Түлкіштің қулығы (Сықақ әңгіме)
30.06.2017
1606
0

Облыстық телебізірде жұмыс істей бастағаныма зуылдағаннан-зуылдап бір жыл болып қалыпты. Сондағы Макс немесе барып келетін, шауып келетін опера­тордың бірімін. Әлі сарытұмсық телебізірші болсам да, мен білмейтін бәле жер астында. Бұрын ал кеттік десе болды, кез келген тілшімен жердің түбі болса да, шапқылай беруші едім. Қазір бұрынғыдай аузы аш­ық, баяғы елпілдеп тұратын Тұраш емес­пін, кіммен және қайда баратынымды жақ­сы білемін. Босқа шапқылай бермей, «адам болуыма» осында редактордың бірі болып қызмет атқаратын Түлкіш көкемнің еңбегі «ерекше» деуге болады. Құдайға шүкір, Түлкішті бес саусағымдай жақсы білемін. Асып, жарқылдап бара жатқан тілшілік таланты шамалы, бірақ ол көсемсіп сөйлегенді, шіреніп тұрып отырғанды, біреуден ебін тауып бірдеңе алғанды қатырып жібереді. Жолсапар десе кейбіреулер сияқты арам тер болып жатпайды. Баратын ауданы мен ауылын алдын ала ұңғыл-шұңғылына дейін әлеу­мет­тік зерттеуден өткізеді. Аудан және шаруа­шылық дөкейлерінің қай рудан тарайтын­дығын, кімге алыс, жақын екендігін, мыр­­залығы мен шығайбайлы­ғын, мықты­лығы мен осалдығынан бүге-шігесіне дейін қалдырмай біліп алып, бір қапшық факті жинап алған соң жолсапарға жинала бастайды. Оның үстіне облыстық әкім­шілік­тегі ысқырығы жер жарып тұрған туысына баратын аудан дөкейіне міндетті түрде телефон шалдырады. Онсыз Түл­кішті кабинетінен трактормен де сүйреп шығара алмайсың.

Кеше қырындап жүрген бір сұлу бикешті қа­ланың қиыр шетіндегі пәтеріне шы­ға­рып салып, сондағы тұратын жүгермектерден оң­дырмай таяқ жеп қала жаздап, жататын үйі­ме жаяу салпақтап әрең жеткен болатынмын. Содан етбетімнен түсіп, қатып қалып­пын.
Жұмысқа кешігіп келсем, Түлкіш көкем ме­ні аласұрып іздеп жатыр екен. Бірдеңеден құр қалғандай қуықтай тар кабинетіне жү­гіре кірсем, ол шұғыл түрде әлде біреумен телефонмен сөйлесіп жатты.
— Қодар, Түлкішпін ғой. Қалай, аман-сау­мысыңдар? Құдай кесірінен сақтаса ер­тең Түй­мебай Сартанович басқаратын ауданға жол жүргелі отырмын. Мақтауың­ды асырып, жаманыңды жасырып жүрген ағаң болады деп телефон соғуды ұмытпа. Жақсылап күтіп ал­сын, иә, екі адамбыз. Телефонның тұтқа­сын қойып, бір үлкен шар­уа бітіріп таста­ғандай маған маңғаз­дана қарады. Мұнысы жолға жинал дегені.
Ертесіне әтеш шақырмай жатып, сонау ит өлген жердегі шалғай ауданға жүріп кет­тік. Сүліктей қап-қара «Мерседестің» рулінде Түл­кіштің өзі. Мен білетін көкем майлығы мен шайлығы көрініп тұрған жерге қара жаяу қалса да мекеменің мәшинесін мінбейді. Қарға екеш қарға да бір шоқып, екі қарайды емес пе, бұл талайды көрген тілшінің үлкен сақ­тығы, екінің біріне се­не бермейтіндігі. Ал менен онша қауіптене қоймайды. Өзім өсірген күшік балағымнан қап­пас деп ойлайтын болуы керек. Оның үстіне мен де періште емес, пенденің бірімін, менің де өңе­шім бар. Жалаңдап тұрған судай жаңа мә­шине үш жүз шақырым жерді шеміш­ке шаққан құрлы көрген жоқ. Сағаттың тілі онға жетер-жет­пестен-ақ аудан орталығына жетіп бар­дық. Бұрын қайда барсақ та ең бірін­ші болып, міндетті түр­де аудан әкімші­л­ігіне барушы едік, бұл жолы қалып­тасқан дәс­түр бұзылып, үлкен ауылдың шетіндегі ав­тобазаның ауласына ентелей кірдік.
Түлкіш көкем автобаза директорына қалай тез кірсе, дәл солай тез шықты. Біз­дің артымыздан үлкен жүк мәшинесі ере берді.
– Мынаның бізге не керегі бар? – дедім әлгі мәшинені сұқ саусағыммен көрсе­тіп.
– Дымың ішіңде болсын, бала. Бір керегі бол­ған соң алдым да, – деп Түл­кіш жұмбақтап жауап қайтарды.
Аудан әкімі Түймебай Сартанович даң­ғарадай кабинетінде бізді қаққан қа­зық­тай болып күтіп отыр екен. Басқа біреу болса әкім­ді көргенде құдайдың өзін көргендей бо­лып, қолын алға созып, жас балаша жүгіре жө­нелер еді. Түлкіш көпті көрген қасқырдың нағыз өзі ғой, әкімге жалпақтамай терезесі тең адамша амандасты. Иә, шіренгенде ме­нің көкем алдына жан салмайды. Оның мы­сы мен салмағы басым түсіп, әкім орнынан ұшып тұрып, Түлкіштің асты-үстіне тү­сіп жатыр.
– Түке, бұл ауданға жаңадан келіп жат­сам да сыртыңыздан атыңызға жақсы қа­нық­пын. Облыстық телебізірден кемеңгер – кемеңгер ой айтатын хабар­ларыңызды жиі кө­ріп жүрмін. Сіздің бізге тілекші жан еке­ніңіз­ді, тырнақ астынан кір іздемейтініңізді және жақсы білемін, ағасы.
Алдын ала белгіленген жоспар бойынша Сізбен өзім жүруім керек еді, аяқ ас­тынан об­лыс әкіміне баратын болып қалдым. Ол үшін өзіңізден ғафу өтінемін. Сізбен бірге бірінші орынбасарым Жапар деген ініңіз барады. Үш бірдей шаруа­шылықтың басшысы өзіңізді арнайы күтіп отыр. Құдайға шү­кір­шілік, жұмыс атаулыны дөңгелетіп жүр­гізіп жатырмыз. Жақсылап тұрып бір хабар жа­сайсыз ғой, біздің де досымыз бар, дұш­панымыз бар дегендей…
– Түке, айтқаныңыз дұрыс. Заман қанша қиын болса да, пейілімізді тарылта көрмесін. Көңіл жақсы болса бәрін жасаймыз ғой, — деп Түлкіш ыңырана сөз бастай бергенде, ішке лып етіп ұстараның жүзіндей қылпыл­дап тұрған жас жігіт кіре берді.
– Міне, Жапардың өзі де келіп қалды. Әй, Жапар, Түлкіш ағаңмен жақсылап тұрып та­нысып ал. Бұл кісі арнайы шақырсаң да, келе бермейтін кәдірменді ағамыз. Қонақ сый­лаған халықпыз, ұят болып жүрмесін. Бә­ріне өзің тікелей жауап бересің, – деп әкім орынбасарына шегелеп тапсырма беріп жатыр.
– Құп болады, Түймеке! Айтқаныңызды екі етпейміз, – деп Жапар құрақ болып ұш­қа­лы тұр.
«Тастақтының» басшысы Сапақ Арыстанович бізді кеңшардың шекарасында бір топ нөкерімен күтіп алды. Түскі шайдан соң қойлы ауылға жүріп кеттік.
Сары тұмсықтау телеоператор болсам да та­лайды көріп қалдым емес пе. Егер қателес­пе­сем, бірінші болып, ат басын бұрған Қой­шы­бай деген шопанды мақтап-мақтап, ас­тына көпшік қойсаң, бірден жайылып түседі. Түлкіштің іздегені де осындай жан. Үстіне қара костюм, ақ жейде киіп, Кеңес заманында алған ордендері мен медальдарын жар­қыратып тағып алыпты.
– Қойшыбай деген озат қой өсірушіміз осы ақсақал болады. Қойшыекеңнің қойлары жылда қоян құсап бытырлатып туып жатады, мысалы, биыл жүз саулықтан 140 қозы алып, кейбір шопандарға шаңын да көрсет­пей кетті. Қырыққан жүні де тау-тау, екі жыл болды Қытай жақ қарық болып жатыр. Иә, біздің Қойшыбай бес минутсыз Еңбек Ері болайын деп тұр, – деп футбол добындай до­малаған кеңшар директоры Сапақ шо­пан­ның мақтауын жеткізіп-ақ жатыр.
– Бәрімізді асырап отырған Қойшыбай сияқ­ты азаматтар ғой. Халқының қамын ой­лап жүрген ер-азаматтарымыз аман болсын! — деп Түлкіш те директорды қоштап қой­ды.
Камераны іске қосып, жұмысыма шұғыл кі­рісіп кеттім. Қойшыбай қойшыны тұр­ғызып та, жатқызып та түсірдім. Қа­тын-қа­ла­шын да, мұрынбоғы ағып жүрген балаларын да, қорасындағы арсылдаған итін де, жүгіріп жүрген күшігін де шетінен түсіріп жа­тырмын. Байқаймын, осының бәрі қой­шыға да, оның домалаған басты­ғына да сары майдай жағып барады.
Жаңа ғана сойылған марқа қойдың бал­быраған еті табаққа түспей жатып-ақ бо­ла­шақ Еңбек Ері және оның басшысы үшін та­лай-талай тост көтеріліп тасталды.
Қыза-қыза келе, қойшы Қойшыбай алыс­тан ат арылтып келген кәдірменді қонақ Түл­кішке дөнен сыйлады, ал, директор ат мін­гізетін болды.
– Жоқ, жоқ. Ол не дегендеріңіз, мен қыз­мет бабында жүрген адаммын, болмайды, болмайды! – деп Түлкіш өтірік ат-тонын ала қашты.
– Ол не дегенің, бауырым! Бір дөнен және бір жылқыдан дәулетіміз ортайып қалмас. Бұл біздің сізге деген сый-сияпа­тымыз. Ал­ма­саңыз, жатып кеп өкпелейміз, – деп қой­шы мен бастық көнетін емес.
– Түу, болмадыңыздар ғой, мейлі, айт­қан­дарыңыз болсын, көңілдеріңіз қал­масын. Сіздердің ауылға менің Жөргенбай деген інім жүк машинасымен келген екен, ертең жолшыбай соға кетер.
– Жарайсың, Түке! Міне, нағыз жігіттің сөзі. Қане, сол үшін тағы да бір рет алып тас­тайық.
Айғыр стақандар бір-бірімен соғысып, жұ­лындар бүлк-бүлк етісті. Түлкіш «Бала, енді түсіндің бе?» дегендей, маған қулана қы­сық көздерін қысып қойды.
Екі күннің ішінде үш шаруашылықтың мал­ды ауылын аралап, осылайша қауырт «жұ­мыс» жасадық. Ауданның сүт бетіне шы­ғар өңшең қаймақтары бізді көрші ауданның шекарасына дейін улап-шулап шығарып салды.
Үлкен қырды аса беріп, толтырып мал тиеген жүк машинасының дәл жанына ек­піндетіп тоқтай бердік. Автобазадан бізбен бірге еріп шыққан сақалы қалың, мұрты сирек, кепкасы мыжырайған жігіт­ті бірден таныдым. Өзі әлденеге мәз бо­лып, кетік тіс­тері ырсиып, күліп қояды.
Ой, несін айтасың, Түлкіш көкем иненің көзінен өтіп кететін пысық қой. Машинаның қорабындағы үш жылқы мен төрт сиырды жә­не оншақты қойды көрші аудандағы жаңа­дан ашылған ет комбинатына жоғары қо­ңдылықпен тапсырды да жіберді. Ет ком­бинатының өгізден де жуан директоры бір бөтелкені тең бөліп ішіп жүрген ескі танысы болып шықты. Екеуі директордың кабине­тінде айғыр стақан­дарды соғыстырып жат­қанда құмырсқа бел, бетіне жарты қадақ опа жаққан кассир келіншектің саусақтары-саусақтарына жұқпай кілең он мың теңгелік­терді санап, Түлкіштің алдына тастай берді…
Қара «Мерседес» қара жолға түсіп, ауыл қай­дасың деп тартып келеміз.
– Түке, жолда МАИ деген бәле барлы­ғын ұмыт­паңыз, – дедім біраз сілтеп алғанын ес­кер­тіп.
– Нешауа, бала, онша-мұнша МАИ-ге кө­кең пысқырып та қарамайды, білдің бе! Керек болса, Оңғарбаевқа өздері честь бере­ді, – деді Түлкіш шалқая түсіп. – Айтпақшы, мына нәпақаны қалтаңа салып қой, – деп тапқан олжасының бір бөлігін ұсына берді – жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді, ба­ла…
…Бойдақта ес жоқ демекші, таң атқанша қаң­ғырып, сонан соң ұйқыны соғып, бүгін де жұмысқа кеш келдім. Мені Түлкіш ала­сұрып іздеп отыр екен. Бәсе, кешеден бері ала­қаным қышып жүр еді. Қателес­песем, бү­гін, не ертең Түкең екеуміз тағы да жол жүре­міз…

Доқтырхан Тұрлыбек,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының
лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір