Мен оқыған кітап
11.07.2017
30569
26

Арада теңіз тартылып, суы жоққа айналатындай немесе кешегі майысқан қыз кимешек киіп, қартаятындай уақыт өтсе де «Кітап оқу деген сөз» ара-тұра естіліп қалады. Кітап оқудың «өз» адам­дары, өзіндік заңдылықтары әлімсақтап қалыптас­қан. Қазір аялдамада немесе қоғамдық көлікте біреу шұқшиып кітап оқып отырса, сөз жоқ, біз оған «ақылды, жан-жақты дамыған, интеллигентті, бір сөзбен айтқанда, тым жақсы адам екен» деп баға береміз. Біздің бұл таңданысымыздан не ұғуға болады деп ойлайсыз? Иә, нақ соның өзі. Ойымның үстінен дәл түстіңіз: біз, адамдар, қоғамды кітап оқитындар мен оқымайтындар деп бөліп, ортасынан сызып қойғанбыз. Екі ендіктегі тұрғындар бірін-бірі жатырқайды, ортақ әңгімелері жоқтай көрінеді. Өздерін екі түрлі өмірде жүргендей сезінеді: дәл бір жат планетадан түскен екі бөтендей. Ұзын жіпті түйіндер болсақ, біз бүгін кітап оқитындардың сәлемін жолдап отырмыз. Бәлкім, кей жандар кітап оқитын уақыт таппай, табыла қалса, оқырға кітап таңдай алмай қиналып жүрген болар деп «Желқазық» дайындап едік.


РОЗА МҰҚАНОВА,
жазушы-драматург

Әр адам құндылықты өзі іздеп табуы керек

Бұрын оқығандарым­ның ішінен өзіме ұнаған, тіпті кейде қайталап оқитын кітаптарым бар. Олар менің ең жақын достарым деуге де болады. Жауап таба алмай, ой сенделгенде көмекке келеді. Жанымды тереңдетеді, санама сабыр береді. Іздегенімді тауып олжалы етеді. Сондай құнды дүниелерім бар. Шындығында, сіздерге айтуға қызғанып отырмын. Меніңше, әр адам құндылықты өзі іздеп табуы керек. Бәлкім, менің оқығандарым басқаларға жаңалық та емес. Олар мектеп қабырғасында-ақ оқып тастаған болар. Дегенмен… Көрнекті философ, ойшыл Н.Макиавеллидің жазбалары қызықтырды. Мемлекет қайраткерлерінің көзқарасы, қалыптасқан ойы, өмірбаянын, саяси тақырыптағы жазылған очерктерін оқығанды жақсы көремін. Өмірбаян – тағдыр, ақиқатты ғана айтады. Ал көркем әдебиеттің түп тамыры шындықтан алынып, көркемдікпен өріледі. 

А.Ахматованың «Проза поэта», М.Цветаеваның, А.Блоктың тұтас прозасы, күнделіктері, Толстой ту­ралы мақаласы, В.Семановтың «Цин империасының ханымдары», Әл-Бухаридың «Сахих» кіта­бы, Қ.Тоқаевтың дипломатия­лық очерк­тері, қазақ билерінің дау шешудегі шешендік, алғырлық толғаулары, Н.Назарбаевтың «Өзекжардысы» (2003 жыл) Е.Шай­мерденнің «Қ­а­зақ афо­ризм­дері», М.Жұма­баев­­тың «Ақан сері» мақаласы. Жа­қын­да қызым Ару­за­ның ұсы­ны­сымен әй­гілі ағыл­шын фи­зик-теоретигі Сти­­вен Хокингтің өмірбаянын оқып отырып, таң қалдым. Жеті қат ойдың ұясына еніп кетіп, кітап құ­діре­тінің кие­сімен бетпе-бет кез­десіп, сырласып отырғанға не жет­сін. Бірақ маған әлі табыла қой­маған, кездесе алмай жүр­ген кітап­тар қаншама десең­із­ші.


Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Алғаш көргенім – қойшы дәптері мен шала ұшталған қалам болды

Біздің бала кезімізде қазіргідей ұялы телефон, планшет, смартфон, интернет деген  болған жоқ. Тіпті, теледидардың өзін беріде, есейген шағымызда көрдік. Соған орай, біздің ой-санамыз бен ұғым-түсінігіміздің қалыптасып, дұрыс білім алып, оқып-үйренуі­міз­дің бірден-бір қайнар көзі – кітап  болды. Сондықтан да шығар, менің кітапқа деген ынта-ықыласым ерте оянды. Әке-шешем орта­лықтан шалғай, көбіне жалғыз үй көшіп-қонып жүретін малшы еді.

Үйде кітап мүлдем болған емес, тіп­ті, газет-журнал да келмейтін. Соған қа­рамастан, бес-алты жасымнан қалам ұстап, қағаз жазуға құмар болдым. Әкем Базарбайдың алдындағы бес жүз қойдың кіріс-шығысын жазып жүретін қалыңдау дәптері мен шала ұшталған қаламы бар еді: мен сол қаламмен әлгі дәптердің бос беттерін шимайлап, өзім­ше жазу жаздым деп мәз болатынмын. Мұны байқаған әкем: «жазу» деген былай болады деп әріптерді жазып, көр­сете бастады. Аз күн ішінде біраз әріп­терді танып, жаза алатын бол­дым. Ұза­май шешем колхоз орталығына бар­ғанда маған ескілеу «Әліппе» әкеліп берді. Әкемнің көмегімен, өзімнің ын­там­мен алты жасымда «Әліппені» еркін оқитын болдым. Ал көркем әдебиеттен алғаш оқығаным – «Батырлар жыры». Бұл кітапты да шешем біреуден сұрап алған екен. Мазмұнын толық түсінбе­сем де, бұл кітапты қайталап оқи беретін бол­дым. Тіпті, жырдың біраз шумақ­та­рын жаттап та алдым. Мек­тепке барып, бірінші сынып оқи бастағанда тақтаға шы­­ғып, осы жыр­лардың үзіндісін зула­тып айтқанымда, мұ­ғаліміміздің аң­тарылып отырып қалғаны әлі күнге есім­де.
Ал кітапты жүйелі түрде оқуым мек­тепте жүргенде басталды. «Бірінші май» деп аталатың біздің колхоздың орталығындағы үлкен кітапхананың мектепте оқыған он бір жыл тұрақты оқыр­маны болдым. Кітапханадағы жүз­деген кітаптың бәрін шетінен оқып, тауыс­тым. Бұлардың арасында маған ерек­ше әсер еткені – Қалмахан Әбдіқа­дыров аударған «Мың бір түн». Қазақ­шаға аударылған «Дон Кихот», «Өлі жан­дар», «Робинзон Крузо», «Он бес ж­а­сар капитан» сияқты кітаптар да жа­дымда мәңгі жатталып қалды.
Қаламгер ретінде қалыптасуыма Бер­дібек Соқпақбаев пен Тәкен Әлім­құ­лов шығармаларының ықпалы ай­рық­ша болды.
Қазір жаңадан жазылып, шығып жат­қан кітаптарды сирек оқимын. Оқи бастасам, көп жағдайда көңілім бұзы­лып, ынта-ықыласым су сепкендей ба­сылады. Оның себебі әр түрлі; ең бас­тысы, кітаптардың басым бөлігі өте сауатсыз жазылады. Әріп қателері өріп жүреді; стилистикалық кемшіліктері де жетіп-артылады; сөйлемдерінің басы бар да, аяғы жоқ; біресе ананы, біресе мы­наны айтып, діңкелетеді. Біздің кезі­мізде бір қолжазбаны бірнеше редактор шұқшиып оқитын, корректор әр сөздің дұрыс жазылуын қарап, қада­ғалап отыратын. Қазір оның бәрі ұмыт қалған.
Бұл жағдай әдебиетті құлдыратуға апарып ұрындыратыны анық. Әдебие­ті­мізге жанымыздың ашитыны рас бол­са, мұндай жағдайдың алдын алуды осы бастан ойластырған дұрыс.


Тосыннан таң қалдырған «Бесатар»

Аманхан ӘЛІМ,
ақын, әдебиеттанушы

Мен оқыған кітап баршылық. Соған қарамай, ол кітаптардың ішіндегі  ерекше әрі тосын әсер еткені – Асқар Сүлейменовтің «Бесатары». Бала кезден кітап оқып, күні бүгінге дейін қазақ әдебиетінің классикалық үлгісіндегі шығармаларымен сусындап өскен, мендей пендеңізді таңқалдыратыны: «Бесатар» кітабының, кеңестік кезеңдегі цензураның қырағы көзінен қалай өтіп кеткендігі. Бұл таңданарлық па? Әрине, таңданарлық. Сосынғы, жинақтың мені елең еткізген тұсы: шығарманың көркемдігі немесе автордың суреткерлігі де емес, жазушының сөз-сөйлемдерді құрудағы стилистикалық ерекшеліктері. 

Стилі. Қолымды кеудеме қойып айтайын, ә, деген кезде, яғни бір оқығанда, «Бесатар» жинағындағы екі әңгіме мен жинақ аттас шығарманы түсіне қоймадым. Ол жинақтың тұманды не көмескілігінен емес, менің мұн­дай жинақты оқуға оқырман ретіндегі дайын еместігім болатын. Оның сырын көпке дейін аңғара алмай жүрдім. Кейін, келе-келе әде­биет­ке араласып, публицистика мен поэзиядан басқа, сыншылдық көзқарасым қалыптаса бастағандағы байқағаным, қазіргі қазақ прозасы бірнеше бағытта дамып келеді екен. Бірінші, эпикалық проза. Оның бастауында Мұхтар Әуезов тұрса, екіншісі, поэтика-психологиялық проза. Бұл қарасөзбен жыр­ланған бағыт-бағдар Жүсіпбек Аймауытовтан белең алады. Үшінші, Бейімбет Майлиннен өрген ауыл прозасы. Төртінші, оған келе-келе қосылған Сайын Мұратбековтің лирикалық шығармасы. Осы аталған бағыттардан табиға­ты бөлек «Бесатарды» оқығанда, өзімнің аталған шығарманы о бастағы тосын да, кібіртіктей қабылдағанымның сырын бірден ұғындым. Ұғынғаным, аталған шығарма жоғарыдағы бірде-бір бағыт-бағдарға жатпай, әдебиетке өзінше түрен салған қаламгердің интеллектуалды проза жанрына қалам тартуы екен. Міне, ә, деген кездегі менің «Бесатарды» оқуға дайын еместігімнің және маған тосын да ерекше көрінуінің сыры сонда болып шықты. Содан кейін-ақ, қазақ әдебие­тінде интеллектуалды прозаның көрнекті өкіл­дері пайда бола бастады. Олар Кәкен Қамзин мен Марат Қабанбаев еді. Кәкен Қам­зиннің «Кездейсоқтық пен заңдылық» атты шағын ғана кітабын оқығанда әдебиетке интеллектуалды прозаның көрнекті өкілі келгенін байқадым. Марат Қабанбаев ол ойымды бекіте түсті. Міне, осылай, мені таң­дан­дырып, тосындық танытқан Асқар Сүлей­менов­тің «Бесатарынан» кейін-ақ қазақ прозасында жаңа бір кезеңнің басталғанын байқадым. Оның басында Кәкен Қамзин мен Марат Қабанбаев тұрды. Өкініштісі, оның біріншісі шығармашылық ұзақ үнсіздікке көшті де, екіншісі өмірден ерте өтіп кетті.
Айтып отырмын ғой, мен оқыған кітап баршылық. Бірақ Мұхтар Әуезов, Аймауытов, Тәкен Әлімқұлов, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов секілді ұлт жазушыларының ізін өкшелеген және соларды дамытып, жетілдір­ген интеллектуалды проза өкілдері Кәкен Қамзин мен Марат Қабанбаевқа ден қоюым, мен оқыған кітаптардың жаңа бір белең-белесі еді. Солардан кейінгі, осы жақын ара­да оқып бітіргенім: Есболат Айдабосын­ның «Сүлікқара» жинағы. Бұл – жас автор. Соған қарамай, осы бір қаламгердің шығар­масынан мен эпикалық кең тынысты қаншалықты байқасам, психо-поэтикалық мәтінді сонша­лық­ты сезінемін. Онда, интеллектуалды прозаның да элементтері бай­қалады. Соған қарағанда, бұл жас қаламгер өзіне дейінгі аға жазушылардың дәстүрін бойына жақсы сіңі­ріп, дәстүр жалғасы ре­тіндегі жаңа бір белеңге көтеріліп келе жатқан сияқты. Оның алар биігін болашақ көрсетер. Әзірше, мен оқыған, болашақта оқитын кітаптардың жақсы бір жалғасы, осы жас авторда жатқан секілді.


Шабытты шығарма

Әбіл ҚАСЫМОВ,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Тұрсын Жұртбайдың есімін бүгінгі қалың оқырманға таныстырып жату, артық болар. Ол кешегі кеңестік кезеңде де, қазіргі тәуелсіз қоғамда да жазушылық пен ғалымдықты қатар ұстап келе жатқан тағдырлы талант. 

Әңгіме оның өткен жылы жарыққа шыққан «Бейнет сусыны» кітабы жайында болмақ. Онда жазушының шығармашылық психологиясы делінетін құпия сырлы дүниенің астары ашылады. Бұл құбылыстар әлемдік деңгейдегі әр түрлі суреткерлердің өмірі арқылы көрініс тапқан. Онда Л.Толстой, Р.Роллан, Т.Манн, М.Әуезов, М.Жұмабаев секілді таланттардың ішінде шабыт дейтін тылсым дүниені басынан кешпегендері жоқ. Барлық ойшылдарға, анығырақ айтқанда, суреткерлерге тән шабыт атты құдіреттің құпиясын ашуда Т.Жұртбай өзінше көркемдік тәсіл тапқан. Мәселен, 7 бөліміндегі «Бейнет сусыны» кәдімгі қазақ тіліндегі жеті септікті, авторша айтқанда, «жүйке септігі» деп таратады. Абай дананың бұл дүниеде сезбеген құбылысы жоқ шығар. Соның бір мысалы, ақынның «Адамның кейбір кездері» – шабыттың кілті немесе шабытқа апарар жол екенін жазушы негізге алған. Шабыт шығармаға қуат беретін күш. Т.Жұртбайдың көрсетуінше, «шапағатты шақта» хатқа түскен сөзді өзгертпек емес. Айшықты мезет сәтінде дүниеге келген ессіз таза махаббаттан туған шығарманы қайыра өзгертуге басқаның қолы бармайды. Шабытты шығарма сонысымен де киелі.
Автор қазақтың әдебиет, мәдениет және ғылымындағы қайраткерлердің тұтас бір шоғырының шығармашылық тағдырын һәм сол уақыттың тынысын өзіне тән шеберлікпен жеткізеді. Қорыта айтқанда, бүгінгі кітапсүйер қауымға талғамы жоғары, озық ойлы оқырманға осы кітапты оқуға кеңес берер едім.

 

ПІКІРЛЕР26
Аяулым 23.04.2019 | 20:06

Керемет эсселер 👍👍

Аноним 03.09.2019 | 11:13

Мен окыган окулык

Аноним 29.09.2019 | 13:21

👍👍👏👏👏 Керемет

Аноним 16.02.2020 | 18:37

Өтте жақсы 👏👏👏👏👏👏👏👏

Аноним 25.02.2020 | 20:43

Өте жаксы эсселер😊👏👍

Аноним 16.04.2020 | 19:55

Оте тамаша👍 маган бул катты катты унвдф

Аноним 22.04.2020 | 12:37

Керемет👏👏👍👍✋👌

Аноним 22.04.2020 | 16:07

Тамаша эсе кушти👍

Аноним 22.04.2020 | 21:51

Өте жақсы 👏👏

Аноним 24.04.2020 | 12:46

Оте жаксы эсселер👏👍🤘✊🖒👋👏

Аноним 29.04.2020 | 13:35

Өте жақсы👌👌👌

Аноним 29.04.2020 | 16:06

Өте керемет

Аноним 11.05.2020 | 14:07

Отец жаксы👍

Аноним 04.04.2021 | 20:07

Ŵnormŵ

Аноним 05.04.2021 | 08:05

Жақсы 👍

Аноним 07.04.2021 | 11:36

Дым кушти емес

Аноним 15.04.2021 | 20:32

Керемет

Аноним 19.04.2021 | 07:07

Зорго

Аноним 19.04.2021 | 15:29

Өте керемет тіл байлығыңыз керемет екен👍👍👍

Аноним 21.04.2021 | 21:01

Онша емес емес жақсы

Аноним 23.04.2021 | 00:39

Өте керемет эсселар👏👏👏👏👏👍👍👍

Аноним 15.09.2021 | 22:31

Керемет 👍👍👍

Аноним 11.11.2021 | 19:57

Сыздердын арканда 5 алдым

Аноним 26.11.2023 | 20:48

000

Аноним 03.04.2024 | 11:35

Жаман⚠️😾☹️🙁😞

Аноним 19.04.2024 | 13:51

Түсінбедім

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір