Ұлтты түсіну мен сүю
25.08.2017
3735
0

Түсіну мен сүю секілді психологиялық, діни һәм пәлсафалық ұғым-түсініктерді ұлтқа қатыстыра айтсақ, оның жалпы мән-мағынасы өзгере қоймайтын шығар-ау дегенге тоқтадық. «Адамды тану, адамды түсінудің өзі түптеп келгенде, Ғаламды ашумен тең!..». Грек софистерінен бастап ортағасыр ойшылдарына дейінгі аралықтағы Уақыт өз қолымен тұрғызған алтын көпір осы ойға жетелеген еді. Жетелеген және де жетектей келе мына Біз тіршілік кешіп жүрген XXI ғасырға дейін келді. Келешекте де, яғни Заманақыр орнағанға дейін зерттеу, зерделеу, тереңдеу, теңесу, саралау, ұғыну, анықтау, табу, түсіну, үңілу сияқты етістіктер өзінің негізгі қызметін (функциясын) атқара беретініне сеніміміз мол. Ұмытып кетіппін, тағы бір етістік бар екен… Оның ныспысы – Сүю. Құдайды сүю, Табиғатты сүю, Жер-Ананы сүю, Ананы сүю, Отанды сүю, елді – қазақты сүю… Левшин, Потанин, Тянь-Шаньский, Янушкевич, Маршак, Ивановтарды былай ысырғанда: «Өз қазағымызды өзіміз түсіне алдық па?» – деген қиын сұрақ алдыңыздан күтпеген жерден сопаң ете шығатыны бар. Жасыратыны жоқ, осы бір өмірлік сауалға іштей дайын жүрмегендіктен жарымжан жауапты ғана жасқана айтуға дағдыланғанымыз да шындық. Қазақ ән өнеріне ден қойған Затаевич: «Өзім үшін жаңа бір Ғаламшар аштым!..», – деп қатты таңырқаған-ды. Бір кездері Әлем картографиясы жаңа жағрафиялық атаулармен толысқан тұста, әркім өзі үшін Қазақ деген құрлық ашты. Демек, оны ашу үшін алдымен түсінбек керек. Бірақ түсіну үшін де жүректе махаббат боп, ол сүю деген іс-әрекетке ұласуы да қажет екенін естен шығармасақ екен. Бүгінгі ұйымдастырған «Дөңгелек үстеліміздегі» әңгіме де осы бір төңіректе өрбитін болады.


Жанар АЛИЕВА, әлеуметтанушы

Қазақты түсіну үшін таным керек

Қазақ халқы – өте қонақжай. Қазақ қо­нақ­ты қатты сый­ла­ған. Сонда дастар­қан жайып, тағамдар дайындап, ет асады. Үй иесі әңгіме-дүкен құрып, қонақпен бірге оты­рады. Реті келсе, ауылдағы әнші, күй­ші­лерді шақыртып, әңгіме арасында қонақ­тар­дың көңілін көтереді. Үй иесінің балалары да қонақтарға қызмет көрсетеді. Осының бә­рі үй иесінің адам­гершілігін, иман­ды­лы­ғын, сый­лас­тығын аңғартады. Қазақ хал­қы­ның қонақжайлық қасиетін саяхатшылар мен ғалымдар қатты таң қала жазған. Ел ара­сындағы: «Құтты қонақ келсе, қой егіз та­бады. Қонақ келсе, құт келер. Қонақ қой­дан да жуас, май берсең де жей береді. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Асыңа тойғызбасаң да, ақ ниетіне тойғыз. Иесін сыйлағанның иті­не сүйек сал. Құтты қонаққа – тәтті та­мақ. Жақсы болса ал­ғаның, үйіңнен кісі кет­пейді. Жаман болса алғаның, шын досың да шет­тейді. Атың бар­да жер таны, асың бар­да ел таны. Қонақ бір күн қонса – құт, екі күн қон­са – жұт.
Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар бо­ларсың. Қонағын сыйласа, төрге шық дей­ді», – деген сөз бар. Тегінде, осыншалықты таза халық қалайша жаман болсын? Сондық­тан қазақты сүю үшін, оны түсіну үшін үл­кен таным керек…
Бірде Ғабең – Ғабит Мүсірепов: «Бүгін ұлт­шылдықпен күресу болып жатыр, ертең ұлт­сыздықпен күресеміз», – депті. Рас, бү­гін­дері ұлттық тұтастық пен ынтымағымыз ыды­рап, елім-жерім дейтіндердің азайып бара жатқаны өкінішті. Бүгін қазақтың емес, қара бастың қамын ойлайтындар да көп емес. Әрқайсысы «бас басына би болғандар» (Абай) жетерлік. Өзгеге жаны ашымақ түгіл, өзін де аямайтындар, керісінше көмегі тиген күнде де көмекейі бүлкілдеп бір нәрсені дә­мететіндер көбейді. Осыған қоса, өскелең ұр­пақ санасын: «Бай боласың, бастық бола­сың», – деп улауда. Ұлтқа деген махаббат ор­на­маған жүректе, барша адамзатқа деген бауырмалдық қайдан болсын? Ұлтты сүйе білу­дің өзі де ұлылық екен. Шіркін, бір-бірін бауырындай көріп және қиын сәтте кеудеден итер­мей, қол ұшын беретін күн де алыс
емес шы­ғар.
Сынаптай сырғыған Уақыт тоқтар емес. За­мана бет алысын бағамдай алмай, қайда бет алып бара жатқанын білмей абдырап, ба­ғы­тынан адасқан, осынау бір жанымызда қа­зақты сүюге орын қалды ма екен, осы? Қа­зіргі мақсат – ұлттың жоғын жоқтап, ке­мін түзетуге ұмтылу. Ұлттық рух болмай, шы­найылық ештеңе болмас. Бізде көп жағ­дайда билікті кінәлау басым. Дұрысы дұр­ыс қой, енді. Қызметте отырғандардың бәрі ел тағдыры үшін жауапты. Бірақ біз, Тәуелсіз Қазақ елінің азаматтары не істеп жүрміз? Өз ұрпағына ата шежіресін, ана тілін, жеті атасын, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін тү­сін­діріп, қыз әдептілігін, ұлт айбары мен ке­шегі есіл ерлердің ерлігін балаларға дұрыс­тап жеткізе алдық па? Қазіргі қазақтың бол­мысын ет жеп, Наурыз мейрамын тойлап, ат­қа мінумен әбден шектеп тастағанбыз. Қа­зақтың қазақтығы өз ішінде, оның жанына бітуі керек. Үлкенін ардақтаған, салт-са­насын бағалаған ел едік. Бүгінгі за­ман­дас­та­ры­мыз­дың өзі салт-дәстүрімізді, қа­за­қы­лығымызды ес­кіліктің жұрнағы деп қабылдайды. Неге? Се­бебі, негізден айырылып қалған. Қазір сат­қындар, жағымпаздар, өтірікшілер кө­бейіп кетті. Олар қазаққа жаны ашиды деп ой­ламаймын. Баяғыда біреу имамға келіп: «Менің жасаған күнәларым басымнан асады. Ма­ған Алланың кешірімін алып берші», – деп­ті. Сонда имам: «Иә, сенің күнәларың бес арық­тан лай су ағып құйылып жатқан то­ғанға ұқсайды. Бірінші – көзің. Қыз-келін­шек­терге, мұсылман әйелдерге көзіңді сүзбе. Екін­ші – сенің аузың. Жақсы сөз айтып, дұға оқып жүр. Шариғат қаламағанды ішіп-жеме. Үшінші – сенің миың. Зұлымдықтың, әділ­діктің, менмендіктің не екенін ажырата біл. Төр­тінші – сенің аяғың. Көргенсіз жерге бас­­па. Бесінші – ол сенің құлағың. Кесел сөз­­ді терме. Осы бесеуі орындалған кезде бә­рі жақсы болады. Мен сені күнәңнан арыл­­та алмаймын. Сен өзіңді-өзің арыл­та­сың», – деген екен. Дәл осы сөзді ұлтқа қа­тыс­тыра айтар болсам, он екі мүшеміз сау кез­де елімізге еңбек етейік. Себебі, жалпы адам барында ешнәрсенің қадірін білмейді. Қ­азақты сүю, қазақты түсіну үшін көп нәр­сенің қажеті жоқ. Ең бастысы, қазақ болып қа­лайықшы…

Ақжол ОРЫНБАСАР, мәдениеттанушы

Ұлттық негізден алыстамасақ екен

Кез келген ха­лық­тың болмысын анық­тайтын басты фак­торлар – мәде­ние­ті, діни ахуалы, өткен жолы, тәжірибесі, та­биғаты, саяси жүйесі мен геосаяси ортасы. Сон­дай-ақ, «Біз кімбіз?» деген күрделі сұрақ­қа жауап іздегенде, өткенмен қатар бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмысты бірге саралау қажет. Біз әлі де болса бұлғағы мен бұра­лаңы көп жолымызды анық саралап, оның бүгінгі күнгі болмысымызға әсерін то­лық зерттеп, зерделеп үлгерген жоқпыз. Кеңес дәуірінде тарих бізге көбіне-көп уа­қиғалар тізбесі ретінде көрсетілді. Ал шын мәнінде тарихтың бүгінгі күнге әсерін сезіну үшін негізгі үрдістерді, әр кезеңде қоғам ал­дында туындаған сынақтар мен жаңа талаптарды талдауымыз кажет. Сол алуан үрдістер, табиғат, қоршаған ортадағы өзгерістердің қоғамға әсері көп таразыланған жоқ. Дәс­түріміз бен мәдениетіміз сыртқы факторлар әсерінен тежеуге ұшыраған. Бұның себеп-салдарын тарихтан іздеген жөн. «Біз нені дұрыс істемедік? Қай жерден қате жібердік?» деген қос сұраққа жауап беруіміз қажет. Кез келген алдыңғы қатарлы қоғам бет-бейнесін, құндылықтарын анықтауда ең шешуші роль атқарған – дін. Сондықтан қазіргі қазақ қо­ғамында дін тек құлшылыққа арналған дү­ние ғана емес, саяси қаруға айналды. Сол се­бепті, қазақ өз өзегін жоғалтпай, ұлттық не­гізінен, тегінен алыстамаса екен.
Біз қазақтар бір нәрседен қорқамыз. Бірақ неден қорқатынымызды өзіміз де білмейміз. Кеңес дәуірінде бойымызды дендеген үрей әлі шырмап тұр. Дамыған елдер нарықтық экономикаға, яғни қазіргі заманғы экономикаға көшкен кезде сол буржуазиялық дәуірінен басталған үлкен рухани инъекция болды. Осы себептен үздіксіз сол заманнан бастап Батыстың да, Шығыстың да ұлы ойшылдары сол инъекция арқылы халықтың рухани келбетін сақтап қалды. Ал бізде болса, өкінішке орай нарыққа көшкен кезде сол инъекция жасалмаған еді. Сонымен қатар, қазақ халқы жаңалыққа құмар, жаңа ортаға тез бейімделгіш. Бұл – артықшылығымыз. Сол себептен дербестігіміз жаһанданудың жаңа үдеуімен тұспа-тұс келуі бір жағынын сын, екінші жағынан үлкен мүмкіндік.
Бүгінгі қазақ қоғамындағы ахуал, мо­раль­дық дағдарыстың белең алуына және со­ның басталуына кінәлі мына Біздер – үлкендер. Себебі, бүгінгі қоғамға ықпалы бардың бәрі – биліктегі шенділер, қал­талылар, парақорлар, саясаткер мен зиялы да, орта және аға буын өкілдері. Ұлт өз Те­­мірқазығынан айырылып қалды. Оның Темірқазығы – еңбек, білім, имандылық, теңдік пен адалдық. Бірақ осы бір қасиеттер бойымызда бар ма? Қалды ма, өзі?.. Ел ұстыны – отансүйгіштік, ұлттық рух. Ел отансүйгіш болу үшін ұлттық орта түзілу керек. Одан кейін Заңнама, жалпы заң атаулысы өзгеруі қажет. Сонда Біз қазақтар өз мүддемізді қорғай аламыз. Ал мүддені қорғау үшін заң ұлт үшін жұмыс жасауы қажет деп ойлаймын. Мына бір нәрсені қараңыз… Заңды былай қойғанда, қазақтың өзі әдебиетінен алыстап кеткендігін мына­дан-ақ көруге болады. Мәселен, қазақтың басым көпшілігі жыраулар поэзиясы мен Махамбет, Абай, Шәкәрімдерді түпнұсқадан оқи алмайды. Мен оны бір емес, бірнеше рет байқағанмын.
«Ауруын жасырған – өледі» деген атам қазақ. Көптеген зерттеушілердің айтуынша, 15-25 аралығындағы қыздарымыздың тең жартысы шетелдіктерге тұрмысқа шығуға дайын боп шықты. Тарихты оқып отырып бір нәрсені аңғарамыз… Ол не? Қазақ елін, ж­е­рін, Отаны мен қыздарын ешкімге бермеген. Себебі, олар үйдің берекесі, құты, ұйыт­қысы. Одан бұрын ол – ұлт ұрпағы үшін жауап­ты адам. Енді қараңыз, бүгіндері қазақ қыз­дары қытай жігіттеріне тұрмысқа шы­ғады деген жаңалықты түк болмағандай айта беретін жағдайға жеттік. Сонда бұл қазақ үшін ұятты дүние емес пе? Бізге қазақты сүю, қазақты тану, қазақты таныту жөнінде айтпас бұрын ұлт ретінде нығаюымыз керек. Көрші Өзбекстанды қараңыз. Адам саны 31 миллион. Сұмдық қой! Ал біздің қазақ сол 10 миллионнан алысқа ұзап кете алмады. Сауд Араб елінде және басқа да араб мем­лекеттерінде қыздарының басқа ұлт өкіл­деріне күйеуге шығуларына қатаң шектеу қойылған. Олар бұл тұрғыда арнайы заң қабылдаған. Қазақ саны аз ұлт болғандықтан, мұн­дай заң бізге де қажет деп ойлаймын. Та­ғы бір сұмдық – қазақ жастарының бедеу­лігі мен белсіздігі. Одан кейін, қызтекелер мен біржыныстылар өздерін ашық жарнамалай бастаған кезде ел тағдырына жаны ашитын кісілердің үнсіз отырғанын түсіну қиын. Керісінше, біздің телеарналар еркектің әйел рөліне ену жағдайын молынан жарнамалай бастады. Сатиралық театрларындағы қазақ жігіттері әйел ролін ойнауға құштар. Және соған өлердей беріліп алған.
«Қазақты сүю, қазақтың қадірін білу немен өлшенеді?» деген сұрақ бұрыннан мазалайтын. Қазақты сүю үшін түсіну керек. Ал бірақ оны түсіну қиын! Мен өз ұлтымды сүйе­тін азамат ретінде айтарым, елге еңбек ет­кің келсе, оны жарнамалаудың, жария етудің қажеті жоқ. Қолдан келген көмегіңді аяма. Қазаққа айтылған әрбір сын Бізді ұлт ре­тінде қайрай түсуге тиіс. Біз енді ғана Әлем­дік аренаға шығып, Халықаралық деңгейде үлкен-үлкен жетістіктерге жетудеміз. Алдымен, соған тәубе деуіміз керек. Екіншіден, қазақты өзге ұлттар сыйлау үшін Біз өз-өзі­мізді сыйлауымыз қажет. Сонда ғана, бедел­ді боламыз. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жа­нынан түңілсін…» демеп пе еді, атам ­қа­зақ. Бедел өздігінен келе салмайды, оған да өсіп, жету керек. Қазақты шын сүйген кез­де ғана, Біз өз-өзімізді тани бастаймыз… Қа­зіргі кездегі ең қажетті нәрсе – осы!..

Әзірлеген
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір