Қарыз бен Парыз
06.10.2017
2921
0

Ғалымқайыр МҰТАНҰЛЫ,
академик


Қоғам және мемлекет қайраткері, сыншы,публицист Сағат Әшімбаевтың туғанына биыл 70 жыл. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бастамасымен бүгін, яғни 6 қазанда «Қазақ интеллигенциясы: Қарыз бен Парыз» деген тақырыпта Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Сол алқалы жиынның алғы сөзі ретінде академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың мақаласын жариялап отырмыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев рухани жаңғыру міндеттерін алға қойғанда, ең алдымен ұлт зиялыларына сенім артқаны анық. Рухани жаңғыру дәл бүгінгі таңда ұлтымыз үшін аса маңызды, ең қажетті және сәт сайын әр азамат ешбір даурықпа-дабырасыз табиғи жолмен жү­зеге асыруға атсалысатын үздіксіз үдеріс болуға тиіс. Өйткені, ғасырлар бойы бодан болып кел­ген, күні кеше ғана азаттығын алған елдің сана­сын­­да әлі де болса сол бодандықтың сарқыншағы жойыла қойған жоқ. «Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны» рас. Сондықтан да әрбір ұлт жанашырының рухани асыл құнды­лық­тары­мызды заман талабы, уақыт қажеттілігіне сәйкес қай­та түлетуі үшін күрескені – барынша маңызды. Бұл күресте әлбетте ең алдымен зиялы қауымның ат­қарар ролі зор.
Әу баста латынның «ақылды», «ойлы» («intelligens») деген ұғымынан басталып, кейін интел­лигент, соңғы жылдары жаңа қазақы атуға ие бол­ған «ұлт зиялысы», «зиялы қауым» дегенде әуе­лі оның мазмұны мен айқындамасы, тарихи та­мыры ойға келеді.
«Халықтың қуаттылығы және сақталып қалуы оның адал ойлы, сезімтал және істің жөнін бі­летін интеллигенциясына байланысты»,- дегенді кезінде орыстың ең озық ойлы жазу­шы­ларының бірі А.П. Чехов айтқан еді. Шындығында, құл­дық-күңдік санадағы пендені азат санадағы адам қатарына алып шығатын ең үздік және са­палы зиялы қауым ғана ұлтын болашаққа же­те­леп, оның ары мен ожданына айналады.
Жұрттың ұғымында«интеллигент» яғни «зия­лы адам» – білімді, дарынды, адами құнды­лық­тар­ды бойына мейілінше мол жинаған, оқығаны да, көкейіне тоқығаны да көп адам. Сонымен бір­ге ол – жақсылыққа жаны құмар, жамандық атау­лының бәрімен күресуге дайын және өзін сол күрестің құрбаны ете алатын азамат. Дей тұрсақ та қазіргі әлеуметтанушылар мұндай айқындама ХІХ-шы және ХХ-шы ғасырдағы оқы­ғандар мен зиялыларға ғана тән, ал батыстық өркениетте ондай категорияға ең соңғы заманауи та­нымды терең игерген, жоғары білімді және са­палы кәсіби құзыретті адамдар жатады деп жүр.Кей­бір саясаттанушылар бүгінгі зиялы қауымның бойында өзін-өзі ұлт жолына құрбан ету сезімі жоқ­қа тән, олар «ой айтушылар», «пікір өн­діру­шілер» санатында ғана дегенді де айтады.
Қалай болғанда да бұл анықтамалардың бірі­нің біріне қайшылығы жоқ. Зиялы тұлға – ақылы мен парасатын қоғамға ой салып, халқының өр­кениет жолында дамуы үшін қажырлы еңбек етіп, қажеттілік туып жатса, өзін құрбан етуге дайын адам деп қабылдаған орынды.
Зиялы адамның бойына тән білімділік, бі­лік­тіліктен басқа зор қасиеттің бірі – адами бол­мы­сы­ның тазалығы. Мәдениетті адам ғана «зиялы» де­ген атқа лайық десек ойымыз олқы болып қа­лады. Бұған қосымша жандүниесінің де еркіндігі керек. Д.С.Лихачев «Орыс интеллигенциясы ту­ралы» деген хатында: «Зиялы адам үшін еркіндік- адами категория, оның жандүниесі ар-ұяттан құрал­ған, ең бастысы оның болмысына таным бос­тандығы, түйсік тәуелсіздігі тән», – дегенді айт­қан еді. Дәл осы тұста А.И.Солженицин де ішкі ер­кіндіктен ада, түйсігі тәуелді интеллигент өкі­лін оқығансымақтар қатарына жатқызды, «осын­дай жандүниесі азат емес адамдар билікке және бай­лыққа құмар болады» деген пікір біл­дірді. Л.Н.Толстойдың «Арылу» романының бас кейіп­кері айдауда жүрген төңкерісшіл интелли­гент­терді көргеннен кейін, ол зиялылардың бойын­да өздері таңдаған жолға құлай берілу, сол үшін өмірін құрбан етуге дайын болу қасиеті ба­рына көзі жетеді. Сол бас кейіпкер – Дмитрий Нех­людовтің: «Бұлардың қарапайым адамдардан бас­ты айырмашылығы – адамгершілікке деген та­лабы қатардағы адамдардың талаптарынан әл­деқайда жоғары», – дейтіні де бар еді. Кейіпкері ар­қылы айтылған Л.Н.Толстойдың зиялы тұлға­лар­ға деген бұл бағасы әрқашанда маңызды.
Қазақ интеллигенциясы, яғни қазақ зиялы қауы­мы әр ғасырда әр заманның талабы мен сұра­нысына қарай әр деңгейдегі міндеттерді атқарды. Қазақтың зиялы қауымы қай заманда да болған, олар қашанда ұлтының ұяты үшін өз заманының озық ойын ортаға салып, халқының санасын алға сүйреген.
Ғасырлардан аты қалған тұлғаларды зиялы етіп қалыптастырған айналасындағы басқа да он­даған, тіпті жүздеген көш бастап, сөз ұстағандар бол­ғаны тарихтан белгілі. Демек, ұлтының бола­шағы үшін күреске шыққан жыраулар мен жыр­шы­ларды, билер мен сұлтандарды, ақындар мен сері­лерді өз уақытының зиялысы десек артық емес. Халқының болашағы үшін өзін құрбан етіп, кү­реске шығу – зиялы адамның ең басты қасие­ті­нің бірі десек, онда кешегі 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтеріліске бастап, халықты соңына ерткен тұл­ғаларды қай категорияға жатқызамыз?
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың ба­сында орыс­ша, еуропаша оқығандар, шынды­ғында, ұлт­тық интеллигенцияның жаңа сапасын ала кел­ді. Олар әлемдік саясаттан хабардар, жергілікті жер­дің экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық-сая­си ахуалын жете білген, ұлтының алдында тұр­ған міндеттерді айқын сезіп, ұлт азаттығыүшін жүйе­лі түрде әрекет еткен еді. Жап­пай сауаттан­дыру арқылы ең алдымен халықтың санасын адамзаттық өркениетке бастау – сол кездегі зия­лы­лардың басты парызы болды. Хат таныған жұрт­тың саяси білігін көтеру мақсатында газет-жур­нал, кітап шығарып таратты. Бір-екі адам ат­қара алмайтын бұл іске мүдделері ортақ, мақ­саттары бір зиялы қауым керек-тін. Сол қауым­ға­ қазақ оқығандары ұйытқы бола білді.
Жаңа қазақ интеллигенциясы дегенде біз ең алдымен Алаш қайраткерлерін ауызға аламыз. Не­гізінен бақуатты әулеттен, тәрбиелі отбасынан шыққан бұлардың бір де бірі қарақан басының қа­мына қызмет етпеді. Олардың жанын ауырт­қаны – ұлтының жағдайы еді. Сол себептен де бі­лімі мен білігін халқының болашағына жұмсады. Ақыры сол жолда құрбан болды. Сондықтан да олар­ды қазақ халқы бір сәтке де есінен шығар­май­ды, ерекше ардақтайды. Алаш қайраткерлері, яғ­ни қазақтың жаңа сападағы интеллигенциясы зия­лы адамға керек тағы бір қасиетті айқындап кет­ті. Ол – биік саналы, тұлғалық қасиет иесі болу. Олар халқына шын жанашырлықпен қарап, соның келешегі үшін күресті де, ұлттық интте­ли­генцияға керек қабілеттің бар екендігін іс жүзінде айғақтап кетті.
Кейін кеңестік, тоталитарлық саясат жүргізіл­ген кезде зиялы қауым білім мен ғылымды, әде­биет пен өнерді алға сүйреу арқылы, қазақ деген ха­лықтың да әлемдік өркениетке ілесе ала­тын­дығын дәлелдеуді басты парыз санады. Бұлар би­лікпен ымыраға келе жүріп ұлтының ұятына кір жұқтырмау үшін бойындағы бар дарын-қа­білетін жеке басына емес, халықтың мүддесіне ар­нады. Бодандыққа шырмалып, құрдымға кетіп ба­ра жатқан ұлттық тіл, салт-дәстүр, әдеп пен ғұрып­ты сақтап қалу жолында күресе білді. Дәл осы кезде Кеңестер Одағының құрамындағы өзге ұлт интеллигенциясының да, қазақ зиялылары­ның келесі толқынының алдында да, өз елінде, өз же­рінде «Біз кімнен кембіз?» деген сұраққа жауап табу, өздерінің ешбір ұлттан кем еместігін та­ныту парызы алға шықты. Соның бір ғана айғағы – Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сының жарық­­қа ­шығуы кеңестік кеңістікті дүр сілкін­ді­ріп, өзге республикаларда да ұлттық рухты көтер­ді. Бұл басылымды Батыста Кеңес үкіметінің құлауы­на ықпал еткен кітаптың бірі санап,
А.Сол­же­ницин­нің «Архипелаг Гулаг» кітабымен шендес­тірді. Белгілі ғалымдардың ұлттық құндылықтарды жа­рыққа шығару талпыныстары, бұрын одақ көлемінде жабық, бірақ шет елде ашық тақы­рыптардың там-тұмдап айтыла бастауы ком­мунистік наным мен сенімнің пердесін ысыр­ғандай болды. «Жариялылық» пен «демок­ратия» және «қайта құру» деген горбачевтік ұрандарды ұлт­тық сананың қайта оянуына өте тиімді пай­даланған да, сананың бодандықтан арылуына жұм­саған да зиялы қауым өкілдері еді.
Дәл осы тұста Сағат Әшімбаев есімі елден ерек жарқ ете қалды. Ол Ұлттық телеарнаға бас­шы болып келген жылдары телекөрсетілімдердің ара­сына сыналап ұлттық қадыр-қасиеттерді на­сихаттайтын бейне түсірілімдерді қосты. Пат­ша­лық отарлаудың кеңестік отарлауға ұлас­қан­ ке­зең дерінде ұлт алдында тұрған ең өзекті мәселелерді қоз­ғаған, халықтың намысын қайрап, рухын оят­қан оның авторлық бағдарламалары еді. Көптің кө­кейінде жүрсе де ашық айтылмайтын мәсе­ле­лерді жария түрде қоғамға ой салды. Ең қуатты ақ­парат құралы арқылы жеткен ашық ойлар кө­рерменге ресми түрде айтылғандай әсер етті.
Зиялы адамда болуға тиіс адалдық пен әділдік Са­ғаттың бойына ата-ананың қасиетінен, қазақ фольклоры мен әдебиетінің асыл жауһарлары ар­қылы дарығаны анық. Әсіресе, ұлы Абайды жат­тап өскен ол данышпан айтқан пікірлерді бү­гінгі болмыспен саралай отырып, әлеуметтік-философиялық қорытындылар жасауға ұмтылды, кешегі қазақ пен бүгінгі қазақты салыстыра келе кемшілігін көріп, жұртының ар-ожданына дабыл қақты. Қазақ деген халықтың әлемдік өркениет көшіне ілесуіне, қайта түлеп, рухани жаңғыруына мұрындық болғысы келді. Ұлы Абайдың «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деген ұлағатына сай халқына қалтқысыз адал қызмет етті. Бұл – оның азаматтық ұстанымы еді. Университетте са­бақ берген ұстазы Мырзатай Жолдасбеков: «Сағат шы­ғармашылығының өн бойынан адамға сүйіспеншілік, өмірге іңкәрлік айқын аңға­ры­лады», – деген еді. Расында, адамға сүйіспеншілік, өмірге іңкәрлік зиялы адамға тән десек, олар Сағат Әшімбаевтың әр сөзінен, әр ісінен айқын аң­ғарылатын. Замандасы Мұрат Әуезовтің: «Са­ғат Әшімбаев – өзіне дейінгі күрескер зиялы қауым­ның өнегесінен үлгі алған, тағылымын бойы­на молынан сіңірген, ғажап білімді адам», – де­гені де шындық.
Оның «Қарыз бен Парыз» бағдарламасы ұлт­тық санаға айырықша серпін берді. Осы жыл­дары мен Мәскеуден оқудан оралған едім. Кеңес ода­ғы­ның ордасынан ұлттық рухқа шөлдеп оралған біз секілді жастарға Сағаттың «Қарыз бен Па­рызы» кеберсіп келген аңқамызға нәр тамызғандай болды. Көкейімізге ұлтымыз оянған екен, хал­қы­мыздың арасынан ұлты үшін басын бәйгеге тігіп, ақиқатты ашық айта алатын тұлғалар шыққан екен деген сенім және үміт ұялатты, біздерді, жас­тарды жігерлендірді. Әр хабарды асыға күтіп, ын­тыға көріп, артынан хабардан туған ойла­ры­мызды ортаға салатынбыз. Меніңше бұл әр от­ба­сында, ұлтының рухын аңсаған әр топта қай­та­ланды. Ашығын айтсам, ол жылдар көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар қоғамда үлкен өзгерістер күт­ті. Сол жылдары халқымен қайта қауышқан Алаш қайраткерлерінің күрескерлік жолымен та­нысқан әр зиялы ұлт алдындағы перзенттік борышын ойлай бастады. Дәл осы тұста алаштық рухтағы күрескерлік позициясын биік ұстап, ұлт­тық кеңістікте ұмыт бола бастаған «Қарыз» және «Парыз» деген екі ұғымды ұрпақ санасында қайта жаңғыртқан Сағат Әшімбаев бір-бірімеи сабақтас әлеуметтік-психологиялық екі үлкен категорияны саяси-философиялық биікке көтеріп, жаңа маз­мұнда ұсынды да болашаққа алаң болған аза­маттық сананы әрекетке бастауға шебер колданды. Әріп­тесі Ғадылбек Шалахметовтің сөзімен айт­сам: «Сағат студия қонақтарын ұлттың алдында тұр­ған ең күрделі мәселелер, өзекті тақырыптар ту­ралы ашық әңгімеге шақырды».
Бағдарламаны қарап отырып, кейбір ин­тел­лигенттің тосын қойылған сұраққа тіке жауап беру­дің орнына жалтарып, жасқаншақтанып жат­қан сәтінде сөз тізгінін Сағаттың өзі ұстайтын. Ше­тін, қиын сұрақтарға «ол былай ғой» деп бар жауап­кершілікті өз мойнына алып, өзі жауап бер­генін сан мәрте естідік. Бұл – оның батылдығы әрі ерлігі еді. Осындай терең ойлы, батылдығы ба­сым «Қарыз бен Парыз» бағдарламасы шын­ды­ғында булығып жүрген ұлттық рухқа үлкен сер­піліс берді. Әр бағдарламаны бүкіл қазақ асыға күт­ті. Өйткені, олар сана азаттығына жол ашар саңылауды осы бағдарламадан тапты. Тамырын­дағы ұлттық код талшықтарын таныды. Қоғамдық ой-пікір қозғауға атсалысып, өзіндік көзқарасын осы бағдарлама арқылы білдіруге ұмтылды.
Ұлттық сананың жаһандық үдерістер бары­сын­да аршылмай жатқан ақтаңдақтардың орнын тол­тыруға мұрындық болған «Қарыз бен Парыз» бағ­дарламасы көрермендердің сұрауына орай қай­та көрсетілетін. Бұл шындық – қоғамда адам­дардың ненің қарыз, ненің парыз екендігін сезіне бас­тағандығының айғағы болатын.
«Біреуге болсаң берешек,
Ол – сенің қарызың.
Ел алдындағы борышың,
Ол – сенің парызың.

Дүниеден өткенде сұрар молда:
«Марқұмның қарызы бар ма?»
Болса адамның қарызы егер,
Оны жақын туысы өтер.

Парызды ешкім сұрамас,
Болмаса өзіңнің ойыңда.
Өмірде оны өтеп кету,
Тек қана сенің мойныңда! –
деген өлең жол­дарым­ның тууына да осы Сағат Әшімбаев жасаған бағдарламалар себеп болғаны рас.
Қазақ тарихындағы өзіне дейінгі ұлттық ин­теллигенциядан үлгі алған және солардың ұлттық мұрат жолына бүкіл ғүмырын арнаған Сағат Әшім­баевты өз заманының озық мәдениетті, биік парасатты, терең білімді күрескер тұлғасы ретіңде ха­лық ерекше бағалайды және кейінгіге үлгі ете­ді.
Дәл қазір тарихи мәні мен маңызы зор жал­пыұлттық рухани жаңғыру мәселесі көтерілгенде, ұлттың ақпараттық кеңістігіне халқының ары мен ұятын ойлаған, намысы мен ожданы үшін күрескен, шын мәнінде «ұлт зиялысы» деген атқа лайық өмір кешкен Сағат Әшімбаевтай тұлғалардың көп болғаны аса қажет-ақ.
«Қазақ интеллигенциясы: Қарыз бен Парыз» деген тақырыптағы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Сағат Әшімбаевтың өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа өнеге етпек, сонымен бірге Елбасымыз бастаған рухани жаңғыруды жүзеге асырудың ғылыми-тәжірибелік бағыттарын айқындамақ.
Біздің ойымызда болашақта жалпыұлттық рухани жаңғырудың маңыздылығын көтеретін осы тақырыптағы конференцияны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру жоспары тұр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір