Ауру жайын емдеген білер…
Біздің бүгінгі кейіпкер – Қытай медицинасынан жоғары білім алған, АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Парклэнд университетінде іс-тәжірибеден өткен білікті маман. Ел арасында «жазылмайды» деген алапес ауруына дәру тауып, осы күні бірқатар жұртты емдеуін бастаған жас дәрігер. Алматыдағы Иассауи көшесі мен Шаляпин көшесінің қиылысында орналасқан «Достық» Тибет медицина орталығында дертіне дауа іздегендерді қабылдап жүрген Сұңқар Мұқашқызымен әңгіме төмендегідей өрбіді.
– Алапес деген не өзі? Қалай пайда болады?
– Витилиго, яғни алапесті ауру түріне жатқызса да, жатқызбаса да болады. Теріге түскен ақ таңдақ бет-ауызға, тұтас денеге қаптап кетсе, әлеуметтік ортада, адамдармен қарым-қатынаста науқас адам ыңғайсыз күйге түседі. Әсіресе елге танымал тұлғалар, ақсақалдар, ақын-жазушылар, әнші-күйші өнер адамдары өздерін өте қораш сезінеді.Біз ес білгелі бұл дерттің емі жоқ делініп келді. Осы бертінге дейін емі табылмаған алапес деген аурудың түбін қуғанда пайда болу қайнары денедегі қара меланин дәруменінің жетіспеушілігінен екені ертерек анықталған болатын. Бұл жұқпалы ауру емес, қышытпайды, іріңдемейді, тұқым қуалауы да мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерттің 70%-ын емдеп жазуға қауқарлымыз десе, медицинасы дамыған Қытай да сондай көрсеткішті көрсетіп келген еді. Ал Еуропа елдері мұндай дертті емдеп жазу мүмкін емес деп есептеген. Ол елдерде терінің түсін бояп, өзгертетін кремді пайдаланудан аспай келді. Жалпы, АҚШ- тың Нью-Йорк қаласында, Қытайдың Шанхай қаласында тек қана алапесті зерттейтін орталық бар. Дегенмен, Қытай мамандары алапесті түбегейлі жазуға болады деген көзқараспен озық медицина мен халық емшілігін бірлестіре отырып, әр түрлі дәрілік шөптерді пайдаланып, қазірше құпия рецеппен дәрі жасап, емдеуді жалғастырып келеді. Нәтижесі кісі қуантарлықтай. Біздің медициналық орталық сол бай тәжірибеге сүйеніп жасаған дәрілерді пайдаланады әрі арнайы рецеппен емделушілеріне дәрі жасап бере алады. Себебі, біз осындай тері ауруын емдеумен жеті жылдан бері арнаулы шұғылданып келеміз. Сондықтан мұндай дертті толық емдеп жазуға мүмкіндігіміз бар деп кесіп айтуға хақымыз бар.
– Сонда қалай емдейсіздер?
– Біз пайдалы шөптен дәрі жасаймыз. Дәрі сұйық су тәріздес болады, науқас сол сырттан жағатын сұйық дәрімен қоса ішетін дәріні де бірге пайдаланса тіптен пайдалы болар еді. Ал дәрі аурудың жағдайына қарай қолданылады. Әуелі сынақ ретінде терінің бір бөлігіне жағасыз, бірқанша күннен кейін тері қызарып, ұйығандай белгі бере бастайды. Тым көп жақсаңыз домбығып, ісініп, қолдырап кетуі де әбден мүмкін. Біздің кеңесіміз бойынша пайдаланған жөн. Әсер етуін сезіне бастағаныңызда тері қатты қышып, дуылдап-ашып шыдатпай кетеді, оған енді шыдауға тура келеді. Өйткені, теріні тітіркендіру арқылы ғана қара меланинді тірілтуге немесе қалпына келтіруге болады. Көп адамдардың шыдамы жетпей орта жолда емін тоқтатып жатады, бұл өзі ұзақ уақыт емдеуді қажет ететін ауру болғандықтан, қажыр мен төзім керек, мысқалдап, біртіндеп тері жетілетіндіктен, аса сабырлылықты қажет етеді.
– Кері әсері болмай ма?
– Болуы да мүмкін. Әр адамның терісінің сезгірлігі әрқалай.
Біреулер аз уақытта әсерін сезініп, аллергия берді десіп жатады. Ал енді біреулерге кешірек әсер етеді. Кері әсері болған жағдайда дәрі жағуды тоқтата тұрамыз, дәрінің құрамын өзгертеміз. Тері құрғап немесе қатты қызарып, қолдырап кетсе, дәрілік қуаты бар жақпа майлар береміз.
– Жалпы, бұл дертті қанша уақытта емдеп жазуға болады?
– Жоғарыда айтқанымдай әркімге әрқалай уақыт керек. Ауру адамдардың көбі кеселінен тезірек айықсам екен дейді, әрине, біздің де тілегіміз сол. Әлгінде айтқанымдай жағатын дәрі мен ішетін дәріні бірге пайдаланып, оған қоса ультракүлгін сәулесі лампасымен, қысқа толқынды аппаратпен қыздырып немесе теріні тітіркендірсе, яғни емнің бәрін бір мезгілде қабылдаса, емдеу нәтижесі көрнекі болады. Адамның жас шамасына қарай өнімі де әр түрлі болуы мүмкін. Мәселен, жастардың, әсіресе балалардың ағзасы емнің өнімін тез қабылдайтындықтан, терілері тезірек жетіледі де, сауығу уақыты қысқалау болады. Ересектерге, әсіресе ауруы асқынып кеткен адамдарға ұзақ уақыт бойы, тіпті жылдап емделуге тура келеді.
– Сіздердің орталық тек қана алапесті емдеумен шұғылдана ма?
– О не дегеніңіз… Біз тері ауруының әр түрін емдейміз. Мәселен, сиыр теміреткісі, қышыма, безеу, есекжем, бөрткен, сүйел… осылардың бәрін емдейміз. Алапеске айрықша назар аударған себебіміз – Қазақстанда соңғы жылдары мұндай дерт белең алып кетті. Ол экологияның бұзылуынан, азық-түліктің залалынан, тұрмыс тауқыметін тартып, психикалық күйзеліске ұшыраудан өрбіп жатыр десем, қателеспес едім. Өзіңіз ойлап көріңізші, біздің ата-бабаларымыздың заманында осы дерт болған ба еді?! Болған да шығар, алайда бүгінгі таңдағыдай «қаптап» кетпегені анық.
– Алапесті қазақтың халық емімен емдеуге болмай ма?
– Адам баласы табиғаттың бір бөлшегі болғандықтан, табиғаттан сан түрлі ем қабылдайды. Мәселен, жел-құз ауруларын, тері ауруларын ыстық сумен, яғни минералды сулармен немесе балшықпен емдеп жазып алып жатады. Ыстық суларда бу арасан, күкірт арасан, жылан арасан… дегендер бар, солардың әр қайсысының өз ерекшеліктері мен пайдасы бар. Қазақтың халық емшілігінің тарихы тым арыдан басталады. Дәл осы ауруға қазақ ем таба алмады дегенге өз басым сенбейді. Алапесті емдеудің жолдарын іздеп жүргенімде өзіміздің халық емшілерінің талайымен кездестім. Сонда бір емші былай деп айтып еді: «Жас кезімде бір тәуіп айтқан: алапесті емдеу үшін алабұға деген балықты ұстап, тірідей қайнатасың, өлген балық болмайды, балық суда жарылғанда ішінен бір сұйықтық сорпасына төгіледі. Сол сорпаны әбден қойылтып қайнатып ішеді, солай жеті күн ішкенде ауру құлан-таза жазылады». Алабұға деген балық Ертіс, Іле, Балқаш өзендерінде көп болу керек. Мен осы естігенімді үйі Балқаштың бойында тұратын бір жас қызға айтқанмын, ол қыз осы емді қолданып, кейін жазылып кетіпті деп естідім. Біздегі бір кемістік өзіміздің ем-домымызды түбегейлі зерттемейтіндігіміз, аса құнттамайтындығымыз. Еуропа елдерінен әлдеқайда бұрын шешек ауруын емдеген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы секілді бабаларымыз қайдан шықты?! Оның қасында апапес ауруы түкке тұрмайды деп есептеймін.
– Осыдан бірер ай бұрын әлеуметтік желіден Сіздердің орталықтың алапесті емдеп жазатыны туралы көзім шалып қалды. Сол жіптің ұшығымен сіздерден жайын білейін деп келгемін ғой…
– Сізге көп рахмет! Емдеу орталығымыздың аты – «Достық». Анам Жәмила Асылбекқызы білікті дәрігер. Қытайда осы аттас ауруханада ұзақ жыл қызмет еткен. Елге оралған соң осы орталықты аштық. Мен де Қытай медицинасынан жоғары білім алғанмын, АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Парклэнд университетінде іс-тәжірибеден өткенмін. Сіз сұрап отырған ауруды емдеудің әр түрлі жолдарын Қытайдан үйрендім. Қытай медицинасы мен Тибет медицинасының қыр-сырына үңіліп көрдім, тәжірибелі, білікті дәрігердердің біліміне жүгіндім, осы ауруды арнайы емдейтін орталықтарға барып тәжірибеден өттім, емдік рецептерді өзім жасай алатын күнге жеттім. Қысқасы, ауруды толық емдеп, жаза алатындай жағдайға жеткен соң ғана жарияға жар салып жатқан жайымыз бар…
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айгерім АБЛАКИМОВА.
ПІКІРЛЕР35