Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің директоры – Бас редакторы: АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК ЛАЙЛАНЫП ТҰР…
– Осы жылдың басында Елбасымен сұхбаттасу барысында сіз көрші қырғыз елінің экс-президенті Атамбаевтың сыңаржақ бір сөзіне қатысты Мемлекет басшысының пікірін сұрадыңыз. Кешегі сайлау алдында келеңсіз жағдай алдымыздан тағы шықты, бұл қалай?
– Мемлекет басшысы болу – оңай емес. Қазақ пен қырғыз арасындағы бауырмалдық байланысқа сызат түспегені абзал. Қырғыз елінің бұрынғы басшысы аузына не келсе соны айтатын адам болып шықты. Көрші отырып бауырлас елдің ауласына қарай тас ату – батылдық емес. Бұл – ақылсыздық. Нұрсұлтан Назарбаев менің қойған сауалыма байсалды жауап қатты. «Президенттер келеді, кетеді, ел қалады. Сондықтан, мемлекетті басқаратын адам сабырлы болуы тиіс» деген аталы сөзін айтты. Сол сөзден кейін есті кісі есін жияр еді. Аузына келгенді көкімей, айылын тартар еді. Атамбаев қызметінен кетіп бара жатып, саяси ұпай жинағысы келді ме: тірілерді қойып, өліге тиісті, Кенесары ханның әруағын қорлайтын сөз айтты. Қазақ мұндайда «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» дейтін. Әлеуметтік желіде осы бір керауыз пікірге қарсы отандастарымыз өре түрегелді. Бұл – бізде ұлттық намыс отының сөнбегенін көрсетеді. Youtube желісінен Президент Н.Назарбаевтың маған берген жауабын қарағандардың саны 14 миллионнан асып кетіпті. Демек, біздің бойымызда ұлттық рух бар деген сөз.
– Рух туралы сөзіңіздің ауанын рухани жаңғыру мәселесіне қарай ойыстырсақ. Сіз ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесіз. Осы комиссия қалай жұмыс істеп жатыр?
– Ұлттық комиссия ҚР Президентінің Жарлығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру, елдің әрі қарай да дәйекті түрде мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Комиссия құрамында танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, үкімет мүшелері, өңірлер мен Астана, Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және саяси партиялардың өкілдері бар. Президент Әкімшілігінің Басшысы – Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен ұлттық комиссияның үш бірдей отырысы өтті. Үш отырысқа да қатыстым. Соңғысы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі кеңсенің (Жобалық кеңсе) және оның жанында жұмыс істейтін Коммуникациялық орталықтың қызметімен танысты. Жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша күллі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді. Жобалық кеңсе өз жұмысын бастағалы бері министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1 170 жобаны пысықтады, бүгінде соның көбі жүзеге асырыла бастады. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімі жасалды. Бағдарлама аясында құрылған Ұлттық аударма бюросы қазір осы оқулықтарды аударып жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша республикалық деңгейдегі – 100 және өңірлік деңгейдегі 500 киелі нысан іріктелді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылар_дың тізімі жасалды. Бұл тізімге әдебиет саласындағы 216, «театр, кино және хореография» жанрындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма енгізілді. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына бір жарым мыңдай өтінім келіп түсті, олардан әрі қарай ашық дауыс беруге ұсынылатын аралық пулдар түзілетін болады. Бір сөзбен айтқанда, тұтас кешенді шаралар жедел жүзеге асырылып жатыр.
– Бізде осындай тәп-тәуір бағдарлама, жоба-жоспарлар жоғары қарқынмен қолға алынады. Бастапқыда жаппай қарқынмен кірісеміз. Тіпті «ура-ура» дегенге салынып та кетеміз. Арты сиырқұйымшақтанып кететіні бар. Осы жолы да солай болмай ма?
– Ел ішінде дәл осындай алаңдаушылық бар екенін түсінем. Ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда ұраншылдық опа бермейтіні рас. Есіңде болса, бір кезде кластер деген болды. Қазақстан экономикасын түрлі кластермен дамытамыз деп миллиардтаған қаржы салынды. Соның қайтарымы қайда? Кластер де жоқ, қаржы да жоқ… Мемлекет қаржысын оңды-солды шаша беруге бола ма? Үкімет мүшелерінен осыған жауап берген бір адам жоқ. Одан кейін индустриялық-инновациялық даму деген шықты. Оған да аз қаржы кеткен жоқ. Бірақ нәтиже қалай? Ел экономикасын жоғары қарқынмен дамыту, әлемдік бәсекелестік қабілет-қарымымызды күшейту тұрғысында Елбасы тарапынан қанша айтылса да нақты орындаушылыққа келгенде ылғи шатқаяқтап қаламыз да жатамыз. Біздің елде бір ақсап жатқан нәрсе болса, ол – орындаушылықтың, жауапкершіліктің, тәртіптің кемшіндігі дер едім. Президент Жарлығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру ісіне келетін болсақ, Президент Әкімшілігінің Басшысы – Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбековтің бұл істе табандылық көрсетіп отырғанын айтқан абзал. Ұлттық комиссияның алғашқы отырысында-ақ Әділбек Рыскелдіұлы «науқаншылдыққа салынбайық, Елбасы белгілеп берген бағыттар бойынша нақты да нәтижелі жұмыс жасайық» дегенді айтты. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысына қарап отырсақ, ең өзекті алты мәселе бойынша күнбе-күн жоспарлы әрекет жасалып жатқанын байқауға болады. Сондықтан бәріміз де ел тағдырындағы ең елеулі бағыттардың түпкі нәтижесін көруге асығып жүрміз, сен де, мен де алаң көңілдеміз. Сәтін салса, бәрі де дұрыс болады деген пікірдемін.
– Тәуелсіздік алдық, дербес ел болдық деп айдарымыздан жел есіп жүрген уақытта рухани салада есе жіберіп алғандаймыз. Бұл ұлттық идеологияның болмауынан туындады ма? Ұлттық идеологияның негізгі бағыты қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Мың құбылған, жүз өзгерген заманға кезігіп отырмыз. Дүние дидарына қарасаңыз: әлемдегі бар мемлекет қарқынды дамуға күш салуда, жаппай жанталас, қаптаған бәсеке. Алға озып кеткен елдердің көбі өзінің ішкі қуатына сүйенеді екен. Жапонияны аласыз ба, Қытайды аласыз ба, Оңтүстік Кореяны аласыз ба… Осы үш мемлекетке екі қайтара барып келдім. Таңғы бестен кейін ұйықтап жататын адам көрмейсіз. Бәрі қыбырлап жатыр. Тоқтаусыз қарекет. Тәртіп. Еңбек. Жауапкершілік. Осы үш нәрсеге қатты мән беріледі. Біз жапон, кәріс, қытай халықтары сияқты жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Ұзын арқан, кең тұсау қалыптамыз. Рас, тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тарихында жеткен жетістігіміз жетерлік, соны_мен бірге жіберіп алған олқылығымыз да жоқ емес. Рухани салаға, мәдениет пен өнерге мүлдем көңіл бөлінбеді деуден аулақпын. Президенттің тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көне мұралар жинақталып, Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жинастырылып, зерттеліп те жатыр. «Нарық заманында идеологияның қажеті шамалы» деген көзқарас үстемдік құрғаны да рас. Соның салдарынан ұлттың рухани ішкі тіні сөгітіліп те кете жаздады. Идеология деген не? Ұлттық идеология деген не? Ұлттық идея деген не? Саяси сарапшылардың өзі бұл сауалдарға толыққанды жауап берген жоқ. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы қазақ баласының алдында тұрған міндеттер мен межелерді айқындап берді. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деді. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деді. Менің ойымша, Мемлекет басшысының осы мақаласы біздің ұлттық идеологиямыздың алтын арқауы болуға тиіс.
– Дәл қазір қоғамда латын қарпіне көшу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздың көбісін бірталайдан бері латын қарпімен жазып та жүрсіз. Осы орайдағы ойыңызды айтсаңыз…
– Шыны керек, кирилицадан гөрі латын қарпімен тез жазамын. Ал Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалаған арабша төте жазумен одан да жылдам жазамын. Тегінде, солдан оңға қарай жазу – адамға салмақ түсіреді, оң қолдың қары талады. Ал оңнан солға қарай жазғанда көп күш жұмсалмайды, қол да талмайды. Латын қарпіне көшу мәселесін о бастан жақтайтын адамның бірімін. Қазір БАҚ беттерінде латын қарпінің қажеттілігі туралы бірыңғай «бұл бізге қажет, ауадай керек» деген қолдау пікірлер өріп жүр. Бұл – даусыз нәрсе. Бірлі-жарым болмаса қалған жұрт тегіс қолдап отыр. Осыған дейін екі нұсқа халықтық талқылаудан өтті. Ендігі таңда еліміз алфавиттің түбегейлі жетілдірілген тиімді бір нұсқасына таңдау жасайтыны анық. Нұрсұлтан Назарбаев – шын мәнінде реформатор. Латын қарпіне көшуді неге сонау тәуелсіздіктің елең-алаңында жасамады? Өйткені, ол тұста өзбекке, әзірбайжанға қарағанда біздің елдегі демографиялық ахуал басқаша болатын. Еліміздің солтүстік өңірі түгі сірескен қалпы тұр еді. Қазір жағдай өзгерді. Тәуелсіздік қазақтың пайдасына қызмет қылды. Таяуда бір демографиялық кескіндемеге көзім түсіп еді, сонда қандастарымыздың үлес салмағы жасыл түспен белгіленген екен, тап бір көк жайлауды көргендей болдым. Бұл – бір. Екінші жағынан мұхиттың арғы жағынан ормандай жұртқа салынған санкциядан санасы сансырап жатыр, бізге азу тісін ақситуға мұршасы келмей тұрғанда әліпби реформасын тезірек жасап алуымыз қажет. Қазір құр әншейін «қолдаймыз, қуаттаймыз» дегеннен гөрі, әңгіме ауанын латын қарпінің енгізілуімен қат-қабат атқарылатын шаруаларға қарай бұрғанымыз дұрыс. Жазу емлесін, оқулықтар мен әдістемелік нұсқаулықтарды түзу, тілдік ортаны қалыптастыру мен мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктететін мың сан мәселені қаузау қажет.
– Өзіңіз қай нұсқа қолайлы деп ойлайсыз?
– Маған салса, қазір 112 қызметі қолданып отырған нұсқа Қазақстан азаматтарының бәріне де қолайлы секілді көрінеді. Тек 112 қызметі ғана емес, еліміздегі ірілі-ұсақты сауда орындары мен компаниялар да латын қарпімен қазақ және орыс тілдерінде смс хабарламалар жіберіп жатыр. Бұдан не байқаймыз? Латын қарпіне тек қазақтар ғана емес, орыстілді қазақ қауымы да көшуге ынталы. Бір елде тұрып олардың өгей баланың күйін кешкісі келмейтіні түсінікті. Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де латынға қолдау білдіріп отыр. Қазақтың өзіне тән бірнеше әрпі төңірегінде талас көп. Елдің тұтастығы үшін бір-екі әріптің таңбалануына бола таласа беруге болмас. Бір мемлекет, бір ту, бір Отан, бір тағдыр, бір тіл деген ұстаным үстемдік құрар болса, тіпті «ң» әрпінің «n» деп таңбалануына қарсы болмас едім. Ағылшын тілін үйренерде емле ережелерінде қай әріпті қалай оқу керектігі, дыбыстау үлгілері үйретіледі ғой. Сол тәрізді сауатты оқу-үйрену, жазу-сызу ережелері тезірек жасалып, бекітілсе латын қарпін қолдану аса бір қиындық тудырмайды.
– Соңғы жылдардағы ақпараттық технологияның қарқынды дамуы дәстүрлі басылымдарды бірте-бірте тықсырып бара жатыр. Бұл дамуға тосқауыл қоюға болмайды, ол заман талабы. Ал мұндайда дәстүрлі басылымдардың әрекеті қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Әлеуметтік желі арнасын кеңейте бастаған сәтте «ойбай, газет-журнал өледі, қағаз басылымдардың күні бітті» деген көзқарас пайда болды. Дәстүрлі басылымдарға бір шекесінен қарайтын шенеуніктер де шықты. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының «көрін» өз қолдарымен қазғандар да табылды. Айталық, «Дала мен қала» деген жап-жақсы газет бар еді. Тиражы да жақсы болды. «Жабу керек» деген пәрменмен бір күнде жауып тастады. «Страна и мир» деген серігі қоса жабылды. Астанада «НұрАстана» деген жастар газеті де осындай кепті кешті. Сапарбай Парманқұл, Шархан Қазығұл, Ғабит Мүсіреп сияқты қазақ баспасөзінің қара нарлары бір күнде екі қолдарын қусырып, отырып қалды. Сол басылымдарды «жауып» тастамай, еркін нарыққа жібергенде қалай болатын еді? Өз күнін өзі көріп кете алатын еді ғой. Жабылса да кінәні өздерінен көрер еді…
Газет-журнал – қоғамға керек. Адамға керек. Қалай десек те, бізде кітап, газет оқу мәдениеті қалыптасты. Шерхан Мұртаза басқарып тұрған кезде «Жұлдыз» журналы 300 мыңмен таралды. Шалғайда, иен даладағы кең жайлауда жатқан кез келген қойшының қонышында жүрді сол журнал. Осыдан қазақ жаман болды ма? Кез келген малшы әуелі қазақ әдебиетінен, сосын совет әдебиетінен, сосын әлем әдебиетінен хабардар болды. Рухани азықтан ат үстінде жүрсе де ажыраған жоқ. Оқыған халықтың санасы сергек болады. Қазір қалай? «Кітапты компьютерден де оқуға болады» дейді кейбіреулер. Оқуға болады. Бірақ, жанарың талады. Ай сайын интернетке белгілі мөлшерде қаржы төлеуге тура келеді. Қазақстандағы барлық елді мекен интернетке жалғанып тұр ма? «Газеттерге кететін шығын көп, сондықтан жаппай интернетті пайдалануымыз керек» дейтіндер де төбе көрсетпей қалмайды. Ал есептейік: сіз ай сайын интернетке 4-5 мың теңге төлейсіз, бір жылға 40-50 мың жұмсалады; газетке бір жылға тұтас жазылғанда 5-6 мың теңгеңіз кетеді, яғни бір жыл бойы үйіңізге «тегін» келіп тұрады. Айырма бар ма? Бар! Ақпараттық технология жағынан әлемнің алдына түсіп кеткен Жапония мен Оңтүстік Корея неге өз газеттерін жауып тастамайды? Менің Шәмші досым, Шәмшиддин Паттеев айтады: «Алдымен солар жапсын, сосын барып біз жабайық», – деп. Сол пікірге қосыламын. Негізі құстың қос қанатындай – дәстүрлі басылымдар да, әлеуметтік желі де қатар дамыса, жамандығы қайсы? Адамдарға таңдау мүмкіндігін беру керек. Газет оқып үйренген газет оқысын. Интернетке арқа сүйейтіндер интернетімен бола берсін. Заман, уақыт бәрін реттейді. Шариғатта да «заманына қарай амалы» деген хадис бар.
Нұртөре Байтілесұлы ЖҮСІП
1961 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Керделі кеңшарында туған.
1984 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген
1984 жылы «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») Павлодар облыстық газетінің тілшісі, аға тілші, көлік және қатынас бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды.
1990 жылы — «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары.
1996 жылы – «Жас Алаш» газетінің бас редакторы.
2002 жылдан — «Ақ жол, Қазақстан» газетінің бас редакторы.
2005 жылдан — «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ бас директоры. 2007 жылдан — «Астана хабары» газетінің бас редакторы.
2008 жылдан бері — «Айқын» газетінің бас редакторы
«Біз кімнен кембіз?», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» атты публицистикалық жинақтардың; 500-ге жуық мақалалардың авторы.
ҚР Журналистер академиясының академигі. «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарының, БАҚ саласындағы Президенттік сыйлықтың, « Алтын Адам» сыйлығының лауреаты.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
– Хадис демекші, «Дінде тереңдеуге болмайды» деген көзқарасыңызбен де таныспын. Бұл ойыңыз нені меңзейді?
– Бұл негізінен қалжың түрінде айтылған сөз еді. Қай жылы қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Қызылорда қаласында үлкен конференция өтті. Соған қатысушылар тарихи тақырыпты қызу талқылап, тіпті дін мәселесі тұрғысында да бір-біріне сөз бермей кетті. Маған да сөйлеуге тура келді. Қысқа ғана сөйледім. «Тарихқа тым тереңдеуге болмайды. Дінге тым тереңдеуге болмайды. Суға тым тереңдеуге болмайды» дедім де мінберден түсіп кеттім. Алматыға қайтуға ұшаққа бет алғанымызда арамыздағы бір ғалым Сырдарияның қайырылма қайраңын көрді де, «Сыр анаға сәлем берейін, ақ жүзімді Сырдың суымен шаяйын» деп қалбалақтап жағаға барды да, екпіндеген бетімен белуарынан суға түсіп кетті. Атқосшы жігіттердің бірі ұстап қалмағанда суға кетіп қалатын еді. Ұшаққа жайғасып отырғаннан кейін әлгі азамат сылқылдап бір күледі. «Нұреке, бағана суға тым тереңдемеңдер» дегеніңіздің мәнісін енді ұқтым» деп. Сол айтқандай, дінге де білімің мен білігің болмаса, тым тереңдеуге болмайды. Бұл – хадисте де бар. Қазақ қоғамында «ақидаң қандай?» деген сұрақ пайда болды. Мешіттерде имамдар уағыз айтып отырғанда «Дәлелің бар ма?» деп бет бақтырмай тұрып алатындар шықты. Дінді Абайдан артық тәпсірлеп берген қазақ жоқ. Дүмшелік, надандық тұрғысынан дінге тереңдеген адамның оңғанын көрмедім.
– «ҚӘ» газетінде әріптесіңіз Дархан Әбдік «Қазақ журналистерінің жұмыс іздеу аясы тар», – деді. Бұған қазақ тілінің қолдану аясының тар болуы себеп бола ала ма? Жалпы Тәуелсіздік алғанына 25 жылдан астам уақыт өткен ел үшін өз тілінің аясының тар екенін айту қаншалықты қисынды?
– Дархан Әбдік – өте парасатты жігіт. Ол жәй айта салмайды. Бірдеңені біліп айтқан болар.
– Ақпараттық кеңістіктің арғы-бергісімен жақсы таныссыз. Оның бұрынғы міндеті мен қазіргі ықпалынан хабарыңыз мол. Бүгінгі ақпараттық кеңістікті қалай сипаттайсыз. Қайдан келеді? Қайда барады? Кімді, қалай соңына ертіп жүр?
– Ой, күрсіндіретін сұрақты қайдан табасың осы? Қазақстанның ақпараттық кеңістігі лайланып тұрған жоқ па? Шетелдің ақпараттық экспансиясы төрімізде тұр. Бір-ақ мысал айтайыншы. Таяуда ғана Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының территориясымен жүріп өттім. Көлікте жүргенде қазақ радиосын қосып қоятын дағдым бар. Шудың жазығына түскен бетте біздің радионың үні өшеді. Қырғызстанның радио желісі киіп-жарып шыға келеді. Шымкенттің тұсына жеткенде өзбек радиосы кимелеп эфирді билеп-төстеп өтеді. Қызылордаға қарай әуе толқыны тіптен жоғалып кетеді. Өз эфирімізді қорғай алмай отырғанда ақпараттық кеңістікті сипаттап қайтейін?!. Қазақстанда «Русское радио» қай өңірде жүрсеңіз де саңқылдап тұр… Жалпы, еліміздегі өзге тілдегі радио арналары қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттай ма? Тым болмаса «Мәдени мұра» бағдарламасымен жинақталған «Қазақтың 1000 әні» мен «Қазақтың 1000 күйінен» бір ән, не бір күй бере ме? Мемлекет эфирлік кеңістігін жалға беріп отыр ғой. Ендеше, неге біз өз еліміздің мәдени, рухани мұраларын оларға насихаттата алмай отырмыз? Билік тұтқасын ұлттық мүддеге сай ұстай алмағандықтың салдары бәрі.
– Қоғамдағы саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени құбылыстарға сергек қарап, өз ойыңызды бүкпесіз айтып жүре_тінсіз. Кейінгі жылдары сізде бір селқостық байқалады…
– Сұлтанмахмұт жарықтық айтыпты ғой: – «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деп. Айтарымды айтамын. Жазарымды жазамын. Біздікі – кәсіп. Адам баласы болған соң, кейде белсенді, кейде селқос боласың. Сен де мені сондай бір сәтте көрген боларсың…
Елдің бүгіні мен ертеңіне қатысты ойларым мен ұсыныстарымды қай кезде де, қай жерде де айтып жүремін. Жақында ғана «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы азаматтардың бірімен өзекті мәселелер жөнінде ой бөлістім. Алла қаласа, сол әңгіменің негізінде үлкен бір жоба дүниеге келетін түрі бар. Мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың арасында ойлы, іскер, әрекетшіл жандар аз емес. Бәрі де еліміздің болашағына алаңдайды, жаны ашиды, тілектес, ниеттес. Сол қуантады. Қанаттандырады.
– Қолына қалам ұстаған қауымның басым бөлігі өз жұмысын журналистикадан бастаған. Сөйте тұра, журналистиканы қара жұмыс деп бағалап, өздерінің қаламынан туған көркем шығармаларын публицистік еңбектерінен жоғары қояды. Бұл әдет сізде бар ма? Жалпы осы көзқарастың сонша кең етек жаюына не себеп деп ойлайсыз.
– «Палуанға оң-солы бірдей» дегендей, публицистік жазбаларым да, көркем дүниелерім де бірдей. Қазақта «Ұзынға – қысқа өлшеуіш, жаманға – жақсы өлшеуіш» деген сөз бар. Әркім өз тұрғысынан өлшейді ғой.
– Болашақ туралы болжамыңыздың жарқын екенін ылғи айтып жүресіз. Қазақ журналистикасының болашағы туралы не ойлайсыз?
– Ел қалай болады, қазақ журналистикасының болашағы да сондай болады!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Назым ДҮТБАЕВА.