Бұрынғы мен бүгінгінің бедел өлшемі
Қазақтың «бедел» туралы түсінігі бұрындары ар-ұят, қадір-қасиет, құрмет-қошемет, абырой түсініктерімен астасып жататын. Сондықтан болса керек, халық бойынан ізгіліктің иісі аңқып тұратын, қара қылды қақ жарып шындықты айтатын азаматтардың сөзіне тоқтап, ақылына құлақ түретін. Жиын-тойда орнын төрден сайлап, құрметке бөлейтін. Ал бүгін «аузы қисық болса да бай баласы сөйлейтін» заман туды. Абай айтатын «ісі білмес, кісі білердің» нағыз дәуірлеп тұрған кезі келді. Осы күні қалтасы қалыңдар мен ағасы мықтылардың беделі де асқақтап тұр.
Алмағайып заманда қалың жұртты сөзіне ұйытып, соңына ергізе білетін дара мінезді кісілер халыққа пана-тын.
Ал қазіргі халық кімді тыңдайды, кімге сенеді, кімді шын құрметке лайық
санайды, бүгінгі талқыға түсер тақырыбымыз осы.
– Біздің «бедел» туралы түсінігіміз қандай? Бұрын беделді кісі деп кімді айтатын еді? Бұрынғының беделдісі мен қазіргінің беделдісінің басты өзгешелігі неде?
Тұрсын ҒАБИТОВ, философ:
– Алдымен бедел ұғымына теориялық айқындамалар беріп көрелік. Бедел – адамның жалпы жұрт мойындаған қадір-қасиеті, ықпалы, көзқарастар жүйесі немесе белгілі бір қасиеттеріне, сіңірген еңбегіне көрсетілген лайықты құрметті білдіретін ұғым. Бедел – белгілі бір адамның, топтың, қоғамдық ұйымның, әлеуметтік институттың жалпы әлеумет қабылдаған, мойындаған қабілеті мен еңбегі. Беделдің ресми және бейресми түрлері болады. Бедел алдын ала белгіленіп қойған, маңдайға жазылған нәрсе емес, ол әлеуметтік қызмет барысында қалыптасады.
Бедел қоғамдық қатынас ретінде адамдардың қоғамдық нормаларға, әлеуметтік тәртіпті ұстап тұру құралдарына бағынудың тарихи өзгеріп отыратын формасын білдіреді. Ықпал ету аясы мен тәсіліне қарай бедел саяси, моральдық, ғылыми, тәрбиелік және т.б. түрлерге жіктеледі, яғни билік, ғылым, өндіріс, тәрбие салаларында кеңінен іске асырылып отырады. Бедел билікті жүзеге асыру тәсілдерінің бірі десек те болады. Экономикалық және саяси қатынастарға байланысты беделдің қолданылу аясы, оның негіздері және бедел иегерінің өзі өзгеріп отырады.
Діни санада Құдай және Пайғамбарлардың, қасиетті адамдардың беделі жоғары маңыздылыққа ие болды. Олардың беделі Құран-Кәрімде, Хадистерде, Інжілде бекітіліп отырды. Жаңа заманда Батыста діни бедел теріске шығарылып, жеке адамның беделінің маңыздылығына басты назар аударылды. Ағартушылардың түсінігінде бедел білімге немесе қандайда бір адамның даналығына негізделуі тиіс болды. Кімнің өкімі, кімнің үлгісі қандайда бір басшылыққа алынатын болса, соны бедел деп атауға болады. Батыстық индивидуализмнің дамуы қауымдық, қоғамдық беделді теріске шығарды. Нарықтық қоғамда ең беделді болып қалталы адамдар есептеледі.
Қазіргі заманда беделді түсіндіруде бір-біріне қарама-қарсы екі теріс үрдіс бар. Олар: тоталитаризм мен автократия идеологиясы шеңберінде өзінің ұшқары формалары арқылы көрініс тапқан авторитаризм (бедел иесінің шексіз күнәсіздігін мойындау) және екіншісі кез келген беделді нигилистікпен теріске шығару, жеке тұлғаның абсолютті еркіндігін анархиялық жолмен уағыздау. Тәртіп сақтау құралы ретінде бедел өндірісте, билікте, басқару ісінде және қоғамдық өмірдің басқа да салаларында адамдардың кез келген қызмет түрінде кездеседі. Ол беделдің жеке басқа табынушылыққа айналуына жол бермейтін қажетті шарт. Халық бұқарасы мен жеке адамның тарихтағы ролі бедел туралы түсініктердің негізі.
Алтай ТАЙЖАНОВ, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінің Әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор:
– Алдыменен жалпы көпшілік түсінігінде беделді адам деп көпке танылған, көпшілік құрметтейтін, бұқараға да, билікке де үлкен ықпалы бар адамдарды айтады. Қазіргі ғылыми-танымдық энциклопедияларға, басқа да анықтамалықтарға сүйенсек, БЕДЕЛ – жоғары құзырет, терең білім, ерік-жігер, жанқиярлық және т.б. оң сапаларға негізделген, адамның мойындалған қасиеті немесе ұйымның еңбек арқылы қол жеткізген қоғамдық маңызы. Осы тұрғыдан алғанда, БЕДЕЛ – кең мағынасында білімі, тәжірибесі, адамгершілік абыройы, парасаты арқылы жалпы көпшілікпен мойындалған тұлғаның немесе еңбегімен ерекшеленген ұйымның қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларына әсер етуі. Нақтырақ, дәл мағынасында айтсақ, ол да билікті іске асырудың бір үлгісі.
Бұрын «Беделді кісі» деп жоғарыда айтылған түсінікке сәйкес келетіндерді айтқан. Әрине, бедел туралы біздің түсінігіміз де тарихи тұрғыдан, заманына сай өзгеріп отырған. Мысалы, бұрынғы дәстүрлі қоғамда ел басқарған бектерді, хандарды, т.б. тұлғаларды, сондай-ақ солармен қатар өмір сүрген билерді, батырларды, парасатты, сыйлы, ауқатты адамдарды да халық құрметтеген. Олар да әлеумет арасында өздерінің тұлғаларына сай әрекет еткен. Дәстүрлі қоғамның орнына келген кейінгі қоғамдық – мемлекеттік құрылымдарда беделдің орны да, мән-маңызы да өзгерістерге ұшырады. Оны бір сөзбен түйіндесек, қазіргі уақытта «беделдің беделінен биліктің беделі» әлдеқайда үстем. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Орыс халқы арасында: «Я начальник – ты дурак, ты начальник – я дурак» – деген қалжыңның шығу төркіні де осыдан болса керек.
Осы айтылғандардың өзінен бұрынғының беделдісі мен қазіргінің беделдісінің басты өзгешелігі көрініп тұр ғой. Бұрын ақылмандар, парасаттылар, елге ерен еңбек еткен даралар мен даналар беделге ие болса, бүгінгі күні қолында билігі барлар ие. Ал ондай ортада әлеумет бойында құлдық психология қалыптасып, кіріптарлыққа жол беріледі. Ашықтыққа, еркіндікке бұндай ортада орын жоқ. Бұрынғы қазақ: «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп өз ойын ашық айта алса, бүгінгілердің көпшілігі билікке жағымпаздану мен жарамсақтанудан алдына жан салмайды, тіпті ұят әрекеттерге барады. Беделге қатысты тағы бір ескеретін жай, коррупция жайлаған қоғамда орынсыз байыған, парасаттан жұрдай қалталылардың да «беделден» үмітті екенін естен шығармағанымыз абзал. Соңғыларының жастарымыздың бедел туралы түсініктеріне оң әсер етпесі анық. ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі керек» – делінген. Міне, елінің абыройын асырған осындай адамдар барлық уақытта да зор беделге ие болған.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы:
– Бедел дегеніміз – әлеуметтік капитал. Адамдар оны қажеттіліктеріне қарай қолдана алады. Бұл бір жағы демократиялық қоғам құндылықтарына қарсы болуы мүмкін. Мысалы, «беделін салып» заңға қайшы әрекеттерге баруға болады. Алайда, адамдық фактор бар жерде беделдің ықпалы қашан да болады. «Кім беделді?» деген сұраққа келетін болсақ, мен жеке субъект тұрғысынан бағалауды ұсынбақпын. Кім-кімді беделді санаса сол беделді. Біреуге әнші, біреуге футболист, біреуге ақын-жазушы беделді. Әлеуметтік сауалнамалар бойынша, мысалы жастар үшін үлкен беделге ие спорт және өнер адамдары, одан кейінгі орында саясат өкілдері.
Жастардың пікірінше, бүгінгі таңда спортта – Геннадий Головкин (23,0%) мен Илья Ильин (13,2%); Қанат Ислам (5,8%) мен Бекзат Саттарханов (4,5%); саясатта – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев (23,0%), Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек (5,3%), ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан (5,2%), ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов (4,8%), Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов (4,3%), Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин (4,2%); мәдениетте – Қайрат Нұртас (7,7%) пен Төреғали Төреәлі (7,0%), Роза Рымбаева (6,5%), Мақпал Жүнісова (2,7%), Мәдина Сәдуақасова (2,3%), Мейрамбек Беспаев (2,0%) негізгі «кейіпкерлерге» жатады.
…Менің ойымша, сал-серілер, балуандар біздің атам-қазақ заманында да халық арасында үлкен беделге ие болған. Бай-бақуатты жандардың беделі ықылымнан болған. Тап қайшылығы қай заманда да болған соң (социалистік жүйені есептемегенде) олар көбірек әжуа-сарказмға ұшырайды. Сондықтан бедел ұғымында бұрынғы, қазіргі деп параллелизм жасағаннан аса айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Әрине, құндылықтар жүйесінің өзгеруі адамдардың сана-сезіміне де әсер етпей қоймады. Бүгін де Алдаркөсе заманындағыдай «шапанына қарап, күтіп алады», ал бірақ «ақылына қарай шығарып салу» көп кездесе бермеуі мүмкін. Бүгінгі таңда беделдің номиналды, материалдық құны бар. Мысалы, біреу «пара» беріп, біреу «беделін» («таныс-тамыр», «көке-жәке») салып бір нәтижеге жетеді. Алайда, «пара» да, «бедел» де жүрмейтін салалар баршылық: ол – ғылым, жаңа технологиялар бәсекесі. Оны да «сатып аламыз» деген санадан арылмасақ дамудың даңғыл жолына түсуіміз неғайбыл.
Сөз жоқ, бүгінгінің беделдісі «поп-мәдениет» жұлдыздары. Қазір әлем бойынша тенденция осындай. Алайда, жаңа технология, ғылым қарыштап дамып келеді. Марк Цукерберг пен Стивен Джобстың да әлем бойынша беделі жоғары.
Бұрынғы дәстүр шегініс жасап, дәстүрлі қоғамның орнына келген бүгінгі қоғамда дауды да шешетін, жауды да тоқтататын – БИЛІК. Ендеше, бүгінгі күні дауды да, жауды да тоқтататын дуалы ауыз қарияларға қоғам зәру емес, тіпті қажетсінбейді де! Ал «ақсақал» деп жүргендеріміздің көбі сол қоғамда қалыптасқан және олардың «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болып жүргені де жасырын емес. Бірақ көпшілік қауым «осы қалай» деген үлкендерге үміт артып, оларды зиялылар санатына қосып, «есті сөз, елдік сөз айта ма» деп үміттенеді. Әзірге үміттері ақтала қойған жоқ… Тіпті, бұрын ел басқарған, әр түрлі лауазымдық қызметтерде болғандар да, бұрынғы және қазіргі депутаттардың ішінде де, өнер мен ғылым қайраткерлері арасында да халықтың сөзін сөйлеп жүргендер көп емес. Халық атынан сөз айтпақ түгіл, келеңсіз қылықтарымен, биліктегілерді асыра мақтауларымен, «жауырды жаба тоқуларымен» аты шыққан, жағымпаз, жарамсақ, қара басының қамымен жүрген «өзім дегенде, өгіз қара күшін салып», мерейтойлық мерекелерін өткізіп, марапат пен мақтау алып, оны ақпарат құралдары арқылы жарнамалатып «мықты» атанып жүргендеріміз қаншама?! Міне, бұл жалған бедел.
– Бұрындары дауды да, жауды да тоқтататын аузы дуалы қариялар болатын. Қазіргі күні терең ой қозғап, дұрыс жол көрсететін адамдарға зәру секілдіміз. Сіздіңше қалай?
Тұрсын ҒАБИТОВ:
– Бүкіл әлемдегі сияқты қазақ қоғамында да бедел тарихи құбылысқа жатады және заман талаптарына сай өзгерістерге ұшырап отырады. Бұрынғы көшпелілік қоғам моральдың құқықтан басым тұратындығына сүйенді. Сондықтан дауды да, жауды да тоқтататын дуалы ауыз қариялар болды, ақын-жыраулардың беделі хан-сұлтандардан да жоғары еді. Халық сөзге тоқтады, «бас кеспек болғанымен, тіл кеспек жоқ» делінді. Білімді адамдардың беделі шариғат және дала заңдарымен қуатталып отырды. Алайда, бір ХХ ғасырдың өзінде қазақстандық қоғам бірнеше түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Сол себепті, беделді адамдардың түрлері де өзгеше сұрыпталатын болды.
ХХ және ХХІ ғасырлар қоғамындағы беделді талдау үшін авторитарлы және гуманистік ар-ұят туралы ілім өзекті. Авторитарлық бедел – бұл сырттан танылған беделдің, басқаның, «көсемнің» немесе қандайда бір тоталитарлық мәдениеттегі бедел иесінің ықпалы. Бұл жерде адамгершілік туралы айтудың өзі қиын. Мұндай қылық сәт талабына сәйкес келеді және жазалану қорқынышымен, марапатталу үмітімен көрініс табады. Әрқашан белгілі бір беделдер тегеурініне, олардың жазалауға, марапаттауға деген нақты немесе жалған мүмкіншілігіне тәуелді болады. Көбінде жұрт бойында ар-ұяттан туындайтын көңіл-күйлер емес, авторитет алдындағы қорқыныш қана қалады. Ең маңыздысы, авторитарлық мораль қағидалары адамның өз құндылықтық пікірлерімен анықталмайды, беделдің бұйрықтары мен тыйымдары арқылы анықталады.
Авторитарлы беделдің екі түрі бар. Таза ар-ұят – бұл бедел саған ырза деген сөз; ал кінәлі ар-ұят – бедел саған ырза емес деген түсінікті береді. Таза (авторитарлық) ар-ұят игілікті жағдай мен қауіпсіздік сезімін тудырады. Өйткені, ол бедел қолдауын және оған жақындығын білдіреді. Кінәлі ар-ұят қорқыныш пен үміт үзушілікті тудырады. Себебі, бедел еркіне қарсы әрекет жазалану қаупіне әкеліп тірейді.
Бағынбау – басты күнә, ал тілалғыштық – басты ізгілікке айналады. Бас шұлғушылық беделдің жоғары билігі мен данышпандығын, оны өз еркі бойынша бұйыру, марапаттау және жазалау құқығын мойындауды білдіреді. Бедел өз бұйрықтары мен тыйымдарын, марапаттаулары мен жазалауларын түсіндіруге дейін төмен түсе алады, бірақ тұлғаның беделге еш сын айтуға құқығы жоқ. Индивидтің сын айтуға батылы жеткендігінің өзі айғақ ретінде оның кінәлілігінің дәлелі болып табылады.
Беделдің көрінісі қандай болсын, мейлі ол Ғаламның билеушісі немесе тағдыр жіберген «халықтың көкесі» болсын, олардың және адамдардың кез келгені арасындағы түбірлі теңсіздік бар. Міне, авторитарлы беделдің негізгі догматы осы.
Авторитарлы беделмен салыстырғанда гуманистік ар-ұят – сыртқы санкциялар мен қолдауларға бағынбайтын және әрбір адамға берілген біздің жеке даусымыз. Ар-ұяттың дұрыс қызмет етуі немесе оның бұзылуына бүкіл тұлға-тұрқымыз жауапкер. Ар-ұят адам мақсатының орындалуын бағалайды, ол өмір өнеріндегі табыстарымыз бен шалыстарымыз туралы хабар беріп отыратын біздің бойымыздағы ақпарат.
Бұл бізден жемісті өмір сүруді, толық және үйлесімді дамуды талап ететін біздің нағыз «Меніміздің» дауысы. Бұл біздің адалдығымыздың қорғаны, өзімізге тұра алу қабілеті, тіпті өзімізге «Иә!» деп тәкаппарлықпен айтуға мүмкіндік беретін қабілет. Жеке ар-ұятымыздың дауысын есту үшін біз өзімізді таңдауымыз керек, жауапкершілікті өзімізге алуымыз керек, ал бұл біздегі адамдардың бірталайы үшін қиынға соғуда. Біз өз дауысымыздан гөрі, өзге дауыстарға құлақ түреміз.
Алтай ТАЙЖАНОВ:
– Бұрынғы дауды да, жауды да тоқтататын дуалы ауыз қариялардың өз бойында кісілік, ұят, иман мен инабат, ар-намыс, қадір-қасиет, парасат молынан болатын. Бұлардың барлығы адамның жоғарғы қоғамдық-рухани құндылықтары болып табылады. Абай «ұят кімде болса, иман сонда», – деп бекер айтпаған. Ар-намыстылық – азаматтың, жеке тұлғаның моральдық және тағы да басқа қасиеттеріне берілетін әлеуметтік баға, көптің бағасы. Ал қадір-қасиет – жеке тұлғаның өзін-өзі ішкі бағалауы, өзінің қасиеттерін, қабілеттерін, дүниетанымын, парызының орындалуын және қоғамдағы орнын түсіне білуі. Аталған ұғымдар әр түрлі халықтардың санасында, көптеген ғұламалар мен саясаткерлердің, философтардың этикасында үлкен орын алған, олардың қызметтерінің бағыттары мен қоғамдық көзқарастарына көпшілік мінездеме беріп отырған.
Қазіргі уақытта заман өзгерді. Бұрынғы дәстүр шегініс жасап, дәстүрлі қоғамның орнына келген бүгінгі қоғамда дауды да шешетін, жауды да тоқтататын – БИЛІК. Ендеше, бүгінгі күні дауды да, жауды да тоқтататын дуалы ауыз қарияларға қоғам зәру емес, тіпті қажетсінбейді де! Ал «ақсақал» деп жүргендеріміздің көбі сол қоғамда қалыптасқан және олардың «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болып жүргені де жасырын емес. Бірақ көпшілік қауым «осы қалай» деген үлкендерге үміт артып, оларды зиялылар санатына қосып, «есті сөз, елдік сөз айта ма» деп үміттенеді. Әзірге үміттері ақтала қойған жоқ… Тіпті, бұрын ел басқарған, әр түрлі лауазымдық қызметтерде болғандар да, бұрынғы және қазіргі депутаттардың ішінде де, өнер мен ғылым қайраткерлері арасында да халықтың сөзін сөйлеп жүргендер көп емес. Халық атынан сөз айтпақ түгіл, келеңсіз қылықтарымен, биліктегілерді асыра мақтауларымен, «жауырды жаба тоқуларымен» аты шыққан, жағымпаз, жарамсақ, қара басының қамымен жүрген «өзім дегенде өгіз қара күшін салып», мерейтойлық мерекелерін өткізіп, марапат пен мақтау алып, оны ақпарат құралдары арқылы жарнамалатып «мықты» атанып жүргендеріміз қаншама?! Міне, бұл жалған бедел. Кейбір «танымал» қарияларымыздың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде сынға ұшырап жатуы осы тұрғыдан алғанда орынды. Ендеше, бізге, үлкендерге ойланумыз керек… Қандай қоғамда болмасын өз ойын айта алатын, халықты соңынан ерте алатын, парасатты, білімді, рухани тұлғаларға орын болған, алда да бола береді. Кім қандай жолды таңдайды, ол өз алдына бөлек әңгіме, тек еліміздің болашағы жастарға зиянымыз тимегені жөн. Тарих таразы, ол ерте ме, кеш пе, барлығымызды өз орнымызға қояды, бағасын береді.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– «Ауылдың алты ауызын айтатын» ақсақалдар институтын қайта жаңғыртып, «заңдастыруға» толықтай болады. Азаматтық қоғам құру мақсатында қазір билік құрылымдары жанынан, (мысалы, Алматы қаласы әкімшілігі, т.б.) түрлі «Қоғамдық кеңестер» ашылып, жұмыс жүргізуде. Осы тәжірибиені жер-жерлерде енгізіп, Кеңеске мүшелікке бұрын қызметте болған, зейнеттегі жандардан бастап, ауыл-аймақтың сыйлы ақсақалдарын да қосып, тек көзбояу үшін емес, Кеңес ұсыныстары саяси шешім шығаруда есепке алынатындай тетіктер жасалынуы тиіс. «Қоғамдық кеңес», «қоғамдық бақылау» жүйесін үкіметтік емес ұйым ретінде тіркеп, түрлі салаға, тіпті, әдебиет, мәдениетке дейін енгізуге болады.
– Беделдің қызмет пен лауазымға, атақ пен абыройға қатысы туралы айтсаңыз?
Алтай ТАЙЖАНОВ:
– Тікелей қатысы бар. Өйткені, беделдің беделі бар, биліктің беделі бар. Бұлар бір-бірімен диалектикалық байланыста. Қазақта: «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген бар. Абай да өзінің келеңсіз қылықты тұстастарын «күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап, әлсіздерім сөз айтса, қарамаймын қырындап», – деп әжуалаған. Ендеше, үлкен дәрежедегі қызмет пен биік лауазымның өзі адамды бір сәт атақты, абыройлы етері сөзсіз. Ал оны алып жүру, соған сәйкес келу пенде үшін сын. Осы сыннан өткен адам халық алдында атақ пен абыройға бөленіп, зор беделге ие болады. Дұрыс қоғамда бұл еңбек адамдарына да қатысты. Алайда, бүгінгі қоғамда меритократиялық принциптің сақталмауынан кейбір жағдайларда билік басына кездейсоқ адамдар келіп, өзін де, айналасын да абыройсыздыққа ұшырататын жағдайлар кездеседі. Бұндай ұжымда қарапайым еңбек адамдары да өзінің беделіне, абыройына сай бағаланып жатпайды. Ондай жерде бедел туралы айтудың өзі артық. Азамат өзінің қызметі мен лауазымына, еткен еңбегіне сай атағы мен абыройына ие болған жағдайда оның беделді адам болмауы мүмкін емес. Рухани жаңғыруды өзінің болашағына бағдар еткен біздің қоғамда да бұл әлеуметтік маңызды мәселеге деген оң бет бұрыс болады ғой деген үміт бар. Өйткені, ҚР Президенті мақаласында атап көрсеткендей, «жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білуіміз керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Бұл жалған бедел иелеріне де қатысты.
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Атақ, абырой, лауазым, байлық – мұның бәрі бедел ұғымының құрамдас бөліктері. «Беделдің» түр-түрі болғандықтан оған қол жеткізу «құралдары» да сан алуан. Оған мысал ретінде, әлем бойынша жыл сайын жасалынатын түрлі рейтингтерге көз салсаңыз жетіп жатыр. Мысалы «Forbes» журналы жыл сайын әлемнің ең бай адамдарының тізімін жариялайды. Тізімдегі адамдар беделді ме, беделді, олардың рухани әлемін, жылына қанша кітап оқығандығын ешкім өлшеп жатқан жоқ. Бұл – байлық бәсекесі. Ал Нобель сыйлығын алғандардың есеп-шотында қанша ақша бар екендігін есепке алып жатқан ешкім жоқ. Себебі, бұл – ғылым, әдебиет, өнер бәсекесі. Сол сияқты, американдық «Times» журналының жыл сайын шығаратын «Әлемнің беделді 100 адамы» тізімі бар. Мысалы, 2017 жылғы тізімді саясаткерлер – Д.Трамп,
В.Путин бастап, футболист Неймар қоштайды. Бұл тізімде саясаткерлер, сахна жұлдыздары, өнер-білім адамдары – бәрі бар.
Дайындаған Айнара АШАН.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.