Саф өнердің бағасы
«Қазақ әдебиеті» басылымының 2015 жылғы 23 қаңтардағы санында «Гүлдер» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, Ғарифолла Құрманғалиевтың оқушысы, әнші-термеші Қалампыр Рахимова туралы мақала жазып едім. Қалампыр 1988 жылы қарашада қырыққа да келмей, гастрольдік сапарда жол апатынан көз жұмған.
Артында іздеуші ұрпағы болмаған соң кейінгі жұрт оны ұмытып кетті. Мен осыдан қырық жыл бұрын оның үйінде 2-3 жылдай тұрғанмын. Туған анамдай болған Қалампырдың рухына тағзым ете отырып, еске алу кешін ұйымдастырған едім. Сол кеш жалғасын тауып, Қалампырдың туған жерінде әнші-термешіні еске алу шарасы өтті.
Осы шараның өтуіне себепші болған «Қазақ әдебиеті» газетіне, «Айтуға оңай» бағдарламасына, Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданының басшыларына алғыс айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Осыдан екі жарым жыл бұрын 2015 жылдың қаңтар айынан бастап Қалампырды еске алу кешін ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кеттім. Оралдағы қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева апама қолұшын беріңіз деп қолқа салдым. Өйткені, өзім Қызылорда өңірінің, Аралдың тумасы болғандықтан Оралда көп адамды танымаймын. Ақұштап апам сөзімді жерге тастамай «Қадыр Мырза-Әлі» қорының басшысы Донеділ Қажымовты, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Дәулеткерей мырзаны, Шыңғырлау ауданының басшыларын жұмылдырып, осы кешті ұйымдастыруға шықырды. «Алмазный» ауылындағы Қалампырдың сіңлісі Жаңылсынды тауып, оны да осы шараға қатысуға шықырдым. Наурыз айында «Қазақстан» телеарнасының продюсері Ержанар Әшейхан мен танымал журналист Бейсен Құранбек «Айтуға оңай» бағдарламасына Қалампырдың әріптестерін, өнердегі достарын жинап, бағдарламаның бір шығарылымын Қалампырға арнады. «Хабар» агенттігінің төрағасы Айдос Үкібай мырзаға, «Қазақстан» корпорациясының сол кездегі төрайымы Нұржан Мұхамеджановаға хат жазып, қолдау сұрадым. «Гүлдер» ансамбліндегі Қалампырдың әріптестері бар ықыластарымен қолдады. Сөйтіп, 2015 жылы 7 сәуір күні Алматыдағы «Қазақконцерт» залында жанға жылы кеш өтті. Қалампырдың рухына құран бағыштап, кішігірім ас бердім. Елден сіңлісі Жаңылсын келді, Оралдан Медхат есімді жігіт Батыс Қазақстан облысының алғыс хатын табыстап, термеші Сәуле Таудаева Қалампыр Рахимова орындаған термелерді айтты.
Еске алу кешіне Бибігүл Төлегенова бастаған Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Бақтияр Тайлақбаев, Айжан Нұрмағанбетова, Гүлнәр Сиқымбаева, Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақова, Айткүл, Қанат Құдайбергеновтер, Асан Мақашов, Донеділ Қажымов, Гүлнар Даукенова, Атыраудан Қайрат Какимов, Оралдан Сәуле Таудаева, Астанадан Елмұра Жаңабергенова, Талдықорғаннан қобызшы Тұрсынхан Қарақожаева, жас күйші, сазгер Әбілқайыр Жарасқан қатысты. Кешті актер, сахна өнеріндегі шеберлігімен халыққа кеңінен танылып қалған Дулыға Ақмолда жүргізді. Астанадан Ұлмекен Төлеуова арнайы келіп, концертке режиссер болды. Орталық архивтен Қалампыр Рахимова туралы 1972 жылғы материалдар жинағанмын. Сол материалдар арқылы жиылған жұрт Қалампырдың жүзін көріп, даусын тыңдады. Бұл шараны Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Шыңғырлау ауданы басшылары іліп әкетіп, 2015 жылы қарашада Шыңғырлау ауданының орталығындағы саябақтан Қалампырға ескерткіш қойды.Ақұштап Бақтыгереева ханым телефон шалып жақсы жаңалықты айтқанда, қуанғаннан көзіме ыстық жас келді. Күні кеше 7 маусымда Қалампыр туып-өскен Алмазный ауылындағы жаңадан күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінің маңдайшасына «мұнда Қалампыр Рахимова өнер көрсетіп, қызмет еткен» деп жазылған тақтайша қойылды. Облыста Қалампыр Рахимова атындағы термешілер конкурсы өтті. Мені ол байқауға арнайы шақырды.
Шыңғырлау ауданынан Қалампыр Рахимова атындағы көшені көргенде еңбегімнің еш кетпегеніне қуандым. Аудан әкімі жас болса да бас болған іскер Альберт Темірболатұлы есімді азаматқа дән риза болдым. Мәдениет үйі жанында мектеп бар екен, ол да күрделі жөндеуден өткен, барлығы жарқырап тұр. Біздің сырт көзге оғаш көрінетін бір-бірімізді жағадан алып, даттай беретін жаман әдетіміз бар. Ал мен айналамдағы жұртты, барымызды бағалап, атқарылған істің бағасын анық айтуға шақырар едім. Шыңғырлау ауданы мәдениет бөлімінің басшысы Сәуле Бисенғалиеваға, демеушілер жинап өнер адамының рухын дәріптеуге атсалысқан аудан әкімінің орынбасары Айтмұхамбетов Қалияр Ша-
диярұлына, Мәдениет үйінің басшысы Сайын Әжіғалиевке, «Алмазный» ауылының әкімі Ғаббас Қайырғалиевке ана ретінде, өнер жанашыры ретінде алғыс айтамын.
«Қазақ әдебиеті» газеті оқимын деген қазаққа әдебиет пен мәдениетті барынша ұлықтап, жақсы мақалалар жариялап жүр.
Кейінгі уақытта нағыз өнер адамына құрметпен қарау дағдысынан айрылып бара жатқандаймыз. Бір ғана мысал айтайын, мамыр айының 26 күні Роза Бағланованы еске алу кешіне бардым. Алматыдағы Республика сарайында өткен кешке 70 пайызға жуық адам жиналды. Сахнаға Бибігүл Төлегенова шыққанда мен орнымнан тұрып ем, өзгелер маған жақтырмай қарады. 1970 жылдары Мәскеуде оқып жүрген кезімде Мәскеу көрерменінің 1972 жылы Одақтар үйіндегі концертте Роза Бағланованы түрегеп тұрып, ұзақ қол шапалақтап қарсы алғанын көрген ем. Осы құрметті көрген соң залдағы адамдардың менің орнымнан тұрғанымды жақтырмағанын түсінбедім. Дегенмен, Бибігүл апам әнін айтып болғанда көрермендер орнынан тұрды. Бұл – өнер алдындағы көрерменнің әдемі сыпайы тағзымы. Талантты өнерпаздарымызды көзі тірісінде ұлықтай білсек, нағыз өнердің қанат жаюына аз да болса үлес қосар ма едік?.. Әйтпесе даңғаза өнерге бас иген уақытта кейінгі жастар саф өнерден бейхабар өспесіне кім кепіл?
Гүлбаршын ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.