Тектіліктің белгісі
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға үндеп, оқырмандар арасында парасатты пікір қалыптастырып үлгерді. Халқымыздың рухани құндылығын қайта түлетіп, жаңғырту жолындағы ойлары мен бастамалары санаға рух, жанға жігер берді. Мақала діндар қауымы арасында да терең талқыланып, жастармен өткен келелі кездесулерде кеңінен насихатталып жатыр. Мақаладан: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деген жолдарды оқимыз.
Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.
Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұжырымды туындыда осынау ұстанымдар дөп айтылғанын тілге тиек ете кеткен жөн.
«…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады… Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».
Бұл – бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Осы орайда ұлтымыздың белгілі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қасыңнан да, досыңнан да бірдей сақтан», – деген сөзі ойға оралады. Сақтанудың басы – өзіңе қатысты рухани құндылығыңды түгендеп, кейінгіге мұра етіп қалдыру…
Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге тырысады. Тұжырымды жазбада көтерілген тағы бір маңызды, өзекті мәселе – туған жерге деген махаббат.
«…Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген мәнді мәтіндер кез келген қазақтың жігерін жанып, патриоттық сезімін оятпай қоймайды.
Расында, өзінің туған жерінің, туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Міне, патриотизм дегеніміз туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады.
Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?», – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.
Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның. Алла Елшісінің тағы бір хадисінде: «Отанын күзеткен шекарашының көзі ақыретте күймейді», – деген. Туған жерді қорғау, туған еліңе қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға, туған еліңе деген махаббатқа байланысты екен. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – деп бекер айтпаса керек. Осынау парасатты пікір Абайда да бар: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол».
Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отырған «елдік сана» желісі. «Туған жер» бағдарламасы еліміздегі жомарт жандардың өзінің туған еліне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шараларға үлкен үлесін тигізуге ықпал етеді деген үміттеміз.
Алаштың ардақты ұлдарының бірі Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының:
«Дегендер: мен жақсымын,
толып жатыр,
Жақсылық өз басынан
артылмаған.
…Не пайда өнерің
мен біліміңнен
Тиісті жерлеріне
сарп ұрмаған?!», –
деген жалынды жыры ойға оралады.
Әрбір азамат өзінің саласы бойынша елдің өркендеуіне, өз ауылының көркеюіне үлес қосса, болашағымыз баянды болмақ.
Егер Сіз бен біздің өз отбасымыздан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыстарға, жалпы жұртқа шарапатымыз, қайырымыз тимесе, Ахаң айтқандай, ондай білім мен өнерден пайда жоқ екен. Жақсылыққа жақсылық жасау – мұсылманның міндеті.
Мемлекеттің қамқорлығымен оқып-тоқып, белгілі дәрежеге жетіп, қызметке орналасқан соң, осы игіліктің баршасын елді өркендету жолында жұмсауымыз керек. Өйткені, Алла Тағала Құранда «Әли-Ғимран» сүресінде: «Жақсы көрген нәрселеріңді, (мысалы, дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деп баяндаған.
Еліміздің кейбір жомарт жігіттері өзінің туып-өскен ауылына балабақша, мешіт, көпір, жол, спорт кешенін, т.б. салып беріп, халықтың ықыласына бөленуде. Әрбір азамат елдің игілігі үшін осылайша қолдан келген көмегін көрсететін болса, біздің қоғамда әлеуметтік мәселелер өздігінен шешіле бастайды.
Исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Ол тек мешіт салумен шектелмейді. Аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздырту, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер. Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Сауапты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айналамызда. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – ол да қайырлы іс.
Меценаттар мен кәсіпкер азаматтармен кездескен кезімде елдің игілігі үшін жалпы халыққа қажетті нысандарды, атап айтқанда, жол, көпір, бала-бақша, аурухана, т.б. ғимараттарды салудың маңыздылығы туралы өзімнің пікірлерімді жиі айтамын. Құдайға шүкір, облыстар мен аудандарда спорт алаңдарын, балабақшалар мен жол-көпір салып, ауылға су құбырларын тартып берген демеуші азаматтар аз емес.
Демек, қазір біздің қоғамға өз ісінің майталман маманы бола білген иманды, жанашыр, дәстүрлі құндылықтарды құрметтейтін парасатты жастар қажет. Білім мен көркем мінезді, ар мен ұятты өз бойына ұялатқан адам еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қоспақ. Біз жастарымызды осыған тәрбиелеуіміз керек.
Мектеп мұғалімі балаға сабақ берумен қатар, оны ізгілікке баулыса, ата-ана ұлы мен қызының тәрбиесін жіті қадағаласа, дін қызметкерлері көркем уағыздарымен имандылыққа ұйытса, қарияларымыз бен зиялы ағаларымыз тәлімін айтса – бала көргені мен естігеніне амал ете бастайды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада қозғалған мәселелер мен қолға алынатын бастамалар дін қызметкерлерінің де жұмыс бағытын айқындай түсті. Бұл жаңа заманның өткеліне табан тіреп тұрып, имандылық қалыптастырған бұрынғы тамырымызды тектілікпен бекемдеп, жүйелеу жолындағы өзекті бастама деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жастарды тектілікке тәрбиелеуіміз тиіс.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013-2015 жылдар аралығын «Дін мен дәстүр сабақтастығы» жылы деп жариялап, осы мерзім ішінде салт-дәстүріміз бен асыл дініміз кеңінен насихатталды. 2016 – «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланып, тағылымға толы тарихымыз туралы бірнеше зерттеу мақалалар жарияланып, кітаптар жарық көрді, конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Мақсатымыз – жамағатты тарихтан тәлім алуға үйрету. Бұл бағыттағы игі жұмыстар болашақта да жалғасын табады.
Кез келген қоғам ұзақ уақыт бойы жинақталған тәжірибені келесі ұрпаққа ізгі дәстүрінсіз жеткізе алмайтынын есте сақтағанымыз абзал. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп Елбасы кез келген қоғамдық, әлеуметтік үдеріске қазақы салт-санамен бейімделу қажеттілігін баса айтты.
Егер халықтың дәстүрі болмаса қалай дамып, қалай өрістейді? Өткеннің тәлімді тәжірибесін алмай, алға қадам басуға бола ма? Кез келген халық шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрімен жаңаны жалғап барып қадам жасауы – оның өмір сүруінің алғашқы белесі. Осындай рухани тұтастық жоқ жерде ұлттық дүниетанымдық үзік пайда болады. Ұрпақ сабақтастығы деген халық болып ұйысып өмір сүру мүмкіндігі, жекешілдік емес, ұжымдық, елдік үрдіс болғандықтан, ұлттық құндылықтарымызды дінімізбен сабақтастыра жаңғыртудың маңызы өте зор.