Бағыты бөлек «Балауса»
Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Қазақстан драма театрлары арасында II Республикалық «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестивалі өтті. Бұл мәдени шара былтыр студенттік және жастар театрының фестивалі деп ашылып, осы жылы негізгі концепциясын эксперименталды қойылымдарға арнады. Екі күн көрсетілген
9 спектакльдің жанры мен пластикалық шешімі әр түрлі болғанымен, ортақ мақсаты – эксперименталды бағыт. Бұл бағытта жұмыс істеуге бел буған режиссерлердің көбі жастар. Фестиваль театр сахнасына Фархад Молдағалиев, Айдын Салбанов, Ерлан Кәрібаев, Мейрам Хабибуллин сынды жаңа есімдерді әкелді десек, артық болмас. Бұл жас жігіттердің көркемдік қиялы ұшқыр, режиссерлік ой-тұжырымы соны, қабілет-қарымы мол екені байқалады.
Фестивальге танымал режиссер Қуандық Қасымовтың атақты «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысуы жастар үшін мастер-класс секілді әсер берді. Тоғыз жыл бұрын қойылған «Қыз Жібек» сынды классикалық дүниенің тың режиссерлік шешіммен камералық сахнада қойылуы қазақ сахна өнеріндегі үлкен жаңалық болды. Режиссер эпостық материалға сүйене отырып, Жібек пен Төлеген тағдырының ең негізгі сюжеттік желісін ғана алып, ғашықтардың кездесуін, қызғаныш салдарынантуған Бекежанның әрекеттерін, Төлегеннің өлімін небәрі қырық бес минут ішінде көрсетіп шықты.Қойылым шаманизм белгілеріне, вокалдық композиция элементтеріне, би мен әнге, ойнамалы декорация мен ұтымды мизансценалық шешімдерге құрылған. Сол себепті де оның «Балауса» фестивалінде үздік спектакль номинациясын иеленуі заңды еді.
С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының жас режиссері Фархад Молдағалиев «Қасірет» драмасының негізгі желіні сақтай отырып, драматург Р.Отарбаев ұсынған тақырыптық шеңберді кеңейтіп, өзіндік интерпретация құрған. Драмалық шығарманы едәуір қысқартып, бұрынғы спектакльдердің формасынан бас тартып, реалистік бағыттан бөлек жаңа шешімдер қолданған. Режиссер сахналық шарттылықтың жүйелі жолын тауып, ой қақтығысына, ішкі драматизмге негізделген күрделі спектакль жасай білді. Жас режиссер сахналық кеңістікті ұтымды пайдаланып, ұқыпты мизансценалар құру арқасында «Үздік режиссерлік шешім» жүлдесіне иеленді.
Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының жанынан құралған «EGO» театр лабораториясы ұсынған «Ол» моноспектаклін фестивальдің жаңалығы деуге толық негіз бар. Жас режиссер Ерлан Кәрібаев пен актер Данияр Базарқұловтың шығармашылық тондемі үйлесімді шыққан. Актер Д.Базарқұловтың кейіпкері шынайы болмыс пен фантасмагорияның арасында өмір кешеді. Ол – рухани құлдырауға түскен бүгінгі қоғамнан, өзінің мардымсыз тіршілігінен шаршаған адам. Қойылымның камералық сахнада өтетіндігін жіті ескерген режиссер кейіпкердің ішкі иірімін ым-ишара, қимыл-қозғалыс, дыбыстық эффектілер арқылы берген. Моноспектакль жас режиссер мен актердің шығармашылық потенциалының молдығын көрсетіп, қазақ театрын тың жаңалықпен толықтырды. Өзін жаңа қырынан көрсеткен актер Д.Базарқұлов фестивальдің «Үздік ер адам бейнесі» номинациясына лайық деп танылды.
Өскемен қаласынан келген Жастар театрының «Дорогая Елена Сергеевна» қойылымына тоқталмау мүмкін емес. «Жаңа драманың» негізін салушылардың бірі Л.Разумовскаяның танымал драмасын бүгінгі күнмен үндестіре отырып, тың режиссерлік шешім жасаған жас режиссер – Айдын Салбанов. Ол өзінің ой-тұжырымын қойылымдағы бірнеше сәтті детальдармен, суретшімен ойласа жасаған сценографиямен жақсы жеткізе білді. Бірнеше планды бір мезетте көрсетіп, әрекет ұдайы сахнаның әр жерінде жүріп жатты. Режиссерлік ой-тұжырым мен актерлік ойын бір арнаға тоғысқандықтан сахналық тұтастық сақталған. А.Салбанов символ, метафораға, контрастық шешімдерге жиі барады. Ойлы режиссура орындаушылық өнерге қанат бітіріп, оның өзіндік ерекшелігін анықтағанын байқатты. Осылайша, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры жанынан құрылған Жастар театрына «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша жүлде берілді.
Фестивальге ақтөбелік режиссер Мейрам Хабибуллиннің екі бірдей қойылыммен қатысуы жас маманның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын байқатты. Әсіресе, оның «Алақай» театрында В.Гогольдің «Шинелін» қуыршақтар арқылы сөйлетуі ерекше әсер етті. Орыстың классикалық шығармасы арқылы бүгінгі қоғамның тұрғындарының жағымсыз қасиеттерін көрсетуі тосын жайт болды.Қойылым сахнадағы екі метрлік шапандар арасында адасып жүрген темір қаңылтырдан жасалған қоғамдағы кішкентай адамның жеке трагедиясын шынайы суреттеген. Спектакльдегі декорация мен қаңылтыр адам мен зәулім шапандардың авторы – суретші Әсия Құрманалинаға «Ең үздік сценографиялық шешім» жүлдесі әділ берілді.
Фестивальге қатысқан қалған төрт қойылым «Эксперименталды ізденіс үшін» атты ынталандыру дипломымен марапатталды. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының сахнасында Б.Әбдіразақовтың «Әйел сыры» драмасын Мейрам Хабибуллин камералық сахнада қойып, әйел затының ішкі жан-дүниесін, психологиясын көрсету жолында соны қадамдар жасаған.Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры ұсынған «Play» перформансының режиссері Евгения Пермякова сахналық үлгісін табуда, оның сырт бейнесін жасауда өзгеше шешімге келіпті. С.Бекеттің абсурдтық шығармасын өз жанрына сәйкес үйлестіруге тырысқан. Бірақ махаббат үшбұрышында адасқан адамдардың бастарын үстел үстіндегі табақтарға орналастырып, бишілер арқылы қимыл-қозғалыстарын көрсетуі қисынсыз. Тек мимика мен актерлер даусына сүйенген қойылымның бір сағатқа созылғаны бұны көріп отырған көрермен үшін де қиынға соқты. Спектакль театрдың ізденісін көрсеткенімен, жас орындаушылардың өнерін толық аша алмады.
Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Мұратбек Оспанов пен суретшісі Айдана Бисембаева «Тор» қойылымының пластикалық үлгісін сәтті ойлап, қойылымның бастауы мен соңында жарықты сахна төрінде орналасқан торға түсіруі арқылы әсерлі мизансценалар жасаған. Бірақ кейіпкерлер режиссер тарапынан толық пайымдау таппағандықтан актерлердің ойынында бірсарындылық басым. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының жанынан құрылған «Лестница» шығармашылық лабораториясының Ольга Павлованың режиссурасымен қойылған «Вредные советы для взрослых» спектаклінде төрт жас актер музыканың сүйемелдеуімен ресейлік балалар ақыны Г.Остердің өлеңдері мен қазіргі «жаңа драма» өкілі И.Вырапаевтың монологтарын алма-кезек айтып, сахнаны шыр айналып, өлең ырғағымен би билеп, қимыл-әрекет жасап отырды. Орындаушылар әр сөздерін өздерінің сахнадағы әрекеттеріне үйлестіріп, поэзиялық мазмұнын еркін жеткізеді. Дегенмен, қойылымның біртұтас көркем дүние болуына әлі талай жұмыс істеу керектігін айтқымыз келеді. Дәл осы түрінде жоғары сападағы студенттік жұмыстан әрі аспай тұр.
ХХІ ғасырда ұлттық театр өнері де заман талабына сай жұмыс істеуі тиіс. Тек театрдың сахнасында шектелмей жаңа кеңістіктерді, бағыттарды, жанрларды игеріп жүрген әлемдік режиссерлердің есімдері әлемге белгілі. Жоғарыда сөз болған қойылым авторларының жаңа кеңістікті (қазақ көрермені үшін!), яғни камералық сахнаны игеруге күш салып, көрерменмен тікелей қарым-қатынас орнатуға тырысқаны бүгінгі қазақ режиссурасының еуропалық үлгідегі заманауи театр үрдісіне ілесу жолындағы талпынысын танытты.
Екі күнге созылған фестиваль мазмұны бай. Ең бастысы, жастар бір-бірімен танысты, бірінің жұмысын бірі көрді. Әділқазылар алқасының пікірін білді, байыппен тыңдады. Осыдан кейін олардың арасында шығармашылық бәсекелестік басталады. Ал бәсекелестік оларды жаңа экспериметтерге жетелеп, шығармашылық тұрғыдан толысуға ықпал етеді. Сондықтан бұл фестивальдің өмірі ұзақ болса екен деген ниет-тілегіміз бар. «Балауса» осы формат пен бағыттан алшақтамай жыл сайын жастарды Ақтөбеге жинап отырса, болашақта ұлттық театрдың әлемдік аренаға батыл шыға алатынына сенімдіміз. Өйткені, «Балауса» жаңа есімдерді ашып, заманға сай режиссерлердің шығуына түрткі болады. Сондай-ақ, Ақтөбенің өзі де бұл фестивальді өзінің брендіне, «визиттік карточкасына» айналдырса, қаланың мәртебесі өсіп, мәдени туризмнің өрісін кеңейте түсетін шығар, бәлкім…
Болашақта «Балауса» театр фестивалін халықаралық деңгейге көтеру үшін әлі талай жұмыс істеу керек. Ең бастысы, қатысушылардан келіп түскен өтінімдердің барлығын қабылдай бермей, әділ іріктеуден өткізу керек. Сонымен қатар, фестивальдің талаптарын нақты көрсету абзал. Аты «Балауса» болғандықтан қатысушы режиссерлердің де жас ерекшелігіне мән беру керек. Яки фестивальдің атын өзгерткен дұрыс шығар. Сонымен қатар, әр қатысқан қойылымға бір номинация беру керек деген ойдан аулақ болсақ. Тіпті, бір қойылым бірнеше номинацияға ілінуі әбден мүмкін. Осының барлығы театрларды алға ұмтылуға көмектеседі, келесі жылы біз бірінші болуымыз керек деген ой талмай ізденуге түрткі болады. Әділқазылар алқасының мүшелігіне театртанушыларды көбірек шақырса. Өйткені, олардың ой-пікірлері, талдаулары біздің театрларға, режиссерлер мен актерлерге, суретшілер мен сахна жұмысшыларының қызметіне әділ бағасын ғана беріп қоймай, болашақ шығармашылық жұмыстарына да бағыт-бағдар береді.
Анар ЕРКЕБАЙ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері,өнертану кандидаты.