Латын қарпіне көшу мәселелері талқыланды
Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты республикалық конференция өткізді. Шараны Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов кіріспе сөзбен ашты. «Туу туралы куәліктен бастап, біздің әрбір ісіміз әріп, жазумен тікелей байланыстымыз. Бүгінгі таңда жазумен, әріппен ұлттық дүниетанымның қалыптасатыны белгілі» дей келе, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру өзекті мәселе екеніне айрықша тоқталған Мамай Ахетов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Алматыда бүгінге дейін жүздеген шараның өткенін айтты. Олардың басым көпшілігі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне арналған. Басқарма басшысының айтуынша, бұған дейінгі шараларда жұрт тек жаңа әліпбиге көшуді жаппай қолдап келген болса, бүгінгі конференцияда латын қарпіне көшудің проблемалары мен оларды шешу жолдары қарастырылды. Сондай-ақ, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің нұсқаларына байланысты бірқатар ойлар мен тұжырымдар да сөз болды.
Жиынға танымал лингвист-ғалымдар, білім, ғылым мекемелерінің мамандары, жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар, мемлекеттік органдардың тіл мәселесіне жауапты қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиында сөз алған ғалымдардың тұжырымды пікірлерін ықшамдап ұсынып отырмыз.
Ерден ҚАЖЫБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Латын әліпбиіне көшу жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмыс тобының жетекшісі:
– Парламентте жаңа латын әліпбиі талқыланды. Біз үшін халықтың пікірі маңызды. Тек халықтың ұсынымына сәйкес болған жағдайда, қолдау тапқанда ғана латын әліпбиінің бекітілетіні айтылды. Яғни, Парламенттегі тыңдау осы үлкен жұмыстың бастамасы ғана. Ең икемді, тілімізге лайық латын әліпбиінің нұсқасы қарастырылып, жұртшылықпен бірге таңдалатынын айтқым келеді. Одан кейін барып ең негізгі – әліпбиді енгізу жұмыстары басталмақ. Ахаңдардан келе жатқан тіл заңдылықтары мен ережелерін қаперге аламыз. Қазіргі мақсатымыз – қазақ тіліне тән грамматикасын, орфографиялық, орфоэпиялық, фонетикалық сөзжасам жүйесін түгендеп, жаңа әліпби даярлау. Биыл әліпби талқыланса, келесі жылдан бастап ендіру жұмыстары қолға алынады. Жаңа әліпбидің арнайы ережелерін, сөздіктерін, әдістемелік құралдарын даярлауға кемінде 2 жыл уақыт қажет.
Фаузия ОРАЗБАЕВА,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі:
– Латын графикасы негізінде қазақ әліпбиін жасау барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасына иек артамыз. Онда екі үлкен қанат бар: біреуі – ұлттық тарихи тамыр, екіншісі – әлемдік өркениет. Ұлттық тарихи тамырымыз – ұлыларымыздың пікірлерін ескере отырып, өзіміздің сөз байлығымыздың түпкі тамырын сақтау. Ал, әлемдік өркениет – латын әліпбиіне қатысты басқа елдердің тәжірибесін жинақтау.
Ахмет Байтұрсынұлы әліппе түзуде төрт параметр анықтаған: бірінші – жазуға жеңіл, тілге шақ болу керек, екінші – әріп суреттері оңай, мүшелері аз болғаны тиімді. Үшінші – оңай тізілетін, орынды аз алатын әліпби тиімді және баспасөзді арзандатады, төртінші – үйренуге қолайлы болуы тиіс, баспасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйренуге жеңіл болады. Міне, рухани тамыр, рухани жаңғырудың ең өзегі – осылар.
Бүгінде латын графикасына негізделген латын әліпбиінің бірнеше нұсқасы дайындалған. Академик Әбдуәлі Қайдар осы мәселені көтергеннен бастап, Тіл білімі институтының мамандары бұл салада өте көп нұсқаларды қарап, өз пікірлерін айтып келеді. Парламентте талқыланған жоба – интернет жоба деп аталады. Интернет жобадан басқа, Тіл білімі институты ұсынған жоба – танымдық жоба бар. Айналып келгенде, осы екі жобаның біріктірілген нұсқасы тағы да сөз болып жатыр.
Интернет жобаның ұтымды тұстары ретінде «экономикалық шығыны аз, компьютерлік арнайы бағдарламалар жасалмайды, әлемнің кез келген жерінде интернетпен қарым-қатынасқа түсуге ыңғайлы, ағылшын тілін игеруге оңтайлы» деп айтылуда. Әрине, бұл жобаны ұсынып жатқан авторлардың пікіріне қарағанда, экономикалық жағына көбірек мән берілген. Әліпби бойынша қазақи ұлттық мәнердегі әрбір дыбыс белгілі фонема, мағына білдіретін болғандықтан, бір сөз бірнеше ұзартылған таңбаланған әріптермен белгіленеді. Сонда, оның шығыны аз бола ма, әлде қалай?! Ғылыми деректердің тексерілуі бойынша сөздер жазылу өлшемін 30 пайызға ұзартады екен. Демек, әрбір төл әрпіміз бар сөздер осылай ұзаруға тиіс болып отырса, мұнда экономикалық шығын аз бола ма, әлде көп пе? Бұл – жобаның ұтымсыз тұстары.
Лексика-грамматикалық, фонетика-фонологиялық, әдістемелік және саяси әлеуметтік параметрлер бар. Мысалы, фонетика-фонологиялық жағынан осы әліпбимен жазылған сөздерді буынға қалай бөлеміз, қандай ережеге сүйенеміз, төл дыбыстардан басталатын сөздердің бас әрпі қалай жазылады деген сұрақтар туады. Қысқарған сөздер бірнеше диграфтарды қосып, түсініксіз сөзге айналады. Қазақ тілінің келесі ерекшелігі – түбірі өзгермейтін тіл. Орыс тілінің түбірі өзгереді. Осы әліпбимен берген сөздің түбірі мен қосымшасын айыру қиынға түседі. Егер сөздің оқылуы не жазылуы қиын болса, біз коммуникатив деңгейге, яғни тілдесуге жете алмаймыз. Саяси әлеуметтік параметрлері мемлекеттік тіл мәртебесіне, ақпарат құралдарына, іс-қағаздарына және тағы басқаларына байланысты. Егер осындай бағыттағы әліпби қабылданса, мынадай қауіптер орын алуы ғажап емес. Адамдар сөздерді орфоэпиялық нормамен оқымай, сөздерді жаза алмай сауатсыздыққа ұрынады. Қазақ мектептерінің білім сапасы төмендеп, бұрыннан қалыптасқан орыстілді ақпарат көздеріне сұраныс көбейеді. Кітап оқуға, білім алуға ынта азаяды.
Байынқол ҚАЛИЕВ,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы:
– Қазақ тіліндегі 42 әріптің ішіндегі 12 дыбыс қазақтың төл дыбыстары емес. Орыс тілінен келген сөздер тура солай жазылу керек деп Кеңестік идеологиямен жазылды. 1990 жылдардың бастауында Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу керек деген ойын естіген кезде, алғаш құптағандардың бірі болдым. Қазір міне, латын әліпбиіне көшуді қозғап, жан-жақты талқылап жатырмыз. Ел арасында дау туғызатыны – қазақтың төл дыбыстарының белгіленуі. Латын әліпбиіне көшуде үнемділік, экономикалық жағынан тиімді, техникалық жағынан ыңғайлы деген тұрғыда диграфтармен белгілеу ұсынылды. Бірақ өз басым «ae» екі әріпі қосылып «ә» дыбысын білдіреді дегенге қарсымын. Бұл жерде «һ» дыбы-сын ғана пайдалануды ұсынамын. Бұл – дыбыс емес, таңба. Ол оқыл-майды. Төл дыбыстарымызды белгілеуде жанына «һ» әрпін қойсақ тиімді деп санаймын. Мектепке келген балаға мынау «а» әрпі, мынау «е» әрпі деп үйретіп, кейін екеуі қосылса «ә» әрпі болды дегенді қалай түсіндіреміз?! Кириллицаның дыбыстарын қазақтың төл дыбыстарының ішіне кіргізу керек.