Бауыржан Нөгербек
Қазақ мәдениеті мен кино өнері ауыр қазаға ұшырады. Кинотанушы, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек 69 жасына қараған шағында өмірден озды.
Бауыржан Нөгербек 1948 жылы 6 тамызда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік Кинематография институтының кинотану факультетін тәмамдаған ол «Қазақфильм» киностудиясында мультипликация бірлестігінің бас редакторы, кейіннен сценарлық редакция алқасының мүшесі болып істейді. Киностудияда он жылдан астам уақыт қызмет етеді. 1981-1985 жылдары Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының хатшысы болып тағайындалады. Ал 1993 жылдан бастап педагогикалық қызметпен айналысады.
Ол қазақ анимациясы мен қазақ кино өнерінің дамуына мол үлес қосқан кинотанушы. Оның қаламынан «Қазақ киносының жылнамасы» (авторлар ұжымы), «Ертегіге жан бітсе: Қазақстанның мультипликациялық киносы», «Қазақстан киносы», «Қазақ киносының тарихы», «Экранда «Қазақфильм», «Қазақ киносындағы экрандық-фольклорлық дәстүр» атты еңбектер шыққан. Сондай-ақ, ол 250-ден астам мақала, рецензия мен эссенің авторы.
Қазақтың аяулы азаматы, Қазақстандағы кәсіби кинотану мен кино сыны негізін салушылардың бірі Бауыржан Нөгербек қарапайымдылығымен дараланатын. Ол әрдайым жасқа қамқор, соңынан ерген шәкірттеріне ұлағатты ұстаз бола білді. Оның ғұмыры бүгінгі қазақ киносында еңбек етіп жүрген жастарға үлгі-өнеге. Бауыржан Нөгербектің асыл бейнесі, сіңірген өлшеусіз еңбегі, қазақ киносына деген шексіз махаббаты біздің жадымызда әрдайым сақталады. Қош, бақұл бол!
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ
Қазақстан Кинематографистер одағы.