Тәңірлі өлім
11.08.2017
1632
0

Цэрэнтулгын Түмэнбаяр
(Моңғолия)


М.Цэдэндорж-ға

Көзін тұмшалатқан бүркіт бұралқы иттей босағада байлаулы. Өз қалауымен дүниенің жарығын көру қызығынан айрылған. Қар құрсаған заңғардың сап-салқын ауасымен тыныстаудан қалғалы да қашан. Қолқа қапқан түтін, тамақтың қоңырсығы, адамның жағымсыз иісіне тұншығып, тыныс ала алмай тұмығады…

Өлімге де еркіндіктің қажет екенін, көз ашқаннан адам қо­лына қарап өскен бүркіт байқұс бұ­ны қайдан білсін. Адамнан тай­сап, жасқануды білмей, желге ұш­қан бұлттай сүлдесі құрып, ті­лін жұлдырған жылан сияқты жі­гері қайтқан, ыстық отқа қақ­талып, қауырсын-қанаты құры­сып, ет-тарамысы да босап кеткен. Қарымды қос қанатында шыбын-шіркейдің қаққышындай да қауқар қалмаған. Қарадай қай­ғырып, зарлаған дауысты жүрегі­мен естіп, ыстық үйде тірідей жан ұшырып булығады.
Егер, оны дәл қазір Алтайдың мұзарт шыңына жібере қойса, жі­лік қатырар аязда қоңыздай қатып қалар еді… Демек, бұл сорлыға он­дай күн де бұйырмады. Ұшпа құздың ернеуіндегі ұясында, тек ғана анасының ауызына салатын жемге ұмтылып, сары езуін тосудан өзгені білмейтін бейшара ба­­лапан кезінде адамның құры­ғына түсіп, қырқаның көк желінде нағыз бүркіт болу тағдырынан айрылды. Анасы балапаны­ның қанаттанғанын көрсе, адамнан қаймықпай ұмтылып, өткір тырнағын қадай тартып, те­ге­у- рінді топшысымен қағып, қа­раң­ғы түнекке ұшырып жіберер еді-ау! Бұл мұңлыққа ондай тағдыр бұйырмады. Бөлек тағдыр – Жер мен көктей бөлек тағдыр…
Қарлы шыңның асау бүркіті жартастың ернеуіне салған ұя­сын­дағы екі балапанын соңғы рет тамақтандырды. Анасы жаңадан қауырсын жазған балапанда­ры­ның ұшуға талпынып жатқа­нын алғаш көрген бетте, шегір көздері шақшиып, шаңқылдауға кел­тір­местен, тегеурінді қанаты­мен қа­ғып, ұясымен қоса құлатып жі­берген болатын. Бүркіттің жас балапандарының үрейлі қуысқа құлап бара жатқаны, тура бір ала жоңқаның желге ұшқаны сияқты. Бір ұяда бірге өсіп, бірінің бүйіріне бірі тығылып, бір жемді бөліп өс­кен егізінің қара жартасқа қалай со­ғылғанын көруге де қауқары болмаған. Тек анасы ғана екі ба­ла­­панының қайсысы соғылып, қайсысы қаларын шегір көзімен соңғы рет бір бажайлап, бұл дү­ниедегі ана мен баланың байланысымен біржолата қоштасқан. Бұл – бүркіт тағдыр болатын.
Көкшегір содан бері не көрмеді дейсің. Анасының аяусыз қатты қанатына ұрылғанда, «дүниеге қанат қаға алам ба, жоқ па дегенді де ұмытып», үрейі ұшып, қорқуды ұмытып, өмірін, от шашқан көз жа­сын, ақыл-ес, қарымды қанат, өткір тырнақ, екпінді қозғалыс түгелін кездіктей тұмсығына тапсырған-ды…
Алтайдың ақ желінен бала­пан­­­ның қанатына күш кіріп, үскірік аяз сүйегінен өтсе де, қар­сы келген дауылдан оқтай зулап өтуден қайрат алатын. Кей кезде қолтығы қанағанша көктей ұшып тамақ іздеп, тірі жүрудің – бейнеті, бей­нетті жеңудің – зейнеті, қа­рымды қанатының қуатында аспанда қалықтап ләззат алып, дүниенің қызығына батудың рахатын да көрген-ді. Ол сәні мен айбаты ке­ліс­кен күмбезді құз­дардың биі­гінде таудан тауға секірген арқар, тауешкіге алып қанатын қомдай келіп, көз ілес­тірместен, өткір тыр­нағымен іліп алып жоғалатын. Осылайша, гуіл­деп соққан қой­науды өткір ше­гір көзімен барлап, талай жылдарды өткізіп, өмірінің соңына да жеткен. Енді тынысы та­рылған сайын жарық дүние қызығы сана­сынан ұшып, күмбез көкке кө­­те­ріле самғап, көз ұшы­нан алыс­­тай­ды. Алғаш анасына қақ­тырған жар­тастың ернеуінде тағы да қос балапанның ауызын ашып жат­қа­нын бірде көрген еді. Ол екі ба­ла­пан да оның ұрпақ-жұрағаты бо­л­а­тын. Олардың да келешегін ана­­­ларының тегеурінді қана­ты­ның екпіні білер-ді. Және бүркіт болар тағдырлары ғана шешер-ді…
Көкшегір көтеріле, көтеріле ас­пан көгінен үзілді. Егер, жерден әлдекім оны көріп тұрса, Көкше­гір­дің түпсіз көк аспанның тұң­ғиы­ғында болымсыз қара даққа айналып, кішірейе-кішірейе барып, ғайып болғанын байқар еді. Көкшегір де уайым-қайғыдан құтылар еді. Бүркіт – тағдырымен жарық дүниеде жүрегі жарылып, қарымды қанатының қауырсыны адамның қолына түспестен, жерге тимей, дәл солай ұшып кетсе Көкшегірде арман болмас еді…
Әнтек, бөтеннің үйінде тынысы тарылған «соқыр» бүркіт ұрпақ қалдыруды қойып, өз тағдырымен өлуге де қауқарсыз… Иесі мына дүниеде бұнымен құмарын қан­ды­рып, бұны ермек ету үшін шы­бын жанын түрлі ем дәрімен ама­л­дап ұстап, тірліктің тозағына байлап отыр.

Моңғол тілінен аударған Жүкел ХАМАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір