«Қазақша білмейтіндер – нашар маман…»
«ХХ ғасырға дейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» деп Байтұрсынов айтқандай, шынында түркі жұртына ортақ тілді ұзақ уақыт саф алтындай таза күйінде сақтаған қазақ халқының шынында құндылыққа құрметі, аманатқа адалдығы мықты болатын. Аманатшыл жұрттың ұрпақ алдындағы жауапкершілікке немқұрайлы қараған тұсы болмаған еді. Сөйткен қазақ бүгін қалайша өзінің туған тілінің тазалығын сақтай алмайтын әлсіз күйге түсті? Өз дәуірінде кірме сөздермен күресу жолын жан-жақты түсіндіріп кеткен зерттеушілер пікірі бүгін неге ескерусіз қалуда. Бүгінгі қоғамның «бір өкініш, бір үмітіне» айналған үштілді оқыту үдерісі де ұлттық тіл болашағына айтарлықтай әсер етері хақ. «Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» дегендей, адам капиталының сапасын жақсартуға бағытталған жап-жақсы бастаманы әбден пісіріп алмай жатып іске қосу тиісті орындардағы бұған жауапты мамандардың шалағайлығы мен жауапсыздығынан болса керек. Енді осындай сындарлы тұста қазақ тілінің тазалығын қалай сақтап қалуға болады деген мәселе туындайды.
Үштілділік төңірегіндегі түйткілді мәселелер мен қазақ тілінің ғұмырлылығы туралы сауалдарымызға тілші мамандардың айтқан уәжі түрлі ойға жетелейді екен…
– Қазір еліміздің білім беру жүйесінде көп тілді үйретуге баса назар аударылған. Алғашында үш тілді қатар меңгерту әдісіне қарсы шыққандар көп болғанымен бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісіне айналған бұл үрдістен енді қашып құтыла алмайтыныз анық. Осындай кезеңде қазақ тілінің тұғырын нықтай түсу жолында не істеу керек деп ойлайсыз?
Анар ФАЗЫЛЖАН,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары:
– Үштілділік біздің адам капиталымыздың сапасын арттырмаса кемітпесі анық. Бірақ осы мәселеге келгенде әлі де шешілмеген, көпшіліктің көңілі толмайтын тұстары жеткілікті.
Мектеп табалдырығын аттай салысымен кішкентай бүлдіршінге үш тілдің де жүйесін күнделікті оқыту – жалпы әлемдік тәжірибеде мүлде қолданылмайды. Себебі басқа тілді игеру үшін баланың санасында алдымен өзінің ана тілінің жүйесі орнығып алуы керек.
Ол туралы шетелдік және отандық ғалымдардың да пікірі жеткілікті. Бір өкініштісі үштілділікті жүзеге асырып отырған менеджерлер мен операторлар олардың пікіріне құлақ аспай отыр. Білім беру жүйесіндегі үштілділіктің екінші проблемасы – жаратылыстану пәндерінің ағылшын тілінде оқытылуы. Үштілді білім беру жүйесі дегенде біз балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі білім беруді айтамыз. Сондықтан білім беру жүйесіндегі әрбір кезеңдегі үштілділікті енгізудің өзіндік нормалары болуы керек. Мәселен балабақшада шет тіліне аз ғана уақыт бөліп, қарапайым ғана сөздерді үйретумен шектелсе. Ал бастауыш сыныптарда ғалымдар пікіріне құлақ асып, мүлдем шет тілінде сабақ өтілмесе. Тіпті болмаған жағдайда шет тілі қазақ тілінің үйретілу деңгейінен әлдеқайда төмен, қарапайым деңгейде үйретілсе дұрыс болар еді. Бастауыш сыныптан кейін ғана ағылшын тілі пәнінің сағатын көбейтіп, сапасын жақсарту керек. Ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдердің де қазақ тілінің тілдік жүйесі туралы білімі өте жоғары болуы аса қажет. Олар екі тілді салғастырмалы түрде оқытқаны бала үшін тиімді. Қазір жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуды қолға алып жатыр. Бұл мәселе әлі даулы. Себебі жаратылыстану пәндері ана тіліндегі ғылыми сананы қалыптастырады. Егер қоғам санасында ғылыми білімдер ана тілінде қалыптаспаса, онда сол қоғамның мүшесі ғылымды дамытпайды. Демек ол ағылшын не басқа тілдегі мәдени кеңістіктің өкіліне айналады. Ондай қоғамдағы ойсыраған тілдің мәртебесі ұлтты үлкен қауіпке душар етеді. Жалпы білім беру жүйесінде шет тілін тек тілдік пән ретінде ғана оқыту керек. Осы екі мәселе қоғамда бір жақты қолдау тауып отырған жоқ. Тағы бір мәселе – ендігі уақытта мемлекеттік тілдің базасын күшейту керек. Бұған дейінгі қостілділіктегі орыс тілінің тілімізге тигізген әсері мен қазіргі үштілділіктегі ағылшын тілінің әсері тіпті салыстыруға келмейді. Жаһаният тіліне айналып отырған ағылшын тілінің агрессиялық әлеуеті өте жоғары. Қазір қазақ тілінің ахуалы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Қоғамның көңілі мемлекеттік тілге ауа бастады. Менің ойымша қоғамда мемлекеттік тілге деген либералды саясат өз жемісін берді. Енді біз нақты қадамдарға көшуіміз керек. Профессор Нұргелді Уәли мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейтіп, қолданысын кеңейтіп, сапасын арттыратын нақты тетіктер жасау керектігін айтқан. Мысалы, мемлекеттік тілді білесіз бе сіздің мүмкіндіктеріңіз зор, ал мемлекеттік тілден мақрұм болсаңыз, біраз дүниеден қағылдым дей беріңіз. Яғни, жазалаушы және ерекше артықшылықтар беретін ынталандырудың нақты нормативтік базасы жасалуы керек, демек мемлекеттік тілге қатысты либералды саясаттан батыл түрде инструменталды саясатқа көшетін уақыт әбден жетті. Бұл, сөз жоқ, қазақ тіліне деген қажеттілікті заңды түрде бекітіп береді, қазіргі кезде шешілмей жүрген мәселе деп дабыл қағып жүрген сарапшылардың тілге қажеттілік тудырмай оның қолданысы жетілмейді деген жан айқайының бірден бір шешімі – осы заңнамалық база болар еді. Ол үшін мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылданғаны абзал деп санаймыз. Тіл мәртебесін күшейтудің бірнеше векторлы шаралар желісі болуы керек. Кез келген мемлекеттік тілдің нормативтік, демографиялық, ғылыми-лингвистикалық, әлеуметтік-мәдени базасы болады. Осы базалардың бәрін күшейте беру кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған технологиялық базаны да қосар едім. Қазір бізде тілге қамқорлық тек мемлекеттік деңгейде, тікелей Елбасының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Біз қанша жылдан бері қазақ тілінің ұлттық корпусын жасайық деп ұсынып жүрміз. Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасамасақ, қазақ тілді кеңістік ақпараттық қоғам талаптарына лайық болу жолында үлкен кедергілерге ұшырайды. Қазақ тілінің ұлттық корпусы дегеніміз – тарихи кезеңдерден бастап бүгінгі күнге дейінгі барлық қазақ мәтіндерінің электрондық базасы. Жай ғана база емес, әрбір қазақ сөзіне түсіндерме берілген ақпараттық база.
Ботагөз СҮЙЕРҚҰЛ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы:
– Республикамызда мектеп бітірген әрбір азаматтың қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік біліп шығуы, көптілді меңгерген жастардың қазіргі өзгермелі кезеңде өзіне сенімді болуы, кәсібіне, қызметіне байланысты күнделікті қажетті іс-шараларды атқарғанда батыл әрекеттер жасауға, соған сәйкес жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндігінің мол болуы, яғни бірнеше тілді жетік меңгерген білікті маманның еңбек нарығында да жоғары бағалануы, шетелге шыққанда тілдік кедергілерге ұшырамауы және аудармашының көмегін керек етпей, өз ойын еркін жеткізіп, ауызша коммуникацияға түсуі, т.б. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар, өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген үдеріс. Алайда еліміздің орта, арнаулы орта және жоғары білім беру мекемелерінде ол қаншалықты дұрыс жолға қойылған, әлі оңы мен солын танып үлгермеген, санасында өзін қоршаған орта жөніндегі түсінігі, ұғымдар жүйесі қалыптасып болмаған, өсу, даму үстіндегі балаға ана тілінен басқа екінші және үшінші тілдерді үйретуді қашан бастау керек деген мәселе әлі шешілмеген, басы ашық күйде қалып отырғаны жасырын емес. Биыл бірінші сыныпты бітірген бүлдіршіндердің үш тілдегі оқулығына қатысты қаншама сын айтылғанын, ата-аналарды былай қойғанда, мұғалімдердің өзі бағдарламаның күрделі екендігін айтып дабыл қаққанына куә болдық. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің, тіпті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің ішінде үш тілді қатар жетік меңгергені саусақпен санарлық екенін, жастарымыздың басым көпшілігі бір тілде де таза сөйлеп, сауатты жаза алмайтынын көріп жүрміз. Екі тілді еркін меңгерген жастар бар болғанымен, аз! Неге? Біздіңше, бұл жерде мәселеге біртіндеп, сатылай келген жөн.
Адам кез келген мәселеге қатысты ойын, ең алдымен, өз ана тілінде дұрыс, таза, мәнерлі, қисынды жеткізе алатын және орынды сөйлеп, сауатты жаза алатын, пікірін еркін білдіре алатын болуы тиіс. Ол үшін сәбидің балаң санасында он сегіз мың ғалам туралы алғашқы түсініктер ана тілінде қалыптасуы керек. Алысқа бармай-ақ қойыңыз, адамзаттың ақыны атанған Абай парсы, араб тілдерін жасөспірім шағында, ал орыс тілін орта жасқа келгенде үйренген. Алайда дүниеге келген сәттен бастап ана тілінің кәусарынан сусындап, әжесі Зереден қазақтың бай ауыз әдебиетін тыңдап, жаттап өскені белгілі. Заманымыздың заңғар жазушысы атанған Мұхтар Әуезов те, тұңғыш академигіміз Қаныш Сәтпаев та, басқа да көптеген зиялыларымыз орыс тілін жетік меңгергенімен, ана тіліне әрдайым адал болғаны мәлім. Мұның сыры неде? Себебі, олардың сәби санасына, педагогика тілімен айтқанда «таза тақтасына» ең алғашқы ұғым-түсініктер тек қана ана тілінде жазылды… Адамның сол бала кезінде көрген-білгені мен естігені өмір бойы жадында қалатыны аян. Сондықтан ертең ел тізгінін ұстайтын бүгінгі жас ұрпаққа, ең алдымен, ана тілін жетік меңгерту керек. Ол үшін балабақшалардағы қоршаған ортаны таныстыру, сауат ашу, т.б. бағдарламалар түгел қазақ тілінде болуы тиіс! Сондай-ақ, медиа кеңістіктегі балаларға арналған танымдық материалдар, хабарлар, фильмдер, мультфильмдер, концерттердің барынша қазақ тілінде таратылуын қадағалау керек.
– Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жолында аянбай ізденген тіл мамандарының үміті бүгінде қаншалықты ақталды? Жаратылыстану ғылымдарын ағылшын тілінде оқыту бастамасы туған тілімізді ғылым-білімнен шеттетіп, отбасы-ошақ қасының айналасында ғана қолданылатын ауызекі тілге айналдырады деген қауіпке қандай уәж айтар едіңіз?
Анар ФАЗЫЛЖАН:
– Сатистиканы қарасаңыз, Болон үдерісіне қол қойылғанға дейін ескі кеңестік жүйемен ғылыми жұмыстарды қорғау тоқтатылады дегенде, 2010 жылы ғылыми диссертациялардың саны шарықтау шыңына жеткен. Сол кезде біздер – тілтанушылар біраз мәселе көтеріп едік, қай тілде қорғалған диссертация болсын, оның мемлекеттік тілдегі сапалы аудармасын ғылыми ақпаратты тіркейтін орталыққа өткізуді талап етсе ғой деген арманымыз, ұсынысымыз болған. Себебі жаратылыстану саласы бойынша қорғалған диссертациялардың ішінде қазақ тілінде жазылған саны бір мен екіден аспайтынына көз жеткіздім. Қазір біздің ғалымдардан ғылыми мақала, еңбекті ағылшын тілінде дайындап шығаруды қалай талап етсе, біз өз мемлекетіміздің ішінде отырып, ғылыми жұмыстардың қазақ тілінде дайындалуын солай талап етуіміз керек. Ал ғылымның, әсіресе жаратылыстану ғылымының ана тілінде дамымауы үлкен мәселе. Жаһаниятта осы күні тек қана жаһандану процесі ғана емес, ұлттану процесі де жүріп жатыр. Бұл үрдіс әсіресе еуропада қарқынды дамуда. Дамыған деген кез келген мемлекетті қарасаңыз, биліктің басында, қоғамның экономикалық, қаржылық тетіктерін ұстап тұрғандардың көбі технократтарға сүйенеді. Бұл қаншалықты дұрыс? Технократтар үшін гуманитарлық білімдер, рухани құндылықтар, идеология деген мәселе екінші кезекте тұрады. Егер осылай кете беретін болса, қоғам адами негізінен айрылады. Қоғам деген – адамдардың біріккен тобы. Адамдар ортақ сана арқылы бірігеді. Ғылыми сана адамдардың қоршаған орта туралы білімдер жүйесінен құралады. Егер қоғам мүшелерінің санасында өз тілінде қалыптасқан ғылыми сана жоқ болса, онда ол қоғам ұзақ уақыт бірігіп тұра алмайды. Егер сол қоғам сөйлейтін тілде ғылыми құндылықтар, ғылыми жаңалықтар, ғылыми еңбектер жасалмаса, ол бірте-бірте жоқ болады. Ғылыми санасына нұқсан келген қоғамда радикализм, терроризм көбейеді. Яғни бұл жай нәрсе емес.
Ботагөз СҮЙЕРҚҰЛ:
– Қазіргі кезде жастар өздері қалаған ғылым саласы бойынша магистр немесе философия докторы (PHd) дәрежесін алу үшін магистратураға және докторантураға түсіп, онда 2-3 жыл бойы арнайы бағдарламалар бойынша оқып, белгілі бір тақырып бойынша ізденіп, шетелде тағылымдамадан өтіп, диссертация жазып, оны ғылыми кеңесте қорғауы тиіс. Әр докторантқа екі ғылыми кеңесші бекітіліп беріледі. Ізденуші оқып жүргенде өз елімізде ҚР БжҒМ Білім беру және ғылым саласын қадағалау жөніндегі комитеті ұсынған ғылыми журналдарда бірнеше мақала және шетелде Томсен Рейтерс және Скопус деректор қорына енгізілгенғылыми журналдарда ағылшын тілінде бір мақала жариялауы тиіс. Көріп отырсыздар, ізденушіге қойылатын талап – жоғары, бағдарлама – күрделі. Ал осы магистратура мен докторантураға түсу үшін тапсырылатын емтихан – екеу. Соның бірі және біріншісі – ағылшын тілі. Базалық білімді қай тілде алғанына қарамастан, ізденуші алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсырады, жоғары балл алған жағдайда мамандық бойынша сынаққа жіберіледі. Бұл жерде ағылшын тілін бітірген бакалавриат түлектерінің мерейі үстем болары сөзсіз. Алайда олардың мамандық бойынша білгенінен білмегені көп! Қазақ тобын бітірген баланың академиялық немесе ғылыми дәреже алу құқығы шектелсе, ағылшын тілін жетік білетін баланың өзі ғылыми дәреже алғалы отырған саласы бойынша білімі толық емес күйде қалады. Өкінішке орай, қазақшасы күшті, ағылшыншасы одан да керемет шәкірттер әзірге саусақпен санарлық екені белгілі, оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Жыл сайын магистратура мен докторантураға түсу үшін жаратылыстану ғылымдары бойынша бөлінетін орын саны мен зерттеу жұмыстарының басым бөлігі қазақ тілінде жазылатын әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласына бөлінетін орын санының арасындағы үлкен айырмашылықты ескерсек, қазақ тілінің ғылым-білім тілі ретіндегі қолданыс аясын, сөзсіз, кеңейту қажет! Ол үшін магистратура мен докторантураға түсушілерден мемлекеттік тілді кәсіби саласына қатысты жоғары деңгейде жетік меңгерген болуын талап ету керек. Сонда өз салалары бойынша мемлекеттік тілде зерттеу жұмыстарын жаза алатын, іс жүргізе алатын білімді жастардың магистрант, докторант атанып, туған тіліміздің, шын мәнінде, ғылым-білім тіліне айналуына септігі тиер еді.
– «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл». А.Байтұрсынұлының ғасыр бұрын айтқан бұл сөзінің растығына шүбә жоқ. Тіліне немқұрайлы қараған талай ұлттың мүлде жойылып кеткенін білеміз. Жоғалудың аз алдында тұрған ұлттар қаншама?.. Осы қауіптен сақтанудың, оның алдын алудың басты алғышарты не?
Анар ФАЗЫЛЖАН:
– Ұлттық бірегейлік жоқ жерде ұлт жоқ. Ғалымдар пікірінше ұлттық бірегейліктің айнымас үш компоненті болады. Олар:
1) Мәдени бірегейлік, 2) Гендерлік бірегейлік, 3) Тілдік бірегейлік. Осы үшеуі біріге келе, ұлттық бірегейлікті жасайды. Осылардың ішіндегі ең әмбебабы, күштісі тілдік бірегейлік. Бұл үштіктің алдыңғы екеуінсіз ұлттық бірегейлік сақталуы мүмкін, бірақ егер соңғысы болмаса, ол қоғам өзінің ұлттық бірегейлігінен айрылады, яғни ұлт ретінде өзін жоғалтады екен. Сондықтан, біздің де қоғамның саяси экономикалық дамуының тұтқасын ұстап отырған технократ дегдарларға айтарым: ұлттық бірегейлік деген мәселені назардан шығарып алса, ешқандай экономикалық даму, тұтынушылық комфорт мемлекеттің сақталуына кепіл бола алмайды; ал ұлттық бірегейлікті дамытамын, сақтаймын десеңіздер тілдік бірегейлікті, қоғамдық сананың маңызды бөлігі ғылыми сананы ана тілінде дамыту керектігі туралы мәселелерге енжар қарауға болмайды.Тағы бір маңызды мәселе: «тілдің тағдыры – менің тағдырым» деген принципке саяды. Сөзіміз дәйекті болуы үшін бір қызық дерек келтірейін. «Огонек» журналы Кеңес үкіметі тұсында бір рет, үкімет құлағаннан кейін араға біраз уақыт салып екі мәрте бір сауалнаманы жүргізеді. Үш сауалнаманы салыстыра келе таңғалады. Себебі, Кеңес үкіметі тұсындағы мемлекетке деген патерналистік сезім (үкіметке иек арту, әкеңдей көру) бірден жойылмағаны байқалады. Яғни бұрын қалыптасқан стереотип әлі де жұмыс жасап жатыр деген сөз. Біздің де қоғам сол аурудан ада емес. Біз әлі күнге дейін баламыз мектепте дұрыс білім алмаса да, ауырып қалса да үкіметті, басшыларды кінәлап шыға келеміз. Тіліміз дұрыс қолданысқа ие болмай жатса да жоғарыдағыларды жатып кеп қаралаймыз. Яғни мемлекетке деген патерналистік сезім әлі жойылмаған. Біздің А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын жасады. Өте қиын кезеңде, жалақы алмай жүріп, Қазақ тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігін дайындады. 200 млн.-нан астам халқы бар түркі дүниесіндегі сөз саны, сапасы жағынан ең жоғары деңгейде дайындалған бір томдық үлкен Қазақ сөздігін жасадық. Онда 106 мыңнан астам сөз бар. Түріктердің сөздігінде бұл көрсеткіш 97 мыңнан асады. Сол секілді қаншама ірі-ірі сөздіктер «Мәдени мұра» бағдарламасымен өте көп тиражбен дайындалып, таратылды. Қазір осы сөздіктердің барлығы өз жемісін беріп жатыр. Осы күні мемлекеттің тапсырысынсыз өзі бастама көтеріп, мемлекеттік тілді үйретіп жүрген орталықтар көп. Бақытжан Бұқарбайдың «Бас қосуы», Земфира Ержанның «Қобыланды жатқасы» бұған дәлел. Кәсіпкерлердің өзіне «Қобыланды» жырын жаттатқан сол Земфира қазір «Екі апта» деген жобаны бастап, орыстарға қазақ әндерін үйретіп жүр. Біз қаламыздағы визуалды жарналамардың қателерін суретке түсіріп, Земфира Ержанның «Киелі Жетісу» деген сайтына жариялап, дұрыс аудармасын ұсындық. Солардың біразын түзетуге мұрындық болдық. Тіл тазалығына жанашыр журналистер саны да артпай отырғаны қынжылтады. Бүгінгі күнге дейін өз басым қазақ сөз мәдениетінің, сөз тазалығының жанашыры ретінде танитын журналистерім көп емес. Солардың қатарында қаламы қарымды қайсар, ешқашан дамыл көрмейтін тіл жанашыры Мырзан Кенжебай ағаны атағым келеді. Осындай азаматтық бастамаларға БАҚ өкілдері қолдау көрсеткені дұрыс деп ойлаймын. Қаншама жылдан бері Тіл білімі институтында жұмыс жасап келе жатырмын. Тәуелсіздік алғалы бірде-бір кәсіпкер сіздерге қандай көмегім қажет деп біздің табалдырықтан аттаған емес. Өзіміз қанша кәсіпкердің табалдырығын тоздырсақ та біреуінен жылы шырай байқамадық. Осы күнге дейін тек қана тікелей мемлекеттің қолдауымен жұмыс атқарып келе жатырмыз. Тілдің мәселесін шешкіміз келсе, әркім баласымен ана тілінде сөйлесуін қадағаласын. Қазір біздің тілдік ортамыздың экологиясы бұзылып бара жатыр. Оны жөнге келтіру үшін біз дұрыс, таза сөйлеуге машықтануға тиіспіз. Біздің лингвистикалық ландшафты жасайтын ең күшті құрал – жарнама. Ал біздегі жарнамаларға қарасаңыз, орыс тіліндегісі көңілге қонымды келсе, қазақшасы адам шошырлық күйде болады. Осындай келеңсіздіктерге көз жұмып жүре беруге болмайды. Кеудесінде намысы бар азаматтар жарнамадағы қатені қайта-қайта ескерте берсе, олар да қатесін түзетуге мәжбүр болар еді. Тіл – біздің өмір сүріп отырған материалдық кеңістіктің үстінен көмкеріліп тұратын тілдік-рухани кеңістікті жасайтын құрал. Егер осы тілдік ортамыздың экологиясы саламаттығынан айырылса, біздің рухани саламаттығымызға нұқсан келеді, сондықтан тіл тазалығы үшін қоғамымыздың барлық мүшелері мемлекеттен қолдау күтіп отырмай, азаматтық жауапкершілікпен күресу керек.Кәсіби ортадағы қазақ тілі туралы да айта кету керек. Тіл – кез келген маманның кәсіби біліктілігінің бір бөлшегі. Мысалы, қазақша дұрыс сөйлей алмайтын заңгер де, дәрігер де т.б. мамандық иелері де – шын мәнінде, нашар маман. Біз барлық мамандық иелерінен мемлекеттік тілді білуді оның кәсіби біліктілігінің ажырамас компоненті ретінде талап етуіміз керек. Осыған қатысты нақты заңнамалық база жасауымыз керек. Сонда оларда өз кәсібі бойынша мемлекеттік тілде біліктілігін жетілдіруге, тіл үйренуге мұқтаждық туар еді. Осы айтылған нәрселердің барлығы іске қосылып, айналымға ену үшін филологиялық білім беру жүйесіне реформа жасау керек. Мәселен, біздің филология факультетінен шыққан мамандар кейде қарапайым құжат дайындай алмай жатады. Білімгерлерге терең филологиялық классикалық білімдерді үйретумен қатар, қазіргі қоғамның сұранысына жауап бере алатындай арнайы дағдыларға үйретуіміз керек. Мысалы, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі филология факультетінде қырық екі мамандық бар. Онда лингвист-экономист, лингвист-заңгер, лингвист-логопед деген сияқты түрлі мамандарды дайындайды. Ал бізде филфакты тәмамдағандар ұстаз, корректор, редактор, аудармашы болады, әрі кетсе ғылыммен айналысады. Біздің лингвистердің басқаға шамасы жете бермейді. Маған «баламның тілін қазақ тілінде шығарып берші» деп қаншама ата-ана келді. Себебі бізде логопедтердің барлығы орыс тілді. Егер филологиялық білім беруді реформаласақ, және жоғарыда айтқандай Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасасақ, мемлекеттік тілдің инструменталды заңнамалық базасын жасап күшейтсек, қоғам ішінен туып жатқан тілді қолдаушы азаматтық бастамалардың кеңінен тарауына мүмкіндік тудырсақ, мемлекеттік тілді кәсіби біліктіліктің бір компоненті ретінде қолдануды заңнамалық түрде енгізсек, онда қазақ тілі жаһаният тіліне төтеп беретін иммунитетін күшейтіп алар еді.
Ботагөз СҮЙЕРҚҰЛ:
– Иә, Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген түйіні қашан да өзекті. Сөзіміз – қасиетті ана тіліміз! Ол жоғалмау үшін қазақтың әр шаңырағында балаларымыз ес біліп, етек жаба бастаған сәттен-ақ, халық танымындағы ең қастерлі ұғымдарды, өзінің кім екенін, ұлтын, тегін, ата-бабаларын, тарихын, салт-дәстүрлерін, діні мен ділін, яғни этникалық сарасанамызды құрайтын негізгі факторлар туралы ақпаратты ана тілінде айтып, құлағына құя бергеніміз жөн. Кішкентайында естігені мен көргені адамның көкірегінде өмір бойы сайрап тұратыны белгілі. Бұл жерде 4-5 жасында жау қолына түсіп, мұхит асып кеткен батыр бабамыз Бейбарыстың өмір бойы қыпшақ даласын, онда өсетін жусан иісін аңсап өткенін, өзі сұлтан болған Мысыр елінде жолаушыға қымыз ұсынуды дәстүрге айналдырғанын, ал әкесінен айрылған сәтте ана тілінде айқайлап айтқан соңғы сөзі «Көкені» қартайғанша жүрегінің түкпірінде сақтап өткенін еске түсіру жеткілікті… Сондай-ақ, балаларға да, ересектер үшін де осындай даңқты бабаларымыздың, тарихи тұлғалардың өнегелі өмірі жөнінде баяндайтын классикалық фильмдерімізді жиі-жиі көрсетудің берері мол. Қазіргі эфир уақытын толтыру үшін шетелдерден сатып алынған, ұлттық санамызды бұрмалайтын арзанқол дүниелерден бас тартып, 1970-1980 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген, Ш.Айманов, С.Қожықов, т.б. сияқты көрнекті режиссерлеріміздің үздік туындыларын өңдеп, аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, жексенбі сияқты белгілі бір күндерінде тұрақты көрсетіп отырсақ, бүкіл халықтың рухын көтеретін шара болар еді. БАҚ-тың қоғамдық сананы басқарудың аса қуатты құралы екенін білеміз, ендеше неге оны осындай игі мақсатқа пайдаланбасқа!
Сөз соңында айтарым, ана тіліміздің өсуі де, өшуі де – өз қолымызда! Өзіміз қастерлесек, қазақтың тілін еліміздегі барлық ұлт өкілдері де қадірлейді, ал өзіміз немқұрайлылық танытсақ, ешкімнің де жанашырлық көрсете қоймасы анық! Сондықтан бабаларымыздан қалған аманат – ана тілімізді сақтау, келер ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз!
Дайындаған
Айнара АШАН.