Қазан астында
15.09.2017
1380
0

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ


Иә, сол күні табиғаттың ерекше тамыл­жыған күні еді. Едірейдің шыңдары да күн нұрына бөленіп, суға түскен сұлудай шуаққа малынып, елжірей көрінгентін. Көрші үйдің қызы ұзатылып жатқан. Кенет қара жер тула­ған аттың арқасындай дірілдеп, қалшылдап кетті де, әлдене шатыр-шұтыр соғысты. Үстелдің үстіндегі ыдыс атаулы төңкеріліп түсті. Қазан-ошақтың қасында отырған қатындар үрпиісіп, біріне-бірі жабысып, қи­сайып қалған қазаннан төгілген сорпа-суға, шы­жылдаған отқа да, көтерілген буға да қарауға шамасы жоқ.
– Ойбай! Көтек, – десіп, құлап қалмаудың амалын жасаған.
– Әндетіп тұрған әншінің ауызы ашылған қалпында сілейіп қапты. Қабатайдың әкесі қолындағы стақанды тастап жіберіп, теңселіп тұрған баласын ұстай алды.
– Ей, бұл не, ей?
– Не пәле боп қалды?
Жұрттың бәрінде белгісіз үрей, өңдері қашып кетіпті. Жаңағы бір қуаныштың ізі де қалмаған. Жігіттер еліргендей, орта жас­та­ғы­лар айналаға қарап алаңдайды, көпті көрген ақсақалдар сақалдарын сипаған.
– Заманақыр боп қалған шығар, – деді бір кейуана.
– Қой, ондай жамандықты шақырма, – деп тыйды оны біреу.
– Әй, осы не сонда?
– Бірдеме соғысып қалды, өзі.
– Таудың тасы шығар.
– Шатқал болмаса…
– Дұрыс айтасың, – деді шөп бригадирі. – Халық шатқалы шығар. Тым тар ғой өзі, бір кісі әрең жүреді. Жер шайқалған шығар, сонан тар шатқал бір-біріне соғысқан шығар. Әйтпесе мұндай жер жарылғандай күркіреу қайдан шығады.
Тойға келгендер осы уәжға тоқтап, тарас­қан. Әйтеуір қорқыныштың себебі табылды ғой, көңіл тынышталған. Қабатайдың әкесі шөпшілердің ішінде-тін. Анда-санда әжесінің жұмсауымен Қабатай әкесіне тамақ апара­тыны бар. Әкесі бір жылы оқалақтап кеткен өгізді іздеп Едірей тауының талай қуысын шарлаған. Қабатай да әкесінің соңынан қалмаған-тын. Ақыры әкелі-балалы екеуі өгізді сыртынан сілейте ұрысып жүріп, Халық шатқалына кірді. Тым тар екен. Өгіз кіре қоятындай жер емес. Әлде әкесі баласына көрсеткісі келді ме, кім білсін, ақыры шатқалдың бітер жеріндегі үңгірге барып тоқтаған.
– Кіресің бе? – деді әкесі.
– Қорқам, ішінде жылан бар шығар.
Сөз осымен бітіп, кері қайтқан. Бала көңіл алаң еді. Шатқал тар болғанымен әдемі еді. Япырай-ай, бәрі соғылып, қирап қалды ма екен? Үңгірдің қабырғалары бір-біріне жабысып, қабысып қалған шығар. Ертеңіне шөпке кеткен әкесі қайтып оралды.
– Шатқал аман, – деді жөн сұрасқан үлкендерге.
– Әй, сонда бұл не?
Халықтың көңіліне тағы бір қобалжу кірген. Тіпті, совхоздың жұмысы тоқтап қалғандай болды. Радио біткен үндемейді. Әй, олар бір түкпірде жатқан Едірейді қайдан білсін. Осындай бір жағдай бопты деп оларға да ешкім айта қоймас.
– Е, сонда біз ел емеспіз бе? – дейді жастар.
Қобалжуды партком басты. Тап сол күні ол сонау Қарағандыға әлде бір жиналысқа кеткентін. Әжептеуір білімі бар, үкімет пен партияның сенген адамы, өкілі.
– Қайдағыны айтасыңдар. Өздерің де тойда боп, ішіп алып, бәрін төңкеріп тастап, бастарынды соғып, енді қауесет таратып жүрсіңдер, деп ұрысты ол. – Ондай бірдеме болса радио айғайлап, газеттер жазбас па еді. Үкімет пен партия бар ғой біз де. Қараусыз жатқан ел емеспіз. Қойыңдар бос сөзді.
Үкімет адамның айтқанына көнген ел ғой, парткомның сөзіне бәрі тоқтаған. Шы­нында да партия бар емес пе. Осы сөз қайдан шықты өзі деп, жұрт бір-біріне енді күдіктене қарай бастады. Сөйтіп жүргенде ауылға солдаттар сау ете қалды. Іштерінде орысы да, қазағы да, басқасы да бар. Айран сұраған қазақтың баласына Қабатайдың әжесі:
– Е, құлыным, іше ғой, іш, – деп қымыз берді. Әжесі елжіреп отыр. Елжіреген кем­пірді көріп қазақтан басқасы да сұрам­шақ­танған ниет танытты. Әйтеуір, ауыл бәрін тойғызған. Ертеңіне солдаттар кәзір «взрыв» болады деп бәрін үйден қуып шыққандай етті. Айтыстарына қарағанда, үйдің жапырылып, құлап қалуы мүмкін екен. Кенет, қара аспан қақ жарылып, жерге түскендей шатырлап, табан асты теңселе жөнелген.
– Жатыңдар! Жатыңдар! – деп айқайлайды жер-жерге жантая кеткен солдаттар.
– Жатқаны несі? Әй, ана өртті қараңдар. – Қабатайдың әкесі қоп-қою боп көтерілген түтінді қолымен нұсқады.
– Мынау сұмдық өрт қой, түтіннің түрі неткен жаман.
– Түтіннің басы айғырдың қасасындай келпекті екен, – деді бір отағасы.
– Оған қарауға болмайды, – деп жекіреді командир орыс. – Ол зиянды.
Қабатайдың басын кимешегінің етегімен бүркеп, денесін кең кемзалына ораған әжесі немересін үйіне қарай сүйреді.
– Астағафиралла! Не сұмдық мынау? Жүрші құлыным, аулағырақ кетейік. Пәлесі осыны жасағанның басына келсін.
Көрге де үйренді деген осы шығар, осы ауыл тегіс тарсыл-гүрсілге, жер шайқалғанға үйреніп алды. Үйренбеген Қабатайдың әжесі ғана. Солдаттар келіп, «ал кәзір взрыв бо­ла­ды» деген сәтте, немересін тұлақтың үстіне жат­қызып, үстіне тайқазанды төңкере салады.
– Құлыным, әуелі Алла, сонсоң осы қазан сақтайды сені.
– Әже, қорқамын.
– Қорықпа, мен жаныңдамын. Тайқазан­ның ернеуін сықпа құрттай тастың үстіне қойып, саңылау жасап, астына көпшігін қойған әжесі әлсін-әлсін сығалап отырады да, ел біржайлы болған соң шығарып алады. Қазанның астында қанша рет жатқанын кім білсін, әйтеуір бесінші класқа келгенде сирағы қазанның астына сыймай қалды.
– Жатпаймын! – деді әжесіне.
– Құлыным-ау, енді не істедім. Ең болмаса басы-көзіңді ақпен бүркеп алшы осындайда. Ақтан зиянды зат өтпес, – деп қамықты әжесі.
Ауыл өзінше мәз. Әрбір қопарылыстан кейін есік бір жағына қисайып тұрса, келесі рет жер шайқалғанда қисық босаға орнына келеді. Әйтеуір, үй аман. Сылақтар түсіп, тө­беден күл саулайды. «Аманбыз ғой, аманбыз» – десті жұрт. Осының бәрі осы жұрттың қамы екен. Әнебір жауыздарды тоқтату үшін керек екен. Е, құдай, отанды сақтай гөр.
Қазанның астынан босағаннан кейін Қа­ба­тайдың жүгірісі де көбейген. «Взрыв» болады деген күні елдің арасында. Сондай күннің бірінде орталау мектептің тарихшы мұғалімі бір газетті қолына ұстай келген.
– Мынаны қараңыздар, ана Америка бомбасын сынау үшін Тынық мұхиттың Би­кини аралының халқын бес жүз шақырымға көшіріп жіберіпті. Бомбасының пәлесінен халқын сақтау үшін депті. Ал мына Дегелең бізден елу-алпыс шақырым жерде ғой, – деп түйді мұғалім.
– Әй, осынысы рас, ә, – деп таң қалысты естігендері.
– Онысы көз бояу ғой баяғы. Әлем жұр­ты­ның алдында бедел жинау, «міне, біз осындаймыз» деген жалған мақтаныш, – рабочком. – Әйтпесе…
– Иә, әйтпесе міне, пәлен жыл болды, аман-есен жүрміз ғой, – деп оның сөзін замдиректор іліп әкетті.
–Рас-ау! – десті уәжге тоқтаған жұрт. – Есен-саумыз ғой.
– Әй, осы ана Тәуіржанның беті күйіп қа­лыпты деп жүр ғой, – деді тағы мұғалім.
– Өзі әлгі жоғалған байталын тауып па екен?
– Байталы бар болсын… Соны іздеймін деп…
– Иә, сонан…
– Байталы Дегелең жаққа жетпесе де сонан бергі бір сайда жүр екен. Сол жерде бір тастың кемерінде дем алып жатқанда үстінен самолет ұшып өтіпті. Сонан, енді қайтайын деп, асау дөненнің үстіне шыға бергенде жер жарылғандай гүрсіл басталып, дөнені тулап, зорға тоқтатыпты. Көргені сұмдық екен, оттай жанған бірдеме көз қаратпайды дейді. Әйтеуір байталын айдап қайтыпты.
– Ал беті неге күйіпті?
– Жара бар дейді.
– Аттан құлаған шығар. Етпетінен түссе қараған-тобылғы оңдыра ма.
– Өзінде де бар. Несі бар сол жаққа ба­рып. Жоламаңдар деп сан рет ескертілді ғой. Бұл қазаққа сөз өтпейді, – деп ұрыса жөнелді рабочком. – Партия жиналысында да айтыл­ды. Тыңдайма, бұ қазақ.
– Е, жазылар, ештеңе етпес. Қойдың майынан қалмаушы еді ғой, жара деген.
– Әлгі, партком Көкебайдың халы қалай екен?– деп сұрады ұрты суалған шал.
– Қалада, бәлнисада дейді ғой. Қаны ағарған дейді.
– Қаны ағарғаны несі? – деп Қабатайдың әкесі таң қалды. – Қан деген қызыл болмаушы ма еді. Оған бояу жұға ма?
– Енді, қайдан білейік, ақ қан болды дейді.
– Оның несіне таң қаласыңдар, кәзір медицина әбден дамыған. Қанның ағын да, қызылын да айырады. Бұрынғы, дәрігері жоқ заманда, оны кім айырыпты. Жоқ зат бар болмайды, соны ашқан бұл да медицинаның жетілгендігі, – деп түйді директордың замы.
Қабатай естіген әңгімесінің бәрін әжесіне жеткізді. Әжесі тыңдайды да, уһілейді.
– Не боп барады өзі? Дым түсінбеймін. Біреуінің беті күйеді екен.
– Жара десіп жүр ғой.
– Әй, жүрегім сезеді. Сол тегін жара емес. Маған сені қазанның астына жасыр деген әруақ қой, әруақ.
– Қойшы, әже, күйзелмей. Ештеңе жоқ, бәрі орынша жүріп жатыр ғой.
– Қайдан, балам. Жүрегім сезеді, бір жаман­дықты.
–Түсім.., – деп әжесі бөгеліп қалды.
– Әже, не түс?
– Әруақтар о дүниеде тыныш жата алмай жүр-ау. Жиі көремін атаңды, күйзеліп жүр. Бұрын тілдесуші еді, енді үндемейді, түсі де жабыңқы, ренішті көрінеді маған.
Сөйтіп жүріп Қабатай кластан-класқа көшіп, мектепті тәмамдауға да жақындаған. Осы ауылда біраз орыс болушы еді. Солардың бала-шағасымен бірге еріп шығып Қабатайда Едірейдің талай шыңына өрмелеп, бірге сүйсінген. Әнебір Федор дегені таудан жуа, ағаш арасынан саңырауқұлақ тергіш еді. Әсем таудың суреттей сұлу шыңдарына қарап тұрып балаларына:
– Вот ваша родина. Здесь будете жить тысячилетями, – дейтін. Сонан соң әлгі қазақшасы былай келетін әнді ағытатын.
– Мәскеуден ең қиыр шетке дейін…
Иә, сонау Мәскеуден осы Едірейге дейін тегіс өз отаным деп түсінетін сол орыстар осы маңайдан біртіндеп кетіп тынды. Суға кететін кемеден тышқандар қашады деуші еді. Бұлар бірдемені сезді ме екен, ә? – дейді тағы сол мұғалім. Әжесіне айтып еді.
– Біз қайда барамыз, балам-ау, сенің атаң осы жерде жатыр, оның әкесі, арғы бабаларың да осында деп көзіне іркілген жасты жаулы­ғының шетімен сүртті. Алладан тілейміз де жақ­сылықты. Құлыным, сендер аман болсаңдар екен.
– Сондай қопарылыс болардың алдында, анда-санда, қаладан арнайы келіп концерт қойып, улатып-шулатып осы елді бір мәз етіп кетеді. Иә, бір жылы осы ауылдың малына ма­за бермей жүрген қасқырды вертолетпен тірідей ұстап әкеліп, ауыл ортасына тастағаны бар. Көкжал жаралы екен. Аузын тастай етіп буып-байлап тастапты. Әй, риза болды-ау, жұрт.
– Осы солдаттардың бізге деген қамқор­лығы керемет.
– Иә, иә! Мына Көкжал таза малды жай­пап бара жатыр еді. Енді құтылдық бұл пәледен.
– Орыс-солдат соны біліп істеді дейсін бе? Соны жасаттырып отырған, пәледен құт­қа­рушы партия емес пе. Соны айтыңдар­шы.
– Рас-ау, рас. Үкімет бар ғой, үкімет.
– Үкімет пен партияның қамқорлығы бар екеніне әжесі де имандай сенеді. Бірақ неге сол үкіметі бар болғыр мына Едірейдің ар жағында әлгі «Взрыв» дегенін жасай бере­тініне күмәні мол. Сол взрывын сонау Мәс­кеуден келіп көріп әуре болғанша сол Мәс­кеу­дің жанындағы бір жерге неге жасамайды екен. О, тоба-ай!
– Келші, құлыным, – деп мектепті біті­руге айналған Қабатайды көкірегіне қысып, басынан иіскейді. Әжесінің көкіре­гінен шыққан аналық иіске құшырланып, Қабатай да бір сағыныштың мауқын басады.
– Е, кім келмейді дейсің бұл Едірейге. Кешегі Қаз дауысты Қазыбек би, өршіл рухты Мәдидің мекені болған қасиетті жерді кімнің көргісі келмейді дейсің.
Сондай күндердің бірінде аса таяғын ұс­таған, шашы жалбыраған бақсы да келді. Советтің заманында атын естігені болмаса, тірі бақсыны көрмеген жұрт жапырыла жиналды. Талай адамның өткені мен кеткенін айтып, болашағын болжаған бақсыға жаңа түскен келіншек те келе қалғантын. Бақсы бетіне бір қарап, тамағын кенеген.
– Айтсам ба екен,– деп қиналғандай болды.
– Айтыңыз, –деп шулады ел.
– Төрт есік көрген екенсің, бесінші есігің де ашық тұр. Ендігісін өзің біл, – деп қысқа қайырды бақсы.
– Иә, екінші күні сол әйелдің тағы біреумен қашып кеткенін естіген едік.
Бұл маңай бақсы сөзіне таң қала қой­май­ды. Жұрттың құлағына сіңген талай әңгіме бар еді. Мендеке деген батыр жігіт олжа табуды ойлаған екен. Біраз күн жүріп, қолына ештеңе іліге қоймай, қарыны да ашып, тойып тамақ ішуді аңсап келе жатса керек. Бір бел­дің астынан екі-үш үйлі шағын ауыл кездесе кетеді. Шеткі үйге түскен екен. Қазақы жолмен жөнін де сұрамаған сол үйдің қызы қымызын сапырып, құйып беріп отыр. Суып тұрған дайын еттен де бір-екі рет қарбытып асап жіберіп, қыздан ауыл жайын сұрапты. Қыз төсектің үстінде жатқан жауырынды ала салып, бетін бір-екі рет сипап жіберіп:
– Ниетің түзу адам емес екенсің. Бұл ел­ден олжалап мал ала алмайсың. Ең жаман жауың мен болам. Кері қайт, – деді.
– Мысы құрыған Мендеке ауылына қай­тып­ты деген әңгімені жұрт жиі айтатын. Сол бақсы екінші күні зым-зия жоғалып кетті. Із-түзсіз. Қайда кеткенін ешкім білмейтін еді. Төрт-бес күн өткен соң ауылға вертолет келіп қонған. Солдаттар қолы артына қайырылып байланған бақсыны жұлқылап сыртқа шығарды.
–Осы ауылға келді ме,? Мына жәдігөй? – деп сұрады офицер.
– Тұнжыраған жұртта үн жоқ. Не жазығы бар екен мына бақсының? Тәп-тәуір адам сияқты еді, өзі. Біраз жұртқа ем-домы қонған сияқтытын. Япырай-ә? Шешіліп ешкім үндей қоймады.
– Осы ма? Неге үндемейсіңдер? Офицер үнінен ызғар шықты. Не десе болар екен? Әлгі қасқырға дейін ұстап берген қайырымды офицер осы. Мұның меселін қайтаруға болмайтын шығар.
– Иә, болған, – деп біреу күңк етті. Сең бұзылды.
– Иә, иә! –десті жан-жақтан.
– Байлаулы бақсыны вертолетке салып ала жөнелген. Онан кейін ол туралы еш сы­быс естілмеді. Әркімнің көңілінде бір күдік бар. Онысымен бөлісуге тағы ешкім тәуекел етпеген. Көрген-білгенін әжесіне әңгіме ет­кен. Есіктің алдында жатқан үлкен қара қа­зан­ды тазалап отырған әжесі күрсінді. Жары­лыс­тың белгісіз қатерінен тыққыштап, Қа­ба­тайды астына жасырған қазанның ер­неуіне тағы кішкене тас қойып, төңкерген әжесі.
– Уһ! Әйтеуір бір сұмдық болып жатыр. Азаматтар аман болса игі, – деп тұнжырады.
Тағы бір күні концерт келді. Әннің көбі орысша. Частушка деген де осы ауылдың үлкен-кішісінің көңіліне сіңіп алған. Ренжи­тіңдер «шайтанның шапалақ, шатағы»деп аулақ жүретін жер тістеген ақсақалдар. Ой, билеп берді артистер. Солардың ішінде осы жақта жалғыз қалған орыс қызы Лариса. Ауру шешесін тастап кете алмай жүр. Осындайда аяусыз көңіл көтереді. Кенет аспан айырылып жерге түскендей гүрсіл шықты. Жер күрсінді. Жер басын шайқады. Біреудің қолынан ұшып кеткен гитара даңғырлап тасқа соғылған.
Сонан бері де талай уақыт өтіпті-ау. Сол күні де осындай маужыраған таңғажайып күн еді ау. Едірейдің шыңдары тап бүгіндей сүйсініп, аспанды тіреп тұрған. Бәрі сол қалпында сияқты. Бірақ… Иә, Едірейдің арғы бетіндегі керемет үңгірден бір жарылыста түтін шығып, әскерлер үңгірді бітеп тастапты. Басқасы аман шығар. Жарылыстың тоқта­ға­нына да ширек ғасыр болып қалыпты. Әттең, колхоз болған сол үлкен ауылдың жұртында бүгінде қалқайып екі-үш үй тұр. Қаңыраған жұрт, қираған мектептің орыны.
– Қабатайдың көзіне шыңдардың ара­сымен қиыстап кетіп бара жатқан жалғыз арқар түсті. Жануар-ай, келген екенсің ғой. Өрісің ұлғайса етті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір