Жаңбыр астындағы үшеу
14.07.2017
3498
0

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ


Кешке қарай төпеп жаңбыр жауатынын кім білген…

***
…Түске таман Асқар ағамның үйінен шығып, қазіргі Абылай атамның  даңғылын бойлап, Жазушылар үйіне қарай келе жатқам, алдымнан жымиып Жұматай – арықтан қарғып өтіп, ағаш тасасынан шыға келді:
– Кәрия, привет! – баяғы сол салты.
– Комитет закрыт, все ушли на фронт… – деп иығымнан қақты. – Бізді танитын ол жерде ешкім жоқ, коридор кезіп, тірі классик Әлжаппар Әбішев қана жүр…
– Онда университет алдындағы скверге барып отырайық…
– Бәрі әбетке кеткен ғой, – деп Жұматай сөзін бітірді. Сосын Асқар ағама еліктеп, орысша: – Слюшай, скверді неғыласың, одан да «Аққуға» барайық… – деді.
– Мәрожни жейміз бе?
– Мәрожни жеп жынды болдың ба? Что-то существенное нужно… с шашлыком, – деп орысшалап кетті Жұматай. – Мен білсем – бәрі сонда…
– Бәрің кім?
– Все нормальные поэты…
– Я же… не поэт… – деп мен жорта кү­міл­жи қалдым. Оған көнетін Жұматай ма:
– Зато ти в душе поэт! – деп мені өтірік мақтай жөнелді мырс етіп. – А я… –  всем поэтам поэт!
– Оны қалай деп түсіну керек?
– Это… значит, я… дважды поэт! – деп тағы жымиды. – Кәрия, пошли туда…
…«Аққу» кафесі таяқ тастам жерде еді. «Мой адрес – Советский Союз» шыңғырып тұрған кезі. Әр аулада терезеден күнде шырқалатын сол әнге Асқар ағам: «Гимн алиментщиков» деп айдар таққан еді.
Біз «Аққуға» жете бергенде бір бүйірден қағылез сары жігіт кеп қосылды:
– Ассалаумағалейкүм дейін бе? Сәле­мет­­сіңдер ме дейін бе?
– Жақсы ақынға қалпағын қалай кисе де жарасады. Жақсы ақын қалай амандасса да жарасады! Вобщым амандаспай өте шықса да жарасады. Ал ағаларымен бір бөтелкені мынадай кафеде бірге бауыздаса – тіпті сауабын алады депті Омар Хайям! – деп Жұматай ағынан жарылды. – Бұл Жарасқан деген шайыр болады!
– Біз таныспыз, – деді Жарасқан ыр-жиып.
– КазГУ-дің жатақханасында  таныс­қан­­быз, – дедім мен.
Жұматай:
– Опередили! – деді. – Екеуіңді таныстырып, бір жартыларыңды ішейін деп ем…
– Онсыз да қазір ішесің ғой, – дедім.
– Старик, чужие мысли умеешь читать! – деп Жұматай тағы орысшалады.
– Талдықорғандықтар күніне бір мезгіл орысша сөйлесіп тұрмаса бастары ауырады екен! – деді Жарасқан тағы да ыржиып.
…Кафе іші – ырду-дырду әңгіме.  Алдымыздан қызара бөртіп бір кісі шықты. Жарасқан мен Жұматай қос қолдарын ұсынып амандасты. Мен де.
– Бұл кісі кім? – деп ем, Жарасқан:
– Бұл Ғафу Қайырбеков деген ағаң болады, – деді.
– Ғафу Қайырбеков?!
– Сол Ғафу ағаңыз… қасындағы – Қуан аға Шаңғытбаев…
– Мә-ә, мұнда ақын ағаларымыздың бәрі көшіп келген бе?
– Прозаик прозаикты іздейді, – деді Жұматай жымиып.
– Прозаик емге жоқ десейші.
– Жалғызсырап қалдың ба? – деді Жарасқан. – отыр ғой дөңкиіп Тахауи ағаң! Буфет жақтан төртінші стол, оң жақта… жанындағы…
– Хамит аға ғой…
– Союз писателей закрыт, все ушли в кафе «Аққу», – деп Жұматай тағы жымиды. – Біз шет жаққа қарай отырайық…
– Неге? – дедім.
– Бұл кәриялар біраздан соң масыл болады… мас классиктерді таксимен үйді үйіне тасығың келсе – бажалыста… Біздер мына жерге отырайық…
Жұматай нұсқаған жерде үш-төрт бозбала отыр екен.
– Өй, балалар отыр ғой ол жерде…
– Қам жеме, – деді Жарасқан.
– Ассалаумағалейкүм! – деп балалар орнынан атып тұрды. – Жұматай аға, келіңіз, мұнда отырыңыз!..
– «Ләйләні» жазған соң Жұмекең бәрімізді шаң қаптырып кеткен! – деді Жарасқан. – Жастар түгел «Ләйләні» жатқа соғады!
– Бәрің тұрып кеттіңдер ғой! – дегенім­ше болған жоқ, балалар (балалар дегенім  17-18 жасөспірімдер):
– Атақты «Ләйләнің» авторын достарымен тұрғызып қойып, сыра ішіп отыратын біз жынды емеспіз ғой! – деді.
Жұматай мырс күлді де, отыра кетті:
– Бұлар менің төлеңгіттерім, – деді.
– Біз бе? Мына балалар ма?
Жарасқан:
– Мынаның бүгін «желігі» бар секілді ғой… – деді маған сыбырлап.
– Ит біле ме…
– Қайда оқисыңдар? – деді Жұматай балаларға қарап.
– Мына ҚазМУ-дың филфагі мен журфа­гінен­біз… Өткен аптада біздегі кездесуде болып, «Ләйләні» оқып бергенсіз, Жұматай а­ға, – деді іштеріндегі еті тірісі. – Мен сон­да сізге сұрақ қойғам, ұмытып кеткенсіз ғой…
– Қандай сұрақ?
– Ләйлә деген өмірде бар қыз ба? – деп. – Аға, сол өлеңді тағы бір рет оқып беріңізші бізге. Сондай керемет өлең!
Жұматай мұртын бір сипап қойып:
– Әңгіме былай… Баяғыда Ленин атаң Горькийге телефон шалып: Алексей Максимович, завтра у нас митинг на Сормовском заводе. Пригласите туда Шаляпина, пусть споет перед рабочими, – деп қолқа салыпты. Сосын Горький Шаляпинге телефон соғып, осылай да осылай, Владимир Ильич просит, чтобы ты спел перед рабочими, – дейді ғой. Сонда Шаляпиннің не деп жауап айтқанын білесіңдер ме?
Балалар аңқиып тұрып қапты.
– Алексей Максимович, – депті сонда Шаляпин, – передайте Владимиру Ильичу, что нонче бесплатно поют только птички… – деп Жұматай тағы мұртын сипады.
Жарасқан Жұматайдың жауырынын балаларға білдірмей нұқып қалды:
– Бұл жынды-ей, ылғи да осы… – деп сы­бырлады маған, – жүр, туалет жаққа барып, қол жуып келейік…
– Қазір, – деп біз туалет жаққа кеттік. Қолымызды шайып болғасын, хәуіздегі аққуларға қарап біраз қызықтап тұрып, қайтып келсек, әлгі еті тірі бозбала (сірә, жа­ңа ғана алып келген-ау) жағалай тізілген рюм­келерге коньяк құйып жатыр екен.
– Не істер екен? – деді Жарасқан. – Жұ­мекең коньякке онша құмар емес еді ғой…
– Орыстар: «на халяву и хрен сладкий» дегені емес пе?
– Сенің де білмейтінің жоқ…
Балалар бірауыздан шу ете түсті:
– Жұматай аға, сіздің денсаулығыңыз үшін тартып жіберейік.
– «Ләйләні» тұтас поэмаға айналдырып қайта жазуы үшін ішейік, – деп Жарасқан Жұматайды бір «шымшып» алды. Екі ортада.
Оны байқаған балалар жоқ, «иә, иә, поэ­ма болсын! Сол үшін алайық!» деп рюм­ка­ларын соғыстырды.
– Әй, Жұматай! Ләйләңді пенсияға шығарып жатқаннан саумысыңдар! – деп суық жымиып, Шер-ағаң – Шерхан ағамыз жанымыздан өтіп бара жатты.
Шер-ағаны танымаған балалардың бі­рі:
– Өзі «Ләйләдай» өлең жаза алмағасын іші күйіп жүрген біреу да… оған назар ау­дармай-ақ қойыңыз аға, – деді. Десе де Жұматайдың «жүні жығылып» қалып еді,  бір қызарып, бір қуарып үнсіз отыр. Балалар да есі бар екен – көп отырмай, ыңғай­сыз­данып бірінен соң бірі кетіп қалды.
– Выходит, не мой сегодня день, – деді Жұматай оларды көзімен ұзатып салып отырып. – Бүгін Жарасқанды тыңдаймыз… Мен де туалетке барып келейін, – деп орнынан тұрды…
– Қас қылғандай Шер-ағаның келе қалғанын қарашы, – деді Жарасқан. – Бір­ақ менің алдымды орап кеткенін қарашы.
– Қалай? – дедім Жұматай жаққа қарап – Жұмекең жол-жөнекей ақын-жазушылар­мен амандасып барады екен…
– Қалай емес, жақында Жұматайға ар­нап пародия жазып қойып ем, өзіне оқып беруге сәті түспей жүр еді…
– Оқышы…
– Соңын ғана оқиын… «Өзін-өзі баптайды, салдарша сөз саптайды. Бір ай жаз­ған өлеңін бір жыл бойы насихаттайды…». Тым кірпияз, тым сылбыр, жалқау ғой досымыз… Әйтпесе таза ақын, сылқым сері… Ол келгенше өзіміз заказ бере берейік, мен бүгін гонорар алып едім, – деп Жарас­қан официантты шақырды.
Жұматай қайтар жолда да асықпай
ақ­ын-жазушы ағаларымен аман-саулық сұ­ра­сып келе жатыр екен…
– Жұмекеңе мен қойған кличканы біле­сің бе?
Жарасқан: – Білмеймін, – деп басын шайқады.
– «Маңмаңгер»…
Жарасқан жымиды: – Дәл тауыпсың!.. Ойпыро-о-ой, осы жүрістен бір жаңылмай­ды ғой…
Жұматай қайтып келгенше официант­тың әкелген коньягін рюмкелерге құйып, дайын отырғанбыз.
– Да-а, сегодня не мой день, – деді Жұ­матай отырып жатып. – Бүгін Жарас­қан­­ды тыңдаймыз…
– Ақын деген автомат емес қой, асық­тыр­майық, – дедім мен. – Аптықпа, бабына келсін…
– Сол үшін алып қояйық ендеше! – деп Жұматай рюмка көтерді. – Давай!
Евтушенко, Вознесенский, Белла Ах­ма­дуллиналардың құлағын шулатып отыр­ғанда байқамаппыз – күн ауып, бесін кезі болып қапты. Буфет жақтан шу шықты. Себебі белгісіз. Арасынан сары шашты бір ағайын – шала мас – ауызынан «ақ ит кіріп, қара ит шығып» келеді екен. Соңғы сөзі біз үшін тым ауыр еді…
– Колхозники! Калбиты!
Бәрі үрпиісіп қарап қапты.
Сол сары шаш ағайын жанымыздан өте берген, Жұматай орнынан ақырын тұрды да, білегінен ұстай қалды.
– Старик, повтори, что ты сказал?
– Калбиты! – деді сары шаш тағы да.
Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, сары шаш бөренедей сұлап түсті – Жұматай­дың өзінен жұдырығы жылдам еді.
– Ойбай, өлді сорлы!
– Милиция-а-а! – деген дауыстар ес­ті­ліп жатты. Жұматай сары шашқа еңкейіп:
– Еще хочешь? – деді құдды бір «тағы да елу граммнан тартып жіберсек қайтеді?» дегендей бейкүнә дауыспен.
– Милиция-а-а! Убивают!
Оған қарап жатқан Жұматай жоқ, соңғы рюмканы асықпай баппен ішті де:
– Да-а, не мой день, – деді жымиып. – Кеттік бұл жерден, қазір милитсасы келмей тұрғанда…
– Тек асықпай жүрейік, – деді бізге. – Бізді шынында қашып бара жатыр екен, деп ойлауы мүмкін мына жұрт.
– Шын қашпағанда… сонда не… өтірік қашып барамыз ба? – деді Жарасқан, шашын бір сілкіп тастап.
Алматының милициясы қашан да жылдам еді, әсіресе, кафе-ресторанның төңіре­гінде. Қазір ойлап қарасам – біз одан да жылдам болдық-ау деймін сол күні.
Бір қарасам: Шевченко көшесімен құйын­датып келеді екенбіз. «Маңмаңгер» досымыз оқ бойы алдымызда.
…Ендігі бір жиырма минут өткенде «Алматы» ресторанының ішінде бір-бір рюмканы тартып-тартып жіберіп, өрек­пі­ген демімізді басып отырғанда Жарасқан:
– Жұмеке, боксер екендігіңді бүткіл университет біледі… Ал желаяқ екеніңді біз бүгін көрдік қой, – деді.
– Құдай больница мен милицияға түсір­месін, – деп Жұматай мырс етті. – Сен онанда… соңғы жазған бір-екі өлеңіңді оқышы.
– Сенің жаңағы жігіттігіңе тәнті болдым… Оқысам – оқиын, – деді де; Жарасқан қосқолдап шашын тарап алды: – Алдымен, көңілашар ретінде, пародиядан бастайын…
Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең,
Радионы басып қалсаң – Ғафекең,
Журналды парақтасаң – Ғафекең,
Газеттерді қарап қалсаң – Ғафекең,
Той-думанға бара қалсаң – Ғафекең!
«Мына біреу оңашалау кафе екен»
деп келіп ек…
Мұнда да отыр Ғафекең…
Біз күле бергенде Жарасқан:
– Абайлап күліңдер, өзі анау отыр, – деп иегімен ресторанның сол жақ шетін нұсқады.
– Өзіне оқып бердің бе? – дедім мен.
– Өле алмай жүр деп пе ең? – деді
Жар­ас­қан – бірнеше жылдан кейін… иық тіресе бастағанда болмаса… әзірге – «пәледен машайық қашыпты»…
– Сен… көп болды ма?.. Пародия жазып жүргеніңе?.. – деп Жұматай коньяк құя бастады.
– Біраз болды…
– Списогіңде біз де бармыз ба?
– Солай болуы керек…
– Шетімізден қырып келе жатыр екен­сің да…
– Шетіңнен қырып келе жатырмын…
– Ошен апасный тауарищ, – деді Жұматай. Деді де жан-жағын бір шолып өтіп. – Ал шеберлігіңді көрейін, мына кісіге пародия шығаршы…
Жұматай нұсқаған жаққа қарасақ – Қали­хан ағам өтіп барады екен…
Жарасқан:
– Қазір… қазір…
Қолтығына тер қатқан
Кейіпкері кержақтан
Жазушылар соңында
Жаңа келген ел жақтан.
Айтып біраз «ақылды»,
Батырады тақымды.
Содан кейін іздейді
Рамазан, Әкімді…
Біз қарқылдап күліп жібердік: шынында, Қалихан ағамыз Әкім аға мен Рамазан ағамыз отырған столды іздеп тауып, өзара қауқылдасып жатты…
– Ти смәтри! – деді Жұматай. – Прямы… снайпер! Сен общым… абай бол… – деп ескертті.
– Жанымда боксер досым барда мен кімнен қорқам! – деді Жарасқан ыржиып.
– Ендеше, сол үшін тартып жіберейік! – деді Жұматай.
«Тартып жібердік».
Кенет даңғыр-дұңғыр музыка басталды да кетті.
Бір қарасам – Жұматай өлең оқып отыр екен…
Бір қарасам – Жарасқан өлең оқып отыр екен…
…Ендігі бір сәтте астыңғы қабатқа барып туалетте бет-аузымды салқын сумен жуып, аздап сергіп қайтып келсем – Жарас­қан орнынан тұрып кетіпті:
…Талғамастан ұсынбай төрді кенет,
Көңілменен кірпияз көрдім елеп…
Қайғысы ерек қазақтың ақынына –
Қай кезде де Абайдың орны бөлек!
Қалай екен қазіргі сыңайы деп,
Үрдісіне үңілер ұдайы кеп,
Әр халықтың өзінің Абайы бар,
Абайы жоқ халықтың – «құдайы» жоқ!
Жұ­матай екеуміз қол соғып жатырмыз.
Түрегеп тұрып өлең оқыған сары жігіт­ке, оған қол соғып қошемет көрсетіп отыр­ған екеуге көршілердің бәрі үрпиісіп қарап қапты.
Әсіресе – көзі мойылдай аққұба қыз. Жа­нында екі жігіт. Ол қызға манадан бері Жұ­матай көзбен арбап, қарағыштап отырғанын байқағанбыз.
Жарасқан орнына отырып, тағы да рюм­калаттық. Жұматай қызара бөртіп отырған:
– Мен ұйқас таба алмай отырмын… Сен экспромтқа шеберсің ғой… Ана қызға арнап өлең шығарар ма едің? – деді Жарас­қан­ның шабына тиіп. Жарасқан шашын бір сілкіп жіберді де, төсқалтасынан қалам­сап алып, салфеткаға жаза бастады… Бес минуттай өткен соң, шашын кербездене тағы бір сілкіп тастады.
– Оқиын ба?
– Оқы! – дедік.
– …О, махаббат,
Сегіз әріп,
Бір арман,
Қырық қыздан құралған
Мұңды жырсың – тебіренсем, толға­сам, бір қыз болып жолығасың сен қашан?.. – деді Жарасқан, шашын тағы бір сілкіп тастап.
– Керемет!
– Керемет! Ал кеттік!
– Кетсек – кеттік!
Сол үшін арнайы тағы бір-бірден «тартып-тартып» жіберген соң Жұматай:
– Маған бере тұршы әлгі жазғаныңды, – деп өлең жазылған салфетканы сұрап алды: – Ти смәтри!
Күбірлеп тағы оқып шықты: – Ти
смә­т­ри!
Кенет есіне бірдеңе түсті білем,
жымиып, официантты шақырды. Официантка орыс келіншек еді:
– Еще что-то хотите заказать?
– Дебішке, отнесите, пажалыста, эту записку вон той красавице – дебішке, – деді Жұматай әдейі тілін шайнап, орысшасын бұрмалап. Официантка күлімсіреп, записканы алып кетті. Біз бақылап отырмыз.
– Сен бірдемені бүлдіресің қазір, – дегенімше болған жоқ, официантка әлгі қызға записканы берді, қыз алып өлеңді оқып, оның қайдан келгенін білмей жан-жағына қарап еді – Жұматай жымиып, қо­лын көтерді. Қыздың қасындағы жігіттің біреуі записканы қыздың қолынан жұлып алды, жылдам көз жүгіртіп оқып шықты. Оқып шықты да, орнына тұрып, біз жаққа беттеді.
– Әй, сыболыш, – дедім мен, – сен де бір бүлікші, жап-жақсы отырып ек…
– Сендер ращоттасып, астына түсе беріңдер, – деді Жұматай, – өздері екеу-ақ екен ғой…
– Әй, сыболыш-ай! – деп абдырап біз отырмыз.
Әлгі жігіт суық жымиып:
– Мынаның авторы кім? – деді.
– Мен, – деді Жұматай жымиып. – Немене авторлыққа таласуға келдің бе?
– Поговорить надо…
– Ты так думаешь?
– Да. Страшно?
– Тогда пошли, – деп Жұматай бізге көзін қысты да орнынан тұрып, төменге қарай кетті. Екеуі.
Жарасқан – қып-қызыл, әбіржіп:
– Апыр-ай, осы Кеңшілік, Шөмішбай үшеуімен жүрсем – қалай да бір жанжалсыз бітпейді. – Официантка! Девушка!
Официантка жылдам келді. Жарасқан есеп айырысып жатты.
Мен көз қиығыммен байқап қалдым: қыз жанындағы екінші жігіт те төменге түсіп бара жатыр екен.
– Басталды! – дедім.
Орнымыздан тұрып, біз де сол жаққа бет алдық.
Баспалдақпен жылдам төмен түссек – туалет түбінде әлгі екі жігіт бөрене-бөрене боп, сұлап жатыр екен. Жұмекең бет-аузын шайып, шырт түкірді де, «бейкүнә»
жымиып:
– Тауарищи сәпсем шуток не понимают… – деді.
– Әй, сыболыш-ай! – деппіз екеуміз.
Сыртқа жүгіре шықтық. Жаңбыр төпеп тұр екен. Кәдімгі Алматының кезекті жаңбыры.
…Ендігі бір сәт үшеуміз бір ауланың беседкасында отырмыз. Алдымызда – жартылай ішілген Портвейн №12.
– Коньяктан бастап едік… – деп бірде­ңені көңірсіте бастап ем, Жұматай сөзімді бөлді:
– Зато Жарасқанды сөйлеттік!
– Өй, бүйтіп «сөйлеткенің» құрсын! – дедім.
– Зато есть, что вспоминать! – деді Жұматай.
– Жарайды, – деді Жарасқан. – Енді Жұматай оқысын өлеңін.
Жұматай көп күттірген жоқ – айырплан­ға айырбастамайтын бәйге аты жөнінде өле­ңін оқып еді, Жарасқан құшақтай алды:
– Міне – өлең деген!
– Жарасқанның өлеңдерінде Құрман­ға­зы атамыздың рухы бар, ал сенің өлең­дерің Сүгірдің күйлерін еске салады, – дедім мен.
– Ендеше, сен Құрманғазы мен Сүгірдің ортасында отырсың, – деді Жарасқан.
– Сенің өлеңдеріңді жұрт алдында оқымау керек, – дедім Жұматайға. Жарас­қан да, Жұматай да елең ете қалды.
– Біріншіден, сенің өлеңдерің – монолог болып келеді… Екіншіден, сен өз өле­ңіңді оқи алмайсың… Мұртыңның астынан міңгірлеп, көп сөздерді жұтып қоясың…
– Онда мына қалып қойған майшарапты да жұтып қояйық, – деп Жұматай мырс етті…
…Енді бір сәт қарасам, үшеуміз трамвай ішінде келе жатырмыз. Әлі қызу басыл­маған. Трамвай ішінде бес-алты-ақ адам. Жұматай мен Жарасқан жарысып, кезек-кезек өлең оқып келе жатқан. Дауыстары қат­­тырақ шығып кетсе білем, біз жаққа анда-санда жақтырмай қарап-қарап қояды.
Мен «Не высовываться!» деген ескертпе жазуы бар терезенің түбінде тұрғам, Жұ­матай «Не прислоняться!» деген тағы да ескертпесі бар есіктің жақтауында тұр­ған.
– Эй, вы, бараны, чего вы на своем кричи­те? Говорите на человеческом! – деп қабасақал біреуі айғай салды.
– Вам што, поросячий визг нужен?! – деді Жұмекең орнынан тұрып жатып. Жарасқан да үрпиіп қапты.
– Кеттік! Кеттік! – деп келесі аялдамаға келгенде, есік ашылар-ашылмастан екеуін жұлқылап алып шықтым трамвайдан.
– Осы сен слишком осторожныйсың! – деді Жұматай. – Бүгін таңатпастан екі жұдырығым сыздап еді!..
…Жаңбыр төпеп тұр…
Құмарынан қанғанша өлең оқи алмаған екі ақын. Екі пері. Ортасында – қаражаяу прозаик – мен…
Үшеумізде де үй жоқ. Үшеуміз де тятя Паша, тетя Маша, тетя Дашалардың қора­сын жалдап тұрып жатқанбыз…
Бірақ құшақтаған армандарымыз – ҮЛКЕН. Көк аспандай деуге болады.
Жаңбыр төпеп тұр…
Жаңбыр астында малмандай боп үшеу келеді…
Біреуі үйленген. Ол – мен. Жанымда­ғылар әлі бойдақ. Бірақ Жарасқанда – Нәзік, Жұматайда – Зайда деген сөз байласып жүрген екі қыз бар.
Шат-шадыман, бейғам сәт.
Түн. Жаңбыр. Үшеу: «Құрманғазы» мен «Сүгір»… «Қаражаяу прозаик».
Сол түні Жұматай бірер жылдан соң Зайдаға үйленетінінен бейхабар келеді. Үйленер, бірақ өмірге «Айкүн» деген әдемі қыздың дүниеге келетінін де бейхабар.
Жарасқан да үйленеді. Бірақ бірер жылдан соң «Рүстем» деген ұлды боларын, ол ұлының суретші, танымал режиссер болып, өзінің «Қаладан келген қыз» поэмасы бойынша тамаша көркем фильм түсі­ретінінен де бейхабар, бейжай келеді…
Сол күннің ертеңіне Созақтағы Сейтжан ағамның үйіндегі жеңгемнің егіз ұл табатынын мен де білгем жоқ. Нұртай ағам­ның сона-а-ау «Қотаншеңгелден» қыз  алып қашып, «Қоңырбай сигендегі» наға­шысы­ның үйіне баратынан да…
Семей жақта екі басты қошақан өмірге келетінен де…
Сол күні таңертең Кеңес солдаттары Пра­гаға басып кірерінен де бейхабар, бей­қам келе жатыр едік…
1968 жыл, 27 август…
Ал әзірге… әзірге жаңбыр астында үшеу келеді…
Жүгерілер  әлемінің патшасы, аса қадір­лі Никита Хрущев көкеміздің барша ха­лық­қа салтанатты түрде берген уәдесі – ком­мунизмге он екі жыл төрт-ақ ай қалып еді…
Жаңбыр астында үшеу келеді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір