,
Не кем салу,
Қарпі қалу жарамас», – деп Шәкәрім айтқандай бұрынғыдан өзге әнге лайық орындаушының табылуы да әннің тағдырына әсер ететінін қауырт тірлікке шырмалып жүрген уақытта дәл осы кештегідей сезінбейтініміз анық. Қарпі қалмаған, кем салынбаған, артық алынбаған әннің тыңдар құлақтың құрышын қандырары тағы анық. Ақынын тапқан композиторды, сазынан адаспаған өлеңді, әншісін тапқан әнді нақ бағалау үшін шығармашылық одақтың үш мүшесін де халық алдына шығарып тұру керек екен деген ой түйдік.
Рамазан Стамғазиев «Аққу қаз әуелейді қалықтаған, Қайтейін қанатым жоқ қалып барам», – деп сырлы дауыспен әуелеткеткенде залдағы көрерменнің әрбірінің жан-дүниесінде шырқалмай жүрген ән қалықтап, тарқамай жүрген шер қозғалғаны шүбәсіз.
Ән – сиқыр қылын шерткенде ұшпаған құс – жүрек қалмай, ешкімнің оны «жылатып алып қалғысы» келмегені анық.
Ән – сиқыр. Ән – тарих. Тарих толқынының соққысы жүрегін шайлықтырған боздақтардың көңілі саз арқылы ән болып осы күнге жетті. Ән сиқырға елітіп бір сәт жан түпкірінде сақтаған сырларды қозғаған Рамазан әнші енді бірде әйгілі Қапез Байғабылұлының «Қапездің қоштасуын» айтып кер заманның әлегін көз алдыңызға әкеледі. Бұл әнді естігенде кейінгі кезде қоғамда бірте-бірте орнығып бара жатқан, «ән – көңіл көтеру құралы», деген түсінікке ада-күде қарсы шығасыз. Ендеше ән неге тарих болмасқа…
Ән – сағыныш, ән – сыр. Домбыраның қоңыр үнін бүгінгі күннің жақсы әніне қосып дәстүрлі эстрадаға ауысқан тұста сахнаға Ұлту Қабаева шығады. Ақын Алмат Исәділдің сөзіне жазылған композитор Ермек Елгезектің «Бойтұмарым» әнін «Қайда жүрсем тастамайтын мойнымдағы бойтұмарым», – деп әндеткенде сол залдағы көрерменнің әрқайсысы өз сырын, өз сағынышын тағы бір парақтаған болар, бәлкім. Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаеваның сахнаға кезек-кезек шығуы дәстүрлі қазақ әуені мен қазіргі заман әуенінің арасындағы диалог іспетті. Екеуінде де сізге жақын үн, сізге таныс дауыс, сізді баурайтын ырғақ, елітіп әкететінін саз бар. Кешегі мен бүгінгінің үйлесімі көзге оттай басылып, көңілге орнығады. Ал қос әншінің арада шәкірттерімен ән салуы қазақ ән өнеріндегі ұрпақ жалғастығын көрсетіп берді. Бұл – кешегі Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновтың жолын жалғаған Рамазананның да ізін басқан ұрпақтың осал емес екенін аңғартқандай.
Кеш соңында әншілердің Ескендір Хасанғалиевтің «Айым болып тудың ба?» әнін орындағаны ата мен әженің немереге деген сүйіспеншілігін жеткізген қазақы дәстүрдің жарасымды үлгісіндей. Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаеваның үлкен сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай өткен кештің «Күзгі әуен» атты әнмен аяқталуы бағалай білгенге өмір күзінің де жемісті, берекелі болатынын дәлелдегендей.
Н.САЙМАСАЙҚЫЗЫ.