Ұстаздық қылған…
13.10.2017
1517
0

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Көпбайқызының өмірі өнегеге толы. Қызметін қатардағы ұстаздықтан бастаған ол түрлі билік баспалдақтарынан абыроймен өтіп, қажырлы еңбек етті, халық қалаулысы атанды. Білім-ғылым министрлігі. Кезінде өзі білім алған Қазақ қыздар мем­лекеттік педагогикалық инсти­тутын университет деңгейіне дейін көтеріп, іскерлігін көрсетті. Ол тек үздік педагог­тарды ғана емес, көптеген өнерлі жастарды тәрбиелеп, қазақ өнері мен мәдениетіне жанашыр бола білді.
Шәмшә Көпбайқызы әрдайым қарапайым­дылығымен, кішіпейілділігі­мен ерекшеленді. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге арнаған Шәмшә Беркімбаева бүгінде мерейлі 75 жасқа толып отыр. Осы айтулы белеске орай тұлғаның замандастары оның ел алдындағы еңбегі жайлы толғаныстарын елмен бөлісті.


Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, Алтын жұлдыз орденінің иегері

Бойында ұлттың коды бар тұлға

Бүгінде қазақ елі егемендігінің арқасында эко­­номикасы дамыған, бейбітшілік пен саяси тұрақтылығы қалыптас­қан, орнықты мемлекет ретінде өркен жайып, өрлеу үстінде. Осынау жасам­паз­дық дамуымыздың рухани сипатта болуы оны ізгілендіре түспек. ҚР Президенті
Н.Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық ма­­қаласында осы мақсатты жүзеге асыру жолдары айқын көрсетіледі. Елбасы айрықша көңіл бөлген мәселе – өр­ке­ниеттік дамуда ұлттық кодты қалай да сақтап қалу және оны үнемі байытып, нығайтып отыруға жұртшылық назарын аудару.
Осынау ел болып рухани жаңғыру коды құндылықтарының жүзеге асуына ат салысып жатқан ұлы үдерісте рухани қазына қорықшылары болып табылатын ұлт азаматтары түгенделе бастады.
Осы ретте рухани көш басынан көрінген тұлғалар қатарында халқымыздың аяулы қызы, қайраткері Шәмша Көпбайқызы Беркім­баеваның есіміне тоқталмай өтуге болмайды деп ойлаймын. Өйткені, Шәмша Көпбайқызының жеке басының тұлғалық сапа қасиеттері, азаматтық бейнесі, халқына қызмет етуге арнаған ұлағатты ғұ­мы­ры – бәрі-бәрі «қазақ қызы осындай» деп бүкіл әлемге мақ­таныш­пен ұялмай айтуға тұрарлықтай. Мен Алаш санасындағы Тұмар патша, Бибібәтима ана, Домалақ ана, дана Айғаным үлгі­ле­рінің бір жалғасын қазақтың ардақты аруы осы Шәмша Көпбайқызының тұлғасынан көргендей боламын. Ол рес­пу­бликамыздың түрлі салаларындағы басшылық, ағар­тушылық қызметтерді атқара жүріп, ұлты­мыздың асыл қасиеттерінің жас ұрпақ жүрегінен ойып орын алуына іс жүзінде үлкен үлесін қосқан қайраткер. Із­гілік­ке жаны құмар адам қай кезде де ізгі істер істейді. Ме­нің­ше, Шәмша Көпбайқызы сондай адам.
Ол кісі – ең алдымен елінің перзенті. Өз елінің мүддесіне жан жүрегімен берілген, оны бар болмысымен сүйетін жан. Отаншылдық­ты ең ізгі сезім десек, бұл кісі осы сезімнің иесі. Өзі­нің «Ізгілікті іздеп келем» атты кітабында жадымыздан өше баста­ған талай қазақы қасиеттер мен ұлттық ерек­шеліктерімізбен қайта қауыш­тыра­тын бұл кісінің адам­гер­шілік қасиеті, даналы­ғы, саралығы қай қайсымызға да үлгі.


Ғайникен Бибатырова,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Өмірі мазмұнға толы

Халқына қалтқысыз еңбек сіңіріп келе жатқан қазақ қыздарының біразын танимын. Солардың ішінде Шәмшә Көпбайқызы білімінің тереңдігімен, іскерлігімен, қарапайымдылығымен ерекшеленетін аяулы жан. Шәмшәні комсомолда жүрген кезінен бері білемін. 1970-73 жылдары Мәскеуде аспирантурада оқып жүрген кезімде маған телефон соқты. «Апай, мен Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. Сізді сыртыңыздан білемін. Көп адам маған сыртқы пішінің де, сөйлеген сөзің де Ғайникенмен ұқсас екен деп айтады. Сондықтан сізді көріп, жақынырақ танысқым келеді», – деді. Мен: «Егер сәті түсіп, Мәскеуге келіп жатсаң кездесейік. Болмаса 1973 жылы кандидаттығымды қорғап, елге қайтамын. Сол кезде жолығайық дедім. Содан біраз уақыт өткен соң, Мәскеуге іссапармен жолы түскенде мені әдейі іздеп келді. Міне, сол жылдардан бері апалы-сіңлілердей сыйласып келе жатырмыз. Ол – тәжірибесі мол, өте іскер адам. Комсомолда да, партия қызметінде де, министрлікте де сол қарапайым мінезімен елге сыйлы болып, көп қызмет атқарды. Әсіресе министрлікте жүргенде білім және ғылым саласына көп еңбек сіңірді. Өзі оқып, білім алған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде де жемісті қызмет істеді. Жатақханаларын, оқу аудиторияларының барлығын қайта жөндеуден өткізді. Сондағы бүкіл ұстаздармен қоян-қолтық жұмыс істей жүріп, институтты университет деңгейіне дейін көтерді. ҚызПУ-да болашақ ұстаздармен қатар, небір талантты жастарды тәрбиелейтін музыка факультеттері бар. Қазір қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген көптеген қыздар сол жерде оқыды. Бүгінде Шәмша Көпбайқызының тәрбиесін көрген көптеген шәкірттері белді қызметтерді атқарып жүр. Халыққа кеңінен танымал «Айгүл» ансамблін де қайта жандандырып, еліміздегі мықты өнер ұжымдарының біріне айналдырды. Оларға жаңа бағдарлама жасады, тіпті сахналық киімдеріне дейін жаңалап берді. «Айгүл» ансамблі Республика сарайында үлкен кештер өткізіп, халықтың ыстық ықыласына бөленгенінің куәсі болдық. Бүгінгі таңда да «Айгүл» ансамблі ешбір өнер ұжымдарынан кем емес.
Шәмша Көпбайқызы әрқашан жүрегі қазақ деп соғатын адам. Сондықтан да ол қазақтың мәдениетіне, өнеріне деген жанашырлығын көрсетіп келеді. Сонымен қатар, әдебиетке оның ішінде поэзияға деген сүйіспеншілігі өте жоғары. Қазақ поэзиясының пади­шасы атанып кеткен Фариза Оңғар­сыновамен де біз жақын ара­лас­тық.
Жақсылы­ғымызда да қиын-қыстау кездерімізде де бірге жүрдік. Кейбір актуалды мәселелерді шешуге келгенде де өз ойын ашық айтады. Баспасөз беттерінде де мағыналы, мәнді мақалалары шығып жүр. Шәмшә осы жасына дейін ер азаматтардан қалыспай, халқына қызмет етті. Сол қажырлы еңбегінің арқасында оның ел алдында беделі де, абыройы да биік. Оның өмірі мазмұнды болды.


Әділ АХМЕТОВ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Түркі әлемінің ақсақалы, ф.ғ.д., профессор

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ ТАҒДЫРЫНА КӨП КӨҢІЛ БӨЛДІ

Шәмша Көпбайқызы Беркімбаева туралы көп айтуға болады. Шәмша Көп­бай­қызының мамандығы филолог. 1966 жы­лы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық инс­ти­тутын бітіргеннен кейін екі жылдай Ал­маты облысында Киров атындағы орта мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берді. Білім саласына еңбегі көп сіңген азамат.
Шәмша Көпбайқызы өзінің өнегелі өмірінде ана тілі мен қазақ мектебінің тағдырына көп көңіл бөлді. Бірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де көптеген шет елдерден келген ғалымдар ҚР Білім және ғылым министрі қатыс­қан халы­қара­лық ірі жиында бірде-бір ғалым қазақ тілінде баяндама жасамағанда өзі сөз сұрап алған Шәмша Көпбайқызы: «Бүгін бірнеше ірі мемлекеттерден қадірлі меймандар, ғалымдар келіпті. Өте қуаныштымыз. Енді осы қонақтарымыз қазақ деген ел, ұлт бар екенін, олар­дың өз тілі, тарихы, мә­де­ниеті, әдебиеті, салт-дәс­түрі, тағы да басқа рухани құн­дылықтары бар екенін біліп кетсін, қазақ тілінің өзіндік әуені, мақамы барлығын құлақтарына құйып кетсін деген ниетпен мемлекеттік тілде сөйлеймін», – депті. Тағы да бір айта кететін дүние, Шәмша Көпбайқызы министр болған тұсында ауыл мек­теп­теріне көп көңіл бөліп, жабылып қалған интернаттарды қайта қолға алған еді. Ал 1986 жылғы Жел­тоқсан окиғасы кезінде қазақ жастарының бәрі комсомолдан, оқудан шығарылып, ректорларды жазықсыз қызметтен босатып жатқанында өз еркімен жоғары лауазымнан бас тар­тып, мектепке қатардағы директор болып кетуі – сол кез­дегі саясатқа қарсылығының куәсі екенін біреу білсе біреу білмес.
Шәмша Көпбайқызының халыққа сіңірген еңбегін бір-екі ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін бола қоймас. Оны ел ба­ғалайды. Ол қай жерде жүрсе де білім саласынан алыс кеткен жоқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір