Тараз төріндегі кеш
06.10.2017
1266
0

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлының 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған салтанатты шара Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өтті.
Жазушы тойына Жамбыл облысы жұртшылығымен қатар, Алматы мен Атырау облысынан да арнайы делегация қатысты. Салтанатты кештің тізгінін жазушы-драматург, Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың иегері Рахымжан Отарбаев ұстады.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың арнайы құттықтау хатын оқыды. К.Көкірекбаев мерейтой иесіне жаңа пәтер сыйлап, қошемет көрсетті. Мерейлі кеште Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыс-танбек Мұ­хамедиұлы, Мәжіліс депутаты Серік Үмбетовтің құттықтау хаттары оқылды.
Жазушы Марал Ысқақбай Несіпбек Дәутайұлы шығармашылығы туралы сөз қозғаса, Жазушылар одағы төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан табыс етіп, жазушының иығына шапан жауып, сый-сияпатын тапсырды. Қаламгердің үзеңгілес достары, қаламдас інілері Мархабат Байғұт, Жұмабай Шаштайұлы, Темірғали Көпбаев, т.б. жылы лебіздерін білдірсе, Н.Дәу­тайұлы шығарма­шы­лығы жайында баяндаманы жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жасады. Атыраудан арнайы келген ақын Әлия Дәулетбаева жырдан шашу шашты. Мерейтой иесін құттықтау үшін Түркиядан арнайы келген қаламгер Мәлік Отарбаев кеш иесіне құттықтап, түрік тілінде жарық көрген қазақ қаламгерлерінің кітаптарын сыйға тартты. Сондай-ақ, қаламгердің туған жері Қордай ауданынан арнайы делегация қатысып, қаламгердің балалық шағы, жастығы жайлы естелік әңгімелерімен бөлісіп, жазушыға құрмет көрсетті.
Кеш соңында мерейтой иесі Несіпбек Дәутайұлы сөз алып, қалам мен жазудың киесі жайлы айта келіп: «Құдай мен әруақты ойлаған адам бұдан әрі де өмір сүре беремін деп үзілді-кесілді айта алмайтын шығар. Құдайдың өлшеп берген ғұмырында қаламымыздан құйылған сөзге адалдық танытып өтуге жазсын», – деп кешті өзі түйіндеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір