Көптілділік маңызды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында әрбір қазақстандықтың өміріндегі үштілділіктің маңыздылығына тоқталып, болашақта еліміздің дамып өркендеуіне жас ұрпақтың үш тілді игергені жөн деп айтқан еді. Қазіргі таңда бір немесе екі тілмен ғана шектеліп қалуға болмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Бүгінгі кейіпкеріміз де замандастарына көп тіл білуге кеңес береді. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ Тарих, филология және халықаралық қатынастар факультетінің
4 курс студенті Есім ҚАСЫМҚАН бүгінде тіл білгенінің арқасында қатарластарының алды болып келеді. Білім-ғылымға талпынған жасты Елбасы ұсынған «100 жаңа есім» жобасына кіруге лайық деп ойлаймыз.Шет тілдері мамандығы бойынша ізденіс үстіндегі жас маман ғаламдық даму үрдісіндегі өз саласының артықшылықтарына тоқталған еді.
Есім ҚАСЫМҚАН,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ Тарих,
филология және халықаралық қатынастар факультетінің
4 курс студенті
Әлбетте, кез келген мемлекет, қоғам заман өзгерістеріне икемді бола білуі керек. Әлем өз бетінше эволюция жолымен жүреді. Мұнда кері тартпалық болмайды. Бұл жағдайда жекелеген қоғамдар сол әлем эволюциясының ағымына икемделе алмаса, өз бетінше дамуға талпынбаса, ол қоғам өзіне қарағанда дамыған қоғаммен жұтылып отырады. Сол үшін де бізге жастардың өрісі кең, жаңалықтарға, ашылуларға құмар, білім-ғылымға талпыныстары жоғары болуы өте маңызды.
Мен тіл ғылымымен, оның ішінде шет тілімен айналысамын. Бүгінде, әлемдік жаһандану заманында қоғам шетелмен, әсіресе дамыған елдердің қоғамымен байланысқа шыға алуы керек. Олардың әрқайсысынан керегімізді, пайдалыны ала білуіміз әрі басқаларға өзімізде барды жеткізе алуымыз маңызды. Осы тұрғыда қоғамның билингвисттілігі, полилингвисттілігі арқасында әлемдегі өзгерістерден бірінші хабардар болып, соған сай алдыңғылардың қатарында икемделе алуымыз өзімізге өте пайдалы. Бірнеше тіл білетін қоғамның өрісі кең, шекарасы бір емес, бірнеше мемлекеттерден асып түседі. Халықтардың көпшілігімен қиындықсыз түсінісе алу, олардың білім-ғылымымен, мәдениетімен өзара пайдалы байланысқа түсу мемлекеттегі адами потенциалды күшейтеді. Адам потенциалы күшті, адам дамуының деңгейі жоғары, тұлғалық сана-сезімі жоғары адамдары бар қоғам ешбір пайдалы қазбаларсыз экономикасын күшейтіп, тек адамның ақылына сүйене күшті мемлекет құра алады.
Әрине, кез келген мемлекетте белгілі бір тіл доминантты болып келеді. Қазақстанда – ол қазақ тілі. Заман талабына сай, қоғам ағылшын тілін де меңгергені тиімді. Қоғамымызда тіл үйренушілер одан да басқа білім-ғылымы дамыған Европа мен Шығыс Азия тілдерін үйренуге талпынып жатыр. Осы тұрғыда шет тілдері мамандық иелері оларды тілге үйретеді. Оларға қазіргі таңда аса өзекті халықаралық, ұлтаралық, мәдениетаралық коммуникация жасауға көмектеседі. Себебі, шет тілдерінің мамандары тек тіл үйретуші ғана емес, сонымен қатар ол үйретіп жатқан тілде сөйлеушілердің мәдениетін, салт-дәстүрін жетік білуі шарт.
Өз елімізге тарта айтар болсақ, соңғы уақытта мемлекет жүргізіп жатқан үштілділік саясаты, қазақ тілін латын қарпіне аудару, мектептердегі білім беруде ағылшын тіліне басымдық беру – барлығы шет тілдері мамандарымен жүргізіледі. Болашаққа аса маңызы зор осы жобалардың өзі шет тілі мамандығының маңызын көрсетеді. Сонымен қатар, шет тілдері ғылымының маңызы шетелге қатысты кез келген істе көрінеді. Қарапайым импорттық сағыз шайырларының қаптамасындағы жазуларды жазудан бастап әр елдің ірі бизнес іскерліктерімен байланысу мен саясаттағы шетелмен қарым-қатынас, дипломатия істерін жүргізуге дейін шет тілдерінсіз жүзеге аспайды.Тіпті, өз тілімізді дамытып, оның лексикасын байыту да шет тілдерінің арқасында жүргізіледі. Олар адамзатты біріктіреді, шекараларды жояды, алысты жақын етіп, әр түрлі мәдениет, қоғам, елдер арасындағы достық, татуластық қарым-қатынастарды нығайтып, өзара түсіністікті күшейтеді.
ПІКІРЛЕР1