Түні жоқ жерге барайық…
14.07.2017
2307
0

Еділбек ДҮЙСЕН


БАЛКОН. СӘТ
Айғыз-айғыз әйнек беті бұлдыр әлі
Әйнекті ұрғылап, ар жағынан керең жел шыңғырады…

Періште өмірді пенде емес, АДАМша көргісі келеді
Ал, пенде АДАМ емес, Періште болғысы келеді…

Жесір жер, ала жаздай еріні жібімеген
Соры жайлы, сыбыр-сыбыр сыр айтқысы келеді
Қылып өлең…

Міз бақпай мәңгі тұрмақ болады Күн – көк еркесі
Жерді тұтас жапсам дейді жапырақтың көлеңкесі…

Электр шамдары арқан тартыспақ боп, жұлқынады
(Е-е-е-е…
Бәрі де мен секілді қолынан келмеске ұмтылады).

БЕЙМАЗА
Желкемнен жұлдыздар шағып,
Ойларым көктемей жатып көктей солады.
Болады құрбан.
Түсіме кіреді: маңдайынан Тәңір нұры жанып,
Балбалдар жусанды белде қиямда тұрған.

Көнеден бұрын туған тіл-жақ –
Шексіз кеңістіктер ішінде.
Пейіштен түскендігі үшін де Мұңды.
Күнәлар қорымының Егесі шақша басымды ырғап,
сарсаңға салғаны-ай.
Жалғызын мен өлтіргендей құдды.

Көкке ілінген шағала қанаты астындағы мекен
Уақытша тұрақ қой.
Мәңгілік мекенді шешеді – күрсі.
Мына түн – қайғылы әрі…
тағы да қайғылы екен
Түні жоқ жерге барайық, жүрші!

ҚИЯЛИДЫҢ КӨЗІ
(Экспромт)

Бұлт ішіндегі Ай –
Жұмыртқа қуырылған.
«Түн» деген қара табада тұрып-тұрып дымы құрыған.
Төменде, селеу байғұс тамырынан бөлінгісі кеп,
Сыңсиды Тәңірге жалынып.
Тәнін суық ұрған…

Жанын суық ұрған –
Құдайы үндемегесін.
«Желге еріп қаш!», – дейді, айтып күлге кеңесін.
Біз де күл секілдіміз, нәпсі-хайуанды,
Сәт сайын үстімізде аунатып жүрген елесін.

Өзгермейтін көрге кіргенше, Пенделік! Жаса!
«Періштелер» түсінбес мұны, біз секілді көрген ұқпаса.
Сағат үні – әзірейіл өкшесінің дыбысы секілді,
Мықты болсаң, Желге еріп қаш, ал!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір