Құсни хат көрмесі
21.07.2017
874
0

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ислам тарихы, өнер мен
мәдениет ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдас­тыруымен каллиграфия көрмесі өтті.

Көрмеге 1986–2016 жылдары халықаралық байқауларда көрсетілген ИТӨМҒО-ның 30-дан аса каллигафиялық жұмыстары қойылды. Шараға ИТӨМҒО-ның бас директоры Эрен Халит, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу, Иран мәдениеті орталығының директоры Масут шейх Зейнеддин, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Шамсадин Керим, ИТӨМҒО басшысы Эрен Халид (Түркия), тарих ғылымының докторы, профессор Әшірбек Мүмінов, зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік мәдениетпен үндес қазақтың озық әдебиетін қалыптастыру керегін айтқан еді. Бүгінгі көрме сол бағытта ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, көрмені әлем әдебиетімен бірлесе қалыптасып отырған мәдениеттің бір нұсқасы ретінде қабылдауға болады», – дейді шараның ашылуына сөз алған Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев.
Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығы бас директоры Эрен Халит: «Каллиграфия, яғни құсни хат өнері қазақ елінде бұрыннан бар. Алайда, қиыншылық уақытта бұл көпшіліктің назарынан тыс қалған. Бүгінгідей көрме сол өнерді қайта жарыққа шығарып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, халықтың қайта жаңғыруына себеп болады», – дей келе, «Орталық Азиядағы Ислам мәдениеті» кітабы және 110 жыл бұрын түсірілген Мекке мен Мәдина қаласының суреттерін Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға тартты.
Көрме аясында жиналған зиялы қауым өкілдері «Рухани жаңғыру – мәдени даму жолы» деп аталатын дөңгелек үстелге қатысып, ойларын ортаға салды. Кездесуге жиналғандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған өзекті мәселелер туралы сөз қозғады. Мәселен, мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков теледидарды жаулап алған арзан сериалдарға наразылығын білдірсе, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева рухани жаңғырудың маңыздылығына тоқталды. «Рухани жаңғыруды қазақ 25 жыл күтті деп айтуға болады. Бұрын елдің бағыты экономикаға, тұрмысқа бейімделіп кеткенде ұлттық құндылығымыз бен болмысымыз туралы жиі толғанатын едік. Рухани жаңғыру халықтың өміршеңдігі мен келбетін сақтап қалу үшін керекті ең басты ұстаным. Бұл біздің ата-бабамыздың бізге қалдырған үлкен мұрасы», – деген Ақұштап Бақтыгереева қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы да пікірін білдірді. Каллиграфия көрмесі 17 тамызға дейін жалғасады.

ПІКІР ҚОСУ