100 оқулық: қазақы тіл сақталып, мазмұн өзгермесе
25.08.2017
1488
0

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылғанынан оқырманымыз хабардар. Ұлттық аударма бюросы атқарылып жатқан жұмыстарды талқылауға арналған «дөңгелек үстел» өткізіп, онда биыл желтоқсан айына дейін қоғамдық және гуманитарлы ғылымдар бойынша «100 жаңа оқулық» жобасы аясында 17 кітап аударылатынын айтты.

Рауан Кенжеханұлы:
– «100 жаңа оқулық» бағ­дар­ла­ма­­сын жүзеге асыру үшін ком­мер­циялық емес ұйым құрылды. Осы ұйымның үйлестіруімен аударма жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 17 оқулықты аудару бекітілді. Оқу­лық­­тарды іріктеу үшін барлық жо­ғарғы оқу орындарынан 800-ге тарта ұсыныс түсті. ақылдаса отырып, осы 17 оқулық­ты іріктеп алдық. Оқулықтарды аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ұстаз, ғалымдарынан тұратын жұмыс тобы құрылды. Әр оқулықтың өз жұмыс тобы бар. Оқулықтарды ұстаздар мен студенттер пайдаланатын болғандықтан, сол оқу орнында жұмыс істейтін ғалымдар аударып жатыр. Се­бебі, бұл оқу­лық­тарды оқыту­шы­­лар күнделікті жұмысы үшін ағы­лшын тілінен, басқа тілдерден лекцияға аударып, қолданып жүр­ген. Келесі кезекте, осы оқыту­шылар жасаған мәтін­нің алғашқы нұсқасына сырттан шақырылған ғалымдар ғылыми сараптама жасайды. Сосын редактура жасау үшін тіл мамандары тартылады.

Досай КЕНЖЕТАЙ, дінтану кафедрасының профессоры, философия және теология ғылымының докторы:
– Өзім жетекшілік етіп, жауап­кер­шілікке алған кітабыма байланысты айтарым бар. Карен Армс­тронг деген үлкен ғалым «Тәңір­­дің тарихы» атты еңбегінде иудаизм­дегі, христиандағы, исламдағы тарихқа тоқталған. Бұл тақыры­п­пен айналысып жүргенімізге 20 жылдан аса уақыт болды. Бұл пән туралы магистрлік диссертация қорғатқанмын. Методологиясы, ұстанған принципі, қолданған материалдары, салыстыру аспек­ті­лері қалай жасалынады деген мәселелер қозғалады. Жалпы, дінтану мәселесі болғандықтан, көбінесе философиялық, теоло­гия­лық мәселелер қамтылады. Бұл кітапты алып, аударған әріп­тес­терім тілтанушы мамандар. Ау­дарманың ең басты дүниесі – тіл білу емес, аударманың құбылы­сын танып білу. Ал сол ұғымды та­ны­майтын адам ешқашан аудара алмайды. Кітаптың мазмұнына қарасақ, бұл тарихи ұстаныммен жазылған. Бүкіл адамзаттың тарихында үлкен орын алатын археоло­гия­лық жазбалар қашан пайда бол­ған, жазу қашан пайда болған деген мәселелер Тәңірдің тарихы кітабында қамтылған. Ал бұл бү­гін­гі біздің радикалдық, экстре­мис­тік қоғамда жүрген адамдарымыз атауын көріп шошып кетуі мүмкін. Шынында да кітаптың мазмұны бойынша, Тәңір бастап пайда болды, кейін Тәңір өлді. Бұл кітаптың бір ерекшелігі, үш діндегі Алланың сипаттары, болмыстары, кеңістіктегі танылуы, мектептері, өзара қайшылықтары бәрі тұтас қамтылған. Тағы бір айтарым, қазақ аудармашылары қазақ тілінің болмысы, тарихы, кеңістігі бар екеніне мән берсе. Аударғанда өз тіліміз­дегі құбылыс­тарды таңдап, тер­мин­дерді ғылыми айналымға ен­гізе аламыз. Ал егер мынау Батыстың термині, мынау басқа ұлттың термині, бізге ол сәйкес келмейді деген комплекс­пен қа­рай­тын болсақ, қазақ тілінің ғылыми байлығын ешқашан байыта алмаймыз. Бұл – бір. Екін­шіден, біздің тілімізде ислам­ның терминдері жеткілікті. Әлі күнге дейін кейбір тілшілеріміз «бұл арабизм», «бұл иранизм» деп жатады. Біз мұндайдан бас тартуымыз керек.

Назгүл ҚОЖАБЕКОВА, Ұлттық аударма бюросының үйлестірушісі:
– Экономика саласы бойынша Грегори Мэнкьюдің «Экономикс», Рикки В.Гриффиннің «Менеджмент», Дональд Ф.Куратконың «Кәсіпкерлік» атты кітаптарын таң­дап алдық.
Бұл салада терминологияға қатысты қиындықтар аз емес. Үш оқулықты бір жауапты редактор­дың қолына берудің мақсаты – экономика саласы бойынша терминологияны біріздендіру, бұ­­рын­ғы терминологиямен ұштас­тыра отырып жаңа ұғымдармен толықтыру. Үш оқулық бойынша жұмыс жасауда көп қазақ­ша­ла­мауға тырысып жатырмыз. Егер сөзді сол қалпында қалдыра отырып, осы уақытқа дейін енген орысшаланған нұсқасын емес, ағылшын тіліндегі қалыптасқан халықаралық нұсқасын фонети­калық айтылуын сақтай отырып енгізуге күш саламыз. Барлық ғы­лым салаларына ортақ терминдерді сол қалпында қалдыруға тырысамыз. Мәселен, «инициатива» ұғы­мын көбінесе бастама деп аударып жүрміз. Бірақ оның кейде бастама болмайтын тұстары болады. Сондай жағдайда «инициатива» сол қалпында қалады. «Конфликт» сө­зін қақтығыс деп жүрміз. Қақ­тығыс конфликт бола алмайтын, конфликт қақтығыс бола алмайтын кездер болады. Мұнда біз оны қалдырдық. Тағы бір қиындық тудырған сөз – «перспектива», ағылшын тілінде perspectives. Пән саласын білмейтін адам аударғанда қиындықтар туып, басқа бағытқа адасып кетер едік. Өйткені, traditional perspectives – дәстүрлі көзқарас деген ұғымды береді. Ал сол пәнді білмейтін адам болса, дәстүрлі перспективалар, дәстүрлі мүмкіндіктері, әлеуеті, келешегі деуі де ғажап емес. Сондықтан осы оқулықтарды өз саласының мамандары аударуда. Орыс тілінде «мотивация» сөзі зат есім және етістік мағына­сында қолданы­лады. Біз зат есім түріндегі мотивацияны уәждеме деп аударсақ, етістік түрінде ынталандыру деп қалдырдық. Ең үл­кен қиындық тудыратын сөз – «процесс» сөзі. «Процесс» сөзін үрдіс, үдеріс деп аударып жүр. Біз оны «процесс» күйінде қал­дырдық.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, филология ғылымының докторы:
– Қолға алынып жатқан жұ­мысты қуана құптаймыз. Кейінгі жылдары терминология ғана емес, аудармаға да ден қойып жатырмыз. Өйткені, қазақ тілінің қоғам­дағы түрлі саладағы қолданысы осы аудармаға тәуелді, байлаулы. Осындай жағдайда Аударма бюросына көп үміт артамыз. Ұйымдас­тыруға байланысты айтар ұсыныс­тарым бар. Біріншіден, екі ай ғана мерзіміне қарамастан біраз еңбек­тер аударылған екен. Өте шұғыл жасалып жатқаны, жұмыстың қар­қыны бірден байқалып тұр. Шұ­ғыл жасалғаннан кейін, асы­ғыс жасалған жерлерін білесіздер. Пысықталу керек жағдайлар да болып қалуы мүмкін. Екіншіден, әр саланың жетекшілері бастап, әдебиеттер іріктелініп алынды. Дегенмен, бұл істе жариялылыққа үлкен мән беру қажет. Менің пікірімше, мейлі 5 оқулық болсын, мейлі одан да көп болсын тек қана мамандар емес, бүкіл ел-жұрт алдында таңдалған оқулықтар кеңінен талқылану керек. Тізім арқылы әлемдік әдебиеттен қайсы­сын таңдағанымызды, таңдау себебін көрсетіп, ел алдында дәл­елдеп алу қажет. Келесі басталатын еңбектерді жария түрде, әлеуметтік желіде кеңінен тал­қылан­са, көп даудың басы ашылатыны анық. Аударманың бір жарым ғасырға жуық тарихы бар. Ыбырай мен Абайдан басталып, бер жағында Әлихан Бөкейхан, ХХ ғасырдан Жүсіпбек Аймауытов пен Әуезов­тер. Осы­ның бір ға­сырлық тарихын алып қарағанда екі түрлі үрдіс, тенденция бар. Бірін­шісі – Абай бастаған, Шәкәрім, Алаш зиялылары жал­ғастырған Жүсіпбекке дейінгі аударма­шы­лар­дың дені аудар­маның түпнұс­қасы мен стилін сақтаудан гөрі ұлттық нақыш пен бояуға мән беріп, сөзді де, стилін де оның қазақ топырағына бейім­деген. Екіншісі – Жүсіпбек Аймауытовтан бері қарай аудар­ма­дағы дәл­дікке көбірек мән бер­ген. Ал қазір менің түсінігімше, аударма түп­нұс­қа шылауынан шыға алмауға, тек түпнұсқамен тірескен мәтіндер шалажансар термин­дердің туындауына әкеліп отыр. Ең қуантар­лық бастама, біз тікелей аударуға көшіп отыр­ғанымыз. Түпнұсқа­дан, яғни орыс тілінен шығып, ағылшын тілінен аударып отырмыз. Дегенмен терминдерге байланысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Мысалы, біз айтып жүрген «өсімдік» деген сөз оқулығымызда болмаған. Бұл жасанды сөз. Бірақ бүгін «өсім­дікті» ешкім жасанды сөз деп айтпас. Біз де бір қорқыныш бар. Дайын нәрсені ала салу ең оңайы. Плюс, минус дегендерді қосу, алу, бөлу деп аудардық қой. Халықа­ралық термин дегенді ұстанып алып, болса да болмаса да кіргізіп жатырмыз. Қытай тілінде халы­қаралық термин деген ұғым жоқ. Басқа тілдерде де жоқ. Оны біз зерттеп көрдік. Бәрін термин деп енгізе беруге де болмайды. Сонда бізде фонетикалық заң­дылық жоқ па?! Ағылшын терми­но­логия­сы­ның 70-80 пайызы француз сөзі. Ресейдің де сөздері­нің 70-80 пайызы кірме сөздер. Орыстың кез келген сөзін түбіне дейін зерделесек, Батыстың тер­мин­дері. Батыс­тың терминдерін орыс тілінде жа­сауға неліктен рұқсат берді? Олар оны өз тіліне бейімдеп, икем­деп алды.
Келесі алаңдатарлық мәселе, біз келесі жылдан латын әліпбиіне көшеміз. Міне, сонда биыл 100 кітапты кириллицамен шыға­ра­тын болсақ, онда келесі жылы сол 100 кітапты қайта латын әліпбиі­мен шығарамыз ба?! Меніңше, біз мұны 3-4 ай тоқтата тұрып, әліпби қабылданғаннан кейін қолға ал­сақ қалай? Әлемнің үздік оқулық­тарының латын әліпбиімен оқыта­тын қорын жасауымыз керек. Бір дүние екі рет жасалғаны шығын.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:
– Үлкен жұмыс қолға алын­ғанын көріп отырмыз. Дегенмен, тіл мәселесіне қатысты біраз қиын­дықтар бар екені аңғарылуда. Сала мамандары шетелдік заманауи ұғымдарды аударған кезде қазақтың руханиятымен, ұлттық дүниесімен, стилімен байланыс­тыра отырып аударса, құба-құп. Себебі, бұл оқулықтарды басқаша жолмен аударудың қажеті жоқ. Менің ойымша, біз әлемдегі жаңалықтарды қазақтың баласына түсінікті етіп, өзінің жоғалтып алған руханиятындағы жаңалық­тарымен байланыстырып беру керек. Рухани жаңғыру аясындағы жоба болғандықтан осы мәселе ескерілсе. А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институты ғалым­дары «Мәдени мұра» бағдарламасы бас­талғанда қаншама ұлттық мұрамыз бен дүниеміз анықталды. Соның аясында «Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін» шығарды. Сол сөздікті сіздер пайлансаңыздар дұрыс. Себебі, бұл лексикографиялық емес, лингвокультурологиялық мәдени-танымдық еңбек. Бергісі Алаш, арғы ескі, кітаби қалыптасқан, барлық түркі дүниесіне ортақ тіліміз болған. Бүкіл түркілер сол жазба тілімен бір-бірімен түсініс­кен. Ол ислам өркениетінің қазақ даласында, түркі даласында гүл­денген дәуіріне қызмет еткен тіл болған. Сол тілде діни лексиканың барлығы қазақтың мәдениетін жасаған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір