Қазақ-түрік әуелден егіз ұғым
(Қазақстаның Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі
Абзал САПАРБЕКҰЛЫМЕН сұхбат)
– Абзал Сапарбекұлы, қыркүйек айының бас кезінде Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның елімізге ресми сапары болды. Бұл сапар біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстарды қандай жаңалықтармен толықтырады?
– Бұл ресми сапардың бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынастардың даму тұрғысынан келгенде маңызы зор болды. Биылғы жыл біз үшін өзара дипломатиялық байланыстардың орнағанына ширек ғасыр толып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан өңірлік және ғаламдық дипломатияда бірқатар белестерге қол жеткізді.
Тарихқа үңілетін болсақ, Тәуелсіздік алған сәтімізде – 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақты бауыр тұтып, Қазақ елінің дербестігін бірінші болып танып, алдымен Түркия мемлекеті құттықтады. 1992 жылдың 2 наурызында дипломатиялық қатынастар орнатылды. Тәуелсіз Қазақ елімен іскерлік, экономикалық байланыс орнатуды да алдымен Түркия бастады. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Түркиямен туысқандық қарым-қатынастың орнығуына дипломатиялық қатынастар орнатқан күннен бастап мүдделілік танытып келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа Президентіміздің Түркияға 2009 жылғы қазан айындағы ресми сапары барысында қол қойылды.
Екі елдің жоғарғы басшылары арасында екіжақты форматта да, көпжақты деңгейде де, атап айтқанда, БҰҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, ЕҚЫ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК), Түркі кеңесі, Түркі Академиясы және басқа да ұйымдар шеңберінде нәтижелі саяси сұхбат қалыптасты. Түрік тарапы ЕҚЫҰ-да 2010 жылға төрағалыққа Астананың кандидатурасын бірауыздан қолдады. АӨСШК-нің 2010-2012 жылдарға төрағалығын қабылдауға келісе отырып, Түркия Қазақстанның бастамасына елеулі қолдау көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2016-2017 жылдар аралығындағы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдаған да осы бауырлас Түрік елі болатын.
Осы тұрғыдан келгенде, ықпалдастыққа жеткен екіжақты ынтымақтастығымыздың стратегиялық бағытын айқындаушы құрал – 2012 жылдың мамыр айында Астана қаласында құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі (ЖДСЫК). Бұл құрылымның жиындары әрбір үш жыл сайын алма-кезек өтіп отырады. Бұдан бұрын 2012 жылы Түркияда және 2015 жылы Қазақстанда өтті. Кеңестің үшінші отырысы 2018 жылы Түркияда жоспарлануда.
Түркия Республикасының президенті Ердоғанның Қазақстанға ресми сапары кезінде алғашқы рет инновациялар мен технологиялар тақырыбында Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммиті және «ЕХРО-2017» көрмесінің жабылу рәсімі болды. 2016 жылы Ыстамбұлда өткен ИЫҰ Саммитінде мемлекет басшылары «Исламды татуластыру туралы» бірлескен Декларация қабылдаған болатын. Түрік тарапының осы жылы ИЫҰ-да төрағалық етуіне орай, Түркия басшысының аталған іс-шараға қатысуы екі ел үшін де маңызы зор. Жалпы, Түркия – біздің стратегиялық әріптесіміз және одақтасымыз. Оның үстіне, Түрік елі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Мұстафа Кемал Ататүрік құрған Түркия Республикасы 2023 жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын өткізеді. Әлемдегі экономикасы дамыған 20 мемлекеттің қатарына кіреді. Сондай-ақ, жаһанданған әлемнің қазіргі хал-ахуалын, экономикалық жағдайының күрделілігін есепке ала отырып, екі бауырлас ел арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілуде.
– Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды қалай бағалайсыз? Сауда және инвестиция саласында өзара ынтымақтастықты одан әрі күшейтудің жолдары қалай деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда, Қазақстанда 1600-дан астам түрік компаниялары жұмыс істейді. Қазақстан экономикасына шамамен 2,1 млрд. АҚШ доллар көлемінде, ал Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 млрд. АҚШ доллар көлемінде тікелей инвестиция салынды. Түрік мердігерлері Қазақстанда құны 20 млрд. АҚШ доллардан асатын құрылыс жобаларын жүзеге асырды. Дейтұрғанмен, екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың жетістіктері мен өзара салынған инвестициялар екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейтіндігін айта кеткен жөн. Сондықтан сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды жандандыру мәселесі Қазақстан мен Түркия басшылығының қамқорлығымен «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы аясында қолға алынды. Бағдарлама, жоғарыда айтып кеткенімдей, екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы шарттың негізінде құрылған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің (ЖДСЫК) жұмысы аясында жасақталды.
Бүгінгі күнде «Жаңа синергия» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде Іс-шаралар жоспарының бір кезеңі аяқталды. Алдағы кезеңдерде екі мемлекет басшыларының келісімімен арадағы сауда айналымының көлемін 10 млрд. АҚШ доллары мөлшеріне жеткізу жоспарлануда.
Түркияның іскер топтары Қазақстанмен сауда және инвестициялық байланыстарды өзара тиімді дамытуға үлкен қызығушылық танытуда.
– Осыдан бірер жыл бұрын сарапшылар «Жезқазған-Бейнеу» теміржол магистралін жаңадан салынып жатқан Ахалкалаки (Грузия) – Карс (Түркия) теміржол желісімен интеграциялау мүмкіндігі қарастылуда» деген еді. Егер бұл жоба жүзеге асса, Баку және Ыстамбұл порттары арқылы жаңа Мармарай теміржол туннелімен Еуропа елдеріне шығуға мүмкіндік туар еді. Түркия билігінің бұл жоба жайлы ұстанымы қандай?
– Қазақстан мен Түркияның географиялық мүмкіндіктерін толық пайдалану мақсатында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту өте маңызды. Өзара және транзиттік жүк тасымалдарын арттыру бойынша Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын дамыту және шығындарды төмендету халықаралық сауда және тасымалдау талаптарының бірі. Шығындардың жоғары болуы екіжақты транзиттік тасымалдауға және экспорттық әлеуетімізге кері әсерін тигізіп отыр.
Баку-Тбилиси-Карс теміржол торабының іске қосылуы арқылы өзара және транзиттік жүк тасымалдары артпақ. Өз кезегінде Анкара Түркия аумағы арқылы өтетін теміржол торабын жетілдіріп отыр. Азия мен Еуропаны жалғайтын «Мармарай» теміржол туннелін іске қосты. Бастапқыда жылына 1 млн. жолаушы және 6,5 млн. тонна жүк тасымалданбақ. Осы бағыт іске қосылған кезде Қазақстанның өз ұтымды үлесін алады. Сондықтан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттердің теміржол әкімшіліктері арасында ортақ компания құру немесе тиімді механизм енгізу арқылы тауарлардың жедел және тиімді тасымалдауына оң септігін тигізер еді.
Түркияның Орталық Азия мемлекеттерімен және Қытаймен сауда-саттық саласы бойынша Ақтау қаласын логистикалық орталық ретінде қарайтыны мәлім. Сондай-ақ, Түрік үкіметінің негізгі аймақтарда (Еуропа, Азия және т.б.) осындай көліктік-логистикалық орталықтарын дамытып, осы өңірлер арқылы көршілес мемлекеттермен сауда-саттығын арттыруды көздейтіні аян. Ақтау өңірінің көліктік қолайлығы (теңіз портының және теміржолы торабының барлығы, көршілес мемлекеттерге жақындығы, т.б.) осындай шешім қабылдауына түрткі болды. Осыған дәлел ретінде Түркия Республикасының Ақтау қаласында консулдық бөлімшесінің ашылғанын, сонымен қатар «Ақтау» теңіз портын қайта жаңғыртуға және логистикалық орталық салуға ниет білдіргенін атап өтуге болады.
Осы күндерде Ақтау өңірінде Қазақ-Түрік индустриалдық аймақ құру арқылы Түркиядан тікелей инвестиция тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Ал көліктік-логистикалық орталық құру арқылы «Каспий бағыты» жанданбақ.
– Түркияның туризм, теңіз сауда экономикасы, текстиль өндірісімен аты шыққаны белгілі. Ал бүгінде әлемге сапалы білім беретін оқу орындарымен де таныла бастады. Ыстамбұл мен Анкарада оқып жүрген қазақ жастары өте көп. Қанша қазақ жастары бар және Түркиядағы жоғары білім жүйесі қандай?
– Түркияның жоғары білім беру жүйесі еуропалық талаптарға сай. Қазақстандық студенттердің білім алу үшін Түркияны таңдауының басты факторы – елдің тұрақты экономикалық жағдайына негізделген білім беру жүйесінің халықаралық стандартта болуы.
Қазақ жастары Анадолыға Түркия мемлекеттік емтиханы, шетелдіктерге арналған емтихан сынды түрлі жолдар арқылы жоғары оқу орындарына түседі. Қазіргі кезде Түркияда оқып жатқан қазақ студенттерінің саны 2000-нан асады. Оның ішінде Ыстамбұл қаласында 600-ден астам, Анкара қаласында 500-ге жуық студент білім алуда. Қалған студенттер Ескішехир, Ниғде, Кония, Бурса, Анталия, Кастамону, Трабзон, Сакария, Амасия және Самсун қалаларында оқуда. Жалпы, Түркия қазақстандық студенттерге 500 білім грантын бөліп отыр. Мемлекеттік гранттардан бөлек Қожа Ахмет Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 500 білім грантына байқау жариялады.
Түркия кәсіби мамандықтар бойынша білім беруден озық үлгілерге ие. Осы орайда, Түркияның алдынғы қатарлы жоғары оқу орындары ретінде Боғазичи, Таяу Шығыс, Коч, Билкент, Сабанжы және Ыстамбұл университеттерін атауға болады.
– Түркия Республикасымен көршілес мемлекет Сирияда болып жатқан қақтығыстар елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайына елеулі ықпалын тигізуде. Оның бейбіт жолын, оң шешімін іздеген Астана процесінің мүмкіндігін Түркияның саяси элитасы қалай бағалайды?
– Сирияда белең алған азаматтық соғыстың нәтижесінде сириялық босқындарға пана болып отырған бірден-бір мемлекет – Түркия. Қазіргі кезде осы мемлекетте 3 миллионнан астам босқындар қоныс тепкен. Әрине, бұл ахуал елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді, бірақ гуманитарлық тұрғыдан алғанда, Анкара сириялық қашқындарға едәуір жәрдем көрсетіп келеді.
Жалпы, қазақ-түрік әуелден егіз ұғым. Осы орайда, Сирия мәселесін реттеуде Астана процесі Түркия үшін де аса маңызды. Түркия премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Н.Куртулмуш аталған процеске: «Түркия Сирия мен Ирактағы қантөгісті тоқтатуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды. Деэскалация аумақтарын құру туралы шешім бір күннің ішінде қабылданған жоқ. Бұл – Астана процесінің нәтижесі. Сондықтан Сирияда бейбіт өмір орнатуға барынша күш саламыз,» – деп еді. Осындай көзқарасты Түркия президентінің ресми өкілі және баспасөз хатшысы И.Калын да ұстанады. Оның ойынша, Түркия үшін Астана процесінің маңызы орасан зор.
Ал Түркияның Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Үнал Астана процесі аясында Сирияда үш деэскалация аймағы құрылғаннан кейін жәбір көрушілер мен зардап шегушілердің саны күрт азайғанын айтады.
Астанадағы бес кездесудің нәтижесінде Ресей, Түркия және Иран өкілдері деэскалация аймақтары туралы меморандумға қол қойған соң Сириядағы әскери-саяси және гуманитарлық жағдай түзеле бастады. Расында, бұл бастама
Елбасымыздың және қазақ дипломатиясының жеңісі болды.
– Халықтарды, елдерді жақындататын – руханият. Осы салада қыруар жұмыстар атқарып отырсыздар. Алдағы уақытта қазақ жазушыларының кітаптарын түрік тіліне аудару мәселесі жалғаса бере ме?
– Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында қазақ руханиятын, рухани байлығын, мәдениеті мен әдебиетін, өнер мен ғылымын насихаттау жұмыстары одан әрі жалғасуда. Атап айтқанда, биылғы жылы 6 қаңтарда Анкара қаласында Түркияның ең ірі 11-ші Кітап жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті. Қазақстанның ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктері мен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін насихаттау мақсатында аталған кітап көрме-жәрмеңкесінің биылғы жылғы Құрметті қонағы ретінде Қазақстан қатысты. Қазақстан мен Түркия ресми делегация өкілдері «Қазақстан» атты көрме стендін ашты.
Сонымен қатар, 2017 жылдың 23 ақпанында Анкара қаласында «Тәуелсіздікке арналған ғұмыр: Махамбет Өтемісұлы» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапты түрікшеге аударған Ардахан университетінің әдебиеттанушы-ғалымдары профессор Орхан Сөйлемез және профессор Аябек Байниязов.
Ал Ыстамбұл қаласында көрнекті дінтанушы-ғалым Халифа Алтайдың 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция болды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Елшілік тарапынан түрік тіліне аударылып, Түркияның беделді мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің қолына тиді. Сондай-ақ, Анкарадағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастарымен кездесу өткіздік. Және университеттерде жастар клубының ашылуы, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын шаралардың өтуі және түрік жастарымен ынтымақтастықты күшейтетін жобаларды қолға алу бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда.
Анкарадағы Еуразия Жазушылар қауымдастығының кеңсесінде қазақ қаламгері Роллан Сейсенбаевтың «Қашу» атты түрік тіліне аударылған кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай Ыстамбұл қаласында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті өтті. Бағдарламада халық ән-күйлері, қазақ және түрік композиторларының шығармалары, шетел туындылары домбыра, қобыз, сырнай, жетіген, адырна, шертер, сазсырнай, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптарда орындалды.
Гази университетінің оқытушысы, қазақ әдебиетінің зерттеушісі, ғылым докторы Жәмиля Кынаджының жарық көрген «Қазақ театрында әйел мәселесі» атты кітабының тұсаукесері болды. Ғалым Ж.Кынаджының қазақ әдебиетіне қатысты жүргізген зерттеу еңбектері жоғары бағалануда.
Маусым айында елшілік ғимаратында түрік зиялы қауым өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшылары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады. Елшілік тарапынан ұйымдастырылған Түрік зиялыларының 1-ші басқосуына ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Қазақстан-Түркия парламенттік достық тобының төрағасы Х.Ипек, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі
Н.Кемал Зейбек, Қожа Ахмет Иассауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы М.Йылдыз бастаған белгілі тұлғалар қатысты.
Биылғы жылдың ең елеулі оқиғаларының бірі – 11 маусымда Анкара қаласында өткен «Қазақстан күндері» іс-шарасы. Осы шара аясында Анкара қаласында Жамбыл атындағы көше салтанатты түрде ашылды.
Елшіліктің қолдауымен соңғы екі жылдың ішінде 30-ға жуық қазақ қаламгерлерінің шығармалары түрік тілінде жарық көрді. Дегенмен, аударма мәселесін одан ары дамыту, шетелде кітап шығару және аудармашыға тиісінше қолдау көрсету мемлекеттік бағарламаның еншісінде жүйелі түрде дамуы қажет деген ойдамыз. Тіпті, түркі әлеміне ортақ әдебиет және сөз өнері саласында қызмет ететін халықаралық ұйымның құрылуы заманның талабы. Екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынастың күшеюі рухани қатынасқа байланысты екені рас. Әрине, қазақ қаламгерлерінің кітаптарын түрік тілінде жарыққа шығару бойынша жұмыстарымызды ары қарай жалғастырамыз. Жылдың аяғына дейін бірнеше қазақ шығармаларын шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Соңғы жүзжылдықта жер бетінің халқы еуропалық, азиялық, латынамерикалық болып бөліне бастады. Африкалықтардың одағы, Араб елдерінің лигасы деген тағы бар. Еуразиялық континентте түркі халықтары аз емес және олардың ортақ мүдделері де жоқ емес. Жалпы, түркі елдерінің бір ортақ ұйымы керек деген пікір жиі айтылғанмен, саяси байланыстардың, ел басшылары саммиттерінің жұмысын реттейтін арнайы саяси институттар жоқ қой. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қазіргі кезде түркі ынтымақтастығын дамыту мақсатында жұмыс істеп отырған халықаралық ұйымдар мен түрлі деңгейдегі қауымдастықтар бар. Түркі интеграциясы бойынша ең жоғарғы деңгейдегі күн тәртібін белгілейтін, түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитін ұйымдастырып отыратын Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі деп аталатын халықаралық ұйым өз жұмысын жалғастырып келеді. 2009 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған ұйым сіз айтқан ортақ түркі мүддені қорғау бағытында ынтымақтастық шараларын ұйымдастыруда.
Сол сияқты, 2008 жылы Ыстамбұлда құрылған Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы халықаралық ұйым ретінде мүше елдердің заңнамалық үйлестіру бойынша жұмыстарын ілгерілетіп отыр.
1993 жылы Алматы қаласында түркітілдес мемлекеттердің мәдениет министрліктері тарапынан құрылған ТҮРКСОЙ ұйымы түркі мәдениеті мен өнерін дамыту мақсатында қызмет атқарып, түркітілдес елдердің мәдени көпіріне айналып үлгерді.
2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Елбасы түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасап, 2010 жылы Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Академияның тұсаукесеріне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл қатысты.
Қазіргі таңда әр салада мүше мемлекеттердің қолдауымен түркі ынтымақтастығын дамыту мақсатында жұмыс істеп отырған ұйымдар осылар. Бұған қоса, Түркияда түркі әлеміне ортақ қызмет етіп отырған ондаған ұйымдар мен қауымдастықтар бар. Түркия үкіметі арнайы бағдарламалар арқылы аталған ұйымдардың жұмыстарына қолдау көрсетіп отыр. Осыған байланысты Түркиядан өзге түркітілдес мемлекеттер де жоғарыда аталған халықаралық ұйымдар арқылы ғана емес, жергілікті қауымдастықтардың құрылуына және сол қауымдастықтардың түркілік ынтымақтастықты күшейту мақсатында жұмыс істеуіне қолдау көрсетсе, түркітілдес елдердің жақындасуына оңды септігін тигізер еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Н.БАТЫР.