Ел анасы – Зере
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ драма театрында 23-24 тамыз күндері «Зере» поэтикалық спектаклінің премьерасы болып өтті. Драма авторы, ұлт ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет үшін хакім Абайды тәрбиелеп өсірген асыл әженің бейнесін сахнада суреттеу – бұйырған үлес, интеллектуальды қойылым болып шықты. Қазақ асқан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан бек таныс классикалық кейіпкерлерді театрда кейіптеу күрделі, қиын-ақ. Алып жазушы Мұхтар Әуезов қазақ халқының рухани жолы бұл Абай жолы, көкірегін күмән буса, қазағын адастырмас темірқазық Абай өсиетіне адалдық деп кейінгі ұрпақтардың жадына сіңіруді суреткерлік асыл мұрат етті.
Драматургия жанрының жұмбағы арқалы Ұлықбек ақынды біраз абыржытқанымен, пьесадағы шиеленісті оқиғаның, қимыл-харекеттің кейбір олқылығын поэтикалық сөз құдіреті арқылы, нөсерлі ақ өлеңмен алмастырып жібергені анық. Бақсының сарнауы мифтік қуатпен табиғи берілген. Көркем сөз, шешендік өнердің культі градациялық үдеуі залдағы көрермен үшін ана тілдің құдіретіне бас игізер күшке ие болуы заңдылық, әрине, текстегі сөздік қордың мол кеніштей қатпарлы астарында қырнап-жонып жіберсе дейтұғын артық тұстары кездеседі. Образдар жасауда автор қазақтың ұлттық дүниетанымына шын адалдығын таныта беретіні поэтикалық драманы сыннан сүріндірмей алып шыққаны рас. Декорация аз болғанымен, спектакльдің мазмұнын жұтатпай алып шығуға татиды. Бірақ костюмдердің біртектілігі көңілге қонбағаны рас.
Қазақстанның халық артисі Гүлжан Әспетова атадан текті туған ұрпағын алтын ұясында шайқап өсірген, ақ сүтін ақтаған, иісі қазаққа абыройы асқан қас жақсыны ізгілікке, кісілікке баулыған ел анасы Зеренің сипатын беріліп, шынайы сүйіспеншілікпен сомдады. Гүлжан Әспетованың эстетикалық талғамы, қазақ әйеліне тән көрікті келбеті Зере бәйбішенің мәртебесін айқындап берді. Кимешегі жарасып, ақ жүзі нұрланып тұратын қазақ анасын көрнекті актриса эмоциясын шығармай, ішкі дүниесімен ойнайды. Зере отбасында күйбеңмен жүрген әншейін көп кемпірдің бірі емес, жұрт қамын ойлайтын үлкен тұлға. Зере өмірде ақылды, өте бауырмал, мейірімді ана болыпты. Театр мен кинода бір кейіпкердің болмысы екі түрлі ракурста шығады. Бірнеше дубльмен түсіріліп, монтаждалатын киномен салыстырғанда, сахна шеберінің тірі ойыны арқылы, көрермен қауыммен бетпе-бет келіп, кейіпкер жаратылысын алып шығу жүз есе қиынырақ өнер, нағыз майданға түсумен тең. Зере-Гүлжан әпкеміз биік тұғырдан түспегені көрінді.
«Зере» – жаһандану мен ұлтсыздану процестері жезтырнақша бүріп бара жатқан қазіргі қазақ халқына есте жоқ ескі дәуірлерден жалғасқан рухани құндылықтарын қайталау арқылы, зор сарынмен анықтап беруімен құнды драма. Бұл құндылықтар – елдік ғұрыпты сақтау, кие, бата, ана, әйел, сауатты ұрпақ өсіру, ел болу идеологиясы. Әнет бабаның өсиетінде жеті қазынаның бірі – ақ жаулық делінген. Әйел заты, ардақты аналарымыз бірқатар ру атына шыққан халықтың ұрпағы екенімізді сахнадан сезіну мынау қым-қуыт заманда артық етпейді. Кейіннен Абай өз өлеңдерінде күйініп айта беретін надандықпен оның әжесі Зере күресіп, ел билеген баласы Құнекеңмен тайталасқан Байсал, Бөжей, Қаратай үшеуіне бала оқыту елдік мұрат екенін ұқтырды. Ұлықбек ақын «Қит етсе құдайды да қарғап шыға келетін қазақ» деген айыптау сөзді, жазған құлдың кесірлі психологиясынан жиренуді Құнекеңнің аузына текке салмайды, бұл-дағы адамзат нәсілін өсірмейтін, қара пиғыл, керітартпа, тоғышар, кеселді түйсіксіз, оңдырмас теріс құбылыс.
Автор қазіргі әлемдік өркениет көшіне ілескен сәтінде қазақ халқының өз стихиясын дәл түстейді. Оның киелі ұғымдардан, ұлттық танымнан, тыйым мен ырымнан тұратынын ұқтырады. Бір атадан тараған ағайын арасындағы бақталастықты дәл суреттейді. Би Ата Кеңгірбай биге келіні Зере жасөрім баласы Құнанбайды ертіп келіп, үшінші мәрте бата сұрайды. Бұл тарихи шындыққа құрылған эпизод. Ақыры дуалы ауыздан игі тілекті тартып алғандай болғанда Би ата қаттылық танытып, жас Құнанбайға теріс батасын береді.
Аға сұлтан Құнекең Абайдың әкесі болса, Абай – бір ұлттың маңдайына туған дара тұлға. Ұлықбек Есдәулет елдік салт-дәстүрді молынан салып, қазақ ұлты үшін БАТА өте қасиетті ұғым екенін айрықша танытты. Ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын биік нышандар өз алдына, Тыржыққыздың «тоқал шашу» эпизодында комедиялық элемент арқылы суреттеу елдік қасиеттен айрылмаудың, рухани құлдырауға құламаудың қамы. Пьесадағы лейтмотив – ананың балаға махаббаты және бата, қорғаушы, жебеуші күштің әсері. Бата – магиялық қасиетке ие қуатты энергия, шын лебіз-батада тұнып тұрған құдірет-күш бар, бата құдайдан шығады, сондықтан адам басына біткен бақты – жазмышты Иран бағындай жайнатады. «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» деп кесіп айтқан қазақ – данышпан халық. Бұл әуелгі Сөз құдай болған деген діни астармен сәйкес келетін тылсым.
Құнекең жас Абайының «Сегізаяқ» бір шумақ өлеңін жатқа оқитын тұсы бар. Мұны кейбіреу хронологиялық жағынан жаңсақтық деп қабылдауы ғажап емес, бірақ Ұлықбек ақын осыны білмеген соң салып отырмағаны белгілі. Бұл көркемдік тәсіл Абайдың әкесіне: «Әке, мен сенен астым!» дейтұғын еркелік сөзін ақтап алуы деп түсіну керек.
Қаллеки театрының биылғы маусымы «Зере» драмасымен жабылды. Театрдың көркемдік жетекшісі ҚР халық артисі Талғат Теменов, директоры Айболат Сексенбаев. Суретшісі – Берік Бөрібаев. Қойылымның режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбаев актер ойынынан бөлек, сахнадағы жарық пен дыбысқа персонаж сияқты қарайды. Тәжірибелі режиссер артистік құрамды сәтті таңдаған. Құнекең рөліндегі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сырым Қашқабаев жан-жақты дайындығы мол актер. Би Ата-Кеңгірбай би рөлінде – Жанқалдыбек Төленбаев пен Жәнібек Мұсаев, жас Абай рөлінде Жанат Оспанов. Эпизод бола тұра комедиялық рөлдің күрделі табиғатын екі құрамда ойнаған Айман Аймағанбет, Ботагөз Мақсұтова, Айшолпан Ибраева, Алтынгүл Серкебаева төртеуі қапысыз алып шықты. Бақыт Исабекова, Кеңесбай Нұрланов, Боранбай Молдабаев, Асылбек Қапаев, Айнұр Жүгінісова, Жанар Қасымова, Олжас Жақыпбек, Сая Тоқманғалиева, Самат Байыров, Аманжол Молдахмет, Жасұлан Ерболат, Заңғар Әбенов, Нұрсұлтан Есен, Дастан Әлімов драманың жүгін бір кісідей арқалап шықты.
Айгүл Кемелбаева,
жазушы.