Жаңғырудың негізгі шарты
«1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.
Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.
Осылайша қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.
Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.
Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз», – деген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде латын қарпіне көшу мәселелері республика көлемінде жан-жақты талқыланып жатқаны белгілі. Осы орайда, бұл саладан алшақ емес маман ретінде латын қарпіне көшудің жай-жапсары туралы пікірімізді де білдірген дұрыс қой деп ойлаймыз.

Латын әліпбиімен шыққан «Қазақ әдебиеті» газеті. №11. 1935 жыл
ХХ ғасырдағы батыстық жаңғырудың үлгісі бүгінгі егемен қазақ еліне үлгі бола алмайды дейді Елбасы, өйткені, «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу». Демек, біздің қабылдайтын әріптеріміз осы Елбасы тұжырымында айтылғандай, басты шарт – ұлттық кодты сақтай білуге бағытталуы қажет, яғни қазақтың өзінің сөйлеу үлгісіне біршама сәйкес келетін әріптерді таңдай білуіміз және басқаларға еліктеп-солықтамай-ақ, бұл арада, өзіміздің ұлттық кодты сақтауға, дамытуға қызмет етуіміз қажет.
«Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» деп жазған Ахмет Байтұрсынұлы әріптердің тіл дыбыстарын нақты таңбалауына, оқуға және жазуға жеңіл келуіне, үйретуге оңай болуына басты назар аударады.Қазақ жазу ілімінің атасы
А.Байтұрсынұлы «Дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды» деген ойын бірнеше жерде жұмырлайды, дыбыстар мен әріптер арасындағы қарым-қатынасты терең барлай келе, «дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті» екенін анықтайды. «Тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса», тәртіпті жазу болатынын қайталай ескертіп отырады. Ғалым үшін қазақ тілінің айтылымындағы фонема саны мен әріп саны шамалас, дәл келуі керек.
Әліпби түзген, тыныс белгілерін нақтылаған, жазу үлгісін көрсетіп, графема мен фонема арасындағы сәйкестікті терең талдаған А.Байтұрсынұлы емле тәртібіне де мән береді. Әлем халықтарының емле жүйесінен мол хабары бар ғалым, қазақ сөзінің ішкі болмысына сай келетін жүйені, дұрыс сауаттандыратын емлені қажет санайды. «Сауаттылық негізі жазу» деген жолды берік ұстанады.
Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А.Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды. Өйткені, қазақ сөзінің өзіне тән айтылым, жазылым ерекшеліктері мен сипаты осы еңбекте жан-жақты анықталып, грамматология ғылымы талап ететін заңдылықтарға басты көңіл бөлініп, негізгі ғылыми жауабы берілді. Мұны қазір барлық ғалымдар мойындайды. Жазу туралы ғылым өзінің дербес пәнін нақтылау үшін, тілдің табиғи қалпын таңбалайтын, ғылыми сипатын іздеуі керек десек,
А.Байтұрсынұлының қазақ жазуы туралы жазған ғылыми пікірлері осы талаптарға толықтай жауап береді.
Ғалымның идеяларын басты тұғыр етсек, ұлттық тіліміздің дұрыс таңбалануына, әріптердің тура таңдалуына берік негіз табарымыз даусыз.
Латын әліпбиіне қайта оралып, ұлттық жобаны қабылдар тұста мынадай ұсыныстар айтамыз:
1. Латын әріптеріне көшудің басты принциптерін анықтауда:
а) морфологиялық;
ә) фонетикалық;
б) тарихи дәстүрлі принциптер бірдей маңызды мәнге ие болуы тиіс.
2. Профессор С. Аманжолов жасаған, қалың ел қабылдаған, білетін төл әріптеріміз Ә, Ө, Ұ, Ү, Ң, Ғ-ны латын қарпімен бірге алуға толық болады;
3. Емле жүйесі мен ережелер түзуде, орфография мен орфоэпия мәселелерінде Ахмет Байтұрсынұлы қисындары негізге алынуы тиіс;
4. Ұлттық жоба негізінде мәтіндер таңдалып, эксперименттік тәжірибе ретінде халыққа ұсынылуы тиіс. Сонда әрбір әріптің қолданыстағы тиімді-тиімсіздігі анық байқалады.
5. Кірме сөздердің жазылу ерекшеліктері мен бұрынғы пайдаланылып жүрген кириллицадағы дыбыстардың жаңа жобадағы қай әріпке сәйкес келетіні нақты түсіндірілуі тиіс.
6. Ғасыр басында Елбасының бастауымен қабылданғалы отырған жазуымыз – енді өзгерместей канондық жазу болуы қажет.
Анар Салқынбай,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы.